Тарих • 29 Қазан, 2020

Тағдырына аманатын байлаған

454 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жақыпбай (Жақпай) әулеті ол кездері Ақсу аумағындағы, Қызылжар аталатын ауылында тұратын ауқатты отбасылардың бірінен еді. Ертіс өзенінің жағалауын мекен еткен жұрт мыңғыртып мал өсіріп, тек жұт жылдары ғана ауа райы қолайлы өңірлерге үдере көшіп, ұзаққа созылған қыс аяқталған соң, ата қоныстарына қайта оралып отырған.

Тағдырына аманатын байлаған

Басқа уақытта ата-бабалары өмір сүр­­ген және мәңгілік қонысын тапқан мекен­дерінен ұзап, оқу-білім іздегендер, саудамен айналысқандар немесе қажылық сапар­ға аттанғандар болмаса, ешкім еш­қай­да кетпеген. Осындай күнделікті өмір бір­­қалыпты сырғып өтіп жатқан кезде қазақ да­ласына да бүкіл әлемді дүрліктіріп Ресей­ден басталған 1917 жылғы Қазан төңкерісі ке­ліп жетті.

Төңкеріс алғашқы кезеңінен бас­тап, Кереку өңірінің қазақтары үшін де қиын­шылықты молынан ала келді. Ал ұжым­дастыру кезеңінің қаталдығы мен қаты­гездігін сөзбен айтып жеткізу оңай емес. Сол жылдары жеті аталарынан бері маң­дайларына біткен бақ-дәулеттері бастарына сор болып жабысқан «шынжыр балақ, шұбар төс» бай-шонжарлардың ұрпақтары мен аз ғана мал біткендер «халықты қанау­шылар» деген атақ таңылып, дүние-мүлкі кәм­пескеленіп, ортаққа алынып, жұрт «итжек­кен» деп атап кеткен Сібір жеріне айда­лып, одан қайта оралып келу-келмеуі белгісіз заман туды.

Сол заманның азаматы Қайыргелді Жақып­байұлы Қызылжарда 1904 жылы өмірге келген екен.  Ұжымдастыру қызу жүріп, жаңа экономикалық саясаттың (НЭП) арқасында кешегі кедейлердің бір бөлігі  ауқатты шаруалар, яғни «кулактар» қатарына қосылған кезде, олар  да тап ретінде жойылуға тиіс болғанын тарихтан білеміз. Жерлестеріне берілген соққының бірінші толқынынан құдай сақтап аман қалған Қайыргелді Жақыпбайұлы екінші толқын болатынын және оның тым ауыр болат­ынын сезіп, бір күні түнделетіп, інісі Сейсен­байды, ұлы мен қызын және жұ­байын алып, Омбыға қарай бет алады.

Ауыр да азапты жолға шыдай алмай, жол-жөнекей Сейсен­бай қайтыс болып, Омбыға Қайыр­гелді қалған отбасы мүшелерімен ғана әрең же­теді. Мұнда да тыныштық болмасын біл­ген Қайыргелді түу алысқа бет бұрып, Хабаровск қаласына, сол жақтан жұмысқа шақырып, жұмысшы іздеп келген адаммен ілесіп кетуге мәжбүр болады. Бұл жерде онымен басқа да бірнеше қазақ отбасы, жеке адамдар бірге кетеді. Олар әуелі по­йызбен Владивостокқа келеді, содан соң паромға отырып, Жапон теңізіндегі тар мой­нақ арқылы жүзіп Хабаровскіге бет­тейді. Пароммен кетіп бара жатқанда, осы кез­де ашаршылықтан, суықтан, санитарлық тазалықтың жоқтығынан қазақтар «құрқұлақ» деп атайтын цинга ауруы­нан бірнеше адам көз жұмады. Сол адамдардың ішінде Қайыргелдінің жұбайы және ұлы мен қызы қайтыс болады. Теңіз үстінде қайтыс болғандар жер қойнына емес, теңіз суының құшағына тапсырылады, себебі құрғақ жерге шығып, жерлеуге ешқандай жағдай болмаған. Сөйтіп, ең жақындары – бауыр еті балаларымен қиян шетке еш ой­ланбастан, еріп келе жатқан жұбайын Қайыр­гелді көз жасын теңіздің ащы суына там­шылата тұрып табыстаған екен.

