Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Мұның себебі БҰҰ-ның мәліметтері бойынша параның жыл сайынғы көлемі бір триллион долларға бағалануында болып отыр. Әлемдік экономика сыбайлас жемқорлықтың салдарынан бұдан бөлек тағы да 2,6 триллион долларға зардап шегеді. Бұл қаражат жаһандық ІЖӨ-нің бес пайызынан астамын құрайды. БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰ ДБ) деректері бойынша дамушы елдерде сыбайлас жемқорлыққа байланысты шығын көлемі даму мақсаттарына арналған ресми көмек көлемінен он есе асып түседі. Ал пандемия жағдайында сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп тіпті үдей түсті.
Сыбайлас жемқорлық барлық қоғамдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуға нұқсан келтіреді. Қай елдің, қай өңірдің, қай қоғамның болсын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра алатын иммунитеті жоқ. Олардың қатарына Қазақстан да бар.
2013 жылдан бастап «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы республикалық тәуелсіз қоғамдық сараптама ұйымы жұмыс істейді. Қозғалыс белсенділерінің көпшілігі облыстардың Әдеп кеңестері мен Қоғамдық кеңестерінің құрамына енгізілген. Жыл сайын қозғалыс сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүздеген іс-шара мен акция өткізеді. «Жаңару» сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған бірқатар бастамаларды ұсынды, оның ішінде құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілетін сараптаманы қайта жаңғырту, қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру, бірінші басшылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілетін жұмыстар үшін жауапкершілігін күшейту, қарамағындағылар сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда отставкаға кетуді міндеттеу және тағы басқалар.
Қозғалыстың атқарып жатқан жұмыстары өңірлер деңгейінде де, сондай-ақ орталық деңгейде де мойындалып, танылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұсыныстарымыздың барлығы бірдей қолдау таппай отырса да, бұл – біздің жақтастарымыз бен белсенділеріміздің өзекті мәселелерді шешуге және сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін себептерді анықтауға бағытталған жұмысымыздың нәтижесі. Мәселен, соңғы екі жыл ішінде Жалпыұлттық қозғалыс 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стратегиясының негізгі ережелерін қайта қарауды ұсынып келеді, өйткені оның жекелеген тармақтары моральдық тұрғыдан ескірген немесе қазіргі кезде орындалып, өз мақсатын атқарған. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 12-тармағына сәйкес 2019 жылғы қыркүйекте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияға өзгерістер енгізу көзделді. Алайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган біздің ұсыныстарымызды «өзекті емес» деп санады. Азаматтық қоғамның бастамаларына «құлақ аспау», немқұрайдылық, өкінішке қарай, шенеуніктердің жұртшылықпен қарым-қатынасындағы басым сипат, әдеттегі үйреншікті жағдай болып қалып отыр.
2019 жылғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық баяндаманы талдай отырып, біз назар аударуды қажет ететін бірқатар күрделі мәселені атап өттік. Баяндамада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қол жеткізген оң жетістіктерден басқа қандай да бір түйткілді мәселелер көтерілмеген. Іс жүзінде баяндама атқарылған жұмыстардың есебі секілді болып шыққан. Ұсынылған материалдар болашақта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің алдын алу шараларын дайындау үшін толыққанды пайдаланыла алмайды, өйткені мұнда елдегі және өңірлердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ахуалы бойынша жасалған болжамдар жоқ. Сондықтан Жалпыұлттық қозғалыс БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын орындау жөніндегі елдік есепті дайындау үлгісі арқылы Президентке баяндама дайындау функциясын мемлекеттік органдардан тәуелсіз сарапшыларға беру қажет деп санайды. Сыбайлас жемқорлық жағдайын және тиісті органдар жұмысының тиімділігін объективті бағалау ғана пәрменді шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басым бағыты – сыбайлас жемқорлықты жазалау шаралары арқылы жеңу. Әрине, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жазалау шараларын қолдануды көздейді. Алайда мұнда мәселе, шынтуайтына келгенде, әлдеқайда тереңірек. Бұл – Мемлекет басшысының үнемі көрсетіп отыратынындай, мемлекет институттарының ашықтығы және оның қоғамның бақылауында болатындығы, сондай-ақ мемлекет қызметіндегі адамдарды ынталандыру мәселесі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шын мәнінде жалпыұлттық іс болуы тиіс, мұнда популизмге, науқаншылдыққа орын жоқ. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда барлық мемлекеттік органдардың осы әлеуметтік зұлымдыққа қарсы күресу міндеті көзделгеніне қарамастан, бұл қызметті тек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ғана жүргізеді. Қисынға салсақ, мемлекеттік аппараттағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі көш бастауы тиіс Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өзі, шынтуайтына келгенде, бұл процестен шығып қалған. Мемлекеттік қызметтегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі туралы Ережеге сәйкес оның құзыретіне жатпайды.
