Қоғам • 16 Қазан, 2020

«Үшінші сектор» үлесі (Үкіметтік емес ұйымдарға үміт артуға бола ма?)

2228 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде өзгеше аталатын қоғамдық топ бар. Бұл – үкіметтік емес ұйымдар. Басқаша бейнелеп айтсақ, «үшінші секторға» топтасқандарды атауына қарап, билікке қарсылық позициясын ұстанады деуге болмайды. Өйткені бұл сектордың мүшелері бұқараны толғантқан түйінді тарқатуға атсалысуды көздейді. Бірақ бәрі бірдей үлес қосып жүр ме? Жалпы үкіметтік емес ұйымдар елең еткізерліктей нендей іс атқарады? Олардың үні естіле ме?

«Үшінші сектор» үлесі (Үкіметтік емес ұйымдарға үміт артуға бола ма?)

 

Әрине әркім бұқараға әр қалай қызмет көрсетеді. Біреулер мем­лекеттік қызметте, енді бірі тұр­ғын­дардың қауіпсіздігін қорғар құқық қорғау саласының жұмысын жандандыруға бет бұрған. Ал үкіметтік емес ұйымдар ше? Мәсе­лен, Арман Хайруллин жетек­шілік ететін «Атамекен Эко» қоғамдық қоры қоршаған ортаның тазалығына үлес қосуды мақсат тұтыпты. «Волонтер жылы» жариялануына орай Атырау облысындағы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ресми амбассадоры болып танылды. Өйткені оның қоғамдық жұмысы табиғатқа жанашырлық танытумен тығыз байланысты болып отыр. Соның дәлеліндей, 2017 жылы Атырау қаласында 10 000 көшетті тегін тарату акциясын ұйымдастырды. Қаладағы мектептер ауласына көшет егу акциясына да ұйытқы болды.

Сондай-ақ сол жылы Атырауда топинамбур деп аталатын өсімдікті егуді қолға алды. Бастапқыда Сарай­­шық ауылындағы 1 гектар жерге «ЮЖНИИЖИР» ЖШС Аты­­рау филиалының ғылыми қыз­мет­кері Тимур Мусинмен бірге топинамбурдың бес түрін екті. Мақсат – Ресейден әкелінген топи­намбурдың қай түрі Атыраудай жар­тылай шөлейтті аймаққа төзім­ділігін тексеру.

Қоғам белсендісі Арман Хай­­­рул­линнің айтуынша, топи­намбурдың бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, бұл өсімдік қорша­ған ортаға орман ағаштарынан екі есе көп оттегі бөледі. Мәселен, бір гек­тар аумақтағы орман жылына үш-төрт тонна көмірқышқыл газын жұтады. Ал топинамбур алты тон­­на көмірқышқыл газын сіңіріп алады.

Екіншіден, топинамбурда фотосинтез қарқыны өзге өсімдіктер­ден он есе жоғары екені даусыз. Үшіншіден, топинамбур өсірілген аумақта топырақтың құнарлылығы 70-90 пайызға артатыны ғылыми тұрғыда дәлелденіп отыр. Демек, бұл өсімдікті өсіру арқылы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлерді құнарланды­рып алуға болады.

– Топинамбур – қалдықсыз өнім беретін бірегей өсімдік. Оны бір­неше мақсатта қолдануға әбден болады, – дейді қоршаған ортаға жанашырлық танытып жүр­ген Арман Хайруллин. – Топи­нам­бурдан инуллин, одан фруктоза, глюкоза, медицинадағы әртүрлі биологиялық белсенді заттарды, сонымен бірге, кондитерге қажетті қоспаның барлық түрін алады. Оны спирт өндірісіне де қолдана­ды. Ең бастысы, топинамбурдың құрамындағы калий, магний қан қысымымен және жүрегі ауыра­тындарға қолданылып жүрген препараттарды толық алмастырады. Себебі бұл өсімдіктегі табиғи магний мен калий қосылыстарын ишемиялық ауруларды, стенокардияны емдеу барысында қауіпсіз әрі әсерлі препарат ретінде қолдану мүмкіндігі бар.

Қоғам белсендісі топинам­бурдың адам денсаулығы үшін пайдасы өте көп деп есептейді. Соңғы зерттеулерге сүйенсек, бұл өсім­дік ағзадағы холес­терин дең­гейін төмендетеді екен. Ас қоры­ту жүйесін реттеп, иммуни­тет­ті күшейтеді. Қан қысымын қалып­қа келтіреді. Әсіресе шажырқай безі­нің ауруына шалдыққан­дарға бастап­қы кезеңде қолдану ұсынылады. Оны диетаға енгізсе, бүйрек ауруына шипа болары анық. Топинамбурдан жасал­ған тағамдар мен дәрі-дәрмектердің ағзадағы ауыр металдарды шығаруға да тигі­зер септігі мол. Тіпті қант диа­беті мен онкологиялық ауруларды емдеуге де таптырмас препарат деуге әбден болады.

