Саясат • 28 Қазан, 2020

Трамптан кейінгі әлемдік тәртіп

235 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» басылымы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент дайындайтын Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялауды жалғастырады.

Испанияның сыртқы істер министрі қызметін атқарған Ана Паласио 3 қарашада өтетін АҚШ президентінің сай­­лау­ына тоқталады. Автордың айтуынша, мұхиттың арғы бетіндегі сайлау АҚШ-қа ғана емес, бүкіл әлем үшін маң­ызды. Өйткені Батыстың алдағы 4 жылда қандай саясат ұстанатыны сайлауда кімнің жеңіске же­те­ті­ні­не ті­ке­лей байланысты. Өйткені бұған дейін Дональд Трамп бірнеше халықаралық келісімнен шық­қан-ды. Ал­да-жалда Джо Байден Ақүй тізгінін ұстап жатса, АҚШ-тың саясаты өзгеруі мүмкін. Осылар тура­лы ой түй­ген автор Американың келешекте жаһандық тұрақтылықты сақтауға мұрындық болуы тиіс деп есептейді.

 

Трамптан кейінгі әлемдік тәртіп

МАДРИД. АҚШ-тағы президенттік сайлау өзінің шырқау шегіне жақындаған сайын, оның дүбірі мен дақпырты, одан кейінгі жағдай Америка құрлығынан әрі тарап, бүкіл әлемнің назарын аударып отыр. Халықаралық қатынас мәселесін болжайтындардың кейбірі ахуалдың ушығып кететінін айтса, енді бірі зор үмітпен қарайды. Бірақ ең керегі – алдағы жағдай нақтылыққа негізделуі тиіс. 

Нақтылық туралы сөз қозғағанда, егемен елдің рөлін жалғыз қайраткердің мүд­десімен теңестіретін «нақты» халық­аралық қатынас туралы айтып жат­қаным жоқ. Кейбіреулер мұны құп көреді. Олардың пайымдауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп жіберген кемшіліктеріне қарамастан, жаңа ғасыр басталғалы бері құлдыраған америка­лық мүддені қайта қалпына келтіріп, сырт­қы саясатты жүргізетіндердің қателігін түзеді деп есептейді.

Өздерін реалист санайтын басқалары Трамптың сыртқы саясатта кемшілік жібергенін мойындайды, бірақ бұл қателік қажет еді деген пікірді ұстанады. Олар да ұстамды стратегияны қолдайды. Яғни АҚШ кез келген жерге тұмсығын тыға бермеуі тиіс. Мәселен, «оффшор ба­лансы» саясаты АҚШ-тың серік­тес­те­рін күшейтіп, өз мүдделерін дамы­туға, өңір­­дегі қауіпті ойыншылардан қор­ға­уы­­на мүмкіндік беретін еді (бір жа­ғы­нан, Қытай да осы бағытты ұстануға көшті).

Мұндай жаңа сыртқы саясат көп­жақ­ты институттар емес, АҚШ пен бір­қатар өңірлік әріптес арасындағы екі­жақты қарым-қатынасқа сүйенетін еді. Реалис­тердің пайымдауынша, мұн­дай ұйымдар Американың ықпалына ке­дергі келтіріп отыр. Логикаға сүйенсек, алпауыт күшке ұмтылу қайта бас­тал­ғанда, аймақтық әріптес те АҚШ-қа ар­қа сүйеп, оның күші мен қабілетіне сенім артпақ. Осыған бай­ла­нысты амери­калық көшбасшылар өңір­лік немесе жа­­һан­дық құрылымдар арқылы өзара тиім­ді, жақын қарым-қатынас орнатуға уақыт жоғалтпайды.

Полярлану арқылы мүмкіндігі шектелген, саяси текетірестен шаршаған, ұзаққа созылған сыртқы саясатта бәсе­кеге түсіп жалыққан мемлекетті мұн­дай ұсыныс қызықтыратыны сөзсіз. Осын­дай қадам АҚШ-тың мүддесін одан әрі тиім­ді жүргізуге болады деген сағым елес­тетеді. Осылайша, АҚШ көп тер төк­пей-ақ, шығын шығармай-ақ үлкен жетіс­тікке жетеді деп есептейді.

Дегенмен бұл жоспардың бір кінәра­ты бар. Жоспар іске аспайды.

Біріншіден, Американың құшағына асыға жығылған елдің бәрі сәтті құқық­тық мәртебе иелене ме? Олар аяғына нық тұрып, емін-еркін әрекет етіп, ресур­сы жетсе, өз мүддесі мен құнды­лығын сақ­тап, дамытуға сенімі болса, АҚШ мүд­десін қорғауға зор үлес қосады емес пе?

