«Hi-Tech» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының мақсаты – интернет арқылы жасалатын қылмыстармен күресу. Соның нәтижесінде киберқылмыстарды ашу жөніндегі мамандандырылған жедел-тергеу тобының жұмысы күшейтілді. Осының нәтижесінде бұрын жасалған алты интернет-алаяқтық ашылды. Үш күдіктіні ұстау үшін криминалдық полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтан, Екібастұз және Павлодар қалаларына барды. Белгілі бір қаражат сомасына қажетті құжаттарды жылдам алуға көмектесетіні туралы хабарландыру орналастырған елорда тұрғыны ұсталды. Мәселені оңай жолмен шешпекші болған ол петропавлдық жігіттен 77 мың теңгені қақшып кеткен. Ашықауыз петропавлдық мәселесін шешемін деген алаяққа 77 мың теңгені аудара салған. Ақшаны қолына түсірген соң «қызмет көрсетуші» зым-зия болып, тұтқаны көтермей қойған. «Соңғы кезде виртуалды алаяқтар түрлі әдістерді пайдаланады. Олардың мақсаты – адамдардың жеке мәліметтері мен банк деректемелеріне қол жеткізу. Қолға түскен ақпарат арқылы қаскөйлер жәбірленушілердің атына несие ресімдейді. Сондай-ақ түрлі «қызметтер» ұсынып, жәбірленушінің ақшасын алдап алып кетеді. Жедел-профилактикалық іс-шараның алғашқы күнінде жұмысқа орналасуға көмек көрсетемін деп алаяқтар медициналық анықтаманы жылдам ресімдеуге ақша сұраған, сонымен бірге банк картасының деректемелерін алдап қолға түсірген. Осындай үш факті анықталды», - деп атап өтті облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Петр Климов.
Сонымен бірге жедел-профилактикалық іс-шараның алғашқы күнінде облыс полицейлері тауарларды сату туралы 2 жалған хабарландыруды анықтады. Құқыққа қайшы контентпен 30-дан астам ресурс анықталып, сілтемелері құзыретті органдарға бұғаттау үшін жіберілді. Әлеуметтік желілерде тәртіп сақшылары интернетте күмәнді келісім жасаудан аулақ болу, жеке және қаржы мәліметтерін, құпиясөздерді ешкімге бермеу, ақшаны жіберуге қатысты кез-келген мәліметті егжей-тегжейлі тексеру сияқты кеңестері бар жадынамаларды орналастырды.
Солтүстік Қазақстан облысы