Хабаровскіге келген соң Қайыргелді Жақып­байұлы тағдырдың аса ауыр соқ­қысынан оңалу үшін, қайғысын аз да болса ұмыту үшін, өте ауыр жұмысқа тұрып, порт жүкшісі – докерлер қатарында зіл бат­пан жүктерді тасымалдаумен айналысады. Алайда жүректегі зор жарақат – туған елден, жерден тым жырақ кету, жа­нына жақын жандарынан айырылу оны үнемі өкшелеп қуалап, қайда барса, не істесе де есінен кетпейтін.

Бұл үнемі сыздап тұратын ауыр жүрек жара­сының емі – тек өзімен тағдырлас Шам­синұр Валиуллақызы Ғабдуллина есімді татар қызымен танысып, сырлас, мұң­дас болып, оның соңы үлкен сезімге ұлас­қаннан кейін, алыс өлкеде қазақтың бір шаңырағын көтеріп, ошақ отын жаққан соң ғана табылғандай еді. Шамсинұр Башқұртстандағы Абдулово аталатын деревняда көпес отбасында өмірге келген екен. Оның да отбасы сталиндік қуғын-сүргіннен зардап шеккен.

Сұлу да сымбатты бойжеткен қыз қуғын-сүргіннен құтылу үшін дос қызымен бір­ге Қиыр Шығысқа, алтын іздеушілерге ілесіп кетеді. Алайда алтын өндіру жұ­мысы қиынның қиыны болғандықтан олар, Башқұртстаннан бірге келген екі қыз, сол жақта танысқан бірнеше отбасымен бірге тайганың ит тұмсығы өтпейтін ну орманы арқылы  бас­тарын қауіп-қатерге тігіп, Хабаровскіге жеткен.

Тағдыр кейде адамдарды ауыр соққы­дан айықтырып, оңалту үшін мейірімін де ұсынатын кездері болады ғой. Міне осы кезең Қайыргелді мен Шамсинұрға да ке­леді. Үйірінен адасқан аққу-қаз­дай, жетімсіреген екі жас осы жерде кезде­сіп, жоғарыда айтқанымыздай, 1936 жылы шаңырақ көтеріп, түтін түтетті. Хабаров­скіде 4 баланы өмірге әкелді. Барлығы да ретімен, біртіндеп түзеліп келе жатқандай бо­лады. Бірақ Шамсинұр балаларының Ота­­нынан жырақта өскенін, ұлтын, тілін, дінін, мәдениетін ұмытып, басқа халықтың арасына сіңісіп, жоғалып кетпегенін қала­ды. Сөйтіп, отағасына ұдайы тілек білдіріп, елге қайтуға өтініш жасайды.

Халық  Отан соғысының ауыр зар­дабы­нан аса оңала қоймаған 1947 жылы Жақпаевтар (құжатта Жақпаев деп жазыл­ған) отбасы – Қайыргелді мен Шамсинұр 4 баласымен Қазақстанға оралды. Олар бірден Куйбышев ауданына (қазіргі Ақ­тоғай) келіп, сол кездері жаңадан ұйымдас­тырылған Октябрьдің 25 жылдығы атын­дағы кеңшарға орналасты. Қайыргелді зейнет­керлікке шыққанша осында атшы болып жұмыс істеді. Шамсинұр елге орал­ғаннан соң өмірге келген екі баламен қоса, алты баласын тәрбиелеп, үй шаруасымен айна­лысты. Ол кеңестік кезеңде аналарға көрсетілетін құрметтердің барлығын көрді, І және ІІ дәрежелі «Ана медалін», басқа да марапат­тар алды.

– Балаларының ата-бабалары туған жерде, өз елінде өсіп-өнгендеріне шүкір­шілігін жасап, өмірлерінің басы қиын бол­ғанымен еңбек­терінің жанғанына ризашылықтарын айтатын еді дейді, – олардың немересі   Рай­са Қайыржанқызы.

Отаннан алыс, шалғайда тағдырлары қосылған Қайыргелді және Шамсинұр Жақпаевтардың 6 бала, 12 немере, барлық әулеті бүгінде еліміздің экономикалық-әлеу­мет­тік салаларында адал еңбек ету­де. Қайыргелді мен Шамсинұрдың шө­бе­ре­лерін ата мен әжелерінің үлгілі өмір­лерінен өнеге алатындай қызықты әң­гімелер айтып, тәрбиелеп өсіруде. Бұл нәубет жылдары азапты көп тартқан қара­пайым адамдардың орындалған арманы.

 

Бәкизат Қаракерейқызы,

«Ауыл тынысы» газетінің тілшісі

 

Павлодар облысы,

Ақтоғай ауданы