Руханият • 19 Қазан, 2020

Сәруар шақтың сәлемі

696 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тағы да күз. Сағыныш мезгілі. Бұл әдеттегідей сағыныш емес, бояуы басқа, болмысы бөлек сурет. Мекенжайсыз сағыныш. Саудыраған жапырақтар. Сарыжалқын сағым. Нәзік ностальгия. Әлдебір әуен жаныңызды еліте ме? Мүмкін, вальс билегіңіз келетін шығар. Онда «Bésame mucho»-ны қосыңыз. Көңіліңізде құйылған шердің сабасы ақтарылсын.

Сәруар шақтың сәлемі

Бұл ән – жастық шақтың сәлемі. Сізді баяғы албырт күн­­­нің аспанына қайта ертіп апа­рады. Өткен ғасырдың есте­лігін маңғаз шолып отырып, сарғайған граммофонға жай­ғасқан ескі пластинкадан өзі­ңіздің баяғы дауысыңызды естисіз. Күйтабақта ойнаған таныс һәм бейтаныс музыкадан арманға толы көктемнің жұпар лебі еседі. Сұлуды сүйем деуге бата алмай, ең шешуші сәтте тіліңді тістеп тұрып қалған аң­ғал кейпің, ақжүрек көңілің бәрі-бәрі бір-бірімен байланы­сып, жүрегіңді толқытады. Бой­­жеткенді би кешіне шақы­рып алып, билей алмай кеткен жігіт­тің күйіне түсесіз. Жан қал­таңыздан түспейтін ға­­шықтық хатты иесіне беруге оқ­талған мезетте, тартпаңызда тарс ұмытып кеткеніңіз де ойыңызға оралады. Сол күні көзіне тік қарауға бата алмай, ұрлана қарағаныңыз. Осылай әуезді әуеннің ырғағына бал­қып отырып, ұмыт қалған сә­руәр сәттерді кинолентадай қай­­та бір шолып өтесіз.

Әлемді өзіне еліткен әннің құдіреттілігі. «Bésame mucho» – «Бесаме мучо». Төрткіл дү­ниені баурап алатындай бұл туын­дының нендей қасиеті бар дейсіз ғой. Шартарапты шыр ай­налған композицияның шығу тарихы тіпті қызық. Сенсеңіз, «сүй мені» деп жырлаған мекси­калық қыз Консело Веласкес сол кезде әлі сүйісіп те көрме­ген екен. Махаббатқа осынша­ма мән бергені содан да болар. Ару қыз католиктік монас­тырь мектебін бітірген бетте, бар­лық бос уақытын тек шы­ғар­ма­шылығына арнайды. Ав­тор испан композиторы Энри­ке Гранадостың фортепьянода ой­наған пьесасын тыңдап, қатты әсерленеді. Сол сұмдық әсер­ден арыла алмай 1940 жы­лы өзінің 20 жасқа толған туған күнінде жаңа ән өмірге келеді. Ең ғажабы, аталған туынды екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өте танымал болып, ерін майданға аттандырған қыз-келіншектерге күш-қуат сый­лаған екен. Олар осы әнді қайыра қосып, сүйгендерін ұзақ сапардан сарыла күткен көрінеді.

Әннің атауы негізгі маз­мұ­нын сақтай отырып, әр тілде әр­түрлі аударылған. Біз «Шексіз сүй мені» деп атадық. Музыка сыншылары XX ғасыр­да ең көп орындалған екі ән бол­са, соның бірі «Bésame mucho»­ екенін жазып та, айтып та жүр. Олай демесі бар ма? Әлем­нің 20 тілінде орындалған әннің әлі өмір сахнасынан түс­пегені оның асқақтығынан хабар беретіндей.

Ән жарыққа шыққан соң­ Кон­село Веласкес әуені мен мәтінін біріктіріп, өзі туып-өскен Гвадалахара қала­сын­дағы радиоға жібереді. Тың­дармандар туындыны бірден жылы қабылдап, авторды ра­диостансаға марапат­тау үшін шақырады. Әйтсе де тумысынан өте ұяң қыз сый­лықты алу­ға құрбысын жібе­реді. Оның бұл әрекетіне като­ликтік тәр­биесі себепші болса керек. Басында елдің бәрі ән­нің иесі құрбысы екен деп жүр­генімен, артынан шындық ашылады.

Иә, Мексика ұлттық консер­ваториясы түлегінің испан тілінде жазылған лирикасы Латын Америкасын аттап өтіп, дү­ниені тамсандырарына о бас­та ешкім сенбепті. Бірақ, уақыт ұлы шығарманы өз биі­гіне кө­теріп, дәуір алмасса да қоғам жадына мәңгі құйды.

Әннің тұңғыш орындаушысы Эмилио Туеро еді. «Бесаме мучоның» алғашқы жазбасынан оның дауысы естіледі. Алайда кубалық болеро жанрын­да жазылған композиция чилилік әнші Лучо Гатиканың репертуарына енген кезде шынымен танымал бола бастады. 1944 жылы америкалық әнші Джимми Дорси орындап, АҚШ-та хитке айналдырды. Әрбір әнші өзінің дауыс диапазонына сәйкес әртүрлі стильде орындады. Мәселен осы тұста Пласидо Доминго, Андреа Бо­челли, Хосе Каррерас сынды өнер тарландарын түстеп кетпесек болмайтындай. Ол ол ма әйгілі «The Beatles» тобы концерттерінде жанды дауыс­та орындап, тіпті түр­лен­діріп әкетті. Сол заманда романтиктің образын сом­даған Элвис Пресли мен әнге сиқырлы сезім реңкін берген Фрэнк Синатраның орындауында ел есінде мәңгіге сақталды.

Көп ұзамай аталған ком­пози­ция «Үш атты» дисней ани­мациялық фильмінің саунд­трегіне айналды. Одан кейін 1980 жылы «Мәскеу көз жасына сенбейді» кинокартинасында тыңдармандармен қай­­­та қауышып, кеңес идеоло­гиясының кәдесіне жарады. Мексикалық Лос Панчос тобы­ның нұсқасында жол тартқан туынды, қазақ даласында да өз қолтаңбасын қалдырып кеткен еді.

Өмірінің соңынан дейін ком­позитор Консело Веласкес әннің неліктен қоғам санасын­да дүмпу туғызғанын түсін­дере алмай кетті. Тек әлдебір сұхбатында, әннің құбылысы туралы «Орынсыз тілектің әуендегі көрінісі» деп, жүрек­жарды сөзін айтқан екен. Со­дан кейін жасампаз ән жалын­ды махаббаттың символы ре­тінде би кештерінде жиі шыр­қалды. «Bésame mucho» биі – бұрымдының бозбалаға айта алмай кеткен ғашықтық сезімі­нің қойылымы іспетті. Қисын­сыз қыз тілегінің қимылға ұла­суы қандай ғажап дерсіз. Тағы бір тыңдаңызшы!