– «Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы, бас басылым, төре газет, төбе газет, ел газеті» дейміз, қалай айтсақ та, төлбасы болған «Egemen Qazaqtan» – баспасөздегі алғашқы институтымыз. Сонау Алаш арыстарын дүниеге әкелген «Қазақ» газетінің заңды мұрагері болған бұл басылым шын мәніндегі жаңа әдебиетімізді өркендетуді, туған тілімізді байытуды, мәдениетімізді мәуелендіруді сала-саласымен жүргізіп келе жатқан бас басылым екенінде дау жоқ. Асылы, ол ана тілімізді дамыту, көркем ойымызды өрістету жолындағы мектеп болды. Бірақ менің өз ойым, басты еңбегі – қазаққа қазақ атын қайтарып бергені. Бұрынырақта бір жиында «газеттің өзі бір күндік, сөзі мың жылдық» деп айтқаным бар еді. Шынында да газет сөзі – тасқа басылған тарих. Жылдарды жылға жалғастыратын шежіре. Ал жүз жасаған «Егемен» – тірі тарихымыз, ғасырлық шежіреміз. Басылымның көтермеген тақырыбы, қозғамаған мәселесі, бармаған саласы жоқ деуге болады. Түптің түбінде ғылыми дерек көзі есебінде осы «Егеменнің» материалдары тіркеледі деп ойлаймын.
Дербес деген атымыз болмаса, «Кирревком», «Кирцик» дегендер, аузынан ақ жалын атып, арқырап тұрған кездің өзінде ұлтжанды, мемлекетшіл азаматтар 1921 жылы «Ұшқын», «Еңбек туы» сияқты қаңбақ атауларды ысырып тастап, «Еңбекші қазақ» деп газетті шығарды. Бұл кәдімгі қазақтың атын қайтарудың алғашқы қадамы еді. Екі жүз жыл боданы болған орыстан отау алып, жаңа дәуір туса да, орталықтан ауыздықтап босатпаған тар заманның тұсауында жүріп «Еңбекші қазақ» деп газет шығару, шын мәнінде жүрек жұтқан жолбарыс мінезділік емес пе?! Бұл үшін сол тұста жиырмаға жасы әлі толмаған Смағұл Сәдуақасовқа тағзым етіп, бас игеніміз ләзім. С.Сейфуллиннің Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы деген ең биік лауазымды атқара жүріп «Еңбекші қазаққа» қосымша редактор болуының өзі бұл қызметтің қаншалықты жауапты болғанын аңғартса керек. Түптеп келгенде, осының бәрі төл атауымызды қайтарып алудың алғышарттары еді. Қазақ Республикасы атану оңайға түскен жоқ. Газет 1921 жылы маңдайына «Қазақ» атауын ілсе, 1925 жылы ғана Қазақ Автономиялы Республикасы атанды. Демек, бұл аралықта 4-5 жыл жанкешті күрес жүрді деген сөз. Сондықтан газеттің қайраткерлік, ұлтжандылық күресінің арқасында елдің тарихи атауын өзіне қайтаруға есік ашылғанын ұмытпағанымыз абзал.
Біздің тіліміз биліктің ғана емес, бизнестің, экономиканың тілі болады, сонда ғана шын дербестікке қол жеткіземіз. Шын мәнінде қазақ тілі бауырмал тіл. Түркі тілдері ішіндегі ең бай, ең мәйекті, ең бейнелісі, құнарлысы деп жатамыз ғой, осы шын сөз. Асыра сілтейтін әдетіміз тілімізге де әсерін тигізіп отыр. Ал бұл жағымсыз үрдістің бастауы өткен ғасырдың басында-ақ көрінген. «Значить так» деп тақылдап тұратын коммунист аталарымыз орысша сөз араластырып сөйлеуді сән көрді. Ал осыған қарсы «Еңбекші қазақ» сонау 1920-1930 жылдары-ақ ымырасыз күрес ашқан. Басылымға жеті жылдай бас редактор болған Ғаббас Тоғжанов 1925-26 жылдары: «қазақ коммунистері қазақша сөйлеуді ар көреді, ал қазақша сөйлемеген коммунист жаңа заманды қалың бұқараның арасында қалай насихаттайды?» деп жазған. Ал С.Сәдуақасов өз очерктерінде тіпті орыс пен қазақтың арасында түсініспеушілік бар екенін, оны жою үшін не істеу керек екенін еш қорықпастан ашық жазады.
