Руханият • 06 Қараша, 2020

Тіл тәуелсіз болмай, шын тәуелсіз болмаймыз

823 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін тіл білуді міндеттеу керек» деген пікір жиі айтылады. Ата Заңдағы 7-баптың 2-тармағы қабылданар кезде де көп дау туғанын жақсы білеміз. Бүгінде де осы 2-тармақты алып тас­тау керек деген пікір жиі көтеріліп жүр.

Тіл тәуелсіз болмай, шын тәуелсіз болмаймыз

Заң қоғамдағы белгілі бір қатынастарды реттеу үшін қабылданады. Ал біз бү­гінгі тіл аясындағы заң­дар­­ды то­лық­қанды пайдала­нып жат­қан жоқпыз. Нақты­рақ айта­тын болсақ, Ата Заңы­мыз­дың 7-бабында «Қазақ­стан Рес­пуб­ликасындағы мем­лекет­тік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілі­мен тең қолданылады» де­лінген. Ендеше, мемлекеттік дәре­же алған қазақ тілі басқа тіл­дерден оқ бойы, тым болмаса сынықсүйем алда тұруы керек емес пе?! «Қазақстан Респуб­ликасындағы Тілдер туралы» Заңының 4-бабы, Азаматтық процестік кодекстің 14-бабы, Қылмыстық процестік кодекстің 30-бабы осы қағидаларды сақ­тайды. Олай болса, кез кел­ген деңгейдегі үлкенді-кіші­лі жиын мемлекеттік тіл­де өт­кізіліп, басқа ұлт өкіл­дерінің құ­қықтарын бұзбау үшін мем­­лекеттік тілді білмей­тін­дер­ге аудармашының көмегі көр­се­тілгені жөн. Бұл нағыз әді­лет­тілік болар еді. Өйткені мем­лекет­тік тіл біреу ғана, ол – қазақ тілі. Өкініштісі, егемендік алған алғашқы күндерден бері қоғамда орыс тілі мемлекеттік тілдің рөлін атқаруда. Бұл, әрине, әділетсіздік!

Сот саласында сот ісін жүр­гізу тілінің тәртібі Азаматтық про­цестік кодекстің 14-бабын­да, Қылмыстық-процестік кодекс­тің 30-бабында нақты көр­се­тілген. Алайда құқық қор­ғау органдары мен сот ісін жүр­гізуде судьялар тарапынан осы екі заң талабы да толыққанды орындалмай келеді. Тергеу органдарымен алғашқы тергеу кезінде жіберілген кемшіліктер соттар тарапынан ешбір сын-ескертпесіз, түзетусіз қалуда. Мәселен, Қылмыстық-процес­тік кодекстің 30-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында қылмыс­тық сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiледi, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылады делінген. Қыл­мыстық процесті жүргізетін ор­ган істі орыс тілінде немесе бас­қа тілдерде жүргізу қажет бол­ған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қау­лы шығарады. Бұл кез келген қыл­мыстық іс әу бастан тек мем­лекеттік тілде жүргізілуі керектігін көрсетcе, өкінішке қарай көп жағдайда тергеу органдары қылмыстық іс жүргізу тілін орыс немесе басқа да тілге уәжді қаулы шығармай тұрып, орыс тілінде жүргізіп, жоғарыда көрсетілген заң нормаларын бұзады. Сонымен қатар күдіктіге, айыпталушыға оның сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу туралы құқығын жан-жақты түсіндірмейді. Сол себептен қылмыстық істерді қарауда мемлекеттік тілдің қолданыс аясы көтерілмей отыр.

Көптеген жағдайда тергеу амалдарын жүргізуші тұлға мем­лекеттік тілді өзі жетік біл­­­мегендіктен, не болмаса бір­­­лі-жарым іске қатысушы аза­­­­мат­тар мемлекеттік тілді біл­­­ме­­ген­діктен аудармашы қатыс­­тырып іс жүргізуге қина­лып, өз­деріне тәуелді айыпталу­шы­­лар­дан «істің орысша жүр­гізі­луін қа­лаймын», «орыс тілін же­тік бі­лемін» деген өтініш  ала­­ды да, істі орыс тілінде жүр­гізеді. Кү­дік­тінің қай тілді жетік білетіні сұралмайды. Ал ҚР ҚІЖК 320-322-баптарының талаптарына сай қылмыстық істер бойынша сотталушылар қазақ ұлты­ның тұлғалары болған кезде, судьялар істі қабылдап алу ба­­­ры­­сында жоғарыда айтыл­ған мә­­се­­лелерді жан-жақты анық­тап, при­н­­циптік баға беруі керек.

