Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде Қазақ елінің қадір-қасиеті төрткүл дүниеге бірлігімен танылып келеді. Сол сүттей ұйыған бірліктің арқасында бас-аяғы он сегіз жылдың ішінде еліміз ғасырлар бойы қалыптасатын құндылықтарды жасап үлгерді. Сол баға жетпес жауһарларымызды қазір қағазға түсіріп, том-том кітап етіп шығару үстіндеміз.
Тәуелсіз ел болғаннан бергі жылдар ішіндегі өткен жол, шыққан белестерді – алтын әріппен жазып, бүгінгінің танып-білуімен қатар, болашақ ұрпақтың еншісіне қалдыратын уақыт жетті. Сол игілікті істі елордадағы Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығы жүзеге асыруда. Тәуелсіз Отанымыздың жиырма жылға таяу уақыт ішіндегі тарихын жүйелеген еңбектің алғашқы қарлығаш томдары жарық көре бастады. Сол игілікті жобаның негізгі авторы Мырзатай Жолдасбеков таяуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болып, осы іргелі еңбек туралы жан-жақты мәлімет беріп, 14 томды табыс еткен болатын. Біз көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, танымал ғалымнан осы туралы кеңінен тарқатып айтып беруін сұраған едік.
– Тәуелсіздіктің шежіресіндей бұл құжаттық көптомдық еңбек туралы Нұрсұлтан Әбішұлына мәлімет берумен бірге көкейде жүрген көп мәселе әңгіме арқауына айналды. Әңгіме желісі негізінен туған ел тарихына қатысты болды. Тарихты тұтас жазып, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, отаншылдық рухқа баулу жайы сөз болды. Біздің тарихымыздың арқауы көбіне аңызға құрылып жазылғаны белгілі. Тарихты сақаға қорғасын құйғандай етіп, нақты жазбаса, ұрпақ адасады. Біз ендігі жерде тәуелсіз Отан тарихын, жер, ел тарихын келешек ұрпақтың санасына сіңіруге тиістіміз. Жастарымыздың көбі ел тарихын білмейді, білгісі де келмейді. Мен Елбасына кеңес заманында барлық мамандық иелері түгел дерлік төрт пәнді оқығанын айттым. Олар: КПСС тарихы, ғылыми коммунизм, саяси экономика, философия болатын. Бұл төрт пәнді дәрігер де, ұшқыш та, ауыл шаруашылығы мамандары да, тарихшылар да бірдей оқитын еді. Біз тәуелсіз ел тарихын дәл осылай міндетті түрде оқытуымыз керек. Балабақшадан бастап, мектеп, жоғары оқу орны – бәрінде де Отан тарихын ұрпақтың санасына құюға тиістіміз.
– Осындай іргелі еңбекті қолға алуға себеп болған да жоғарыдағы ой байламдарыңыз шығар.
– Әрине. Тәуелсіздіктің алдындағы аласапыран, Елбасымен бірге Отан іргесін бекіту жылдары – бәрі де менің көз алдымда. Нұрсұлтан Әбішұлының қасында жүріп, бес жыл елдің идеологиясын басқардым. Бәрін көзіміз көрді. Қиындықтар да аз болған жоқ. Пікірлер қайшылығы да сапырылысып жатты. Халықтың тарихы мемлекеттің тарихымен бірге дамитыны әлімсақтан белгілі. Менің бұған түрлі дәлел-дәйектер келтіре отырып, жауап беруіме болады.
Есте жоқ ескі замандардан бері жер бетінде қоғамға ықпал етіп, адамдарды басқарудың мемлекеттен асқан формасы болған емес. Әрқилы замандарда қағанат, патшалық, хандық деп аталғанымен, барлығы да сайып келгенде мемлекет деген ұғымға саяды. Адамзат тарихында мемлекет жайлы, оның пайда болу алғышарттары мен маңызы турасында, мемлекетті басқарудың түрі мен тәсілдері төңірегіндегі ой-толғамдар, ғылыми зерттеулер, пікірталастар мыңдаған жылдардан бері үздіксіз жалғасып келеді. Бұл ретте сан ғасырлар бойы тарихтың таразысына тартылып, бүгінде өз алдына дербес ел атанып отырған Қазақ елінің мемлекеттілігі тарихын тайға таңба басқандай анық жазу тарихшыларға үлкен жауапкершілік жүктейді.
