Руханият • 29 Қазан, 2020

Кеңестік билік тарихнамасындағы ұлттар қасіреті

1937 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашар­шылық құрбандарын еске алу күніне» орай жариялаған Үндеуі тоталитарлық жүйенің ха­­лыққа жасаған қиянаты мен тарих сабағын ұмытпауға қа­тыс­ты ауқымды іс-шараны көте­ріп, ұлтымызға тән сауап пен пер­зент­тік борышты ескеруге ой салуы құптарлық.

Кеңестік билік тарихнамасындағы ұлттар қасіреті

Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ

Хронологиялық межесі 1917-1991 жылдарды қамтитын  ке­ңес­тік тоталитарлық жүйе өз аза­маттарына жүргізген сая­си сынақтарымен тарих қой­на­уына кетті. Қызыл им­пе­­рия­ның құрамында болған халық­тар­дың тарихи жады бұл ке­зеңді ұлтсыздандыру, отбасы құн­дылықтарынан айыру, ата-ананы баласына, туыс-бауырды бір-біріне жат ету, адамзатты  сая­­си-идеологиялық тұрғыдан бө­­ліп-жарып, алалайтын маркстік тап­­тық методологияға таңылған ле­ниндік-сталиндік декреттерге толы «идеялар әлемі» ретінде еске түсіреді.

Адамзат ақыл-ойы мен парасаты толысқан ХХ ғасырда ке­­ңес­тер елінде халықтар траге­диясы орын алды. Ресейдегі 1917 жылғы Қазан төңкерісі мен социа­листік революцияның нәти­жесінде орнаған пролетариат­ диктатурасы  тап жауларына қарсы тұрақты күресті. Шын мә­нісінде, ол өз азаматтарына жа­­­салған билік зұлым­дығының ре­прессиялық актісі болды.

Соңғы зерттеулер мен талдаулар нәтижесі бойынша, репрессия жылдарында Қазақстанға Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен ұлттық, әлеуметтік, таптық, саяси айыптаулармен  бес миллионнан астам  адам жер аударылған. 1921-1954 жылдары Қазақ КСР-нде 100 мыңнан астам адам саяси қуғынға ұшырап, 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілді.

Алаш қозғалысының көрнек­ті қайраткерлері, ұлт интеллектуалдары Ә.Бөкейхан, А.Бай­тұр­сын­ұлы, М.Дулатов, М.Тыныш­баев, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Досмұха­мед­­ұлы, т.б. РКФСР ҚК  58-бабы­ның құрбандығына шалынды.

Кеңестік билік тұсында қоғам­дық-саяси және шығармашылық қыз­мет жасаған Т.Рысқұлов, С.Сей­фул­лин, Ұ.Құлымбетов, С.Қожа­нов, Т.Шонанов, Б.Май­лин, т.б. тұл­ғалардың өмірлері қиылды.

Қазақстандағы «Кіші қазан­ның» голощекиндік тәжірибесі қазақ халқының ұлттық қасіреті­не айналды. Халықтың сан ға­сыр­­лық дәстүрлі өмір сүруі мен ша­руа­шылық жүргізу меха­низмі­не жасалынған кеңестік  әдіс-­тәсіл күш қолданудың не­бір со­рақылығына барды. Нәтиже­сін­де, жаппай ашаршылық орын алып, 6,2 млн Қазақстан хал­қы­ның  2,2 млн-ы опат болды. Қа­зақ халқының Ресей, Украина, Кав­каз, Түрікменстан, Өзбекстан, Тә­жікстан, Қытай, Ауғанстан, Иран­ға  босқыншылығы белең алды.

Қандай да бір табиғи стихия­лық апаттар немесе  эпидемиялық ін­деттер, тіптен басқыншылық со­ғыс­тар болмаған жағдайда, өз­де­рінің  атамекенінде қазақ хал­­қының қырылып қалуына се­беп­­кер болған өкімет саясатын тү­сі­ну­ге тырысу, тіпті де мүмкін емес.

Күрделі мәселені  зерттеу­шілер­дің қазақ халқының  саны және демографиялық ахуалы туралы еңбектерін қорыту, тұ­жырымдау қажеттігі байқалады.

Қазақ жері «АЛЖИР» мен «Карлаг» тәрізді кеңестік саяси лагерь­лер мекеніне айналды.

Екінші дүниежүзілік соғыстың қасі­реті әр қазақ отбасын айналып өтпеді. Жау тұтқынына түскен не­месе түрлі себептермен ха­бар­­­­сыз кеткендер санатындағы боз­­дақтарының өлі-тірісін бі­ле алмай қаншама ата-анасы, жа­ры мен баласы шерменде күй кеш­ті. Елге оралғандарға сенім­сіздік біл­діріліп,  соттау-жазалау про­цедурасын күшейтуі тота­ли­тар­лық жүйенің өз азаматтарын қор­лауының тағы бір дәлелі болып та­былады.

Майдангерлер отбасын, олар­дың ұрпағын әлеуметтік-мораль­дық қолдау туралы кеңес өкіметі, тіпті де есіне алмады.