– Смағұл Сәдуақасовтың батылдығын сөз басынан мысал етіп жатырсыз. Ал оны кейінгі кейбір тарихшыларымыздың әлі күнге Алаш қайраткерлері қатарына қосқысы келмейтініне қалай қарайсыз?
– Тарихшыларымыздың көпшілігінде өзімшілдік бар. Өзіне жақынды данышпан көреді де, басқалардың ісін балаңдыққа балайды. Ал Смағұл – жанып тұрған жалын еді. Сәдуақасов пен Тоғжанов бір ауылдың адамдары. Көкшетаудың Жарқын деген ауылында екі Сәдуақас болған: бірі молда Сәдуақас, екіншісі бай Сәдуақас. Молда Сәдуақастың баласы Смағұл, бай Сәдуақастың баласы Ғаббас. Екеуі де орысша бір мектепте оқыған. Смағұл он сегіз жасында «Қазақ әдебиеті» деген мақала жазған. Орысша жазылған сол мақаласында «Абай қазақтың ұлы ақыны, Шәкәрім еліктеуші шәкірт» дейді. Мағжанды Абайдан кейінгі орынға қояды, жас ақындардың ішінде Сәбит Дөнентаевты жеке-дара атайды. Анау-мынауды көзіне ілмейтін Сәкеннің қаламына ілігіп жүрген он сегіз жастағы жігіттің оңай-оспақ емес екені осыдан көрінеді, сонда оның баға бергеніне қарағанда өз тұсындағы қазақ әдебиетін тұтас біледі деген сөз ғой бұл. Ал Ғаббас кәсіби деңгейдегі әдебиет сыншысы, көрмейсіз бе, сонда екеуі туған Жарқын ауылына сөз өнері қонған болып тұр ғой. Смағұл Омбыда оқып жүрген кезінен-ақ қанаттастарын Алаш жағына тартты, Алаш идеясын ту етті. Қазақ дегенде шыбын жанын құрбан қылуға даяр Смағұл, керісінше, алашшылдардың басын қосып, ұйыстыра білді. Ол өте алғыр адам болған, Днепропетровскіде көпір құрылысының жобасын өзі сызып, өзі басшылық жасаған. Бетің бар, жүзің бар демей, ойын ашық айтатын адамдарды өз ортасы ұната бермейтіні белгілі, салмақты, сабырлы алашшылдардың өзі оның осы мінезіне тіксіне қарайтын. Қай жақтағы қарсыластарының жоспарымен жасалса да, Мәскеуде ажал құшқан Смағұл өлімінің сыры әлі ашылған жоқ. Бұл әлі зерттелуі керек. Смағұлдың соңында қалған екі жәшік жазбасын кейін зайыбы Зейнеп-Елизавета: «біреулердің қолына түссе құртып жібереді, елге жетсін» деп, Мұқаңа берді деген жаңа дерек шығып жатыр. Ол қолжазбалар қайда, бұл да іздестірілуі керек. Смағұл сияқты сирек жан «Егеменге» бір емес, екі рет басшылық жасады. Келген сайын санасы жаңаша қалыптаса бастаған қазаққа керек тақырыпты қозғап, газетті батылдығымен дүркіретіп жіберіп отырған.