1991 жылдың 16 желтоқсанында көк түріктің қара шаңырағы болған қазақ жерінде жаңа заманның жаңа тарихы өзінің алғашқы парағын ашып, тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттілігі жарияланды. Ел-жұртымыз ғасырлар бойы аңсап өткен азаттыққа жетті. Бас-аяғы 18 жылда Қазақстанды әлем мойындады. Бұл жайында Елбасы Н.Назарбаев: “Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде, небір тар жол, тайғақ кешулерден сүрінбей өтіп, әлеуметтік, экономикалық, саяси жаңару жолына түскен Қазақстан бүкіләлемдік қауымдастықтағы өз орны, өз беделі бар абыройлы мемлекетке айналды” деп жазды.
Қазақ даласында байырғы заманнан бастап, бүгінгі күнге дейін ұрпақтар сабақтастығы, байтақ тарих тағылымы үзілмей жалғасып келеді. Ұлы даланың тұрғындары әрқилы кезеңдерде әртүрлі аталып келді. Өкініші, біз әлі күнге дейін өз тарихымызды, бабалар жасап кеткен байтақ тарихымызды тұтас жаза алмай, өзгелердің жылнамаларына жүгінумен, айтқанын қайталаумен келеміз. Олар негізінде біздің тарихымызды өз мемлекетінің мүддесі, өз таным-түсінігі тұрғысынан жазды. Оның үстіне жердің де, елдің де, тарихи тұлғаларымыздың да аттарын әбден шатастырып жіберді. Әйтпесе, атаулары әр кезеңде әрқилы айтылғаны болмаса, Ұлы далада өсіп-өніп келе жатқан халықтың тегінің бір екені бесенеден белгілі еді. Бүгінгі қазақ халқын құраған, бір кездері әртүрлі мемлекет аталған ру-тайпалардың құт мекені, ата қонысы осы Ұлы дала еді.
Біздің бабаларымыз алтынмен апталған ақ орданың ішінде, алтын тақтың үстінде отырған. Өзге халықтар абыройын жапырақпен жасырып жүргенде, сақ бабаларымыз саф алтыннан киінген. Мінген атын да алтын әбзелдермен көмкерген. Тірісі түгілі, өлгенін де алтынға орап, арулап көмген. Сақ қорғандарының аяусыз тоналғанына қарамастан, бүгінде Қазақстан өңірінен төрт бірдей “Алтын адамның” табылғаны, Шіліктіден шыққан “Алтын адамның” саф алтыннан құйылғаны таң қалдырады. Алып империялардың жалғасы болған хандықтың да “Алтын Орда” аталуы тегін емес еді. Осыншама өркениет жасаған, таусылмайтын дәулет, тозбайтын дәстүр қалдырып кеткен, адамзаттың өсіп-өркендеуіне орасан үлес қосқан бабалар тарихы мүлтіксіз, шынайы, жүйелі жазылуы тиіс. Басқаша айтқанда, байырғы заманнан бергі қазақ тарихы сабақтастықта, тұтас жазылуы керек. Сол байтақ тарихты халықтың санасына ұялататын да, сол тарихпен мақтанатын да мезгіл әлдеқашан жетті.
