Сондай-ақ «Сорқұдық» деген атау болса, бұл жердің аса жайлы емес, ауыз суы ащы, адамға жайсыз екенін жолаушы бірден түсінеді. Ал «Айдарлы» десе ол жердің шөбі айдар тәріздес шоқтықты болып келеді деген сөз.
Атаулар арқылы халқымыздың айтқыштығын, айрықша байқағыштығын, тіпті ой-өрісінің, ақыл-ойының кемелдігін де көруге болады. Сондықтан ономастика мен оның бір бөлігі топонимика жердің ерекшелігімен қатар жер иесінің де қандай екенінен хабар береді. Екеуі біте қайнасып, бір тұтасқа айналып, бір рухты түзген. Қазақтың рухы жер атымен көтерілетіні де сондықтан. Мысалы, «Бурабай» дегенде оған «Арқада Бурабайға жер жетпейді...» деген немесе «Жетісу» дегенге «Жер жәннаты – Жетісу» деген тіркес қоса ілесіп, мақтанбайтын қазақ жоқ. Ал жердің атауын өзгерту арқылы елден жерді айыруға болады.
Патшалық Ресейдің отарлық саясаты ономастиканы өз мүддесіне пайдаланған. Басып алған жердің бәріне олар тек өз атауларын қойған. Бұл туралы Екатерина патшайымның арнайы бұйрығы да болған. Жердің атауын жат қылса оған иесі де жат бола бастайды.
Мәселен, «Антоновка», «Петровка», «Николаевка» деген сияқты келімсектердің қаптаған кісі аттарынан тұратын атаулары артынан осы жерлерді қазаққа өгей қыла бастады. Кеңес өкіметі кезінде де патшалық Ресейдің ономастикалық саясаты жалғасын тапты. Әсіресе келімсектер өте көп қоныстанған солтүстік облыстарда, соның ішінде Есіл өңірінде орыстың ыңғайындағы «қызыл» атаулар қаптап кетті. Арасында бірен-саран ғана «қызыл ту», «қызыл әскер» дегендер ғана кездесіп қалатын. Оның үстіне большевиктердің бәрі дерлік орыс фамилиялы болғандықтан оларға берілген ауыл-селолар, қала атаулары мен көшелері де тегіс орыс текті болды. Осының бәрі қазақты өз жерінен жерітіп, жат қыла берді.
Құдайға шүкір, қазір қазақ өзінің жеріне өзі ие болып, тәуелсіз елге айналды. Оған да міне, отыз жылға аяқ басты. Енді сол өз жеріне өз атауларын қайтаруы, өз жері мен елді мекендерін өзіне тартуы керек емес пе? Бізден басқа барлық республикалар баяғыда-ақ сөйтті. Ал біз әлі күнге көңілшектік танытып, жерімізге өз атауларымызды бере алмай келеміз.
2017 жылдың 12 сәуірінде жарық көрген Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың бағдарламалық «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы өзінің өзектілігін ешқашан жоймайды. Онда былай делінген еді: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек. ...Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы».
Жаңғырудың жарқын жолдарының бірі – ономастиканың ұлттық рухты көтеретін ежелгі атауларын алуы немесе ұлттық кодымызды сақтауға бағытталған жаңа атаулар. Бұларсыз біздің санамыз ұзақ жылдардағы езгіден арыла алмайды. Сол себепті елді мекендердің, жердің ұмыт бола бастаған тарихи атауларын қайтару, атауы бұрмаланған ауылдардың транскрипциясын дұрыстау, көшелерге, білім, мәдениет, спорт ошақтарына лайықты тұлғалардың есімдерін беру – ономастика жұмысындағы негізгі бағыттар болып табылады.
Әрине, біреулерге мұндай қадамдардың ұнамасы хақ. Өйткені, ондайлардың санасы озбырлықтың басқыншы тұманына адасып, ескі идеологиялық шырмауықтан шыға алмай жүр. Бұл ондайларға өзінің бұрынғыдан ада, тәуелсіз елде жүргенін де болжатпайды. Және ондайлардың басындағы жалғыз тіреу – «тарихи атауын қалдыру» деген қойыртпақ. «Тарихи атаудың» тамыры қайда екенін білмесе де содан айрылғысы келмей, жаңа дүниеге табан тіреп, қарсы тұрғысы келеді. Мәселен, жуырда мынадай оқиғаның куәсі болдық. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бір топ қала тұрғынын Қызылжардың қалай өзгеретіндігімен таныстырып жатқанда университеттің бір қарт оқытушысы (аты-жөнін айтпай-ақ қояйық) «Крепостной» көшесін көріктендіру керек қой» деп тұрып алды.
