Әдебиет • 20 Қараша, 2020

Дездемонаның мінәжаты

623 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Венеция сардары, әмір машкері, мавр, көнтек ерінді, кең көңілді, батырдай аңғал, шайырдай шерлі Отеллоның қасіреті, махаббат тарихы, міне, бес ғасыр бойы әлі жырланып, жас жүректерді жұлқи тартып, талай зерттеу мен зерделеуге дән болып келеді. Әуелде, он бесінші ғасырда, Джиральди Чантионың новелласында айтылған оқиға Шекспирдің құдіретті қаламына ілігіп, бес актілі трагедияға айналды. 1604 жылы алғаш патша сарайы теат­рында сахналанды.

Дездемонаның мінәжаты

 

Отеллоның шыққан тегі жайлы дау­лы әңгіме көп, жеті атасынан жет­піс жеті пұстысына дейін адақтап, тар­мақтап, індете іздесе де, түпкі жайдан титтей болса да нақты дерегі бар кісі жоқтың қасы екен. Венециялық маврдың түрі – Шекспир суреттегендей көнтек ерінді, көкшіл қара жан болса керек, тілі – тағы да автор тілі, ал діні жайлы да екіұдай көзқарас бар. Бірі – христиан десе, енді бірі – мұсылман болуы әбден мүмкін дейді.

Ортағасырлық оғланның ол мәселе­лерін шынайы шекспиртанушыларға қалдыра тұрып, трагедияның кульмина­циясының бастауы – жүзін қызғаныш пен кектің көкжалқын оты шарпыған Отеллоның балаң дүниенің балапан қазындай бейкүнә, көркем әлемнің кө­гілдіріндей көрікті, ерінің қаһарынан еш хабары жоқ Дездемонаны өлтірмекке жатын бөлмесіне кіріп келген сәтіне келелік.

Оның алдында, 1937 жылы әде­биет кабинетінде сөйлеп тұрған Әуе­зовті тыңдалық: «Осы тәжірибелер мемлекеттік драма театрының бұл сала­дағы алға қарай беттеген даңғыл жолын белгілеп берді. Жақын заманда біздің театр классиктен Шекспирді, жаңа пьесадан биыл Октябрьдің 20 жылдығына арналып шығатын пьесаның бірін қой­мақ. Келесі сезонда осы сияқты екі түрлі аударма пьеса біздің сахнаға шы­ғатыны анық. Шекспирден алына­тын пьесаның аты, әзірше дәлдеп бел­гіленбегенмен, не «Отелло» немесе «Ромео-Джульетта» екеуінің бірі болатыны анық. Театрдың басшылығы бұл жөнде өзінің әзірлігін істеп отыр. Аударушыға қойылған шарт бойынша Шекспирдің пьесасы ағылшын тілінен аударылады. Орыс тілінен жасалған аудармалар, жай қосымша мағлұмат есебінде ғана пайдаланылады».

Жалпы, Мұхтар Омарханұлы қа­зақ театрының және драма өнерінің қай­нар бастауында тұрған адам. Жиыр­масыншы жылдардан бастап жаз­ған пьесалары, жасаған аудармалары, бәрі-бәрі – қазақ театр өнерінің қалыптасуына қатты ықпал етті.

«Мәселенің шешуін: «Қазақтың өз театры бола ма?» деген сұрақтан бас­тайық. Бұған ұзақ жауап қажет емес; болуына керек, болады дейміз. Себебі барлық ел мен қауым тіршілігінің үл­кен шарты – өнер. Сымбатты өнер бол­маған елде мағыналы тіршілік жоқ. Қандай қауым, қандай тапты ал­сақ та қаны мен жанының суретін өнер айнасына түсірмей отыра алмайды. Өнерден қуат алмаса, тіршіліктің шырағы өшеді. Күн шуақты, жылы күнді көрмей қуарып солған гүлдей болып семіп, суалады. Сондықтан театр өнер есебінде: «ке­рек-керек!» – дейміз» дейді. «Жалпы, театр өнері мен қазақ театры» атты ма­қаласында.