Халқымыздың тарихы жайында айтқанда “көшпелілер” деген сөздің де жиі қайталана беруі ойландырмай қоймайды. Тегінде ұлы даланың байырғы тұрғындары жел айдаған қаңбақтай жөн-жосықсыз көше берген жоқ еді. Олардың ата қонысы, жаз жайлауы, қыс қыстауы, іргелі қалалары, шекарасы, орныққан ордасы болған. Ұлы даланы еркін жайлаған ел мемлекеттіліктің өзіндік үлгісін қалыптастырған, дала демократиясын орнықтырып, сөз бостандығы салтанат құрған. Кезінде Еуразия даласын ат тұяғымен дүбірлеткен қаһарман халық осынау кеңістікке толық ықпалын жүргізген. Шығыста Қытай қорғанының салынуы, Батыстан келіп, беті жаудан қайтпаған Ескендір Зұлқарнайын әскерінің осы далада сансырап кері шегінуі, Дарий патшаның бұл даладан тауы шағылып, Кир патшаның өз қанына тұншығып өлуі сияқты оқиғалар – бабаларымыздың туған жерін жанқиярлықпен қорғай білудегі қаһармандығы еді.
Біз кейде тарихтағы ерлік істеріміз бен әйгілі батырларымызды дәріптеудің орнына елімізге басып кірген өзге ұлтты ұлықтауға әуеспіз. Соның салдарынан да өзімізге қарсы тұрғызылған қорғанды “ұлы” деп әспеттеп, сол қорғанның салынуына себеп болған құдіретке мән бермей келдік. Мәселен, өзге елдер аспанның үстінде, я жердің астында пайда болғандай, көрші Қытай елін “аспан асты елі” деп атауға әуестеніп алдық. Әр нәрсені өз орнымен, өз жөнімен атаған дұрыс.
Кезінде дүниенің төрт бұрышын тіреген, әлемді аузына қаратқан, мәңгілік ел орнатуды армандаған ержүрек түрік қағандары мәңгі тасқа қашап: “Биікте көк Тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-тегім Бумын қаған, Істемі қаған отырған. Түрік халқының ел-жұртын қалыптастырған, иелік еткен. Дүниенің төрт бұрышы соларға қараған”, – деген сөзді жазып кеткен.
Және: “Ей, Түріктің бектері, халқы! Сендер таққа кіріптарсыңдар, алауызсыңдар! Әкелі-баланың ымырасыздығынан, ағалы-інілінің дауласқандығынан, бекті-халқының жауласқандығынан, дұшпаныңның сөзіне алданғандығыңнан қағаныңнан, қағандығыңнан айырылдың. Жер-жерге босып сандалдың. Біресе ілгері шаптың, біресе кері шаптың, барған жерде не пайда таптың? Бек ұлдарың құл болды, пәк қыздарың күң болды. Қаның судай құйылды, сүйегің таудай үйілді. Түрік бектері, халқы, өкін!” – деп жазылған Күлтегін ескерткішінде.
– Сай-сүйегіңді сырқырататын осы сөздерді мәңгі өшпестей етіп жүрегінің қанымен, шырылдаған жанымен, көзінің жасымен біздің бабаларымыз тасқа қашап жазып кеткен ғой.
– Иә. Білге қаған дүние салғанда ынтымақ-бірліктің белгісі болсын деп Алты Алаш анттасып, аңыр тасқа өздерінің таңбасын басқан. Бабалар аңсап кеткен, келешек ұрпаққа өсиет етіп кеткен аманат бірлік, ынтымақ халқымызға бүгін де керек.
Мәңгілік ел орнатамыз деп шарқ ұрған, заманының ұлы империясы – Түрік қағанатын құрып, келешекке осыншама байтақ жерді, сарқылмайтын, таусылмайтын байлықты, тозбайтын дәстүрді қалдырып кеткен Бумын, Істемі, Құтлығ, Білге қағандар да, абыз Тоныкөк те (Тұңғиық), айбынды Күлтегін де – бәрі де біздің бабаларымыз. Байырғы түрік даналары иелік еткен жер де, дәулет те, қалыптасқан дәстүр де, ой-сана да – ең алдымен, қазаққа мирас.
Көп түрік енші алып тарасқанда,
Қара шаңырақ қазақта қалған жоқ па? – деп ақын Мағжан жырлағандай, көк түріктің де, көп түріктің де мекені, ата қонысы, түп қазығы – қазіргі осы қазақ даласы.