Ал осы «крепостной» дегеннің не екенін оқытушы терең танып біле ме екен? Бұл орыс тарихының ең ұятты беттерінің бірі емес пе? 1861 жылға дейін созылған «крепостнойлық құқы» деген тәртіп орыс қоғамында бүкіл әлемде ұмыт болған құл иеленушіліктің бір түрін ХІХ ғасырдың ортасына дейін алып келді емес пе? Адамның адамды басыбайлы иеленуі, қаласа сатуы, итке айырбастауы, тіпті өлтіріп тастаса да жауап бермеуі сияқты істер өзін дамыған елміз деп санаған мемлекетке мүлде әбес қылық еді. Басыбайлы шаруалардың ешқандай құқының болмауы, оларды адам қатарына санамай, қалағанынша басыну – бұл адамды адамның қанауының шектен шыққан көрінісі болатын. Сөзімізді Википедиядағы мына анықтамамен бекіте кетелік: «...помещик отнимал у крестьян их наделы и личное хозяйство и превращал их в настоящих сельскохозяйственных рабов, которые работали на него постоянно и получали только скудный паёк из господских запасов. Крепостные были самыми бесправными людьми и ничем совершенно не отличались уже от невольников на плантациях Нового Света. Крестьян и дворовых покупали и продавали оптом и в розницу. Телесные наказания крепостных получили чрезвычайно широкое распространение. Нередко такие наказания заканчивались смертью жертв, но помещики почти никогда не несли никакой ответственности за убийства и
увечья своих слуг». Ресей тарихындағы осынау ұятты қылықты К.Аксаков, А.Герцен және т.б. орыстың алдыңғы қатарлы зиялы қауымының өзі қатты сынап, қарсы шыққан.
Ал осы «крепостнойлықты» Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры жақтап, осы көшенің аты мен затын жаңғыртуды талап етіп тұруында қандай ой бар? Бұл жерге тіпті «тарихи атауы» деген де келмейді ғой. Ондай құл иеленушілік деген біздің жерде мүлде болған да емес. Ал Қызылжардың мына көшесін біреулер мазақпен немесе есерлік шалықпен «крепостное» деп атай салған...
Біздің ономастикалық жаңғыруымызды осылай аяқтан шалып, тіреп қалғысы келіп тұратындар аз емес. Ондайлар Қазақстанға жаны ашығансып, «қаражат босқа шығындалады», одан да ақша басқа жұмысқа жұмсалмай ма дейді. Ақшаның нақ осы рухани жаңғыруға жұмсалуы керектігін олар білгісі келмейді. Ал кейбіреулер біздің шенеуніктерді қорқытып, «бұл жерге шығындалған көп ақша сыбайластық жолмен жымқырылуы мүмкін» дегенді алға тартатын болыпты. Іс жүзінде қайта атауға кететін шығын болмашы ғана. Кейбір көлеңкесінен қорқып, жаңбыр болмай су болып жүретін шенеуніктер де олардың қитұрқысынан қарадай үркіп тұрады. Құдды А.Чеховтың «Человек в футляре» деген әңгімесіндегі «как бы чего не вышло» дегенді айтып, өзінен өзі шошып жүретіндер де жетерлік.
Бірақ «шегірткеден қорыққан егін екпес» деген. Ондайлардың әрқайсысынан үрке берсек ел бола алмаймыз. Рухымызды жаңғыртып, ұлттық кодымызға да орала алмаймыз. Осыны түсінген жергілікті басшылар да бар. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облыс әкімінің орынбасары, ой-өрісі биік азамат Ғани Нығметов. Ол келгеннен бері бұл мәселе қолға алынып, біршама іс атқарылып жатыр. Тек қала атауын, көше атауын өзгертуге шулатып халықты араластыру туралы заң тәртібі көп нәрседе аяқтан шалады. Біздегі халықтың арасында дұрыс уәжге жығылатындар аз, көбісі ескілікті аңсайтын кертартпалар екенін жоғарыда айттық. Ондайлар әйтеуір бәрі де бұрынғыша, өздеріне жақын атаулар болғанын қалайды. Сондықтан бізге алдымен заңды өзгерту керек. Сосын ғана атаулар өзгермесе жергілікті биліктен талап етуге болады.