Керісінше, нақ осы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік кадрларға патриоттық тәрбие беруге көбірек көңіл бөлуі, ол мемлекеттік қызметшілердің өз әріптестері арасында сыбайлас жемқорлық көріністерінің орнығып, қалыпты жағдайға айналуын қабылдай алмайтындай сезімін қалыптастыруға негізделуі тиіс. Әрбір мемлекеттік қызметшіге полиграфта тексеріп қарау нәтижелеріне негізделген психологиялық карта жасалуы тиіс.
Осы жылдың қазан айында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық кеңесінің отырысында оның өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның құзыретіне сілтеме жасай отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтен алшақтатылды. Мұндай ұстаным барлық мемлекеттік органдарға тән. Бұл қызметтегі ведомстволық монополия, жалпы монополия сияқты, шектеу қойып, бастамаларды тұншықтыруға әкеп соғады.
Тек жазалау шараларын ғана қолдану арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу ондаған жыл бойы түбегейлі нәтижеге жеткізген жоқ.
Жазалау да сыбайлас жемқорлықтың нысанасына айналатынын естен шығармаған жөн. Бұған Президенттің тапсырмасы бойынша бастама жасалған және биыл қылмыстық заңға енгізілген құқық қорғау органдарында құқық қорғаушылардың сыбайлас жемқорлық мінез-құлықты арандатқаны үшін тартатын жауапкершілігін көздейтін өзгерістер дәлел болып отыр.
Президенттің 2020 жылғы қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында жария етілген бастамаларды қолдай отырып, біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті одан әрі күшейту бойынша нақты шараларды ұсындық.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Жалпыұлттық қозғалыс сыбайлас жемқорлықтың түбегейлі себептерін жою және қоғамға адал қызмет етуге дайын азаматтарды ынталандыру мемлекеттің сыбайлас жемқорлықты жеңуіне көмектесетініне сенеді. Өз ұсыныстарымызды әзірлей отырып, біз Жолдаудың «нәтиженің процестен басым екенін анықтауды мақсат ретінде қою керек» деген тезисін негізге алдық, өйткені Мемлекет басшысының жекелеген бастамаларын іске асыруда мақсатқа жетудің орнына оларды қызу орындау процесі етек алды. Берілген тапсырмаларды орындау бойынша отырыстар мен кеңестерді кеңінен көрсету, олардың орындалуы бойынша сансыз жоспарлар мен басқа да бағдарламалық құжаттар көбінесе олардың мақсаттары секілді қабылданады.
Сірә, жекелеген мемлекеттік бағдарламалардың, оның ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стратегиясын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарларының тиімсіздігінің себебі де осында жатқан болар.
Көп жылдардан бері квазимемлекеттік сектордың тиімсіздігі мен шығындылығы айтылып келеді. Үкімет олардың қызметін басқаруды жетілдіру үшін «жеңіл-желпі» шаралар қабылдады, олар осы ұйымдардағы ұрлық пен қызмет бабын теріс пайдалануға тосқауыл бола алмады.
Біз квазимемлекеттік сектордың кәсіпорындарын басқаруды регламенттейтін жеке заң қабылдау мемлекеттік активтерді ұқыпты пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы заңдар жеке капиталға бағытталған және мемлекеттік бақылауға ашық болуы тиіс қажетті минимумды белгілейді.
Квазимемлекеттік секторға байланысты айтар болсақ, мемлекеттік активтерге және олардың жарғылық капиталына бюджет енгізген қаражатқа қатысты айла-шарғыларды болдырмайтын мейлінше қатаң басқару жүйесі қажет. Квазимемлекеттік сектор – жекеменшік емес, ол салық төлеушілер мен еліміз азаматтарының меншігі екенін түсіну керек.
«Мемлекеттік корпорациялар мен ұйымдар туралы» заң мемлекет қатысатын кәсіпорындардың негізгі қызметі болуға тиіс. Бұл заң мүлікті иеліктен шығару, ірі мәмілелер жасау және қарыз алу, қаржылық сыйымды инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде шешімдер қабылдау тәртібін айқындауы және осы ұйымдардың басқару органдарының мемлекет пен қоғам алдындағы есептілігін енгізуі тиіс.