Жаңаша жыл санауға дейін-ақ ірге бекітіп, әр алуан мемлекет құрған сақ, ғұн, үйсін, қаңлы елдері, VІ-VІІІ ғасырлардағы түрік, түргеш, қарлық қағанаттары, VІІІ-ІХ ғасырлардағы оғыз, қыпшақ, қарахан дәулеттері ХІ-ХІV ғасырлардағы Алтын Орда ұлысына ұласты. Ұлы дала төсіндегі алып империялардың сынығы – Алтын Орда хандығы есеңгіреп, ыдырап, ақыр аяғында бірнеше хандықтарға бөлініп кетті. Ағайынның арасына алауыздық кіріп, бүтін халық екі жартыға бөлінді. Бір ата, бір анадан туғандар жылап айырылысты. Қарға бойлы Қазтуғанның:
Қайран да менің Еділім,
Мен салмадым, сен салдың.
Қайырлы болсын сіздерге,
Бізден бір қалған мынау Еділ жұрт! – деп етегі жасқа толып еңірейтіні осы тұс.
Ноғай Ордасы өз алдына ұлыс болып, Ақ Орданың ішінен Қазақ хандығы шықты. Бұл – қазақ деген атаумен алғаш мемлекет құрған хандық еді. Ал Қазақ хандығы, шынтуайтына келгенде, Ұлы далада салтанат құрған мемлекеттік құрылымдардың тікелей жалғасы.
Біздің Ұлы Даланың тарихы өзге елден келген саяхатшылардың айтуымен сақталған. Мәселен, Византияның көпестері, Қытайдың елшілері, кешегі Ресейдің саяхатшылары, миссионерлерін қосып есептегенде, бәрі жер-су аттарын, кісі аттарын адам ажырата алмастай етіп өзгертіп жіберген. Ұлы дала туралы бәзбір әңгіме-деректердің қазаққа тіпті қатысы жоқ болып шыға келетіні содан. Әйтпесе, қазақ руларының құрлықтың шартарабына бытырай шашырап, бүкіл жер бетін жаулап алуға жақындағандығын байқайсың. Арғыларын айтпағанда, ғұндардың ұлы патшасы Аттиланың (Еділ патшаның) күллі Еуропаны уысында ұстап, әлемді аузына қаратқандығы баршаға аян. Қазақ өздігінен ешкімге соқтықпаған, бірақ тиіскен жауды аямаған. Әр үйдің белдеуінде бестен-алтыдан жараулы ат байлаулы тұратын болған, жасы онға толған жасөспірімдердің өзі “жау келді” деп аттан салғанда атқа жайдақ мініп, тайсалмай жауға қарсы шапқан.
– Өзінің байтақ тарихында қазақ ылғи осылай жойқын, қым-қиғаш соғыстар мен жаугершілікті басынан кешті емес пе?
– Кешегі Ресейге бодан болған үш ғасырда да ондай күндер аз болған жоқ. Тарихымыз табанға тапталды, елге тұтқа болған хан-сұлтандарымыз, билеріміз бен батырларымыз келеке-мазаққа айналды. Отаршылдық саясат бізді опасыздыққа итермеледі. Ол аз болғандай, Кеңес дәуірінде қазақ тарихы саясаттың ойынына айналды. Сана, руханият күйреді. Түптеп келгенде, бұл ұшы-қиырсыз, қиян даланы, абыз даланы түгел иемденудің амалы еді.
Бұл бір ғана қазақта емес, әлемде өзгеге отар болған елдердің бәрінің басынан өткен жағдай. Мәселен, үнді халқының қайраткер ұлдарының бірі Джавахарлал Неру қызы Индира Гандиге жазған хатында: “Біздің Үндістанның нақты тарихы әлі жасалған жоқ. Үндістан тарихын ағылшындар жазған, олар бұрмалап, теріс көрсетуге тырысқан. Біз өз тарихымызды өзіміз жазуымыз керек” деп шырылдайтыны тегіннен-тегін емес.
– Тіл тағдыры да оңай болып тұрған жоқ қой.