Арман Хайруллин бастаған волонтерлер екі жыл бұрын демеу­шілердің көмегімен сан алуан пайдасы бар топинамбурдың 13 000 көшетін саябаққа екті. Сондай-ақ ол Әділет Жақашовпен бірге, краудфандинг жариялап, 2 500 000 теңге жинады. Бұл қаржыға газанализатор аппаратын сатып алды. Сөйтіп Атырау қаласында атмосфералық ауа сапасын талдау үшін баламалы мониторинг жүргізіп келеді.

– Табиғатты қорғау – әр адам­ның міндеті. Өйткені өзіміз тұ­рып жатқан өңірдің ауасы таза бол­ғанына не жетсін! Сол себептен, баршаны қоршаған ортаны қорғауға үндеп жүремін, –дейді «Атамекен Эко» қоғамдық қорының директоры Арман Хайруллин.        

Жақында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қатысуымен «үшін­ші сектордың» белсенділері бас қосқан жиында бірнеше ұсы­нысын ортаға салды.

– Біріншіден, Атырауда ауа­ның сапасын бақылайтын арнайы мо­ни­торинг жүйесін құру керек. Өйт­кені зауыттардың 90 па­йызының мұр­жаларында фильтр жүйесі жоқ. Екін­шіден, соңғы кезде Жайық өзенінің деңгейі үш есеге төмендеді. Осыған орай өзен түбін тереңдету, жағалауды лас­тау­­шыларды анықтау, су астын браконьерлік аулаудан тазарту мәселесі туындайды. Үшін­шіден, қоршаған ортаның таза­­лығы үшін көгалдандыру жұ­мы­сын жеделдету керек. Міне осын­дай түйінді мәселелерді шешу үшін 10 жылға 300 млрд теңге қажет. Сондықтан аталған кезең­ге арнайы бағдарлама жасауды ұсы­намыз, –дейді ол.

Тағы бір қоғам белсендісі – Ерлан Күмісқалиев. Тумысынан ауыр дертке ұшыраған балаларды емдеу үшін «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық бірлестігін құр­ды. Оның айтуынша, жүйке жү­йе­сі зақымданған балалар ем алып, балабақша, мектепке барып жүр. Арнайы емдеу курсынан 400-ге жуық бала өткен.

– Ерекше балаларға арналған әлеу­меттік ауыл құрылысын жүр­гізуді ұйғарып, 2017 жылы 5 гектар жер алдық. Мұнда дәрігердің мінде­тін жылқылар атқарады, – дейді Е.Күмісқалиев.

Рас, мұндай іс Атырауда ғана емес, тіпті елімізде де бұрын бол­мағанын ескерсек, Ерлан Күміс­қалиевтің бұл қадамын көпшілік қолдағанын айтқанымыз жөн. Өйт­кені бұл өңірде де бауыр еті бала­лары жазылмастай дертке ұшы­­раған отбасылар көп. Жал­пы, дәл осындай жоба алды­мен Ұлы­­британияда, содан кейін Ресей­де ашылған екен. Ал үшін­шісі – Аты­рауда. Жоба ерекше бала­лар­дың сау­лығын жақсартып, олар­дың интеллек­туалдық тұрғыда дамуына кең ауқымды мүмкіндік жасауға бағытталып отыр.

Қазір Атырау облысында іргелі істерге ұйытқы болатын «үшінші сек­тордың» үлесін құраған 667 үкі­мет­тік емес ұйым тіркеліпті. Алай­да бел­сенді жұмыс істеп жүр­гені көп емес. Ресми дерекке жүгінсек, 120 үкіметтік емес ұйым ғана өңірдің қоғамдық-саяси өміріне араласады. Десек те екі жылда жергілікті бюджеттен әлеуметтік жобаларды іске асыруға грант ретінде 206 млн 562 мың теңге бөлініпті. Ал биыл мұндай мақсатқа бағытталған қаржы 734 млн 452 мың теңгені құрап отыр.

– Қауіпті індеттің бірінші тол­қыны өршіген тұста үкіметтік емес ұйым­дардың белсенділігі арта түсті. Олар бірнеше бағытта халыққа көмек көр­сетуге атсалысты. Әсіресе «Біз де адамбыз!», «Самға, жүрегім», «Атырау-Рауан» қорларының жетекшілері Г.Қос­мұрзиева, Э.Аралова, Ә.Өте­ғалиев, «Қызыл Жарты Ай» қоғам­дық бірлестігінің жетекшісі Ә.Құл­жанова секілді белсенділер ортақ іске ұйытқы болып, білек сыбана кірісті. Волонтерлер штабымен бірлескен үкіметтік емес ұйымдар 11 млн теңге қаржы жинап, 2800 отбасына азық-түлік, медициналық бетперделер мен қорғаныш қолғап­тары мен киімдерін, өзге де құрал­дарды сатып алып, тегін таратып берді, – дейді облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.

Қалай дегенде де «үшінші сектор» аталатын ұйымдар бүгінгі қоғамның бір бөлшегі екені даусыз. Тек олардың ісі семинар-тренингтер мен конкурстарды өткізумен шектелмей, ел үміт артатындай белсенділігі арта түскенін қалар едік. Өйткені үкіметтік емес ұйымдар қолға алар болса, түйіні тарқатылма­ған елдік мәселелер әлі де көп. Демек «үшінші сектор» мүшелері «ашылмаған аралдарды» бағындыруға дайын ба?

 

Атырау облысы