Қазір оның мөлшері 7-8 пайыз арасында құбылып тұр. Сондықтан сарапшылар базалық мөлшерлемені төмендету инфляцияның көтеріліп, теңгенің құлдырауына әкелетінін айтып отыр. Инфляцияның жоғары деңгейде болуы базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік бермейтіні белгілі болды. Бұдан былай ақша-кредиттік саясатты қатаңдату мұнай бағасының құлдырап, Ресей рублінің құнсыздануына байланысты айқындалатын көрінеді.
26 қазанда мамандар алдын ала болжағандай, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені сол 9 пайыздық деңгейде қалдырды. Жауапты орган пайыздық мөлшерлеменің нарықтық құрал екенін және көптеген факторға негізделгенін осыған дейін талай рет айтқан. Ал екінші деңгейдегі банктер пайыздық мөлшерлемені өздері анықтайды.
«2020 жылы тамызда заңды тұлғаларға теңгемен берілетін несиелер бойынша мөлшерлеменің орташа көлемі 11,9 пайызды құрады. Ал 2016 жылы ақпанда базалық мөлшерлеме 17 пайыз болып тұрғанда бизнестегі несие мөлшерлемесі 19,1 пайызға дейін барған. Содан бері инфляцияның айтарлықтай төмендеуімен базалық мөлшерлеме де ағымдағы 9 пайызға дейін түсті. Осылайша, ақша-кредит талаптарын жеңілдету мөлшерлемесін төмендетуге мүмкіндік берді», делінген банк жауабында.
Сарапшылар банк пайызының деңгейіне әсер ететін фактор көп екенін айтады. Банк несиесінің пайыздық мөлшерлемесіне тікелей ықпал ететін тағы бір ең маңызды мәселе – банктің қаржылық жағдайының тұрақтылығы. Банк пайызының деңгейіне сонымен бірге инфляция да әсер етеді. Яғни инфляция өсіп отырса, соған сәйкес пайыздық ставка да өсіп отырады.
Ұлттық банк несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің салыстырмалы түрде жоғары деңгейі бірнеше фактормен түсіндірілетінін ашып айтты. Сыйақы мөлшерлемесінің көлемі тек банктердің маржасының деңгейін ғана емес, сонымен қатар өтеу үстемесін, қаржыландыру құнын, қарыз алушымен байланысты несиелік тәуекелдерді, инфляция деңгейін және басқа да факторларды ескереді. Бұл банктерге жағдайға бейімделуге, несиелік тәуекелдерді нарыққа шығарып, сіңіруге мүмкіндік береді.
«Егер қазіргі жағдайда банктер барлық несие бойынша мөлшерлемені 7-8 пайызға дейін төмендетсе, бұл тәуекелдердің жиналуына және банк секторындағы жүйелік теңгерімсіздіктерге әкеліп соқтырады, активтердің сапасы нашарлайды және қаржылық тұрақтылыққа кері әсер етеді», деп түсіндірді Ұлттық банк.
Қаржыгер Бейсенбек Зиябеков банк несиесі үшін пайыздың жоғарғы шегі нарықтық талаптарға қарай айқындалатын болса, төменгі шек банктің қызмет көрсету ахуалына байланысты болатынын айтты.
«Қазақстанда ақша көлемінің көптігіне қарамастан, несие үшін берілетін пайыздық мөлшерлеме өзге елдермен салыстырғанда неге сонша жоғары деген сауалға жауап беру үшін жоғарыда айтылған екі бағытты терең зерттеген жөн. Әсіресе төменгі шекке, яғни банк қызметінің өзіндік құнына ерекше назар аударылуы тиіс дер едім», дейді Б.Зиябеков.
Бұл жолы өтімділікті қамтамасыз ету үшін тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 10,5 пайызбен шектеліп тұр. Өтімділікке тұрақты қол жеткізу операциялары үшін – 7,5 пайыз. Бұл шешім айтарлықтай жоғары белгісіздік деңгейінде қабылданғанын Ұлттық банк айтып отыр. Себебі әлемдегі экономикалық белсенділіктің қашан қалпына келетіні белгісіз. COVID-19 індеті рекордтарды жаңартуда, елдер жаңа шектеулер енгізіп, мұнай нарығында тұрақсыздық жоғарылап, геосаяси тәуекелдер өсіп жатыр. Мұның бәрі ішкі факторлармен бірге базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін көрсетеді.