– Қазақ жаратылысынан, тегінен шешен, кемеңгер халық. Халқымыздың байтақ тарихын тереңінен тартып, нақты деректермен жүйелі зерттеу керек. Ана тілімізді базардың, нарықтың, күңкілдің тіліне емес, мемлекеттің тіліне айналдыру керек. Төрде мемлекеттік тілді білмейтін, оны менсінбейтін адамдар емес, мемлекеттік тілді меңгерген, оны ардақ тұтатын, мемлекеттің тарихын, мәдениетін, әдебиетін, халықтың салт-дәстүрін дәріптейтін азаматтар отырулары керек.
Жиырмасыншы ғасырдың соңында, жаңа мыңжылдықтың басында тәуелсіз мемлекет құрдық. Бұл бұрын-соңды ел тарихында болмаған оқиға еді. Жүген, құрық тимеген, ауыздықталмаған асау тайдай жас мемлекетті бас білдіру де, жөнге салу да оңай болған жоқ. Тәуелсіздікті алу да, оны баянды ету де, мемлекеттікті орнату да, оны орнықтыру да оңай емес. Осы орайда бұралаң-бұлтарысы көп шырғалаң жолдан елімізді аман алып шығып, бүгінге жеткізген Елбасының ерен еңбегінің, салиқалы, терең саясатының мемлекеттігімізді қалыптастырып, оны орнықтырып, баянды ету жолындағы орасан еңбегінің тарихымызда алтын әріппен жазылатындығында еш күмән жоқ.
– Ата тарихымыз терең зерттеліп, мемлекеттігімізді дәуірлеу мәселесі бір ізге түсіріліп, жүйеленуге тиіс. Осы жайын таратып айта кетсеңіз.
– Ол үшін жалпы жұртқа ұғынықты, сүйсініп оқитын тарих оқулығы жазылуы керек. Тарихқа тіл бітіріп, оған жан салып, рухын асқақтататын уақыт келді. Бізге енді КПСС тарихымен сусындаған тарихшылардан гөрі, жаңа заманды сезіне білген білікті тарихшылардың жаңа легі керек. Халық тарихы тұлғалар арқылы жасалуы керек.
Кейінгі кезде елді шатастыратын балама тарих жазушылар көбейіп барады. Қолы қалт еткендер дін мен тарих тақырыбын ермек қылатынды шығарды. Қазақ тарихы еріккеннің ермегіне айналмауы керек. Бүгінгі Мемлекет тарихы институтын да Елбасы қазақ тарихын бір жүйеге түсіріп, анық тарихты жазу үшін құрып отыр деп ойлаймын.
– Тектілік, ұлттық сана деген бар ғой.
– Сұрағыңның астарын түсіндім. Шынында, мені соңғы кездері осы мәселе қатты толғандырып жүр. Тұтас елді біріктіретін ұлттық сананы қалай қалыптастыруға болады деген сауал көп толғандырады. Бүгінде қазақ ұлт ретінде әлі қалыптасқан жоқ дейтіндер де аз емес. Әр адамның жасы секілді – тарих ғылымының да, ұлттың да жасы болады. Қазақ ұлты ішкі потенциалы мол жас ұлттардың бірі. Тарихи сұрыпталу негізінде бүгінде өз алдына дербес мемлекет құруға қол жеткізіп отыр. Ендігі жерде ұлттық сананы қалыптастыру үшін Ұлы дала тарихын ұрпақ санасында жаңғыртуға күш салуымыз керек. Ұрпақты тарихпен ауыздандыру керек, жастайынан санасына сіңіріп, жаттатуымыз керек.
– Сонда ата тарихымыз туралы шырылдап сөйлейтін кез жетті дейсіз ғой.
