Аймақтар • 11 Қараша, 2020

Жас кәсіпкерлер Осакаров ауданы әкімінің грантын алды

424 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осакаров ауданында талпыныспен іс бастаған жас кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету жолға жақсы қойылған. Мысалы, биыл жастар арасында әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдауға және жүзеге асыруға 5 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жас кәсіпкерлер Осакаров ауданы әкімінің грантын алды

Таяуда нартәуекелге бел буып, бизнестің белесін бағындырамын деген бір топ жас аудан әкімінің грантын алды. Жалпы, қолдаудың мұндай түрі өз алдына бизнес ашуға және оны дамытуға жұмсалады.

Кәспкерлерді қолдау мақсаты жолында арнайы құрылған комиссия қарауына сегіз жастың бизнес-идеялары ұсынылған болатын. Нәтижесінде, олардың барлығы қатаң қазылар тарапынан қолдау тауып, аудан әкімінің грантына ие болды.

Онлайн-режімде өткен салтанатты рәсімде Осакаров ауданының әкімі Нұркен Қобжанов грант иегерлерін құттықтай келе, бұл іс-шараның мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудағы маңызды оқиғалардың бірі екенін атап өтті.

– Біз жас ұрпақ туралы көп айтамыз және оның дамуы мен қолдауына үлкен мән береміз. Жастардың ел болашағына өз үлесін қосуға ұмтылысы осы салада мемлекеттік қолдаудың қажеттілігін айқындайды. Жалпы, ауданымыздың жаңалыққа құштар, жігерлі де іскер жастарын мақтан етуге негіз бар. Барлық бастамаларыңызға сәттілік тілейміз! – деді аудан басшысы.

Осакаровтық жас кәсіпкерлерге 500 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейінгі аралықта грант бұйырды. Мысалы, қолдау қаржысына ие болғанның бірі Махаббат Есжанова кондитерлік дүкен ашуды армандайды. «Алдағы уақытта не істеу керектігін ойластырып қойғанмын. Аудан әкімінің гранты менің ісіме серпін береді деп ойлаймын», дейді жүзі бал-бұл жанған Махаббат.

Ал Александра Штранская есімді жас сұлулық салонын ашқысы келсе,  Фарида Барлыбаева жұмыс істеп тұрған фотосалонды кеңейтіп, кәсібін әрі қарай дамытуды көздейді.

Он саусағынан өнер тамған ісмер қыз Сайрангүл Хурметхан тігін шеберханасын құрып, жерлестерінің ұлттық нақыштағы киімдер мен төсек орындарына деген сұранысын қанағаттандыруды қолға алмақшы. Бұл кәсіпкерлерге 500 мың теңгенің гранты берілді.

Шаштараз ашқысы келген Жұлдыз Нұрболға 600 мың теңге көлемінде грант берілді. Ол өз ісінің нәтижелі болатынына бек сенімді. Өйткені, бұл салада біршама жинақтаған тәжірибесі бар. Дәл осындай сомадағы грант киберспорт алаңын ашу үшін Александр Волковқа да берілді.

Тағы бір іскер жас Құттыбай Ауған жиһазды қалпына келтіру бойынша салон ашуға ниет білдірген екен. Комиссия кәсіпкердің шаруаны алып кететініне сеніммен қарап, оған 800 мың теңге мөлшерінде грант бөлді.

Ал гранттың қомақтысы – 1 миллион теңге монша кешенін құрғысы келетін Дәурет Тойлатқа грант берілді.

Осакаров ауданында жыл сайын жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында  жергілікті бюджеттен 3 миллион теңгеден қаржы бөлініп келген болатын. Биыл бұл қаражат өсіп, 5 миллион теңгені құрады. Аудан әкімі Нұркен Қобжанов болса, келесі жылы жас кәсіпкерлерге берілер гранттардың сомасы бұдан да арта түсетінін айтады.

 

 

Қарағанды облысы