Егер соттың істі қабылдап алу сатысында айыпталушының тергеу амалдары жүргізілген орыс тілін жетік білмейтіні, істі мемлекеттік тілде жүргізу керектігін тергеу органдары толық түсіндірмей, айыпталушыдан орыс тілін білетіндігін және оған байланысты тергеу амалдарын орыс тілінде жүргізгенге қарсы емеспін деген бір жапырақ қағаздың негізінде іс жүргізу тілін мемлекеттік тіл­ден уәжсіз себептермен ауыс­тырған жағдайда, тергеу амал­дарының барлығын жарамсыз деп танып, істі прокурорға қай­тару керек. Өйткені бұл мәсе­леде осындай түбегейлі шешім­ге келмесек, тергеу органдары мемлекеттік тілге жақын арада бет бұра қоймайды.

Ақмола өңіріндегі халықтың 51 пайызы қазақ  бола тұра, облыс соттары мемлекеттік тіл­де қарап жатқан барлық іс­тер мен материалдардың па­йыз­дық көрсеткіші 2016 жылы – 1,5, 2017 жылы – 3,3, 2018 жылы – 3,8, 2019 жылы – 5, ал, 2020 жылдың 9 айында 7,8 пайыз ғана болып отыр. Бүгінгі күні облыс соттары Мемлекет басшысының мем­лекеттік тіл мәселесі бойынша қойылған талаптарын іске асы­ру мақсатында мемлекеттік тіл­ді дамыту саясатын, оның қол­дану аясын кеңейте отырып насихаттауға бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде өткізуде. Құқық қорғау, мемле­кет­тік органдар мен өзін-өзі бас­қару салаларының, жергілікті бұқаралық-ақпарат таратушы мекеме басшыларының, өкіл­дерінің қатысуларымен дөңге­лек үстел, семинарлар өт­кізі­луінің арқасында мемлекеттік тілде қаралып жатқан істердің үлесі жоғарыдағы көрсетіл­ген статистикалық есепке сай өсуде, бірақ бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді.

Ал Азаматтық-процестік кодекс­тің 14-бабының 1,2-бө­лік­­терінің талабына сәй­кес аза­маттық істер бойынша сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүр­гізіледі. Облыс соттары бар­лық мемлекеттік тілде қараған аза­маттық істер: 2016 жылы – 0,8, 2017 жылы – 2,7, 2018 жылы – 3,0, 2019 жылы – 3,5, 2020 жылдың 9 айында  8,1 пайызды құрап отыр.

Азаматтық іс бойынша іс жүргізу тілі сотқа талап қою арызы берілген тілге бай­ла­ныс­ты сот ұйғарымымен бел­гі­ленеді. Өкінішке қарай, жо­ға­­ры­дағы статистикалық дерек­­тер көрсетіп отырғандай, бүгін­гі күні судьялармен істер­ді зер­де­леу барысында мемле­кет­тік тілге тиісті дәрежеде мән беріл­мегендіктен, ұлты қазақ азаматтарына талап-арыздарды мемлекеттік тілде беру құқығы және іс жүргізу тілін мемлекеттік тілге ауыс­тыру мүмкін екендігі жөнінде түсіндірмегендіктен, көп жағ­дайда істер орыс тілін­де қара­лу­да. Егер соттар осы мә­сел­ені өз деңгейінде қолға алса, аза­­мат­тық істерді мемлекеттік тілде қарау үлесі едәуір артар еді.

Облыс көлемінде 2019 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап судья­ларға сот істерін зерделеу және сот талқылауына дайындауды міндетті түрде дыбыс-бейне жазба арқылы жүргізу тапсырылып, бұл мәселе апелляциялық алқамен үнемі тексеріліп отырады. Соның нәтижесінде, об­лыс соттарында жалпы іс жүр­гізу тілі мемлекеттік тілге ауыс­ты­рылған істердің пайыздық көр­сеткіші жыл санап өсіп келеді.

Мемлекеттік органдар мен мекемелер, басқа ұйымдар мен кәсіпорындар сотқа жүгінгенде талап-арыздарды мемлекеттік тілде емес, басқа «шет тілінде» беріп, жоғарыда аталған заң талаптарын неге өрескел бұзуда?! Бұл заңбұзушылықты қадағалау қандай мемлекеттік органның құзырында?! Статистикалық деректерге сәйкес 2018 жылы облыс соттарына мемлекеттік мекемелерден барлығы 4 731 талап-арыз түскен, соның ішінде мемлекеттік тілде 2 228 түссе, 2019 жылы барлығы 3892 талап-арыз түсіп, соның ішінде мем­­лекеттік тілдегісі 885, 2020 жыл­­дың 9 айында барлығы 2 160 іс түссе, оның 651-і ғана мем­ле­кеттік тілде.

Бүгінгі күні әскерден бой тасалағандарды заң алдындағы парызын орындаудан бас тарт­қаны үшін қылмыстық жауап­кершілікке тартамыз. Дұрыс! Тілді білу де парыз ғой! Ел қауіпсіздігіне тікелей байланыс­ты мәселеге келгенде, парызды орындамағандарға көз жұма қарайтынымыз қалай? Мәселе осында. Сондықтан да Ақмола облыстық соты бүгінгі күні мемлекеттік мекеме басшылары сотқа талап-арызды шет тілде бергенде немесе іс-қағаздары толыққанды мемлекеттік тілде өтпеген жағдайда жекеше қау­лылар шығарудамыз. Бұл мәсе­леде облыс прокуратурасы осы пікірімізбен келісіп, іс-қа­ғаз­­дары әлі мемлекеттік тіл­ге өтпе­ген мемлекеттік меке­ме­лерге «Прокуратура туралы» заң­ның 23, 27-баптарын бас­шы­­лық­қа ала отырып ұсыну енгізуде.

