Қоғам • 29 Қазан, 2020

Қайсар жандардың қолғанаттары

135 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Игі істің жолындағы ерік­тілердің арасында жүріп-тұруы қиын, сөйте тұра бай­рақты бәсекелерде елі­міздің намысын қор­ғап жүрген мүгедек жан­дардың көмекшілеріне ай­налғаны аз емес. Атаулы жылда дәйім жақсылыққа ұмтылатын өңірдегі во­лон­терлік топтардың саны да едәуір артқаны көп нәр­сені аңғартса керек.

Қайсар жандардың қолғанаттары

 

Көмек тек қаржылай болмайды...

Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменованың бастамасымен ашылған «Д.А.Р.» волонтерлер клубын білмейтін ақтө­беліктер кемде-кем. 2007 жылдан бері достық, адалдық, рақым­шылықты ту етіп келе жатқан белсенділерді сөз еткенде соңғы уақытта «Спортики» тобы да еріксіз ойға келеді. Өйткені соңғысы – «Д.А.Р.» ерік­тілер клубының жанынан құрылған. Бір ғана бағытты қамтитын ұйым спортпен кәсіби түрде айналысатын мүгедек жандардың жүріп-тұруына, жаттығу жасауына, өзге де қажетті амал-әрекетіне көмекке келеді. Яғни мұндағы волонтерлер негізінен ірілі-ұсақты жарыстарға жұмылдырылады.

– Паралимпиадалық ой­ын­дарға, өзге де арнаулы са­йыс­тарға қатысу үшін бізге көмек­шілер қажет-ақ. Сол мақ­­сатта өткен жылдың күз мезгілінде бір топ жасты арнайы оқытып, мұның барлық жай-жапсарын үйреттік. Қазіргі таңда клубы­мызда 35 ерікті бар. Олар мүм­кіндігі шектеулі жандар арасында өтетін жарыстарға қолғабыс танытып та үлгерді, – дейді «Спор­­тики» еріктілер клу­бы­ның үй­лестірушісі Гүл­мирам Сражова.

Өңірде аталған топтағы адамдар арасында спортпен кәсіби түрде шұғылданатындардың саны 60-тан асады. Соларға және Ақтөбеде ұйымдастырылған жа­рыстарға қатысуға келген өзге азаматтарға қолғанат бо­ла­тын­дардың бірі, жоғарыда атал­ған клубтың мүшесі – Жігер Кен­же­ғалиев. 25 жастағы жігіт 5 жыл­дан бері волонтер екен.

– «Д.А.Р.», «Жеңіс» еріктілер то­­бында болдым. Былтырдан бері «Спор­­тики» клубының мүше­сімін. Мамандығым – ди­­зайнер. Жұмыстан тыс уа­қыт­та осындай сауапты іс­пен айналысқанды жөн көре­мін. Өткен жылы облыс­та «Үз­дік волонтер» атандым. Жақ­­сылық жасау әр адамның парызы деп білемін. Қолдан кел­се, неге көмектеспеске?! Жан­асыл Хамидулла, Дамир Бижанов, Дәурен Сәдуақас, Мерей Сма­дияров сынды жі­гіттермен әлеу­меттік жоба­ларға да қатыстық. Қазіргі таң­­да мүмкіндігі шектеулі адам­дардың халықаралық, рес­публикалық, облыстық дең­гей­дегі жарыстарға дайындалуына кө­мектесеміз. Во­лонтерліктің бұл түрі шетелде өте жақсы дамыған. Бізде де біртіндеп қар­қын алып келеді, – дейді Жігер.

Кейде сөз жәрдемінің өзі үл­кен рөл атқаратынын айт­қан әңгі­мелесушіміз заман­даста­рының осындай игі іске жақын бол­ғанын, елімізде волон­терлер қызметінің одан сайын жандана түскенін тілейді.

 

«Волонтерлердің де еңбегін бағалаған абзал»

I топтағы мүгедек болға­ны­на қарамастан, кәсібін дөң­ге­лентіп, үлкен спортпен де ай­на­лысып жүрген Шахан Жол­­­дасбаевтың волонтерлерге деген құрметі алабөтен. Осы са­ладағы бірталай жақсы жігіт­термен, қыздармен араласатын ол еліміздегі волонтерлер қоз­ғалысына қамқорлықтың әлі кемшін екенін айтады.

