Ғылым • 04 Желтоқсан, 2020

Сарсаңға салған сараптама

589 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ғылыми зерттеуші Алмасбек Шағырбай жас ғалымдарға арналған грантты иелену үшін конкурсқа өзінің құжаттарын тапсырды. Бірақ жобасы сараптамадан өтпей қалып, кері қайтарылыпты.

Сарсаңға салған сараптама

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Сондағы себеп – жоба туралы түсі­ніктеменің орыс тілінде тап­сы­рылмағаны. Алайда ол тү­сі­­нік­­теменің қазақ және ағыл­шын тіл­­деріндегі нұсқасын өткізген.

Осы бір жалғыз байқаусыз­дықтан жас ғалым бір жыл бойына берілетін қаржылай мүмкіндіктен қағылды. Ал бізді ойландырып отырғаны – мұндай ғалымдардың аз емес­тігі, көпшілігін өздері айт­қандай, болмашы себептермен сараптаманың сарсаңға салғаны.

«Бұл сараптама – қай сараптама?» деп отырған шығарсыз. Түсіндірейік. Елімізде Ұлттық мем­лекеттік ғылыми-техникалық сарап­тама орталығы бар. Бұл мекеме Білім және ғылым ми­нистр­лігі жанындағы Ғылым комите­тіне қарайды. Осы орталық ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді гранттық қар­жыландыруға жарияланған конкурстардың өтініштерін және қабылданған жобаларды формальды тексерістен өткізеді. Содан кейін барып жоба екінші кезеңге жіберіледі. Шынын айтқанда, формальды тексерістен өткізгенде құжат­тамалық жағынан және жобаның конкурстық талаптарға сәйкестігі сарапталады.

Бірақ бір қызығы, дәл осы алғашқы кезеңнен өтінім берушілердің жартысынан көбі өтпей қала береді. Неге? Ғалымдар арасындағы қызу пікірталас осы жерден басталып тұр. Бұл – аны­ғын­да жұмсартып айтқанымыз, әйт­пе­се «даудың басы» десек те бол­ған­дай.

Кейіпкеріміз А.Шағырбай өзіндегі мәселенің мәнін:

– Жоба ұсындым. Мен орысша түсініктеменің орнына байқамай 2 рет қазақша түсініктеменің файлын жүктеп жіберіппін. Сайтқа қайта түзетуге болатыны туралы хабарландыру шықты. Содан соң орыс тіліндегі түсініктемені салып, мекеме басшысына өтініш жаздым. Сол өтінішіме екі аптадан кейін «Жоғарыда көрсетілген өтінімді тіркеу барысында үш тілді түсініктеме жазбаның орнына екі тілде, яғни қазақ және ағылшын тілдерінде ұсынылып, ал орыс тіліндегі түсініктеме жаз­ба­ның орнына қосымша қазақ тілінде тір­кел­ген­діктен өтінім Ғылым комитетіне қай­тарылды. Осылайша комиссия жоғарыда көрсетілген мемлекеттік ғы­лы­ми-техникалық сараптама жүр­гі­зу­ге өтінімді ұсынбау туралы шешім қа­­былдады» деген жауап алдым, – деп тү­сін­дірді.

А.Шағырбай өзінің ғана емес, өзге әріп­тестерінің де болмашы қате­лік­тер­ден құжаттарын өткізе алмағанын тіл­ге тиек етті.

– Бір әріптесім жобасының қай тілде жүргізілетінін көрсетпегенінен, екін­ші бірі үтірі немесе нүктесінің қалып кеткенінен өтпей отыр. 500 жо­баның бірінші кезеңнен-ақ 350-інің келесі кезеңге жарамауы мүмкін емес қой. Егер менің жобам байқауға ғылыми тұрғыдан немесе қандай да бір күрделі деңгейлік талаптарға сәйкес келмей тұрса, түсінемін. Ал мынадай жағдайдан шынымен тауың шағылады, – деп шырылдайды кейіпкеріміз.

Айта кетейік, әңгіме Жастар жылында жарияланған жас ғалымдарға арналған грант конкурсының құжат­та­рына қатысты болып отыр. Конкурс былтырдан басталғандықтан, әлі талаптары толық тиянақталып үлгермеген шы­ғар деген ойда болдық. Бірақ «грант­ты танысы барлар алады» деген сөз де құлағымызға жетті. Сол себепті был­­­тырғы дәл осы конкурста грант же­­ңіп алған ғалымды сөзге тарт­тық. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық уни­верситеті жанындағы Абай ака­де­мия­сының бөлім меңгерушісі Жұл­ды­зай Кішкенбай:

– Таныс-тамыр жағалағанымыз жоқ. Зерттеу тақырыбымыздың өзек­ті­лі­­гімен өттік. Әріптестерімнің биылғы конкурс сараптамасына қатысты пікір­ле­рін оқыдым, естідім. Қалай дегенмен орталықтың талаптары орынды. Әріп, тыныс белгісіне қатысты қате­­ліктерді айтып жатыр ғой. Өз та­­ныс­тарым да қажет жеріне тиісті пайы­з­ды көрсетпегендіктен келесі ке­зең­ге өтпей қалды. Иә, техникалық қателер. Алайда мұндай қателіктерді жібермеуге тиіспіз. Мәселен, 1 мақала жазу туралы талаптың тұсына кейбір ғалымдар 2 мақала деп көрсетеді. Сол ғалым кейін талаптағыдай тек 1 мақала өткізгісі келетінін айтады. Осы жерде қайшылықтар туады. Негізі жас ға­лым­дар­ға мұндай тәжірибеден де өту керек сияқты. Себебі зерттеумен айналысатын адамға ұқыптылық аса қажет, – дейді ол.

Иә, ұқыптылық та, сауаттылық та керек. Әсіресе уақытқа ұқыптылық, уақытты жоспарлаудағы тиянақтылық гранттан үміткер ғалымдарға екі есе керек секілді. Өйткені Ж.Кішкенбай айтқандай, конкурсқа құжаттарын соң­ғы күннің соңғы сағаттарында өткі­зе­тін­дер бар.

– Енді ғалымдарды да түсінуге бола­ды, бұрын гранттық конкурс 3 жылда 1 рет болатын. Ал былтырдан бастап жыл сайын өткізілетін болды ғой. Сондықтан асықпауға үйреніп алған да шы­ғармыз. Ал асыққанда қателіктің көп кететіні рас. Десек те жоғарыдағы кейіпкердің жайына келсек, шынымен де сол талаптың қажеттілігі жөнінде ойлана бастайсың. Жобаның қысқаша сипаттамасын 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде) жазып өткізуге тиіспіз. Ал осы талап неге керек? Қаншалықты маңызды? Иә, түсінеміз, жобаны отандық және халықаралық сарапшы қарайды. Сол себепті ағылшын тіліндегі түсініктеме қажет. Бірақ отан­дық сарапшы үшін мемлекеттік тіл­дегі нұсқасы жарамай ма? Негізі осы талапты «зерттеу, анығы жұмыс тіліне қарай өткізу» деп өзгерткен жөн. Сонда басы артық жұмыс болмайды. Мысалы, мен де зерттеуімді қазақ тілінде жүргіземін, бірақ оны орыс­ша­ға аудардым. Қазақшадан орыс­шаға аударма жасайтын мамандар тап­­шы, болған күннің өзінде аудармашыдан да қате кетуі мүмкін, – дейді Ж.Кішкенбай.

Ғалымдардың өздері мойын­да­ған­дай, олардан да қателік кетер. Бірақ қателік тек осы тараптан болып тұр ма? Сараптамадан өткізетін орталық талаптарды өзі толық сақтай алып отыр ма?

Генетик ғалым, Ұлттық биотехнология орталығының бөлім меңгерушісі Мақсат Жабағиннің әлеуметтік же­лі­дегі «Жобалардың жартысынан көбі тағы да формальды тексеруден өтпей қалды. Ұлттық мемлекеттік ғы­лыми-техникалық сараптама орта­лы­ғы осы тексерісті қаншалықты сапалы жүргізіп жатыр? Бұл мәселе тың­ғылықты зерделеуді қажет етеді. Бұған нақты факт бар» деген жазбасына қа­ра­сақ, сақтай алмай отыр.

– Мен бір жобаны әзірлеуге қа­тыс­тым. Формальды тексерістен өтуі үшін бәрін ұқыпты дайындадым. Бірақ жоба өтпей қалды. Сөйтсек фор­мальды тексеріс жүргізетін сарап­шы бір ғана деректер базасын қарап «Ғылыми жетекшінің зерттеу (жоба) ба­ғыты бойынша жарияланымдары кон­курстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейді» деген қоры­тын­ды шығарыпты. Ал талап бойын­ша Web of Science дерекқоры мен Scopus базасының бірінде жетекшінің мақа­ла­сы болса жеткілікті. Сонда сарап­шының өзі конкурс құжаттамасын толық түсінбеген. Web of Science-ты ашпай, Scopus базасын қарап қо­ры­тынды шығара салған, – дейді М.Жабағин.

Біз осы мақаланы жазу барысында 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржы­лан­дыруға арналған конкурстық құжат­та­маның толық мәтінімен танысып шықтық. Иә, расымен де ғылыми жетекшіге қойылатын талапта квартилі мен процентиліне қатысты көрсеткіш әртүрлі болғанымен, бәріне бірдей «Web of Science деректер қорының және (немесе) Scopus базасында рецензияланатын ғылыми басылымдарда ғылыми мақаласының яки шолудың болуы міндетті екені көрсетілген. Демек, сараптама жасайтын орталықтың өзі қателесіп отыр және сол сарапшының мұндай қателікті тек бір жобада жібер­ме­геніне кім кепілдік бере алады?