Статистика бойынша рес­публика халқының 70 пайызы қазақ ұлтының азаматтары бола тұра, қаралып жат­қан сот істерінің тек 27 пайы­зы ғана қазақ тілінде. Сондық­тан қол­даныстағы заңдарды бас­шы­лыққа ала отырып, сот ісін тек мем­лекеттік тілде жүргізу керек. Орыс бола ма, неміс бола ма, дауын тек мемлекеттік тілде қа­рау­ды жолға қояйық. Олар­дың өзін қорғау құқығы бұзыл­мас үшін аудармашы берілсін. Әри­не, істі қарау уақыты ұзаққа созы­луы мүмкін. Бірақ аудар­машы арқы­лы тілдесудің қиын­дығын көріп, машақатын сезін­ген соң сотқа қатысушылар мемле­кет­тік тілді үйренуге тырысар еді. Қа­­жет­тілік деген осы деп түсінемін.

«Мемлекеттiк тiл – мемле­кет­тiң бүкiл аумағында қоғам­дық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мем­ле­кеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүр­гiзу және iс қағаз­дарын жүр­гiзу тiлi» деп көр­сетіл­ген заң­да. Яғни мемлекет­тік билік те, заң да, іс қағаздары да қазақ тілінде сөйлеуі керек. Бізде бәрі керісінше. Оған кім кінәлі? Заңды орын­да­май отырған өзіміз. Мем­лекет­тік маңызы бар істе жалпақ­ше­шей­лік танытуға болмайды. Енді ұлт болып қалу­дың қа­мын жасап, ұрпақтың ертеңін ойлағанымыз дұрыс. Данышпан Конфуций елге басшы болса алғашқы қадамды тілді түзеу­ден бастайтынын айтыпты. Се­бе­бін сұрағандарға «Тілі бұ­зыл­са, ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы да бұзылады. Рухы мен әдет-ғұрпы бұзылса, әді­­лет пен ақиқат жоғалып, халық шарасыздықтан жойылу қау­піне душар болады. Тілі бұзыл­ған ұлттың келешегінен үміт күтуге болмайды» деп жауап бер­ген екен. Сол айтпақшы, мем­лекет мүддесі жеке бастың қызығушылығынан қашанда биік тұрғаны жөн. Онсыз тілді жоғалту оңай, ал тілі жоғалған елдің өзі де ұзақ өмір сүрмейді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұх­батынд­а: «Тіл – ұлттың тұғыры, ұр­пақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төл­құжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлт­тық қауіпсіздік тілімізді қадір­леуден басталады», деп өте орынды айтты.

Жақында Ақмола облыстық сотында мемлекеттік тілдің қол­даныс аясын кеңейту мақ­сатында жиын өткізіп, қарар қабылдадық. Осы қарарда мемлекеттік мекемелер сотқа талап-арызды міндетті түрде қазақ­ша беруі керек деген шешім­ге келдік. Ал орыс тілін­де арыз беретін, жауап жол­дай­тын басшыларға жекеше қаулы шығару керектігін көр­сет­тік. Біздің осы бастаманы әріп­тестеріміз қолдаса дей­мін. Өйткені бұл жоғарыда айтыл­ған заң талабынан туын­дап, мемлекеттік тілді білуге мін­дет­тейді. Сөйтіп бар заңды дұрыс пайдалана білуіміз керек. Өйтпесек несіне заңгер болып отырмыз. Көп жағдайда тілге қатысты әңгіме қозғасақ, ұлт­аралық қақтығысты туғызып жібереміз деп қауіптенеміз. Біз өзге ұлтты кемсітіп жатқан жоқпыз. Тек мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтуге, тынысын ашуға көмектесетін заңдағы титтей тетікті, кішкентай сәулені пайдалануды талқылаудамыз. Заң бізге тілді өз деңгейінде қолданбайтын басшыларға ескерту жасауға мүмкіндік беріп тұр. Әр жиналыс сайын соны ескертеміз. Намыстарына тимейміз-ау, бірақ намыстарын оятуға тырысамыз. Рухани жаңғыру дегеннің өзі рухты көтеру, рухты ояту деген сөз – жаңғыру дегеннің өзі жану, көмескіленбеу деген мағына. Сондықтан рухты көтерейік, намысты оятайық! Егер осыны бәріміз түсінсек, қарекет жасасақ, мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту қиын емес.

 

Досжан ӘМІРҰЛЫ,

Ақмола облыстық

сотының төрағасы