– О не дегенің. Келешек ұрпаққа ата тарихын оқытып, үйретпеу – сәбиді ана сүтінен айырғанмен бірдей қылмыс болар еді. Өкініші сол, бүгінде тарихын, тегін білмейтін ұрпақтың жаңа легі өсіп келеді. Ең қорқыныштысы – ұлт тарихын білмейтін адам Отанын да сыйламайтын болады. Онда патриоттық тәрбие береміз, отаншылдыққа баулимыз дегеніміздің бәрі далбаса болып шығады. Ұлт тарихын білмеген адамнан пәлендей жақсылық күтуге болмайды. Кешегі кеңес үкіметі тұсында тарих идеологияның бірден-бір құралы болды. Әрбір мамандыққа сай оқу жоспары жасалғанда СОКП тарихы, ғылыми коммунизм міндетті түрде мемлекеттік емтиханға енгізілетін. Ендеше, ұлт тарихы, мемлекеттілік тарихы оқу орындарында міндетті түрде оқытылып, ол пәндерден мемлекеттік емтихан қабылдануы тиіс.
Әсіресе, жоғары оқу орындарында Жаңа заманның жаңа тарихы арнайы пән ретінде оқытылуы тиіс. Оны оқыта алатын, үйрете алатын білімді мамандар керек. Бұл міндетті бүгінгі саны бар, сапасы жоқ тарихшылар атқара алмайды. Сол себепті тарихшылардың жаңа буынын, жаңа легін әзірлеу керек. Тарих туралы жалпылама сөйлеп, ойына келгенді айтуды тоқтату керек.
– Деректермен, нақты сөйлеу керек дейсіз ғой.
– Ойымды бірден түсіндің. Тарихтың қайнар көзі – дерек. Тарих ғылымының маңызды саласы – деректану. Өкінішке қарай, ұзақ жылдар бойы осы ақиқат еленбей келді, тарихымыз деректанусыз жазылды. Тек тәуелсіздік алғаннан бері ғана деректануға мән беріліп, ұлттық деректер тарих ғылымына қызмет ете бастады. Мәселен, Ресейде деректану ғылымының тұтас мектебі қалыптасқан, батыста да солай. Сондықтан да өркениетті елдердегідей, тарихты деректану іліміне сүйеніп қана жазу керек. Тарихқа қатысты зерттеулер де, тарих саласынан қорғалып жатқан диссертациялар да – бәрі де тарихымызды тұтас, жүйелі жазуға қызмет етуі тиіс. Ғылымға еш пайдасы жоқ тақырыптарды жаздыруды, қалай болса солай диссертация қорғатуды тоқтатқан жөн.
Тарихымызға қатысты деректерді тынбай іздеу керек. Әлемде теңдесі жоқ “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасының арқасында да жер-жерден бірталай деректер жинақталды. Сол деректердің өзін бұрынғы тарих көздерімен салыстырып, Ұлы даланың тарихын жазуға пайдалансақ дейміз. Иә, “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша жинақталған, жарияланған мұралар да зерттеудің дереккөзіне айналуы тиіс.
– Сұхбатымыздың негізгі өзегі, өзіңіз бас болып, жобасы жасалып, алғашқы томдары жарық көре бастаған жаңа заманның жаңа тарихын – “Тәуелсіздік шежіресін” оқырмандарға таратып айта кетсеңіз.
– Тәуелсіз Қазақ елінің тарихына зер салған адам осы күннің өзінде Қазақстанның тарихына қатысты құжаттардың газеттерде өшіп, жыртылып тоза бастағандығына көз жеткізген болар еді. Енді бір 10-15 жылда одан да айырылып қалуымыз ғажап емес. Сол кемшіліктің орнын толтыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығы соңғы жылдары Елбасының мақұлдауымен “Қазақстан Республикасы” сериясымен “Жаңа заманның жаңа тарихын – Тәуелсіздік шежіресін” дайындап шығара бастады.
Мемлекетіміздің тарихымен үнемі, үзілмей жалғаса беретін, жариялана беретін, сөйтіп түбінде өз алдына жеке, байтақ кітапхананы құрайтын көптомдық жобаның “Қазақстан Республикасы” сериясымен “Тәуелсіздік шежіресі”, “Елмен сырласу” “Елбасы жолдады – елі қолдады”, “Әлем Қазақстан туралы, әлем Президент туралы” атты төрт түрлі сериямен соңғы екі жылда 14 кітабы “Күлтегін” баспасынан жарыққа шықты.
