Атырауда NCOC компаниясының демеушілігімен модульді типтегі инфекциялық аурухана пайдалануға берілді. Жаңа ауруханада 8 блок пен 10 қосалқы нысан бар. Мұның бәрі Германияның «Modex» зауытында шығарылған модульдік темірбетон блоктардан құрастырылды. Мұндай экологиялық таза материал қыста сырттағы салқынды өткізбей, іштегі жылуды сақтайды. Ал жаздағы аптап ыстықта да аурухана іші қоңырсалқын болып тұрады. Аурухана ғимаратының жалпы ауданы – 6764 шаршы метр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, жоғары технологиялық медициналық жабдықтарды қоспағанда, жобаны іске асыру кезінде отандық материалдар мен тауарларды пайдалануға басымдық беріліпті. Аурухана 200 төсекке есептеліп отыр. Оның ішінде 20 орын жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесіне арналыпты.
Бұл аурухананы осы заманның талабына сай медициналық емдеу орны деуге әбден болады. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, мұнда пациенттерді емдеу мен диагностикалауға қажетті құрал-жабдықтардың бәрімен қамтылып отыр. Осыған орай ПТР зертханасы, рентген мен компьютерлік томография кабинеттері ашылды. Екіншіден, аурухана дәлізіне қауіпті инфекция таралмайды. Осы мақсатта палаталардың ішінде теріс қысым жасайтын арнайы сору-сыртқа тарату желдеткішімен жабдықталды. Үшіншіден, «лас» және «таза» аймақтарға бөлінген. Төртіншіден, мұндағы ауаны тазартудың өзгеше әдісі қолданылады. Бұған ауа терең тазартатын ORIT сүзгі қораптары орнатылғаны дәлел бола алады.
– Осының бәрі пациенттерге, ең алдымен дәрігерлерге төнетін қауіп-қатерді айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Ағынды сулардың қоршаған ортаны ластамауына да баса мән беріледі. Сондықтан ағынды су толық тазарту кезеңінен өтеді. Ал жедел жәрдем көліктері дезинфекциялау пунктіне өңдеуден өткізіледі. Сондай-ақ медициналық қалдықтарды зарарсыздандыру стансасы іске қосылды. Реанимация мен қарқынды терапия бөлімшелері мембрана арқылы өткен таза су өндіру және бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге арналған диализ аппараттарымен жабдықталды. Палатадағы әрбір төсек медициналық газдар мен оттегі желісіне қосылған, дейді басқарма басшысы.
Бұл аурухананы бұрынғы емдеу орындарынан ерекшелейтін тағы бір тұсы бар. Бұл – емделушілердің денсаулық жағдайына қашықтан мониторинг жүргізу. Осыған байланысты автоматтандырылған мониторинг орталығы жасақталған. Медицина қызметкерлері емделушілердің ауру тарихын бұрынғыдай қалың дәптерге қаламмен жазып отырмайды. Өйткені олар сараптамаларды планшеттер арқылы алмасады. Ақылды технологиямен автоматты түрде шығарылатын деректерге уақытылы өзгеріс енгізе алады. Осындай сан алуан ерекшелігі бар инфекциялық аурухананың жобасын «Aqmol Project» ЖШС дайындапты. Ал құрылысын «BI-Industrial» ЖШС екі айға жетер-жетпес мезгілде, яғни, 18 тамыз-15 қазан аралығында жүргізді.
Облыстық кардиологиялық орталық жанынан қосымша 50 орындық ғимарат бой көтерді. Үш қабатты жапсаржайдың құрылысы да NCOC компаниясының демеушілігімен салынды. Мұнда жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастарға медициналық көмек көрсету үшін екі операциялық палата, алты төсектік реанимациялық бөлме, «Филипс Продива» фирмасының МРТ аппаратымен, зертхана, оттегімен қамту желісі бар. Автоматты желдету және ауа баптау жүйесімен жабдықталып отыр.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың айтуынша, кардиоорталықты кеңейту жүрек-қан ауруларынан болатын өлім-жітімнің алдын алу үшін қолға алынып отыр. Өйткені соңғы уақытта бұл орталықтың дәрігерлеріне жүгінетін науқастар көбейіп барады. Мұны жыл басынан бері жүрекке 1000 ота жасалғанынан байқау қиын емес.
– Кардиологиялық орталықтың қосымша корпусы осы заманғы медициналық құрал-жабдықтармен қамтылды. Жапсаржай құрылысы жоспарланған мерзімнен бір ай бұрын аяқталды. Біздің демеушілігімізбен іске асырылған жобаның құны 5,2 млрд теңгені құрайды, дейді NCOC компаниясының басқарушы директоры Ричард Хоув.
Ал орталықтың бас дәрігері Марат Қонысовтың мәліметінше, қосымша ғимараттың ашылуы онкологияда бірлескен әдістерді жүргізуге мүмкіндік береді. Енді кардиоорталықтағы төсек саны 150-ге жетті. Болашақта балалар кардиологиясын дамыту көзделіп отыр.
– Біздің орталықта кардиологияда қолданылатын заманауи технологияларды жетік меңгерген мамандарымыз көп. Процедуралар өте қымбат, бірақ пациенттер үшін бәрі мемлекет есебінен жүргізіледі. Мамандардың орташа жасы – 27-32-де. Жыл басынан бері орталықта 1000 ота жасалды, дейді М.Қонысов.
Атырау облысы