– Бас басылымды қырыққа жуық қайраткер басқарған екен, бергі кезеңде басқарғандардың кәсіби білігі қалың оқырманның көз алдында болды, өзі-ақ бағасын беріп жатады. Мұрағатты бір кісідей ақтарған боларсыз, ғасырдың бастапқы кезінде газет тізгінін ұстағандардың қайраткерлігінен бөлек, шығармашылық шеберлігін қалай саралаған болар едіңіз?
– Әрине жан-жағын ұйпап, құбыла соққан саясат желінің өтінде жүріп ұлтқа өтімді газет шығарып, оны басқару қай кезеңде де оңай болмаған. Басшылардың білім-білік деңгейі де бірдей болған жоқ, сондықтан жақсы редактордың да саусақпен санарлық болуы заңды жағдай. Олардың ішінен С.Сейфуллинді, С.Сәдуақасовты, сосын газетке екі рет келіп, он жылдай басқарған Қ.Шәріповті айрықша атар едім. Қасым Шәріпов университетте оқытушы бола жүріп, сегіз бірдей жас жігітті қызметке алған. Солардың ішінен қабырғалы қайраткерлер, әдебиет пен журналистиканың сардарлары шықты. Шерағаңның шеберлігі өз алдына бөлек әңгіме, содан кейін бес ай басқарса да, Әбіш Кекілбаевтың басылым үшін орны бөлек. Өз басым Әбіштей терең, ойшыл ғұлама қаламгерді білмеймін. Бесаспап білімдардың нақ өзі. Онымен бірге қызмет істегенім жоқ. Бірақ газеттерге қол қойып отырған кезімде ертеңгі нөмірдің бас материалын таппай бір қысылып қалғаныңда, телефон соқсаң, таңертең сол мақаланы жазып алып келетін. Әбіш – келешектің адамы, ендеше оның ұлтжандылығы, қаламгерлігі өз алдына, мейірбандығы, биязылығы туралы айтылатын сөз де ертеңнің еншісінде болмақ.
– Өзіңіз «Социалистік Қазақстанда» үздіксіз-үзіліссіз он жеті жыл бас редактордың орынбасары болған екенсіз. Өзін әр бағытта, сан салада сынап көріп жататын бүгінгі жастың көзімен қарағанда, таңғалуға тұратын ұзақ мерзім. Бір газетте осынша жыл орынбасар болып отыруға шыдамыңыз қалай жетті?
– Мен «Социалистік Қазақстанға» қырыққа жетеқабыл жасымда келдім. Сонда Балғабек Қыдырбекұлы: «Сен мұнда қырыққа қарағаныңда келдің, қырықта қонған бақ ұзаққа созылады» деген еді. Алғаш «СҚ»-ға шақырып, сенім артқан Ұзақ Бағаев ағамыз болатын. Амал не, «үлкен үйдің» неше сатылы сүзгісінен өтіп, кезекті бюро мәжілісінде бекимін деп отырғанда, Ұзекең қайтыс болып кетті. Екі айға жуық бас редактордың да, орынбасарының да орны бос тұрды. Орталық Комитетте бөлім меңгерушісінің орынбасары болып отырған Сапар Байжанов бас редактор болып келді де, бір аптадан кейін мені орынбасарлыққа бекітті. Жасым қырыққа келмегендіктен, сол кездегі өлшеммен алып қарағанда, мен жас басшылардың бірі болдым. Партия тұрмысы, совет құрылысы, әдебиет, мәдениет, тілшілер бөлімі қарайтын идеология жөніндегі орынбасар болдым. Күн жүріп, түн қатып жұмыс істеуге тура келді. Газеттің тілі қасаң, таптаурын тақырыптар, жаңа идея жоқтың қасы. Тілші өз авторлығымен жазуы міндетті емес. Ол еңбек адамының ой-пікірін біліп, сөзін ұйымдастыруы керек деген үрдіс белең алған. Сондықтан тілші сауыншы болып та, құрылысшы болып та, шопан, диқан болып та жазуы керек. Әлі есімде, Көкшетау облысындағы меншікті тілші Еркеш Ибраһимнің бес тіркемемен тың астығын тасыған Жәмшит Қожантаев деген жүргізуші туралы очерк-өлеңін бас мақаланың орнына бердік. Оқырманға әсері күшті болды. Осыдан бастап басқа тілшілерге де жол ашылып, қозғала бастады.