Әдебиет кабинетіндегі сөзден соң арада екі жыл өткенде, 1939 жылдың 23 сәуірінде «Отелло» трагедиясының қазақ тілінде премьерасы көрсетілді. Тәржімашы – Әуезовтің өзі. А.Рад­ло­ваның 1935 жылғы нұсқасын алған.

Кейінгі жылдары «Отеллоның» осы аудармасындағы бір сөз турасында көп сөз айтылды. Айтылып жүр. Дүркін-дүркін. Әлеуметтік желілерде, мерзімді баспасөзде. Сондағы сөз – Радлова нұсқасында «Вы помолились на ночь, Дездемона?» деген репликаның Әуезов аудармасында «Түнгі намаз оқып па едің, Дездемона?» деп берілуі. Отеллоның оқыстан осылай сөйлеуі біздің заманға оғаштау көрінуі мүмкін. Бірақ мұнда біз ойлағаннан да үлкен мән жатыр екен. Түркі халықтарының арасында Отеллоны алғаш түркінің бір тілі – қазақша сөйлеткендердің бірі Мұхтар Әуезов болғандықтан, басқа да бауырлас жұрттардың дәл осы сәт­ті, дәл осы сөзді қалай бергені кісіні қы­зықтырмай қоймайды. Сонымен, салыс­тырып қарап көрдік.

Жоғарыда айтқанымыздай, дәл осы сәт – трагедия кульминациясының бас­­тауы болғандықтан, әрі Отелло мен Дез­демонаның бір-екі ауыз сөз алма­суын­да бүкіл сезімнің қат-қабаттасып шарпысуы тұрғандықтан, бесінші ак­тының екінші сахнасындағы осы сәтті тұтас беріп отырғанды жөн көрдік. Оның үстіне, түркі халықтарының бас­қа аудар­машыларының шеберлігін, сөз қол­дануын, түркі тілінің тұтас дү­ниеде де бұзылмай сақталуын, түркі ба­ласы бірін-бірі тәржімансыз түсінісе ала­тынын, ұлттық мінез-құлық ерек­шеліктерін салыстырып қарау да – бір ғанибет.

Дездемона. Бұл кім? Отелло, сіз бе?

Отелло. Иә, Дездемона.

Дездемона. Жатасыз ба, Отелло?

Отелло. Түнгі намаз оқып па едің,

Дездемона?

Дездемона. Иә.

Отелло. Рахымды тәңірі кешпестей

Күнәң бар ма еске алатын?

Тез дұға қыл сол үшін.

Осы көріністе қаннен-қаперсіз қа­лыңдықтың марғау қимылы, мәйін сөзі ішінде алапат өрт жалындап тұрған күйеуді одан әрі ызаландыра түседі. Отелло салқын әрі ызғарлы сөйлейді. Қалыңдық «сіз» деп үзіліп тұрса да Әуезов сел-сел сезімін әзер іркіп тұрған күйеуге сен дегізеді.

Қырғыз қаламгері Қасымбек Еш­мам­бетов: «Советтик Борбор Азияда Шекс­пирдин пьесаларынын ичинен би­ринчи болуп «Гамлет» өзбек тилин­де (1935), «Отелло» казак жана тажик тилдеринде (1939) коюлган. Шекспирдин эмгектери кыргыз, казак, өзбек, түркмөн, татар тилдерине орусчадан которулган. Казак тилине Шекспирди алгачкылардан болуп атактуу Мухтар Ауэзов которгон» дейді.

1949 жылы Бішкекте басылған Алы­құл Османовтың қотармасын оқып көрейік:

Дездемона. Бул ким, сенсиңби,

Отелло?

Отелло. Ооба, Дездемона.

Дездемона. Жатсаңчы, жаным,

уктайлы.

Отелло. Уктар алдында кудайга келме келтирдиң беле, Дездемона?

