Қоғам • 20 Қараша, 2020

Болгаркаға газ келді

336 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алға ауданы Сарықобда ауылдық округіне қарасты Болгарка елді мекеніне газ құбыры жүргізіліп, 500 тұрғыны бар ауыл көмір жағу мен күл шығарудың азабынан құтылды. Болгаркаға көршілес жатқан Сарықобда елді мекенінің тұрғындары да біраз күнде көгілдір отынның қызуын сезінетін болады.

Болгаркаға газ келді

«Ақтөбе – Шұбарқұдық» тас жолының бойында орналасқан Болгарка ауылының тұрғындары мал бағып, бау-бақша,  бидай, арпа егумен айналысып келеді. Бірер жыл бұрын ауылға  орта­лықтандырылған ауыз су жүргізілді,  Интер­нет байланысы да жақсы. Бір кемшілігі – тұр­ғындар санының аздығы. Өмір сүруге қо­лайлы мүмкіндік туса, Болгарка мен Сарықобда елді ­мекендеріне көшіп келушілер қатары көбейе түседі деген пікірде ауыл ақсақалдары. Дегенмен, жыл сайын 4-5 отбасы Болгаркаға көшіп келіп, үй салып, шаруашылықпен айналысып жатыр. 

– Кеңестік кезеңде көмір жаққан ауылдарға газ құбырлары тартылып,  жақсы жолдар салынуы – тұрғындардың игілігі үшін жасалынған тәуелсіздіктің жемістері. Өздеріңіз байқап отыр­ғандай, қазіргі кезде барлық ауылдардың ажары кіріп жатыр. Алға ауданында газ бармаған екі-үш ауыл ғана қалды. Рас, ауыл тұрғындары талай қиын­дықты бастан кешірді. Нарық қысымына шыдай алмай, көптеген жұмыс орындары жабылып қалды. Соған қарамастан, сіздер ауылда тұрып, сабыр­лылық таныттыңыздар. Шыдадыңыздар. Күттіңіздер. Сіздердің ауылда мал ұстап, кәсіптің көзін тауып отырған еңбектеріңізді түсініп, үміт­теріңізді ақтау үшін қызмет ететін боламыз, – деді Болгарка тұрғындарын көгілдір отын қуаны­шымен құттықтап келген облыс әкімі Оңдасын Ора­залин.

Ауыл ақсақалы Амангелді Тырнақов ризашы­лығын білдірді.  Болгарка ауылының тұрғыны   Марина Маринова да  от жағып, күл шығарудың бейне­тінен құтылғанына өте қуанышты.

– 59 жылдан бері ауылда тұрып келеміз. Осы жерде өсіп-өрбідік.  Бұрын отынға малдың тезегін жинап, қыста көмір жағатынбыз. Көмір сатып алуға  жыл сайын 150 мың теңге жұмсайтынбыз.  Енді отынға деген шығынымыз азаяды, өйткені ай са­йын газ үшін төлейтін ақы көмірдің құнынан арзанға түседі, – дейді ол.

Сарықобда ауылының тұрғындары да құбыр тарту жұмыстарын аяқтап,  ауылішілік газ желілерін орнатып жатқан мердігерлерді асықтырып отыр. Осылайша биылғы жылдың соңында  Болгарка мен Сарықобданы қосқанда, Алға ауданындағы  барлық елді мекендердің көгілдір отынмен қамтылуы  97 пайызға жетті.

 

Ақтөбе облысы,

Алға ауданы