“Тәуелсіздік шежіресі” – Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік экономиканың ғаламдану жағдайында бәсекеге қабілетті, экономикада – шаруашылық жүргізудің нарықтық тәсіліне, саясатта – дәйекті демократияға, идеологияда – пікір алуандығына негізделген әлеуметтік бағдарлы мемлекет орнатудың қазақстандық моделін қалыптастыруға және еліміздің дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орын алуына құқықтық негіз қалайтын әр кезең бойынша өмірге жолдама алған заңнамалық актілердің атауларын қамтитын көптомдық басылым. Бұл басылымға Елбасы қол қойған, мемлекетті және мемлекеттілікті қалыптастыру мен нығайтуға, экономикалық және саяси құрылыстың іргетасын қалауға бағытталған тәуелсіздік, шекара, қарулы күштер, ұлттық қауіпсіздік, тіл, ұлттық валюта туралы және тағы басқа көптеген іргелі кұжаттар енгізілген.
Тәуелсіз мемлекеттің Президенті ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы саяси қызметінің алғашқы күндерінің өзінде-ақ мемлекетті құру және ұлттық мемлекеттілікті жасампаздықпен баянды етуді көздеген айқын идеяны ұстанды. Бұл Елбасының мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси беріктігі мен халықаралық беделін арттыруға бағытталған, ішкі және сыртқы саясаттағы басымдықтарға деген көзқарастары мен ұстанымдарын жүйелі және мақсатты түрде жеткізген, көптеген тарихи, дәстүрлі Жолдауларынан көрініс тапты. Президенттің 1996 жылдан басталған Қазақстан халқына Жолдаулары толық қамтылған келесі серия “Елбасы жолдады – елі қолдады” деп аталады.
Елбасы әлемдегі дамыған мемлекеттердің бай тәжірибесін таразылай отырып, тәуелсіздігін жаңа алған еліміздің жаһандық өркениет көшіне қосылуының бірден-бір дұрыс жолын нұсқап және жүзеге асыруды өз жауапкершілігіне алып, оны жыл сайынғы халыққа арнаған жолдауларында егжей-тегжейлі баяндап келеді. 2009 жылғы дәстүрлі Жолдауында Президентіміз тәуелсіздіктің толыққанды шежіресін жазу міндетін де ұлт зиялыларының алдына талап етіп қойған болатын. Бұл теңдессіз жобаны Елбасының осы тапсырмасы негізінде шығып жатқан еңбек деп түсінуіміз керек.
– Іргелі еңбектің бұдан өзге томдары туралы да таратып айта кетсеңіз.
– Осы орайда шығарылып жатқан “Әлем Қазақстан туралы. Әлем Президент туралы” басылымы – тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы, оның тұңғыш Президентінің әлемдік өркениет дамуының теориясы мен арғы-бергі тәжірибесін терең пайымдап, жан-жақты талдап, Қазақстан жағдайында оны рет-ретімен жүзеге асыруы нәтижесінде халықаралық қауымдастықтан лайықты өз орнын тапқан Қазақ елінің жасампаздығын паш ететін көптомдық болып табылады.
Жинақ Қазақстан туралы, оның Президенті Н.Назарбаев туралы қазақ, орыс, ағылшын, неміс және т.б. тілдердегі деректерден жинақталып, отандық және шетелдік БАҚ жарияланымдарынан, Қазақстан Президентінің мұрағаты қорларынан алынған құжаттардан және Н.Назарбаевтың көшбасшылық феноменіне арналған кең көлемді материалдардан түзілді.
“Елмен сырласудың” қазіргі күнге жарық көрген жинақтарына әр жылдардағы Елбасының Парламент отырыстарында, баспасөз конференцияларында, ел алдында сөйлеген сөздері, көгілдір экранда тікелей эфир арқылы еліміздің көркеюі жолындағы көкейкесті мәселелерді көтерген баяндамалары, сөздері, ел және шетел журналистеріне берген сұхбаттары, оқыған дәрістері жинақталды.