Ортақ құндылықтар туралы түсінікті «реалистік» емес, «идеалистік» деп мазақтауымызға болады. Бірақ негізінде олар алға жетелеуші әрі бағыт сілтеуші үлкен күш. Маршал жоспары мен Атлант жарғысы қабылданғанда, осындай логика болған еді. Жеңіл түсінікпен оны жоққа шығаруға болмайды.

Оған қоса, жаңа қырғи-қабақ соғыс туралы талқылауларға қарамастан, қазіргі заман осыдан 30 жыл бұрынғы әлем­нен мүлдем бөлек. Әрине, алпа­уыт держава атануға талас қайта оралды. Алайда жаһандануды еңсеру, оны бо­л­дыр­май тастау мүмкін емес. COVID-19 пан­демиясы әлем әлі күнге ортақ құнды­лықтарға ие екенін, жеке мүддемен оны жеңу мүмкін емесін анық аңғартты.

Оларды шешуге көмектесетін – үйлестіруді дамытатын және жеңілдететін құрылымдар. Шындығында, қазіргі құралдар мен мекемелер қате және ескірген. Көп жағдайда, олар саясат жүргізуден гөрі, ықпал ету үшін көбірек қолданылатын ұйымға айналды. Бірақ олардан бас тартудың орнына оларды реформалауымыз керек.

Бұл одан да маңызды мәселені алғы шепке шығаруды қажет етеді. Ол – шынайы көшбасшылық пен көзқарас. Оны қамтамасыз ететін АҚШ болуы керек. Бұдан былай АҚШ енді әлемдегі жалғыз гегемон болмаса да, билікті үйлестіретін жалғыз актер болып қала береді. Дәстүрлі реалист дәл айтқандай, мұндай жағдайда басшылық биліктен келуге тиіс.

Алдағы жылдары біз Екінші дүние­жүзілік соғыстан кейін құрыл­ған халық­аралық жүйенің қайта жаңғыртылуын, тіпті Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болған институционалды ұйымдарды қайта құруды күте алмаймыз. Сондай-ақ біз өткеннің орнықты либералды халықаралық тәртібіне оралуды болжай алмаймыз.

Бірақ жаппай көпжақтылықтан бас тартуға жол бермейтінімізден шынайы түрде үміттенеміз. Алда-жалда оған жол берсек, оның салдары орасан болар еді. Біз белгілі бір бағытқа ұйымшылдықпен қа­дам жасауды күте аламыз. Мәселен, әуелі озық ойлы елдердің тарапынан. Бәлкім, кейіннен басқалар да қосылып қалар.

Басты мәселе, АҚШ-ты тағы да көшбасшылық мантиясына қалай көндіреміз? 2021 жылы қаңтарда президент Джо Байденге инаугурация жасалғанда ма, әлде төрт жылдан кейін, Трамптың екінші мерзімі аяқталғаннан кейін бе? Жауап басқа ойыншыларға да қатысты. Бұл Еуропалық одақтан бастап олар өздерінің әскери, дипломатиялық және басқа да стратегиялық мүмкін­діктерін күшейту арқылы қиыншылықты бірге көтеру қабілеті мен оған дайын екенін көрсетуден басталады.

Ең бастысы, Еуропалық одақ пен басқа да әріптестер негізгі құнды­лық­тарға АҚШ-тың көзін жеткізуі тиіс. Өйт­кені кейінгі жылдары олар көмес­кіленіп, ұмытылып немесе бас тартылды. Осылайша, маңызды құндылықтарды қайта қалпына келтіру арқылы ғана байланысты жандандырып, келешекте құрылуы мүмкін кез келген институттың іргетасы берік екеніне, АҚШ бұйрық беретін ойыншы емес, бағыт беретін әріптес атанатын күнге жете аламыз.

Алда келе жатқан АҚШ-тағы сайлау туралы дақпыртқа қарамастан, қазіргі талқыланып жатқан мәселеден кейін әлем үлкен немесе революциялық өзгеріс күтетіні анық. Соған қарамастан, бәрінің шуы басылғаннан кейін халықаралық қатынастар бұрынғы негізіне оралады деген үміт басым.

 

Ана ПАЛАСИО,

Испанияның бұрынғы сыртқы істер министрі, World Bank Group-тың бұрынғы вице-президенті және бас консулы. Ол Джорджтаун университетінде лекция оқиды

 

Copyright: Project Syndicate, 2020.

www.project-syndicate.org