Бұдан кейін кеңестік модер­ни­зацияның қазақ халқына  жақ­сылығы мен жетістіктерін сарап­таудың өзі барынша ойлануды талап етері дау тудырмайды.

Президент Үндеуінде атап көрсетілгендей, тәуелсіздік жыл­да­рында мемлекетімізде бұл мә­се­леге қатысты ауқымды іс-ша­ра­лар жүргізілді. 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. 1997 жылды «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» деп белгілеген үкімет қаулылары қоғамдық санаға зор сер­піліс туғызды. Халық үрей­­ден арыл­ды. Аға ұрпақ өз өмі­рінің ауыр кезеңдері жайында ес­теліктерімен бөлісті.

Қазақстан тарихнамасының кеңестік кезеңдегі ақтаңдақтары ашылды. Тарихи білім Кеңес өкі­метінің салтанатты шеруін ғана емес, қасіретті беттерін де танып біл­ді. Репрессия, депортация, т.б. саяси терминдерде бекіген ғы­лыми зерттеулер жарыққа шық­­ты. Архив қорларының «арнайы папкаларының» құпия гриф­тері алына  бастады. Бір сөз­бен айтқанда, тәуелсіздік ұлт тари­хының күрделі, ауыр тұстарын айқындауға, зерделеуге даңғыл жол ашты.

Елбасы Н.Назарбаевтың «31 мамырды саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні» деп жариялауы күнтізбелік ерек­ше белгі ғана емес, ең алдымен мемлекеттің басты байлығы – адам және оның өмірі екенін ұқтыратын терең мәнімен қоғамға сі­ңіп үлгерді.

Бұл сауапты істің әлі де шеші­мін күткен мәселелері баршылық. Мұны Президент Қ.Тоқаев өз­ Жар­­лығында саяси қуғын-сүр­­гін құр­бандарын ақтау ісі бо­йын­ша арнайы мемлекеттік ко­мис­сия құру арқылы негіздеп,  осы қастерлі істі соңына дейін жет­кізудің маңызына тоқталды. Мем­лекеттік комиссияның жұмысына сәттілік тілеп, осынау аса ауқымды жұмыстың ғылыми бағыттағы теориялық-методологиялық мә­се­ле­леріне қатысты өз ойымызды бөліс­пек­шіміз.

Өткен кезеңнің қасіретінің тарихи деректері ТМД елде­рінің, алыс шетелдердің архив қор­ларындағы құжаттарда, кітап­ха­наларында және жеке адам­дардың жа­дында сақталып қалды.

Тарихи деректерді іздеу, жинау, зерттеп-талдау жұмыстары кәсіби даярлықты, күш-жі­гер­ді, шыдамдылықты талап етері бел­гілі. Бұл орайда архив қор­­ларының  ашықтығы, қол­жетім­ділігінің көп рөл атқа­рарын ескерген жөн.

ХХ ғасырдың қоғамдық-сая­си тарихына қатысты сан ал­уан бірегей тарихи құжаттарды сақ­таған Президент Архивінің бұл іске барынша атсалысуы аса маңызды. Кеңестік тота­ли­тар­лық жүйенің «аса құпия» құ­жаттарын қоғам мен ғылымның назарына ұсынып, жариялауда ауқымды жұмыс ба­ғыттарын қа­лыптастырған архив бұл істі тиянақты жүргізуге кеңінен қол­дау жасайды деген үміттеміз. Ашық, демократиялық және аза­мат­­тық қоғамды одан әрі дамытуға Президент Архивінің әлеуеті мен мүмкіндігі мол. Ар­хив қызметіне ақпараттық техно­логияның жетіс­тіктерін енгізуде тәжірибесі бар мекеменің осынау күрделі кезең­нің зерттеушілері мен ға­лым­дарына архив құжаттарына қол­жетім­ділік мәселесін оңтайлы ше­шері сөзсіз.

ТМД елдеріндегі архив құжат­тарының Қазақстандағы репрес­сия мен қуғын-сүргінге қатысты құжаттарының көшірмелерін жасап, электрондық нұсқадағы мәліметтер қорына енгізудің ұр­пақ­ты тәрбиелеуге, ашық демо­кратиялық қоғамның одан әрі дамуы­на ықпалын айтуға тиіспіз.

Мұндай ауқымды істі орын­дау­ға тарихшылар, қоғамтанушылар, маман зерттеуші ғалымдар тартылары сөзсіз. Жасалған жұмыс­тарды насихаттау және жариялау үшін бұқаралық ақпарат құрал­дарының белсенділігі күшті болуы шарт.

Тарихын ұмытпаған елдің болашағы зор. Қазақ халқының өт­кен ғасырдағы тарихын шынайы, объективті тұрғыда танып білу, кеңестік кезеңді зерттеудің тео­риялық-методологиялық мә­се­лелерін ширатуға мүмкіндік береді.

Бұқаралық санадағы өткенді аңсау, кеңестік дәуірге қимастық сағыныш сезімдері әлі де кездесіп қалуы, идеологияның адам са­на­сындағы тереңдігін және тарихи жадыдан айырылудың қан­шалықты қауіпті құбылыс екенін айғақтайды.