Соның өзінде қазір Солтүстікте біршама аудандардағы атаулар өзгерді. Тәуелсіздік жылдарында талас-тартыспен 10 ауданның, 1 қаланың, 74 елді мекеннің тарихи атауы қайтарылды және өзгертілді, сондай-ақ транскрипциясы түзетілді. Сонымен бірге, 34 нысанға танымал тұлғалардың есімдері берілді.
2020 жылғы қазан айында өнер колледжіне Ермек Серкебаевтың, облыстық филармонияға Ақан серінің есімі берілді. М.Жұмабаев ауданындағы №4 мектеп Мағжан Жұмабаевтың, Жамбыл ауданының Преснов мектебі Қожаберген жыраудың атымен аталады. Сондай-ақ Ақжар, Қызылжар аудандарында ауылдық округ, көше атауларын қайта атау туралы ұсыныстар қаралды.
Қазір облыста 540 елді мекен және 6000-нан астам көше бар болса, солардың ішінде заман талабына сай емес, тоталитарлық сипатқа ие атаулар әлі де өте көп. Идеологиялық тұрғыдан ескірген 14 ауылдық округ, 32 ауыл, 744 көше бар. Мысалы: Ленин атауы барлық ауданда кездесіп, әлі күнге 66 көше мызғымай тұр. Ең көбі Ақжар және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда – 14 көшеден. 39 көше – Киров, 16 көше – Куйбышев, 22 көше – Карл Маркс және 23 көше Калинин есімімен аталады. Осындай жағдайда бізде рухани жаңғыру бар деп көр. Бәрі бәз-баяғы коммунистік шырмауықтың шырғалаңында. Мұндай жағдайда қаланың Қызылжар атауын алуы туралы айту да қиын.
Жуырда облыс әкімінің орынбасары Ғ.Нығметовтің төрағалық етуімен ономастика мәселелері жөніндегі бөлім селекторлық байланыс арқылы Петропавл қаласы және аудан әкімдерінің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасарларымен жұмыс кеңесін өткізіп, хаттамалық тапсырмалар берген болатын. Тапсырманы орындау барысында мәселелер туындамас үшін, әдістемелік-тәжірибелік көмек көрсету мақсатында ономастикалық жұмыс бөлімінің мамандары аудандарға шығып, ауылдық округ әкімдерімен кездесулер өткізді. Алайда осындай кездесулердің де оң нәтиже беретініне күмән бар. Өйткені ескіден ажырағысы келмейтін кейбір ауыл адамдары ешқандай өзгерісті қаламайды. Сондықтан тек жергілікті билік пен оның қасындағы ономастикалық комиссияның шешіміне осы мәселені заңды түрде тапсырған дұрыс болар еді. Ол үшін, әрине жоғарыда айтқанымыздай заңға өзгеріс енгізу керек.
Аудандардағы жағдай осындай болса Петропавл қаласындағы ахуал тіпті мызғымай тұр. Өзіміз қанша жазсақ та мұнда Халтурин, Красин сияқты большевик-терроршылардың, Коминтерн сияқты арандатушылық ұйымдардың атына берілген көшелер де әлі күнге тұр.
Бір таңқаларлығы, облыс билігі мен халқы қазақша атау берген кейбір нысандар да қозғалыссыз қалып отыр. Мысалы, Тимирязев ауданына аса көрнекті қазақ жазушысы, жерлесіміз Сәбит Мұқановтың аты берілген еді, соны әлі күнге жоғары жақ бекітпей, аяқсыз қалып тұр. Не себепті екенін ешкім білмейді. С.Мұқановтан гөрі Тимирязев қазаққа көп пайда жасады деген біреу ме, әлде көлеңкесінен қорқып, шошынған бір шенеунік пе, әйтеуір біреулер халық қалауына кедергі келтіріп отыр.
Солтүстік Қазақстан облысы