Ұлттық банктің ақпаратына сәйкес, инфляция екінші ай қатарынан тұрақтанды. Қыркүйек айының соңында жылдық инфляция күткеннен төмен болып, 7 пайызбен тұйықталыпты. Азық-түлік және азық-түлік емес инфляция сәйкесінше, 10,8 және 5,5 пайызды құрады. Ақылы қызметтердің құны 3,6 пайызға өсті.
«Азық-түлік инфляциясының құрылымында ет және нан өнімдері нарықтарындағы бағаның жылдық өсу қарқынының бәсеңдеуі байқалды. Сол секілді импорттық құрамдас бөлігі бар тауарлар тобына бағаның өсуі тіркелді. Жылдық бағаның өсуіне тоқталсақ, нан өнімдері және жарма – 13,4 пайыз, ет және ет өнімдері – 10,3 пайыз, май мен сүт өнімдері – 9,8 пайыз, шай мен кофе – 9,4 пайыз, алкогольдік сусындар – 7,7 пайыз», делінген Ұлттық банктің хабарламасында.
Жалпы, инфляцияны тұрақтандырудың себептері көңіл көншітерліктей емес. Халықтың нақты кірістерінің төмендеп, іскерлік белсенділіктің қалпына келуі баяу жүріп жатыр. Нақты ақшалай кірістің жылдық құлдырауы 2,5 пайызды құрады.
«2020 жылдың қаңтар-тамыз айларында халықтың номиналды кірістерінің құрылымында өзін-өзі жұмыспен қамтудан түскен кірістер үлесінің төмендеуі және жұмыспен қамтудан түскен кірістер мен трансферттер түріндегі кірістер үлесінің өсуі байқалыпты. Бұл республикалық бюджеттің әлеуметтік көмекке және әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығыстарының тұрақты өсуімен қатар жүреді (2020 жылғы қаңтар-тамыздағы өсім 17,6 пайыз). Тамыз айында нақты жалақының өсуі (шағын кәсіпкерлікті қоспағанда) – 3,5 пайызды, қыркүйекте 3 пайызды құрады», деді банк өкілдері.
Сыртқы факторларға қатысты сенімділіктің төмендеп кетуіне импорттың экспорттан асып түскені себеп болған. Себебі Халықаралық валюта қоры қазан айында әлемдік экономиканың 2020 жылға арналған даму болжамын 4,9 пайыздан 4,4 пайызға дейін жақсартты. Сонымен бірге 2021 жылға арналған межені 5,4 пайыздан 5,2 пайызға дейін төмендетті.
Ұлттық банк мәліметі бойынша, әлемдік мұнай нарығындағы жағдай барреліне 40 доллар болатын бастапқы сценарий бойынша дамып келеді. 2020 жылдың қыркүйегінде Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 40 доллардан төмендеді, кейіннен қалпына келтірілді. Бұған әлемде коронавирустың бірнеше рет өршуі себеп болды. Халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша мұнайға деген сұраныс 2020 жылдың соңына дейін және 2021 жылға дейін қалпына келеді.
Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша төлем балансының ағымдағы шоты теріс аймаққа ауысады деп күтілуде. Мұнай бағасының төмендеуіне және мұнай өндіру көлеміне байланысты наурыз-сәуір айларында сауда шарттарының нашарлауы үшінші тоқсандағы төлем балансының көрсеткіштеріне әсер етті.
Қаржы реттеуші органның мәліметіне сүйенсек, төлем балансының теріс ағымдағы шоты соңғы 20 жылдағы алғашқы сауда тапшылығына байланысты. Бұған тағы да экспорттың импортқа қарағанда төмендеуі ықпал еткен.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚФҚ) сарапшысы Рамазан Досов Ұлттық банктің мәліметтеріне сілтеме жасап, осы жылдың басындағы жағдаймен салыстырғанда теңгенің орташа алынған мөлшерлемесі әлі де шамамен 100 пунктке жоғары екенін айтты. «2019 жылдың соңында инфляция сәйкесінше 5,4 пайызды құрағанын атап өткім келеді. Жылдың басында нақты кіріс 3,4 пайызды құрады, ал қазіргі уақытта ол 2,7 пайызға тең», деді сарапшы.
Мұнай нарығында әлемдік сұраныстың қалпына келуіне байланысты құбылмалылық күшейіп келеді. Геосаяси тәуекелдер өсіп жатыр.
АЛМАТЫ