Аймақтар • 22 Қазан, 2020

Жамбылдық дәрігерлерге 18 реанимобиль берілді

120 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Бүгін салтанатты жағдайда облыс басшысы Бердібек Сапарбаев медицина қызметкерлеріне заманауи жабдықтармен жабдықталған жаңа автокөліктердің кілттерін табыстады, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жамбылдық дәрігерлерге 18 реанимобиль берілді

Отандық өндірістерде жабдықталған жылжымалы медициналық диагностикалық кешендер сегіз аудандық аурухананың балансына берілді. Сондай-ақ, облыстық жедел жәрдем станциясының паркі "Hyundai" маркалы 18 реанимобильмен толықты.

"Мемлекет басшысының негізгі саясатының басым бағыттарының бірі – Денсаулық сақтау саласын жаңғырту. Барлық ресурстар қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталуы керек. Медициналық ұйымдар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, төсек қоры мен инфрақұрылымы жаңартылуда. Дәрігерлердің жалақысы көтерілуде. Біздің облыста денсаулық сақтау саласына шамамен 5 миллиард теңге инвестиция салынды.

Қазіргі таңда коронавирустың ықтимал екінші толқынына қызу дайындық жүруде. Атап айтсақ, екі айлық дәрі-дәрмек қоры қалыптасып, 2530 төсек-орын дайындалды, жабдықтар сатып алынуда. Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық университетімен бірлесіп кадрларды даярлау бойынша ісі қолға алынып жатыр", - деген Бердібек Сапарбаев медицина қызметкерлеріне жанқиярлық еңбектері үшін алғыс білдіріп.

Ол жаңа технология дәрігерлердің науқастарға жетуін тездетіп, медициналық көмектің сапасын арттыратынына сенім білдірді.

Медициналық жылжымалы кешендер жалпы қабылдау бөлмелері, акушер-гинеколог, сәулелік диагностика, жалпы тәжірибелік дәрігер алаңдары, талдаулар қабылдау орны, дәріхана пункті, сараптамалық кластағы портативті УДЗ, айналасына қауіпсіз рентген және флюорографиямен қамтылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус-лифті бар.

Ауыл тұрғындарына тар бейінді мамандар қызмет көрсетеді. Оларға "Таза жүрек" акциясына қатысушы – медициналық еріктілер көмектеспек.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев бұған дейін облыстың үш ауданы жылжымалы медициналық диагностикалық кешенге ие болғанын атап өтті. Ал, бүгінгі кешендер қалған аудандық ауруханаларға жеткізіледі.  Осылайша, барлық он аудан және облыс орталығы жылжымалы кешендермен қамтамасыз етіліп отыр.

"Тағы 48 жедел жәрдем көлігі сатып алынады. Жедел жәрдем мен жылжымалы медициналық кешендер дәрігерлердің шалғайдағы ауылдарға жетуіне көмектеседі",- деді Әсет Қалиев.

Аймақтың бас дәрігері коронавируспен күресуге төрт мыңнан астам медициналық қызметкер тартылғанын айтты.

"Жұқтыру қаупі жоғары аймақта жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне ай сайынғы үстемақы төленеді. Төлемдер Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Коронавируспен ауырған жалпы 275 медицина қызметкері 2 миллион теңге көлемінде төлемге қол жеткізді. Олар эпидемияға қарсы шараларға қатысқан. Қайтыс болған 20 медицина қызметкерінің отбасыларына 10 миллион теңгеден берілді", - деді Әсет Қалиев.

Салтанатты шара барысында 12 жамбылдық денсаулық сақтау қызметкері "Халық алғысы" медалімен марапатталды.

Өз кезегінде медицина қызметкерлері де жан-жақты қолдауларға ризашылықтарын білдірді. Дәрігерлер осындай кешендердің арқасында ауыл тұрғындарына сапалы көмек көрсете алатындықтарын, бұл облыс тұрғындарының денсаулығын жақсартуға ықпал ететіндігін атап өтті.