Тарих • 23 Қазан, 2020

Хаттар сөйлегенде...

268 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Белгілі мемлекет қайраткері, ел үкіметін 13 жыл басқарған түркістандық азамат Нұртас Оңдасыновтың ғұмыры ғибратты һәм қайшылықты. Оның өмірі де, қызметтік жолы да нағыз «тар жол, тайғақ кешу» кезіне тұс келді.

Хаттар сөйлегенде...

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

«Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел бас­қа­рып отырып, біреуге нақақтан жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом пара алған емеспін – қолым таза! Екін­шіден, 1937-1938 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қой­ған емеспін – арым таза! Үшін­шіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін». Мем­­лекет қайраткерінің ағынан жа­рылып айтқан сөздерін бүгінгі ұр­пақ үлгі аларлық ұстаным дер едік. Қайраткер Н.Хрущевтің қу­ғы­нының салдарынан 58 жасын­да зейнетке шығып кетіп, өмі­рінің со­ңына дейін Мәскеуде тұр­ды. Жа­сының ұлғайғанына қа­­рамай ғылыммен айналысып, сөздік жа­сап, (4 томдық) жал­ғыз өзі бір ғы­лыми-зерттеу инс­титутының жұ­мысын атқар­ғаны, соңына іргелі мұра қал­дыр­ғаны бөлек әңгіме.

Бүгінгі айтпағымыз ұрпақтар сабақтастығы хақында. Ұрпақ болғанда Түркістанда кіндік қаны тамған, төл перзенттерінің қарым-қатынасы турасында. Бұл байланыс өзгешерек. Білуімізше, Мәскеудегі қайраткер Н.Оңдасынов пен елдегі қаламгер М.Дүйсенбековтің арасында аталы-балалы жақсы қарым-қатынас болған көрінеді. Оған қолымыздағы мәтінін өздеріңізбен бөліскелі отырған мына хаттар дәлел.

Түркістандық ақын, танымал сатирик, журналист Мұратбек Дүйсенбеков те туған топырағына адал перзент еді. Егер жер басып жүрген болса биыл 60-қа толатын еді. Жасындай жарқ етіп өте шық­қан (небәрі 34 жасында) қысқа ғұ­мырында оның тындырған ісі аз емес. Ең бастысы ол туған жерін, Түр­­кістанын үлкен жүрекпен сүйді.

«Күннен күнге мәртебең

келеді артып, Түркістан,

Барлық жерден өзіңді

көрем артық, Түркістан»

– деп, жырлаған қаламгер мен қайраткерді табыстырған осы ту­ған жерге деген іңкәр сезім болса керек. КазГУ-ді бітірген соң Ал­матыда қалып «Қазақ әдебиеті», «Жаңа фильм» басылымдарында бірер жыл жұмыс істеген М.Дүй­сенбеков 1983 жылы туған жерге оралды. Түркістандағы «Әзі­рет Сұлтан» мемлекеттік та­рихи-мә­дени қорық-музейіне ғы­лыми қыз­меткер болып орналас­ты. Му­зейде істеген 3-4 жылда ол «Ле­ниншіл жас» газетінің тұрақты авторы болды. Газеттің «Күмбез» археологиялық клубы айдарында мақалалары жиі жарияланатын. Сол жылдары Эрмитаж, Лувр ас­­қан Тайқазан, Шырағдан сынды жәдігерліктердің отанына ора­луы­на атсалысты. Мұратбектің Ө.Жәні­бековке, Ш.Айтматовқа, М.Шахановқа жазған хаттары бар. Солардың бірі Н.Оңдасыновқа жол­даған мына хатта біршама сыр жатқандай.

«ТҮРКІСТАННАН СӘЛЕМ!

Сәлематсыз ба, Нұртас ата?! Хал-ахуалыңыз жақсы ма? Үй іші аман-есен бе?Творчество барысы мен табысы ойдағыдай болар.

Ата! Хатыңызды алғанмын. Көп-көп рахмет! Ал, енді бұл хат­тың сәл-пәл ресмилігі бар. Өт­кендегі хаттарымда мен сіз­ге 1990 жылы Түркістанның 1500 жылдық юбилейі болады деп айтып едім ғой. Жақында мен Түр­кістан қалалық партия комитетінің бірінші секре­тары Нұридин Балқияев жол­дас­тың қабылдауында болдым. Хат­ты сол кісінің тапсырмасы­мен жазып отырмын. Ол кісі, яғни бірінші хатшы таяуда Қазақ­стан Компартиясы Орталық Коми­тетінің секретары З.Камали­ди­нов жолдаста болыпты. Оны­мен бірге бірнеше жауапты қыз­метте істейтін адамдар да болған екен. Олар Қазақ ССР Ғы­лым Академиясының тарих, этно­графия институтының дирек­торы Р.Сүлейменовтің бер­­ген археологиялық қазба жұ­мыс­тары нәтижесінде айғақ­тал­ғанына сене отырып, сондықтан 1990 жыл Түркістанға 1500 жыл толады деген сөз нақты ғы­лы­ми, әрі дәлелді тұжырым емес деп отырғанға ұқсайды. Бәл­кім, Түркістанға 1500 жылдан да көп болу мүмкін деген екен. Сон­дықтан қалалық партия ко­ми­теті мен қалалық Совет атқару комитеті жерлес, әрі...» (Хаттың екінші нұсқасы жасалған болуы керек, бұл нұсқа аяқталмай қалып қойған).

 

«МҰРАТБЕК ШЫРАҚ!

Хатыңды, сәлемдемеңді алдық. Менің атыма айтылған жылы сөздерің үшін рахмет! Хатыңды бірнеше рет оқып шықтым. Қазір көз нашарлаған ғой. Қанша тырыссам да қолтаңбаңды тани алмадым. Оған кешірім сұраймын. Қорыта келгенде, менің ұққаным – жарамды білімің, өнер табуға қабілетің бар екен, оған қуандым.

Қазіргі заман – ғылым заманы, оны жақсы білесің. Адам дүниеге екі рет келмейді. Менің саған беретін батам, өзіңді қызықтыратын, жігер қосатын нақтылы бір тақырыпқа диссертация қорғап ал, балам. Үй ішіне, ағайын-туыстарға біздерден жалынды сәлем!

Тілектес атаң Н.Оңдасынов. Москва, 16.09.86.

Мұратжан!

Сен хаттарыңда біраз игі­лікті мәселелер жөнінде әңгіме қозғапсың. Бәрі де орынды.

  1. Сенің алдыңдағы хатыңнан Түр­кістанның 1500 жылдығы ту­ралы хабарланып, қуанып қалып едім, өкінішке сай, ол дерек әлі қамдау болып шықты. Мен бұл мәселемен шұғылданбаған едім. Енді кеш, оны зерттеуге көз жетпейді. Бұл – міндет өздеріңдей жас ұрпақтың үлесіне қалып отыр. Ерінбей ізденіңдер, табасыңдар.
  2. Ахмет Ясауидің музейі ха­қында қандай шешілмей жатқан күр­делі мәселелер бар. Егер керек деп тапсаңдар, оны дәлелдеп баяндама хат ретінде жазып жіберіңдер. Алматыға барғанда басшыларға баяндау міндетін мойныма аламын.
  3. Жарық көрген еңбектердің қолда барын өзім Түркістанға алып барып, музейге тапсырамын.

Күліп-ойнап жолыққанша.

Н.Оңдасынов. Москва, 15.12.86.»

 

 

Әтіргүл ТӘШІМ,

журналист