Кеңес өкіметі ұлтқа жасаған қия­наты мен озбырлығы басым билік құрылымы ретінде та­рих­­тағы бағасы берілген, сабақ алатын тарихи танымның зерттеу объектісіне айналуы тиіс. Сон­да ғана қазақ халқы еңсесін көтеріп, жасампаз ұлтқа айналып, өркендеуге ұмтылады.

Кеңестік кезеңнің тарихнамасында Қазақстан халқына ортақ, бірегей тарихи жадыны айқындау мәселелері өзектілігін сақтап қа­лып отыр.  Саяси айыптаулармен де­портацияға ұшыраған түрлі ұлт өкілдерінің (корей, поляк, неміс, Қырым татарлары, Кавказ халықтары т.б.) ортақ отаны – Қазақстанды, қазақ халқын сыйлау мен құрметтеу сезімі жер аударыл­ған қиын жылдарын айғақтайтын еңбектермен толыға түспекші.

Елбасы Н.Назарбаевтың Жар­лығымен 2016 жылдың 14 қаң­тарында Қазақстан халқы Ассам­блеясының құрылған күнін, яғни «1 наурызды Алғыс айту күні» деп жариялауының тағылымдық маңызы – бүгінгі ұлты басқа қазақ­стандықтарды өгейсітпеуге, бөліп-жармауға шақырады.

Сондай-ақ ғылыми зерттеу жоба­ларының басым бағыттары – ауыз­ша тарих аясында жүргізілуі өзінің оң нәтижелерін бере ала­ды. Өйткені сол қасіретті кезең­нің куәгерлерінің, олардың ұрпақта­рының  әулеттік тарихындағы қиын күндерінің драмасы – осы депортация, қуғын-сүргіндер.

Отанына оралған қандастары­мыздың жады тірі тарихтың қа­зынасы екеніне назар ауда­руы­­мыз керек. Бұл орайда ауыз­­­ша тарихтың соңғы жылда­ры­ та­рих ғылымында күш алуы­­ның себептеріне тоқтала кет­кен жөн. Бір кездері адам жа­ды «ұмытшақтығынан» тарих ғылымының нысаны болудан қалды. Жадқа сүйеніп, қал­пына келтірілген күрделі оқи­ғалар куәгер­лерінің есте­лік­тері тек қо­сым­ша, жанама дерек саналды. Мәселен, кеңестік тарих­на­малық тақырыптар револю­ция, кеңес өкіметінің орнауы, азамат соғысы, Ұлы Отан соғы­сы, т.б. тұрақты зерттеуге алынып, оған қатысушылар мен куә­гер­лердің естеліктері  жиналып, жария­лан­ғанымен,  олар салмақты тари­хи дерек көзі ретінде мойында­ла қоймады. Оның субъек­тив­тілігі үнемі ескерілді. Ол тек бұр­малауға, әсірелеуге бейім­делген кеңестік  тарихты әспет­теуші мін­дет  атқарды.

Мұның сыртында тоталитар­лық жүйенің орнауының, орны­ғуы мен даму кезеңдерінің сынақ­та­рына айналған мыңдаған адам­дардың тағдыры, олардың жа­дын­дағы ауыр естеліктері өз тарихына кіре алмай, тасада қал­дырылды. Тарихты жазу, қалпына келтіру жазба деректер арқылы ғана жү­зеге асты. Ал ол ресми би­лік­тің  құжаттарының іс жүргізу қа­ғаз­дары негізінде әзірленіп, ар­хив құжаттарын толтырды. Сөй­­­тіп, біржақты тарихи сана ор­нықты. Нағыз тарих – ресми құжат­тарда­ғы билік тарихы деген  ойлау жүйесі канонға айналды.

Адам жадына мән беру әлеу­меттану, этнография, фольклортану, журналистика салаларында ғана дамыды.

1948 жылы Колумбия универ­сите­тінің профессоры А.Невинс енгізген  ауызша тарихтың (oral history)  шетелдерде қарқынды да­муы,  адам жадына сенудің, сый­лаудың бір көрінісі.

Ауызша тарих – кеңестік тота­литар­лық жүйенің  куәгерлері­нің тарихи естеліктерін ғылыми айналымға кеңінен енгізудің ке­шенді әдістемесі бола алады. Бұл бағыт отандық тарих ғылымында  орта­лықтар, ғылыми жобалар  тү­рін­де өз нәтижесін бере бастады. Тарихты түгендеу – тарихи де­рек­терді толықтырудың ұдайы жүр­гізілетін үрдісі.  Сондықтан ар­хивтік жазба деректерді жинау­мен қоса, ХХ ғасырдың ауызша тарихын зерттеуді қолға алатын мезгіл келді.

Тарихи танымды қалып­тас­тыру – тәуелсіз мемлекеттің идео­логия­сын орнықты дамыту­дың негізі.

 

Гүлбану ЖҮГЕНБАЕВА,

тарих ғылымдарының докторы,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры