Экономика • 08 Желтоқсан, 2020

Тендерді тиімді бөлу қажет

306 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Құрылыстың құрығы ұзын. Бірде-бір сала дәл осы құрылыс саласындай көптеген жұмыс орындарын аша алмайды. Мысалы, құрылыс жүргізу үшін ең алдымен жұмысшы керек. Құрылыс материалдары мен құрал жабдықтар керек. Ағаш өңдеу, текстиль, әйнек, фарфор, транспорт, энергетика, міне, мұның бәрі құрылыстан тыс қалмайды. Ал бұл елімізде шағын және орта бизнестің өркендеуіне жол ашады. Жоғары жақтан қомақты сұраныс болғаннан кейін біреу есік-терезе құрастырады, біреу әйнек, фарфор жасап, екіжақты бизнес қыза түседі. Былайша айтқанда құрылыс адамдарға баспана сыйлаумен қатар, ел экономикасын ілгерілетеді.

Тендерді тиімді бөлу қажет

Иә, отандық өнім өндірушілерді қолдау, олардың өнімдерін ішкі нарықта пайдалану, еліміздің экономикасын өрістетіп қана емес, халқымыздың едәуір бөлігін тұрақты жұмыспен қамтуға мүм­кіншілік береді. Әсіресе экономика локо­мотиві болып табылатын құрылыс саласында отандық өнімдерді пайдалану құрылыс материалдарын шығаратын жергілікті кәсіпорындардың жұмысына сер­пін берері даусыз. Жалпы қай мемлекет­те болсын өндірілген тауар­лардың 70 пайызы ішкі тұтынуға ие болмаса, ол өндіріс ошағы тұралайтыны анық. Бір нәрсені ашық мойындауымыз керек, кез келген ел біздің шығаратын өнімі­мізді күтіп отырған жоқ, олардың да өз өнім­дері бар. Олар қайта бізге сатқысы келе­ді. Сондықтан өнім шығарушыны ішкі н­арықта қолдау, олардың шығарып отыр­ған өнімдерін толығымен пайдалану, біз­дің патриоттық сезім ғана емес, ол біздің мемл­екеттің экономикасының басты идеологиясы болу керек. Осы мәселені Президентімізден бастап, барлық жа­уапты тұлғалар тынымсыз айтып келеді. Қай жиын болсын, орта және шағын бизнесті қолдау мәселелері көтеріледі. Бірақ айтуын айтқанымен, нақты қолдау шаралары көп жағдайда тиімсіз болуда. Біздің заңдарымыз бен бюрократиямыз орта және шағын бизнесті дамытуға көп жағдайда мүмкіндік бере бермейді.

Иә, қазіргі кезде отандық тауарларды қолдану жөніндегі біздің іс-қимылымыз атүсті, көп жағдайда жалған есептер мен ақпараттарға негізделіп келеді. Мекемелердің ұсынып отырған есептері мен ақпараттарының дәйектілігіне еш мән берілмейді. Көп жағдайда есеп ұсынылды ма, ұсынылды деген тоқмейілсумен қанағаттанамыз. Осының салдарынан жаңадан ашылған кәсіпорындар өз тауарларын ешкімге өткізе алмай, жұмысын тоқтатуға мәжбүр болуда. Ал кейбіреулері жұмысын бас­тамай жатып банкротқа ұшырайды. Яғни отандық өнімді тұтынушылардың отандық өнімге деген ниеттері құлықсыз. Оның орнына іргеміздегі Қытай мен Ресейден арзандау бағаға сатып әкелу пиғылдары басым.

Қалай айтсақ та, тұтынушылардың отан­дық өнімді пайдалануға деген ынтасын ояту және арттыру керек. Тұтыну­шы­лар үшін отандық өнімді пайдалану тиім­ді әрі пайдалы болуы тиіс. Сонда ғана олар өзіміздің тауарларды пайдаланудан қаш­пайтын болады. Бұл үшін не істеу керек?

Бұл мәселеде мен екі бағытты ұсына­мын. Алдымен республикамыздағы бар­лық тауар өндірушілер өз өнім­дерін тауар-алаңға тіркеп, сатуды орта­лықтандыру керек. Яғни кең көлемде ақпараттық орталық болуы қажет. Бұл тауар-алаңда шығарылатын тауар­лар және оны шығаратын мекеме жө­нін­де толық ақпарат жинақталып, тауар тұтынушыларға ұсынылады. Тауар тұтынушылар еш қиын­дықсыз, электронды түрде өз­деріне керекті тауарларды таңдап, керек­ті уақытта тапсырыспен ала алады. Сон­дай-ақ осы тауар-алаң арқылы тауар өндіру­шілер де тұтынушылар кестесіне сәй­кес тауарларды өндіру мерзімін рет­теп отырады. Бұл ретте тауар-алаң төмен­дегідей құқыққа ие болу керек:

 а) барлық сату, сатып алу үрдістері осы тауар-алаң арқылы жүргізіліп, рәсім­делуі керек және тауар тұтынушылардың отандық тауарды пайдаланғандығы жөніндегі есептерін растау;

б) тауар өндірушілердің тауардың өзіндік құнын тым қымбаттатып жібер­меу үшін тауар құнын бекітетін комиссия мүшесі болуы керек;

в) нарықта отандық жаңа тауар пайда болған жағдайда осы тауарды сметалық базаға енгізу құқығы берілу керек;

г) егер қандай да бір себеппен тауар құны қымбаттап кеткен жағдайда тауар-алаң ғана оны растап, рәсімдеу мүмкіншілігіне ие болу керек.

Ендігі мәселе тауар тұтынушыларды отандық өнімді пайдалануға ынталы ету керек. Ол үшін төмендегідей екі бағытты ұсынамын:

Бірінші бағыт:

1) егер мердігер компания отандық тауарды жүз пайыз қолданған жағдайда мемлекеттік сатып алу кезіндегі осы өнім бойынша үнемделген соманы қай­тарып беру (көп жағдайда 10 пайыз). Яғни бұл жағдайда тауар тұтынушы қа­лай­да пайда табу үшін басқа елдің тауарын сатып алудан бас тартады;

2) егер тауар тұтынушы отандық тауарды алғысы келмей, шетелдік тауарды пайдаланған жағдайда мемлекеттік сатып алу кезіндегі осы өнім бойынша үнемделген сомаға пара-пар соманы (көп жағдайда 10 пайыз) тауар-алаң есебіне аударады. Яғни бұл жағдайда тауар тұтынушы тапқан пайдасының бір бөлігімен бөліседі.

Екінші бағыт:

1) егер тауар тұтынушы өз өнімін өндіру барысында отандық тауарды жүз пайыз қолданып және оны тауар-алаң арқылы дәйектеген жағдайда, тауар тұты­нушыға келесі жылы, осы жы­лы берген өнімінің 50 пайыздық мөлшерінде өнімге тікелей, мемлекеттік сатып алу заңынан тыс, келісімшарт жасасу құқығына ие болу мүмкіндігі берілу керек. Бұл шара да өз кезегінде отандық өнімді пайдалануға зор ықпал ететіні даусыз.

Қазір мемлекетіміздің барлық саласында цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның нәтиже­сінде жұрттың бұрынғыдай мекемелерді жағалап, ұзақ-сонар кезекке тұрып, әр есікке жәутеңдеп жүруі азайып, тиісті құжаттарға дер кезінде қол жет­кізуі жеңілдеді. Яғни цифрландыру нәти­жесінің экономикамызға тигізер әсері орасан зор екеніне ешкімнің тала­сы жоқ. Мемлекеттік сатып алу жүйе­сінде де барлық жұмыстар электронды түрде жүргізілуде, яғни сыбайлас жем­қор­лық мүмкіндігі төмендеген сияқты. Дегенмен бұл салада бармақ басты, көз қысты әрекеттер әлі де болса жетерлік.