– 2011 жылдан бері ақтөбелік еріктілермен тығыз байланыс­тамын десем болады. Олар тағ­дырластарыма материалдық қана емес, рухани,  физикалық та қолдау көрсетеді. Мысалы, паралимпиадалық ойындарға қатысушылардың жанында септесіп жүруінің өзі – үлкен демеу. Қол жалғап, қоларбасын көтеріп, өзге де күші жетпей жат­қандағы көмегін айтып отыр­мын. Өз басым дәл мұндай санаттағы волонтерлердің көме­гіне аса көп жүгінбеймін. Себебі інім әрдайым қасымда жүреді. Бірақ мен араласатын ортада олардың орны бөлек екенін білемін және Ақтөбеде осы мақсаттағы «Спортики» волонтерлер клубының жұмыс істеп жатқанына қуаныштымын. 

Өкінішке қарай, бізде әлі күнге дейін волонтерлерді ері­гіп жүрген жастар ретінде қа­был­дайтындар көп. Олардың пікірінше, қайырымды іспен тек қолы бос жеткіншектер айналысады. Бұл – қате түсінік. Иә, Қазақстанда волонтерлердің дені – жастар, бірақ олардың арасында шынымен ізгі істерге ұмтылғаны аз емес. Басқа ойды көздегендер де бар. Бір анығы, бізде шетелдегідей волонтер­лерге қолдау атымен жоқ. Айта­лық, жұмысқа тұрарда оның қоғамдық қызметі, ақысыз кө­мекке үлесі ескеріле бермейді. Біз бұл жағынан АҚШ, Гер­ма­­ния­дағы деңгейге жете қой­мадық.

Бүгінге дейін волонтерлер­мен көптеген жобаны іске асыр­дық. Халықаралық жарыс­тар­ға қатысарда аударма ісіне көмек­тескендері де болды. Ке­лін­шегім де кезінде белсенді волон­терлердің бірі болған. Жал­пы, бұл қатардағы достарым бар­шылық. Сондықтан оларға сөз жүзінде ғана емес, іспен қолдау көрсетілгеніне тілектеспін. Оқу ақысына жеңіл­дік жасалып, оларды өзге замандастарына үлгі етсе, атқарушы билік еңбегін елесе, артық болмайды, – дейді Шахан.

 

90 топ. 2 мың адам

Ақтөбе облыстық Жас­тар саясаты мәселелері басқарма­сының басшысы Сәбит Мұқа­нов­тың айтуынша, жыл басында өңірдегі волонтерлік топ­тардың саны 35 болса, қазір 90-ға жеткен. Бұл ұйымдардың құра­мында 2 мыңнан астам волонтер бар.

– Облыс бойынша волонтерлер базасы жасақталып жатыр. Санаттарына қарай айтсақ, 45 пайызы жұмысшы жастар болса, қалғанын студенттер мен оқушылар құрайды. Бізге тір­келген волонтердің ең үлкені 41 жаста, ал кішісі – 2006 жылы туған жасөспірім.

«Волонтер жылының» «Бір­геміз» тұжырымдамасы негізін­де 7 бағытта жалпыұлт­тық жобалар жүзеге асырылып жатыр, олар – «Білім», «Сабақтастық», «Саулық», «Таза Қазақстан», «Асыл Мұра», «Қамқор» және «Үміт». Әрқайсысының бағыты әрқилы. Мысалы, экологияны жақсарту мақсатында волонтерлер жыл басынан бері 138 та­залық акциясын өткізді. Ал «Асыл мұра» жобасы бойынша Ойыл, Шалқар, Мұғалжар, Қобда, Алға аудандарына экспедиция ұйымдастырылды. Ша­раға 40-қа жуық волонтер тар­тылып, туған өлкенің тарихи жерлерімен танысуға мүмкіндік алды. Мұндай жұмыстар келесі жы­лы да жалғасын табады, – дейді ол.

Сонымен қатар ақтөбелік волонтерлер «Жақыныңа жанашыр бол!» акциясы аясын­да қоғамдық орындарда 2 мыңға жуық медициналық мас­каны үлестіріп, карантин ке­зінде қол­дан келгенше қолдау көр­сеткен. Олардың риясыз көңілі елеусіз қалмаған. 40 волонтер Елба­сының, Президенттің, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталыпты.

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

журналист

 

АҚТӨБЕ