Дездемона. Ооба, жыргалым, ооба.

Отелло. Эгер күнөөмдү кечегөр

дебеген болсоң,

Кайра келме келтир. Бол бат.

Байқұс Дездемона күйеуінің қандай күнә жайлы айтып тұрғанын білмесе де, дұға тілегін айтып, шыр-пыр болуда. Қырғыз нұсқасында қалыңдық «жаным, жыргалым» деп, жанын қоярға жер таппай бәйек болып, жақсы көріп, жар еткен жанның жайын ұғынуға тырысып-ақ бағуда. Әуезов «Намаз оқыдың ба?» деп сөйлетсе, Османов «Кудайга келме келтир» дейді. Мұндағы «келмеміз» – кәдімгі кәлима, Аллаға бойсұнғаныңды білдірер, бес парыздың бірі. Кәлимаға тіл келтір деу де – Әуезов секілді Шекс­пирді, оқиғаны жаңа топыраққа бе­йім­деу, өз топырағынан өсіп-өнген дүние­дей көрсетуге бейілдік.

Трагедияны түрікмен тіліне белгілі ақын, драматург Караджа Бурунов кө­шірген екен:

Дездемона. Бу сенмидиң, Отелло?

Отелло. Хава, Дездемона.

Дездемона. Сен ятжак дәлми?

Отелло. Сен ятмакаң дога

окап ятдыңмы?

Дездемона. Хава, мең эзизим.

Отелло. Эгер-де сениң,

Тоба эдилмедик гүнәң бар болса,

Онда хаял этмән деррев дога эт.

Бурунов нұсқасында қос ғашық бір-бірімен «сен» деп сөйлессе де, қыздың «эзизим» деп жақын тартып, жанын ұсына сөйлеуін байқайсыз. Бұл да өзінше түрікмен халқының салтында бар сыпайылық көрінісі болса керек.

Сыпайылық салты демекші, шы­ғысқа бір табан жақын тұратын өзбек халқының да «азизды» айта білер жайы бар. Ғафур Ғуломның 1981 жылы Таш­кенде басылып шыққан таңдамалы үш томдығына енген «Отелло» аудармасында диалог былайша өрбиді:

Дездемона. Ким, Отелло,

бу сизмисиз?

Отелло. Ҳа, Дездемона

Дездемона. Ётмайсизми,

азиз Отелло?

Отелло. Кечасилик ибодатин

қилганмидингиз?

Дездемона. Қилган эдим.

Отелло. Худойимнинг марҳамати

кечолмай турган

Бирор гуноҳ ёдингизга

тушмаяптими?

Шу тўғрида вақт ўтказмай

ибодат қилинг.

Байқадыңыз ба, сөздің сыры өзгермесе де, сыны өзгергенін. Енді екеуі де бір-біріне «сіз» десе қалды. Ұлт­тық колорит деген осы болса ке­рек-ті. Өзбек ағайынның осы тұста да сы­пайыгершілігі сақинаның көзінен өтіп тұр. Бұл нұсқада құдайдың мархаматы үшін ғибадат қыл дейді. «Кешкілік ғибадатыңды қылдың ба?» деуіміз де сол – «кешкі намазыңды оқыдың ба?» деген мағынаға сайып тұр.

Балқар ақыны Каншаубий Мизиевтің «Литературная газетаға» шыққан мына пікірі жоғарыда тілге тиек еткен көп сөзге айтылған бір сөз екен: «Как, нап­ри­мер, отнестись к переводу на балкар­ский язык трагедии У. Шекспира «Отелло», когда герой, обращаясь к своей жертве, говорит: «Молилась ли ты на ночь, Дездемона?», а в переводе Кайсына Кулиева это звучит: «Со­вер­шила ли ты вечерний намаз, Дез­демона?». Конечно же, здесь мы видим, что поэт поднял великое произве­дение Шекспира на общечеловеческий уровень и оно безоговорочно приняло наднациональный, надконфессиональный, надрасовый характер». Міне, біз­дің де айтқымыз келетіні осы сөз. Әуе­зовтің әулиелігі де осында ғой. Қай­сын Құлиевтің аудармасының жайын біл­гендіктен, 1983 жылы Черкес қаласында жеке кітап болып басылып шыққан Ах­мат Кубановтың қарашай тіліндегі нұс­қасын ұсынғанды жөн көрдік:

Дездемона. Сенмисе, Отелло?