Ғылым комитетінің (аталған сараптама орталығы осы мекемеге қарайды) төрағасы Жанна Құрманғалиева сараптама жұмысына қатысты:

– Шынында бұл – түйінді түйткіл, күр­ме­уі қиын мәселе. Негізі біз осы проб­ле­маны шешуді былтырдан бері қолға алдық. Сенсеңіз қаншама ға­лым­ның мәселесі бір ғана қаулымен оң шешілгелі тұр. Біз Үкіметтің №891 қаулысымен бекітілген мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйым­дастыру және өткізу туралы ере­же­сіне өзгерістер енгізу жөнінде қаулы жобасын дайындадық. Бұл құжат қабылданса, ғалымдарға қателіктерді түзетуге 3 күн уақыт, ал орталыққа өтінішті екінші рет қарауға мүмкіндік бе­ріледі. Әзірше мұндай мүмкіндік мүлде жоқ. Сараптама орталығы бір шешім шығарса, оның шешімін қайта қарауға ешбір институтқа құзыр беріл­ме­ген. Бұл заңнамаға 9 жыл бұрын енгізілді, енді соны өзгертуге бар күш-жі­герімізді жұмсап, жүгіріп жүрміз. Өйт­кені бір ғана қаулыны қабылдау үшін 14 өзге мемлекеттік органмен келісу керек. Біз мұны «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» жалпы заңға сүйене отырып іске асырмақпыз. Орталық ғалымдардан түскен өтініштің жартысынан көбін кері қайтарып отыр. Оның ішінде керемет, бірегей, мықты жобалар да бар, обал ғой. Бірақ мен обал екен деп, сол жобаларды өткізуге бұйрық бере алмаймын. Бұл – заңға қайшы. Сондықтан да біз заңнаманы өзгертіп жатырмыз. Десек те орталықтың жұмысын мұ­қият қарадым, 20 шақтысынан басқа ше­шімнің барлығы негізсіз шыға­рыл­ма­­ған, – деді комитет басшысы.

Жауапқа назар аударайықшы, 20 шақтысынан басқасына негізсіз ше­шім шығарылмағанын айтып отыр. Демек, орталықтың қателескені рас болып тұр ғой. Мұның себебін Ғылым комитетінің төрағасы биыл орталыққа бұған дейін болмаған мөлшерде жүк­те­ме беріліп отырғанымен байланыстырды.

– Биыл орталық 5 конкурстың құжат­тамасын, яғни 7 мыңға жуық жо­баны формальды тексеріс пен сарап­та­мадан өткізіп отыр. Шыны керек, орталық 2020 жылы ешқашан болмаған жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Жал­пы, ғылыми жобалар орталыққа кір­генде де, бюджеттік қаражат ар­қы­лы іске асырылып нәтижелерін шы­ғарғанда да мемлекеттік сарап­та­ма­дан өтеді. Биыл 2018-2020 жылы жүр­­гізілген ғылыми жобалар мен ны­­саналы бағдарламалардың нәти­же­­л­ері де шығарылуда. Бұл – 1 200-ден аса ғылыми жұмыс. Өзге мем­ле­кеттік органдардан келетін конкурс құжаттары да бар. Алда тағы екі кон­кур­стың құжаттамалары мен түс­кен бағ­дар­ла­маларға сараптама жұ­мыс­тарын ұйым­дас­тыру күтіп тұр. Ор­талық мамандары қазір сенбі-жек­сенбі, мейрам дегенді ұмыт­ты. Олар да адамдар ғой, адами фак­тор бол­ған соң қателік кетеді, – дейді Ж.Құр­ман­ға­лиева.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ғалымдарды сарсаңға салған сараптама осы жұмысты жүргізетін орталықтың өзіне оңай тимей тұрғандай. Жүктемесі артқан, күнін түнге жалғап еңбек ете­тін қызметкерлердің қатарын кө­бей­тіп, орталық мамандарының қолын ұзартуға болар деп ойлайсыз. Бірақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектордағы қыз­мет­керлер санын 10%-ға, келер жылы 15%-ға қысқартуды тапсырды ғой. Бұл шешім – ведомстволық бағынысты меке­мелерге ­де ортақ. Иә, оның үстіне елімізде ғылыми жұмыстарды баға­лай­тын, ғылыми өлшемдерге сараптама жасайтын мамандар саусақпен санарлық. Сондықтан әлеуметтік тұр­ғы­да қолдау арқылы олардың ең­бе­гін бағалау ғана сараптаманың сапасын жақсартуға септесетін секілді.