Осындай жағдайларды болдырмау үшін төмендегідей шараларды қарастырған орынды сияқты. Ең алдымен мемлекеттік сатып алуды бір этаппен өткізу, яғни конкурсқа қатысқан мекемелердің құжаттарын бір мезгілде қарап, қазіргідей, «ана құжат жоқ, мына құжат жоқ, соны қосымша беріңіз» демей, барын бар, жоғын жоқ деп, конкурс қорытындысын шығарып, жеңімпазды бір этаппен анықтау. Сосын мемлекеттік сатып алу тәсілі электронды түрде жүргізілетіндіктен, сатып алу конкурсын кездейсоқ таңдау тәсілімен республикалық деңгейде жүргізу. Яғни бұл дегеніміз – біздің облысымыздағы конкурстың жеңімпазын басқа облыс­та анықтайды. Ал біздің мамандар, кездейсоқ таңдау тәсілімен, республика аумағындағы өткізілетін кез келген конкурстың қортындысын шығара алады. Ал конкурстардың заңды өткізілгендігін қазіргідей республикалық мониторинг бақылап отырады. Бұл тәсіл өз кезегінде ел аузында жүрген 10 пайызды (немесе басқа пайыз) құртқан болар еді. Себебі конкурс жеңімпазы мен конкурс өткізуші арасында ешқандай байланыс болмайды.

Ендігі бір мәселе, бюджет қаржысын игеру мен нысанды қаржыландыру және құрылысы немесе жөндеу жұмыстары аяқталған нысанды қабылдап алу. Бізде бюджет қаржысын міндетті түрде 100 па­йызға игеру үрдісі қалыптасқан. Бюд­жет қаржысын 100 пайызға игеру керек деп талай адал, кәсіби мамандар таяқ жеу­де немесе жұмысын тастап кетіп қалуда.

Мұндай келеңсіз мәселелерді шектеу үшін құрылысы немесе жөндеу жұ­мыстары жүргізілетін нысандарды бюджеттен қаржыландыру тәсілін өзгерту керек. Мердігер конкурс жеңімпазы болып танылғаннан кейін тапсырыс берушімен электронды түрде келісімшартқа отырады. Осы жасалынған келісімшартпен мердігер екінші деңгейлі банкке барып нысан құрылысын жүргізуге (жөндеуге) несие желісін ашады. Несие ашу желісі де екінші деңгейлі банктер арасында бәсекелестік ортаға айналады. Бұл жерде мемлекет тарапынан банктерге келісімшарт негізіндегі және тек келісімшартта көр­сетілген мерзімде, несие желілеріне пайыздық мөлшерді шектеп, 5-7 пайыздан асырмауды заңдастыру керек. Несие желісі ашылған соң мердігер құрылысты келісімшартта көрсетілген мерзімде аяқтауға өзі ынталы болады, себебі келісімшарт мерзімі өтіп кетсе, несие беріп отырған банк пайыздық мөлшерді арттыруға мүмкіндік алады. Және бір ерекшелік, нысанды дер кезінде және жоғары сапамен тапсыруға мердігер мен банк екеуі мүдделі болады. Тапсырыс беруші, яғни мемлекеттік орган, бюджет қаржысын келісімшартқа орай белгіленген мерзімге жоспарлайды.

Тапсырылатын нысан кешіктірілген жағдайда тапсырыс беруші мердігер мен банкке айыппұл сала алады және сатып алу құнын төмендету құқығына ие болады. Сонымен қатар сапаны бақылау институты толығымен банкке өтеді. Бұл жерде, ай сайынғы (тоқсан, жыл) бюджет қаржысын игеру жауапкершілігімен қатар, мердігер мен мемлекеттік қызметкер арасындағы байланыс жойылып, сыбайлас жемқорлық белгілеріне тосқауыл қойылар еді.

 

Рахманқұл БАЙТЕЛИЕВ,

«Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы» төсбелгісінің иегері