Қоғам • 02 Қараша, 2020

Жарық дүниенің жақсылығын ғана көреді

277 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мақсат-мұрат қос қолтығынан қос періштедей демеп, жебеп алға ұмтыл­ды­ру үшін де адамға аялы арман керек екен. Бірінші топтағы мүгедек Наталья Курдюкованы да биіктерге бастап келе жатқан, ұлы өмірге деген сүйіс­пен­ші­лі­гін әр сәт сайын еселеп, дем беріп келе жатқан дәл осындай бір нәзік сезім.

Жарық дүниенің жақсылығын ғана көреді

Қарға адым жер мұң болып қалар деп кім ойлаған. Таңы алаулап атып, түні манаурап батып, болашаққа деген сан алуан жоспар құрып, талай биіктен көрінуге дәмелі болып жүрген шағы еді. 1985 жылы Омбы қаласындағы темір жол көлігі инженерлерін дайындайтын институтты бітірген. Еңбек жолын енді бастап, жастық жалынмен апырып-жапырып жұмыс істеуге кіріскен шағы. Бойында қуат тұнып тұрғандай. Адам жаны сүйіп істеген жұмыстан жалығар ма, тіпті кейбір адамдардың «шаршадым» деген сөзін естігенде таңғалушы еді. Адам қалай шаршайды деп ойлайтын. Жоғары оқу орнында алған білімін күнделікті тәжірибемен ұштастырып, кәсіби шеберлігін жетілдіре түсуге тырысты.

Әттең өмір жолы болат жолдың бойындай теп-тегіс емес екен. Ылдиы мен еңісі, өрі мен қыры бар екендігін сонда ғана түсінген. 1990 жылы қатал тағдырдың жазуымен мүгедек болып қалғаны. Төсекке таңылып жатқанда талай мұң басты, қайғының қара аспаны тұмшалап, төбесінен кетпей қойды. Баяғы жастық жігердің бұлықсыған бұлақтай құйылып тұратын тамыры суалғандай. Алдының бәрі қара түнек, адам төзгісіз жағдай. Түнерген төңірекке қарап, түңіліп те кеткен сәттері аз болмады. Бір сәт қарауытқан көкжиектің арғы жағынан болмашы сәуле көрінген. Ол сәуле ендігі арада денсаулығын түзеу үшін, кәдімгі қара жерді нық басып жүрген қарапайым адамдар тәрізді пенденің пешенесіне жазылған ырыздығын көру үшін сынаққа кәтепті қара нардай төтеп беру керек екен.

Жамбастап жатып алмай, спортпен айналысуға бекем бел буды. Онда да он екі мүшесін түгел қозғалысқа енгізетін – үстел теннисі. Дөңгеленген дүниедей зыр қаққан домалақ шарды қол басындай қалақпен қағып алып, қайта серпу дені сау азаматтардың да қолынан келе бермес. Бастапқыда адам айтқысыз қиындықты басынан кешірді. Бірте-бірте қол жаттыққан, машық қалыптасты. Жарық дүниенің жақсылығын көруге де мүмкіндік туа бастады. Үзбей жаттығу арқылы шынайы шеберлік пайда болды.

– 1999 жылдан бастап қалалық, облыстық, республикалық жарыстарға үзбей қатысып, жеңімпаз атана бастадым, – дейді Наталья Владимировна, – 2018 жылы Петропавл қаласында өткен ел чемпионатында бірінші орын иелендім. Осы жылдың желтоқсан айында үстел теннисінен спорт шебері атандым.

Спортты серік еткен жігерлі жан 2017 жылдан бастап «Инватакси» қызметінде диспечер болып жұмыс істейді. Кейде қарбаласқан шаруамен бірінші топтағы мүгедек екенін де ұмытып кететіні бар. Өзінің айтуына қарағанда, адамдардың өтінішіне жоғары жауапкершілікпен қарап, мұқият болу қашанда сауапты іс.

– Тағдыр тәлкегіне ұшыраған мен тәрізді адамдардың көп екенін көріп жүрміз. Тек басқа түскен батпандай ауырлықты бойыңдағы жігермен, алапат қажыр-қайратпен ғана жеңе аласың, – дейді кейіпкеріміздің өзі, – мынау жарық дүниеге адам болып келген соң қандай жағдайға ұшырасаң да кәдімгі адам қалпыңда қалуың керек. Ол үшін өткінші өкінішті ысырып тастап, қатарымнан қалмаймын деп ұмтылуы керек.

Қолы босай қалса, таңғы шықтай мөлдіреген әдемі маржан тағып, көздің жауын алатын кесте тігеді. Әр бұйымына көрген адамға ой салатын мазмұн-мағына сыйғызып, онда да сәулелі, жарқын болуға тиісті. Мұңлы кейіп адам еңсесін төмен тартады. Оны көрген жан өзі сияқты өмір өкпелеткен адам болса ше? Кейіпкеріміздің пайымынша, төрт құбылаң тегіс салтанатты сәнмен әдіптелсе, өмірге деген құштарлық еселеп арта түспек.

Бәлкім солай да шығар?!.

 

Ақмола облысы,

Степногорск қаласы