“Қазақстан Республикасы. Тәуелсіздік шежіресі” деп аталатын көп сериялы жинақ еліміз тарихында тұңғыш рет жарық көріп отыр және мұны тәуелсіздік шежіресі, тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлікке толы ерен еңбегінің жемісі, жаңа заманның – жаңа тарихы десе де болады. Бұл, түптеп келгенде, дербес, жаңа мемлекеттігіміздің шежіресі, анық тарихы. Бұл игі бастама бұдан былай да жалғасын тауып, жаңа томдар жарық көре беретін болады.
Қазіргі таңда ұлы далада байырғы бабаларымыз жасаған байтақ тарихты баяндайтын біршама еңбектер жарық көрді. Дегенмен, біз жас ұрпақтың бойына, санасына отаншылдықты, мемлекетшілдікті сіңіреміз десек, осы жаңа тарихымызды оқытуға күш салуымыз керек.
Тәуелсіздіктің шынайы шежіресіндей бұл құжаттық көптомдық еңбек еліміздің жаңа тарихын, талайлы тағдырын бағалай білетін отаншыл, мемлекетшіл оқырман қауымның сүйіп оқитын кітабына және жаңа тарихымызды насихаттаудың мүлтіксіз құралына айналатынына еш күмән жоқ.
Биылғы жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі – бұл мемлекетімізді және аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі оның жетістіктері мен жаһандық қауіпсіздікке қосқан орасан зор үлесін нақты мойындау.
“Қазақстан Республикасы” сериясымен шығып жатқан ғылыми-деректік еңбектердің құндылығы – олардың Отан тарихына деген қызығушылықты, тәуелсіз мемлекеттің саяси мұрасын қадір тұтуға, Елбасына деген құрмет сезімін, өскелең ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен отансүйгіштігін бойына сіңіретіндігінде, елдегі және әлемдегі түбегейлі қоғамдық-саяси қайта құрулардың жалпы үрдісімен біте қайнасып жатқан Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі даму динамикасын жіті көзбен қадағалауға мүмкіндік беретіндігінде.
Бұл жинақ кез келген үйдің төрінде тұратын маңызды серия болып табылады. Сондықтан да бұл нақты дереккөздерден тұратын еңбектерді барлық оқу орындарының бағдарламасына енгізіп, арнайы курс ретінде оқытқан жөн. Биылғы жылы Президенттік мәдениет орталығының “Қазақстан мемлекеттілігі және Президенттік институтын зерттеу зертханасы” қызметкерлері Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен аталған серия бойынша тағы 17 кітап шығаруды жоспарлап отыр десем, 1991-2015 жылдар аралығын қамтитын материалдардан түзілген дерекнамалық еңбектер 138 томдық кітапты құрамақшы. Сериялық еңбектің “Әлем Қазақстан туралы. Әлем Президент туралы” басылымына қатысты шетелдерде жарияланған материалдар қазіргі таңда Отанымыздың шет мемлекеттердегі елшіліктері арқылы жинақталу үстінде. Осыған байланысты бұл серияның көлемі әлі де арта түседі.
Осылайша бұл мемлекеттік қызметкерлерге, саясаткерлерге, ғалымдарға, студенттерге, мектеп оқушыларына, Отан тарихына қызығушыларға, қоғамдық ұйымдарға, тәуелсіз Қазақстанды білемін деушілерге өте қажет, ұрпақты отаншылдыққа баулитын және ешқашан аяқталмайтын, үнемі үздіксіз жалғаса беретін серия болады әрі Қазақстан Республикасының шынайы шежіресіне, келешекте өз алдына дербес кітапханаға айналатынына сенімдіміз.
Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына орай жарық көре бастаған шежірелі кітаптың алғашқы 14 томының ресми тұсаукесер рәсімін ертең елордадағы Президенттік мәдениет орталығында өткізуді жоспарлап отырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.