Отелло. Хо, Дездемона.

Дездемона. Джатмаймыса бери?

Отелло. Джата туруб

табыннганменг, Дездемона?

Дездемона. Хо, мени багъалым.

Отелло. Кечилмеген гюнахынг

къалгъан эсе,

Энтда табын...

Қарашай тіліндегі Кубанов нұсқа­сында екеуара сөз салқын өрбиді. «Баға­лым» деп тұрса да, басқа сезімге де ырық беріп тұрғаны байқала қоймайды. «Табын» дейді. Қатқыл және қысқа ғана. Дүрсе қойғандай.

Ал татар бауырларымыздың тілінде осы бір қатты сөз, қатқыл дауыстың өзі жұмсарып сала береді. Ашуланып тұрған адамның амалсыздан күліп жібергені секілді.

Дездемона. Кем бар монда?

Отелло, синме бу?

Отелло. Мин, Дездемона.

Дездемона. Нигә син ятмыйсың,

иркәм?

Отелло. Бүген кич

Гыйбадәтең кылдыңмы, Дездемона?

Дездемона. Әйе, кылдым.

Отелло. Хода кичермәгән

Берәр төрле гөнаһ исеңә төшсә,

Тизрәк тәүбә итеп саф күңелдән,

Ярлыкавын сора Хак Тәңредән.

Татардың үлкен қаламгері Нәки Исан­­беттің бұл тәржімасында сен деген сөздің өзі суық естілмейтіндей. Тіл­­дің өз ерекшелігі ме екен, жұмсақ, құ­­лаққа бата қоймастай бабымен есті­леді. Татар театрының 100 жылдығы қар­саңында шыққан У.Шекспирдің ­
2 том­­дығына татарша аударылған бар­лық шығармалары топтастырылыпты. Мұнда да «ғибадат қылдың ба?» дей­ді. Солай бола тұра, «тәубе ет», «Хақ тәңірдің жарылқауын сұра» деп мұсыл­маншылық жолын көрсетеді.

Әуезов әуел баста «аудармашыға қойылар талап – тікелей ағылшыншадан аудару» деген болса да, жоғарыдағы тәр­жімалардың бәрі орыс тілінен ауда­рылған. Түркі халықтарының ішін­де тікелей ағылшын тілінен тәржіма жа­саған екі халық бар, ол – түрік пен әзер­байжан. Бақы қаласында, 2004 жылы жеке кітап болып шыққан Сабыр Мұстафаның аудармасын оқып көрейік. Латын графикасына ерте көшкен ба­уыр­лардың нұсқасын сол графикада ұсы­нып отырмыз:

Dezdemona. Kimdir? Otello, sənsən?

Otello. Bəli, Dezdemona.

Dezdemona. Yatmirsan nədən?

Otello. Bu aхşam, bir söylə,

yatmiş ülkərim,

Dua etmisənmi?

Dezdemona. Bəli, sərbərim.

Otello. Günahın qalibsa,

bunun üçün də

Allah qarşisinda tanri önündə

Dua et, tezliklə günahini yu.

Әрбір сөзден соң «сау бол» деп сау­лығыңды тілеп, «ай, жан» деп алқа­лауға бейім тұратын әзербайжан бауыр­лардың да сөйлеу мәнерінің жұм­сақ­тығын аңғарып отырмыз. «Алла­ның алдында дұға ет» деп береді Сабыр Мұстафа.

«Отеллоны» түрік тілінде сөйлеткен Өздемир Нуткудың 1993 жылы Ыстан­бұлда шыққан кітабында әңгіме былайша жалғасады:

Desdemona. Kim o? Othello?