– Қазіргі «Egemen Qazaqtan» Орталық Комитетке де, бүгінгі билікке де, бүгінгі тілмен айтқанда, мемлекеттік қызметкердің қалың шоғырын қалыптастырып берді. Мемлекетшіл, халықшыл азаматтардың қатарында сіз неге көрінбедіңіз деп сұрағым келген...
– «Егеменге» сіңірген еңбегімнің қатарында әр облыста жүрген қаламының желі бар, зердесі биік азаматтарды орталыққа шақырып, жинағанымызды айрықша айтамын. Мысалы, Алматыдағы басқа басылымдарда жақсы көрініп жүрген Жанат Елшібек, Қойшығара Салғарин, Тоқтарбек Қызықбаев, Кеңес Юсупов, Бекболат Әдетов, Сабыржан Шүкіров, Болат Бодаубаев, Ержұман Смайылов, Сауытбек Абдрахманов сияқты жігіттермен алдымен танысып, тапсырма беріп, әңгімелесе жүріп, «қызметке шақырайық» деп бастыққа қолқа салушы едім. Кейде кейбірінің сұхбатын оқып отырсам, «Сапар Байжанов мені бірден жұмысқа қабылдады» деп жатады. Күлемін де қоямын. Олардың айтпайтын себебі, мен бар болғаны орынбасармын ғой, ал орынбасар деген – кебеп жұмыс. Ұжым мен бастықтың арасын ұштастырып отыратын көпір. Көпір алтын бола ма, күміс бола ма, ол өз алдына басқа әңгіме. Орынбасарлық – еңбегі еш, тұзы сор қызмет. Ұжымды ұйыстыратын да, жұмысты ұйымдастыратын да сол. «Жетісу» мен «Социалистік Қазақстанды» бірге есептегенде, екі газетте жиырма алты жыл орынбасар болған екенмін. Беймазалығым, алкеттігім, апетпелігім жоқ, барлығын саралап, кең ойлайтынымның арқасында орынбасарлықты осынша жыл атқарған шығармын деп ойлаймын. «Ара» журналына бас редакторлыққа ұсынғанда, үлкен үйдегі Имашев деген бастығымыз «Ақтаев орнында отыр» деп бөлімнің ұсынысын қабылдамай, қайтарып жібереді екен. Сөйтіп «орнымда» жиырма алты жыл отырған адаммын.
– Сіздің алпыс жылдан аса атқарған журналистік қызметіңізде 600-ге жуық бас мақала жазған жүйріктігіңізді оқып, таңғалдым. Басшылық пен секретариаттың арасында қайнап жүріп, соның бәріне қалай үлгеріп жүрсіз?
