Оқиға • 11 Қараша, 2020

Мажарстан түркологиясының інжу-маржаны

446 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен академия кітапханасында Тұран идеясын ту еткен ғалым, шоқтығы биік шығыстанушы, Мажарстан түркологиясының маңдайалды тұлғасы Дьюла Неметтің туғанына 130 жыл толуына орай «Мажарстан түркологиясы» атты халықаралық онлайн-конференция және осы шара аясында әлемдік түркологияның белді өкілі, белгілі ғалым Иштван Қоңыр Мандокидің академия шығарған ежелгі қыпшақтардың байырғы тілі, жағрафиялық атаулары, Дунайдың төменгі сағасындағы татар-ноғай қауымының тілі мен ауыз әдебиетіне қатысты «Үзілмес тамырлар» және «Иштван Қоңыр Мандокидің библиографиясы» атты қос кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бағдарлы басқосу аясында Түркі академиясы мен Мажарстанның Қазақстандағы елшілігі арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды.

Мажарстан түркологиясының інжу-маржаны

 

Ата түркі жұрты мен тау асып қонған тарихы тамырлас елдің атқа мінген азаматтары және айтулы ғалымдары қатысқан алқалы жиынды ашқан Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі: «Мажарстан түркологиясы – әлемдік түркологияның негізгі қайнар бұлақтарының бірі. Сондықтан түркі халықтарының тілін, тарихы, әде­бие­тін, мұрасын зерттеуде Мажарстан түр­ко­ло­гиясының үлесі орасан зор. Қалып­тас­қан үлкен дәстүрі бар Мажарстан түрко­ло­гиясының шоқтығы биік өкілдері Дьюла Немет, Мандоки Қоңыр Иштван секілді ұстаздардың тәлімі біздің тамырлас тарихымызды, рухани дүниемізді жақындата түсті. Бүгінгі басқосуымызға арқау болған мажар түркологтерінің мұралары Мажарстан мен түркі әлемінің арасын жалғастыратын алтын көпір десек, артық болмас», дей келе, Атилла мен Арпаттың мирасын жаңғыртып жүрген тұлғалар тағылымына тоқталып, тамырластық пен сабақтастық жайын сөз етті.

Мажарстан Парламентінің вице-спикері Шандор Лежак түркі және мажар қаты­на­сының көзотағасындай саналатын бұл тақырыптың қозғалуы мерейлі оқиға еке­нін айта келіп, ғылыми дисциплинаның ауқы­мынан асып кеткен Мажарстан түркологиясының тарихи маңызын көр­се­тер уақыт жеткенін, осы тұста осындай конференциялардың өтуі маңызды екенін тілге тиек етті. Шайқалтса да шатқаяқтамас, теңселтсе де тамырынан ажырамас түркі мен мажар тарихын, тілі мен ділін, бары мен жоғын зерделеуде түркологияның алатын орны орасан зор.

– Дьюла Неметті, түркі филологиясы кафедрасының негізін қалаушы, көне тари­хымыздың көмбесін ашушы тұлғаны әр уа­қытта зор құрметпен еске аламыз. Немет негізін қалаған кафедрадан үздік түр­ко­лог­тер шықты. Шығыстағы отанынан Кар­пат­қа түркілік мәдениетімен келген ата-баба­мыздың тұрандық тамыры бүгінгі хал­қы­мыздың мәдениеті мен дүниетанымын қалып­тастырды. Немет мұрасы мен тұлғасы осыны ашып көрсетуімен, оның күрескерлік рухымен де құнды, – деді Мажарстан вице-спикері.

Түркі халықтарының тарихи, мәдени, рухани жаңғыруында Түркі академиясы үлкен қызмет атқарып отырғанын, сол қатарда академияның түркі елдері ғалымдарын қол­дау және олардың жұмысын үйлестіру арқылы интеллектуалдық орталыққа да айналғанын айтқан ТүркПА Бас Хатшысы Алтынбек Мамаюсупов: «Тұтас дүниедегі түркі мұрасын зерттеу мен бағыттау жайында айтқанда әлемдік түркологияның дамуына үлкен үлес қосқан Дьюла Неметті айналып өте алмаймыз. Венгрияның түркі әлемімен байланысы жаңа заманда жеткен жетістігіміз емес, оның тамыры тереңде, ғасырлар қойнауында жатыр» деп, ортақ тамырларды тануда Дьюла Немет секілді тұлғалардың мұрасы түркі халықтары үшін маңызды да құнды деп білетінін жеткізді.

– Ол – 300-ден аса ғылыми еңбек жазған, саналы ғұмырын ғылымға арнаған, түркология тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлға. Көне жазба деректеріндегі тарихи-этностық, тілдік байланыстарды зерттеп, Шығыс Еуропа аймағындағы руна жазбаларын Орхон, Талас жазбаларымен са­лыс­тырып, мажарлар мен ортағасырлық түр­кі­лердің тарихи, мәдени байланысын ашып көрсеткен бірден-бір ғалым.
Д.Неметтің «Түркі тілінің грамматикасы» ең­бегі осы күнге дейін маңызын жоғалтқан жоқ, – деген Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ ректоры Нұрлан Дулатбеков, қазақ халқы үшін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының қадір-қасиеті қандай болса, мажар үшін Дьюла Немет те сондай дара тұлға екенін айтты.

Қазақстан Республикасының Мажар­с­та­н­д­ағы Төтенше және өкілетті елшісі Жәнібек Әбдірашев жалпы түркі халық­та­ры­ның тарихы, оның ішінде қазақ пен мажар жұртының бүгінгі тұрақты әрі тиянақты қарым-қатынастары жайына тоқтала келіп, Дьюла Немет пен Қоңыр Мандоки секілді тұлғалардың мерейтойы бәрімізге ортақ екенін, Дьюла Неметтің туғанына 130 жыл толуына орай Будапештте аталып өткен маңызды мәдени шараға түркі халықтарының басын қосып отырған ұйымдардың атсалысқанын атап өтті.

Басқосу барысында сөз алған Мажар­стан­ның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Михай Галошфай жаһандық пандемия тудырған қиын кезеңде осындай іс-шара атқарып, ортақ тұлғаларға құр­мет көрсетіп отырған Түркі академиясына алғысын білдіре келіп: «Өткен ортақ тари­хымызды зерттеу, тану және құнды мұра­ларымызды қамқорлығымызға алу – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Дьюла Неметтің еңбектері ғылыми орта үшін әлі күнге дейін темірқазық жұлдызындай болып отыр», деді.

Сондай-ақ аталы сөз айтылған алқалы жиын секциялық отырысқа жалғасты. Түркі Кеңесінің Мажарстандағы өкілдігінің атқа­ру­шы директоры Янош Хавари, РФ ҒА Уфа ғылыми орталығы Тарих, тіл, әдебиет зерттеу институтының жетекшісі, профессор Фирдаус Хисамитдинова, Мажарстан Шығыстану инс­титутының директоры Пери Бенедик, «Мажар-Тұран» қорының төрағасы, антрополог Биро Андраш, Қырғызстанның таны­мал түркологі, профессор Қадыралы Қонқобаев, «Мажар-Тұран» қорының қыз­мет­кері, тарих ғылымдарының кандидаты Бабақұмар Хинаят, Мажар Ғылым академиясы, Этнография институтының ғылыми қызметкері, түрколог Дәуіт Шомфай Қара қатысып, ғалым мұрасы жайында баяндамалар оқылды.