Othello. Benim, Desdemona.

Desdemona. Yatiyor musunuz,

efendim?

Othello. Dua ettin mi bu gece,

Desdemona?

Desdemona. Evet, efendim.

Othello. Tanrı’nın merhametine

henüz ulaşmamış bir günahın varsa,

Dua et hemen, bağışlanmanı dile.

Бұл аудармада да «дұға еттің бе?» дейді. Жалпы, түркі халықтарының аудармаларындағы ішкі ұқсастықты байқамау мүмкін емес. Бұл ішкі ұқсас­тықтар – өзгермеген жан дүние, тамыры, түбі бір таным мен ойлау жүйесі, ортақ құндылықтар мен ортаймас түркі тілінің байлығы.

Түркі тілдерінде сөйлеген «Отелло­ның» қай дінді ұстанғаны, Дездемонаның қай тілде дұға жасағаны, шын мәнінде, маңызды ма? Жазықсыз жапа шеккен жанның тағдыры, сатқындық пен аяр­лық, түсінісе алмау мен түсінуге ты­рыспау, ғайбат пен жалғаншылық, жан­аярлық пен жан қию... Осының бар­лығы – адамзатқа ортақ қасіреттер. Дездемонаның мінәжаты – жазықсыз дүниенің жанайқайы, бұл қасірет – та­залық дидарына түскен ластық тыр­тығы.

Дездемона. Кто здесь? Отелло, вы?

Отелло. Да, Дездемона.

Дездемона. Ложитесь вы, Отелло?

Отелло. Вы помолились на ночь,

Дездемона?

Дездемона. Да.

Отелло. Не вспомните ль

какой-нибудь вы грех,

Который милость божья

не простила?

Скорей о том молитесь.

Радлованың 1935 жылғы нұсқасын оқып отырып, сыңарын қиып жібе­руге серт етіп тұрған жанның да, сал­қындықтың сырын да, сыңайын да ұғы­на алмаған жанның да суық, сергек, сезімсіз тілдесуін сезінесіз. Мұнда түркі халықтары тәржімандарында кездесер тәтті сөзді, тартымды қылықты таба алмайсыз.

Отеллоның Дездемонаға сыйға тар­татын орамалы – қос жүректің арасына перде болып тұтылып қалды. Сол перде – қос жүректің ғана емес, жақ­сылық пен жамандықтың, махаббат пен жеккөрушіліктің, тіпті өмір мен өлімнің арасындағы пердеге айналды. Сол пердені ашып жіберуге де, ашпауға да себеп жоқтай.

Себеп бар, жаным, себеп бар!

Жарқыраған жұлдыздар,

Айтпасам да себеп бар.

Қан ағызбан, жара салман,

Қардай аппақ,

Ұлпадай майда етіңе.

Бірақ өлмей болмайды –

басқаларды алдайды.

Өшсін шамы... тағы да – өшсін...

Сені өшірсем, жанған жалшы –

Өкінсем тағы қайтадан

Қайтара алам бұрынғы отты...

Бірақ сөнсе сенің отың,

Сән дүние әсем заты –

Білмедім оғын Прометей

Шырағыңды қайта жағар.

Гүлді жұлсам –

Өсер нәрін қайтара алман;

Сембей қалмас;

Үзбестен бұрын иіскейін. (Сүйеді.)

 

Демі тәтті.

Әділ жаза қылышын да

Сындырар ед тағы, тағы!

Өлген соң да осындай бол –

өлтірем де,

Тағы да қайта сүйемін.

Тағы да, соңғы жол!

Тәттім ажал болғандай.

Жылаймын,

Бірақ көз жас қазадай.

Тәңірі дертін беріпті,

Сүйгенім өзі жазалап...

Міне, өзі де оянды.

Дездемона оянды. Әуелгі сөз қайта басталады. Бұл ояну мәңгілік ұйқының алдындағы ақырғы ояну еді.