– Жасымнан газет басшылығында жүрсем де, қолымнан қаламымды тастаған емеспін. Айына бас мақала, очерктер, танымдық тақырыптағы дүниелер, аудармалар жасап газет жұмысына өзім де атсалысып отырдым. Жазудың үлгісін редакторлар алдымен өзі көрсетуі керек. Бұл тұрғыда бүгінгі «Егеменнің» басшысы Дархан Қыдырәлі қарамағындағы қызметкерлерге дұрыс үлгі көрсетіп жүр. «Мен ғалыммын» деп бағыт-бағдарын беріп, отыра берсе де болар ма еді, бірақ бәсекесі биік бүгінгі қоғам оны көтермейді. Дарханның қалам қуаты мол, қою жазады. Шығармашылықтың шырайын шығарып, қоғам қайраткерлерінің, ірі тұлғалардың толымды портретін жасайды, кейде кітаптарға рецензия жазады, енді бірде өзін азамат ретінде толғандыратын ойлы баған береді. Міне, осылай жүктің ауырлау жағына басшының өзі иығын төсесе, басқа тілшілер де ширай түседі. Сапар ағамыз өзі де жазатын, мен сәл арқа-басымды кеңге салып, ой айтпай, жазбай жүрсем, «не болды саған» деп қайнап жатқан қазанның қамын ойлап алаңдай бастайтын. Ол кезде Орталық Комитет апта сайын, ай сайын анықтама сұрайды, қызметкерлерге жазылатын ұсыныс, мінездеме тағы бар және оның бәрі орысша жазылуы керек. Анықтама жазудан Көрік Дүйсеев басшы болған екі жылда ғана құтылдым. Тіпті бас мақалалардың айлық жоспарын да Орталық Комитеттегілер сұрайды, әрине оны да орыс тіліне аударып беруің керек. Міне, осындай қара жұмыстың бәрі менің мойнымда болды. Құдайдың берген қуаты, туған жердің бойыма сіңірген қасиеті шығар, сондай ауыртпалыққа, адамды қарадай қажытып жіберетін қиын жұмысқа шыдап, осы уақытқа дейін аман-сау келгеніме кейде өзім таңғаламын.
– Алғашында әдебиет есігін ақын болып аттап, журналистиканың делбесін қолыңызға кейін алған екенсіз. Ақындығыңызды журналистика үшін құрбан еттіңіз. Сіздің жиырма жылдан аса орынбасар болып отыруыңыздың өзі құрбандық сияқты, жалпы, өмірде осындай құрбандыққа жиі бардыңыз ба?
– Ақын деген ат бір адамға жетіп жатыр. Ұлы ақын атану, классик болу міндет емес. Алғаш ақын болып танылдым. Бірақ қабілеттің бір қырын ұштау үшін бір қырын тізгіндей тұру керек екен. Сондықтан бір-екі жинақ шығардым да, өлең жазбай кеттім. Бірақ түпте бар дүние түрткілеп, шықпай қоймайды. Ара-тұра сонда да өлең жазып жүретінмін. Кейінгі кезде өлеңмен қайта табыстым. Ал құрбандық, егер ол жақсылықтың өрісін ашар болса, жалпы жаман нәрсе емес. Мен ешқашан «мынау менен озбаса екен, қалай болғанда да өзімнен кейін жүрсе екен» деп ешкімді қақпақылдап, жолын кескен адам емеспін. Орталық Комитетке үлкен лауазымды қызметке кетіп бара жатқан әріптес інілерімнің бәріне өз қолыммен мінездеме жазып бердім. Облыстық газеттің жауапты хатшысы болып жүрген жерінен Ақселеу Сейдімбекті Қарағандыдан алдырып, әдебиет бөліміне меңгеруші етіп қойған едік, талантының арқасында топ жарып, оқырман арасында да, әдеби ортада да ол үлкен бедел жинады. Бірақ бір орында отырып қалар түрі бар. Редакторлар оған орнын бере қоймайды, орынбасарлықтың да ауылы алыс, «Білім және еңбек» журналының бас редакторының орны босағанда «қашанғы тізгіндеп ұстаймыз» деп оны сонда жібердік. Өзім бас редактор болмағаныммен, біраз жастардың басшы болуына көмегім тиді. Сауытбек, Уәлихан, Ержұман, Жанболат бәрі де менің қанатымның астынан шықты, қайсысы болса да, өз кеңістігінде еркін самғады, елдің сөзін айтудан іркілген жері жоқ. Осындай талантты жастардың өрлеуіне хал-қадерімізше жағдай жасасақ, одан асқан абырой да жоқ қой деп ойлаймын.