Заңдарды бұзғаны және мемлекеттік активтер мен қаржы қаражатын пайдалану кезінде залал келтіргені үшін осы ұйымдар саласында жұмыс істейтін салалық министрліктер мен ведомстволардың бірлескен ортақ жауапкершілігін қарастыру қажет.
Қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру туралы тапсырма бөлігінде біз Үкіметтің 2019 жылғы қарашада, яғни Президенттің халыққа Жолдау арнауына дейін он ай бұрын бастамашылық еткен Парламенттің қарауында жатқан «Қоғамдық кеңестер туралы заңнамаға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы оны орындалды деп тануға негіз бола алмайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Жалпыұлттық қозғалыс қоғамдық кеңестердің қызмет саласы едәуір кеңейтілуі тиіс және құжаттардың бағдарламаларын іске асыру мен бюджеттік бағдарламалардың орындалуына мониторинг жүргізуден басқа, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор кәсіпорындары қызметінің тиімділігін бағалау, оның ішінде олардың қызметіне цифрландыруды енгізу мәселелерін қозғауы тиіс деп санайды.
Қоғамдық бақылау еңбек, материалдық ресурстар мен мемлекеттік функцияларды орындауға бағытталған ақша қаражатын пайдалануға; жер ресурстарын пайдалану мен бөлуге және жер қойнауын пайдалануға қолданылуы тиіс. Кеңестер мемлекеттік және қаржылық тәртіпті бұзушылықтарға, жершілдік, ведомстволық көзқарас көріністеріне қарсы күрес жүргізуі тиіс. Кеңестер қызметінің маңызды бағыты мемлекеттік аппараттың жұмысын жетілдіру, қабылданған шешімдерді орындау, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың заңнамаларды сақтауы болуы тиіс.
Қоғамдық бақылауды министрліктер мен облыстар деңгейінде ғана орнату – жартылай шара. Мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде: министрліктердің ведомстволарынан бастап округтер мен кенттердің әкімдіктеріне дейін бақылау қажет. Қоғамдық кеңестердің есептілігін өкілді органдардың: орталықта – Мәжілісте, ал жергілікті жерлерде – мәслихаттар мен халық жиналыстарына жатқызған дұрыс.
2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер мен судьяларды өздерінің кірістері туралы декларацияларын жариялауға міндеттейтін сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормалары қолданысқа енгізіледі. Алайда осы мұрағаттық шараларды тәжірибеге енгізу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілмейді. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктері өзара тығыз іс-қимылда лауазымды адамдардың осы нормаларды мүлтіксіз орындауын қамтамасыз етуге және жұртшылықтың осы ақпаратқа еркін қол жеткізуін қамтамасыз етуі тиіс.
Бұдан басқа, біз экономиканы деоффшорлау және шетелдік юрисдикциядан қаражатты қайтару; мемлекеттік сатып алуды жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ұшырау бойынша мемлекеттік органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың рейтингін енгізу бойынша ұсыныстар енгіздік, алайда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жауап хатына сәйкес мүдделі министрліктерге сілтеме жасай отырып, олар не өзекті емес, не негізсіз деп танылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру жөніндегі шаралар бойынша парламенттік тыңдаулар өткізу туралы біздің ұсынысымыз қабылданбады: «...Конституцияға және «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес Парламент Мәжілісіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша парламенттік тыңдаулар өткізу функциясы жүктелмеген». Осылайша, мемлекеттік орган тарапынан берілген жауап хат, Парламенттің құзыретін шектеді.
9 желтоқсанды Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні деп жариялау туралы БҰҰ бастамасына қайта орала отырып, Қазақстан 2008 жылы ратификациялаған және өз заңнамасының бір бөлігі деп таныған БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының 13-бабына сәйкес мемлекет «...азаматтық қоғамның, үкіметтік емес ұйымдардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған қарсы күреске қоғамның сыбайлас жемқорлықтың қауіпті сипатын, фактісін, сондай-ақ оны тудыратын қауіп-қатерлерді түсінуін тереңдету үшін белсенді қатысуына жәрдемдесуі тиіс» екенін министрліктер қызметкерлерінің есіне салғым келеді.
«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы барлық мемлекеттік орган мен үкіметтік емес ұйым арасындағы диалог пен сындарлы өзара іс-қимылды әрдайым қолдайды. Біздің өміріміздің барлық саласындағы болашақ оң ілгерілеулер нақ осы бірлікке негізделген.
Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ,
«Жаңару» РҚБ төрағасы