Білім • 09 Қараша, 2020

Шығыста үздік ауыл мұғалімі анықталды

569 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысында "Үздік ауыл мұғалімі 2020" байқауының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Шығыста үздік ауыл мұғалімі анықталды

Байқауға Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Глубокое, Жарма, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Көкпекті, Үржар, Ұлан, Тарбағатай, Алтай аудандарынан, сондай-ақ Өскемен, Семей және Риддер қалаларынан барлығы 17 шағын жинақты мектеп мұғалімдері қатысқан.

"Мен табысты мұғаліммін" атты конкурстың бірінші турында қатысушылар педагогикалық тәжірибелерін ортаға салса, екінші турда бірлескен сыныпта "Шағын жинақталған мектептегі үздік сабақ" тақырыбында бейнесабақтар көрсетті.

"Қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орынды Бесқарағай ауылындағы орта мектептің химия және биология пәнінің мұғалімі Күлімхан Айтбұланова жеңіп алды. Екінші орынды екі оқытушы – Алтай ауданы Чапаев орта мектебінің химия және биология пәні мұғалімі Наталья Каблукова, Катонқарағай ауданы С.Түкібаев атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Меруерт Князбаева иеленді. Үшінші орынға Үржар ауданы Қарабұйрат орта мектеп-бақшасының математика пәнінің мұғалімі Жаңылхан Исаджанова, Ұлан ауданының С.Аманжолова атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айжан Аришева және Көкпекті ауданы А.С. Пушкин атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Асхар ие болды", делінген ШҚО Ақпарат орталығының хабарламасында.

Сонымен қатар бес оқытушы бірқатар номинациялар бойынша жеңіске жетті. "Жаңашыл мұғалім" номинациясы бойынша Аягөз ауданы Т.Есімжанов атындағы жалпы білім беретін мектептің информатика пәні мұғалімі Айнұр Смағұлова үздік атанды.

Риддер қаласы Бутаково ауылының негізгі орта мектебінің өзін-өзі тану мұғалімі Иван Кадыров "Білікті педагог" номинациясын жеңіп алды. Күршім ауданы Монукой негізгі орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Фарида Конакова "Үздік ойшыл-мұғалім" атанды. "Кәсіби мұғалім" номинациясы бойынша Абай ауданы С.Бекбосынов атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі Үмітқан Шаянбай марапатталды. Глубокое ауданы М.Ғабдуллин атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ләйлә Жамағанова «Шығармашыл ұстаз" номинациясы бойынша үздік атанды.