– Бас басылымда ешқашан сын жарияланбағандай, сыннан нәтиже болмағандай, оның пәрменінен соң әділдік орнамағандай, кейбір кісілер алғашқы беттеріндегі азын-шоғын ресми ақпарларға байланысты тұтас газеттің жұмысын жоққа шығарғысы келіп жатады. Оның арасында қаншама танымдық, тарихи материалдар, әлеуметтік, экономикалық сараптамалар, әдеби, мәдени мазмұны мықты дүниелер жарияланады, бірақ оны көзге ілгісі келмей «сықиған СҚ» деген сөз шығарады. Естігенде шымбайыңызға батып, шамданып қалып, шамырқанатын ба едіңіз?
– Қандай сын болсын, өз басым ауыр қабылдаған емеспін. Сын болуы керек. Газет оқпаны кең жайын сияқты ғой, көмейіне салып жатсаң да, толмайды. Сондықтан оның бір күн жақсы, бір күні орта шығуы қалыпты жағдай. «Социалистік Қазақстанда» сын неге болмасын, болды. Өйткені күнде жарияланатын бас мақалада жетістіктер насихаттала отырып, кемшіліктер сыналатын. Бас мақалада аты аталған шаруашылық басшысы не партия қызметкері ертеңінде орнынан кететін. Айына бір рет халықтық бақылау комитеті тұтас бет сұрайды. Мен төрт рет төрт жылдан осы халықтық бақылау комитетінің мүшесі болып сайландым. Кемшілік те, нағыз сын да сонда болды. Ал енді осындай газетті қалай сықиған дейсің? Рас Орталық Комитеттің органы болған соң артық қимылдай алмайсың, бұра баспайсың. Бас мақаланы сірестіріп, «Партияның пәлен съезінің шешімдері арқасында» деп жаттанды етіп жазатындар да ұшырасты, сол үшін «ЦК сияқты сықиған СҚ-ның жігіттері» деген сөздің қалыптасуына түрткі болғандар да бар еді. Өз басым ондайдан аулақ болдым. Өзің айтқан 600-ге жуық бас мақаланың бері қойғанда тең жарымы толыққанды публицистика екенін қол қойып айта аламын.
– Сарбас аға, жасыңыз сексеннің бел ортасынан асты. Бұл күні көбірек оқисыз ба, көбірек жазасыз ба, әлде көбірек теледидар көресіз бе?
– Көбірек оқимын. Көз нашар, екі көзім де әйнек болғанымен, күнделікті келетін поштаның бірін қалдырмай, тұтас қарап шығамын. Республикалық газеттің бәрі келеді үйге. Қалай оны оқымаймын? Тың дүние оқыған сайын бұрын білетінім түкке тұрмайтындай көрінеді. Әдетте қаламгер қауымы жазушы және журналист деген бір-біріне тілектес, бір-бірімен ниеттес екі топтан тұрады. Жазушы қиял сауып, ойдан оқиға құрап, кейіпкер жасайды. Екіншісі өмірде болған оқиғаны баяндап, оған қатысты адамдарды қарекет-қимылымен көрсетіп, деректендіріп, ақиқатын жазады. Яғни турасын айтып, туғанына жақпайды, ал шындық жұрттың бәріне, әсіресе билікке ұнай бермейді. Содан да болар, жұрттың көбі журналистерді екінші деңгейдегі қаламгер қатарына қосып, еңбегін онша бағаламайды. Елімізде Мемлекеттік сыйлық алған бірде-бір журналистің болмауы осыған дәлел емес пе?
Алайда заман өзгерді, қоғам жаңғырды, соған сәйкес журналистке деген көзқарас та өзгерді. Қазіргі журналист хабар-ошар ғана жазып жұртшылықты жаңалықтармен ғана таныстырып отыратын тілші емес. Биік мінберлерден ой толғап, елді ертеңге жетелейтін қайраткерге, шындық үшін жан ұрып, жар салатын күрескерге айналды. Өмірде олар араласпайтын сала, олар қатыспайтын шара жоқ. Бізде осындай журналистер өсіп келе жатыр. Сондықтан оларға хабар-ошар тасушы деп қарамай, қайраткер деп қарау керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