Алдымен бірер күн бұрын жарияланған әлемдік рейтинг дерегіне тоқтала кетейік. «Қара алтынның» қоры бойынша Қазақстан жер-жаһанда 11-орында тұр екен. Дәл қазіргі кезде Қазақстанның мұнай қоры 30 млрд баррельге бағаланады. Осылайша Қазақстандағы мұнай қоры әлемдегі бүкіл қордың шамамен 1,8 пайызын құрайды. Рейтингтің көш басында Венесуэла тұр. Аталған елдің мұнай қоры – 302,8 млрд баррель. Үздік үштікке Сауд Арабиясы мен Канада елдері енген.
Пандемияға байланысты өзге мемлекеттермен бірге, ОПЕК+ келісімі аясында Қазақстан да мұнай өндірісін едәуір қысқартқаны белгілі. Келісім бойынша ОПЕК+ елдері мамыр айынан бастап өндірісті тәулігіне 9,7 млн баррельге қысқартуға және бұл келісімді үш ай бойы үздіксіз орындап отыруға уағдаласқан.
Тамыз айынан кейін де альянс мұнай өндірісін қысқартуды тоқтатқан жоқ. Бірақ бұрынғыдай емес, қысқарту көлемін біршама азайтты. Яғни тәулігіне 7,7 млн баррелге түсті. Бұл тәртіп жыл соңына дейін мүлтіксіз атқарылуы тиіс.
Қаңтар-қазан айлары аралығында елімізде 61,2 млн тонна мұнай өндірілген. Бұл былтырмен салыстырғанда 6 пайызға аз көрсеткіш. Ақшаға шаққанда 6,5 трлн теңге табыс әкелген.
Елдегі ең ірі мұнай кеніштері орналасқан Атырау мен Маңғыстау облыстары жүктемені біраз азайтты. Атап айтқанда, қос облыс өндірісті 64,3 және 22,8 пайызға төмендеткен. Қаңтар мен қыркүйек аралығында Қазақстан жалпы құны 18,7 млрд доллар болатын 55 млн тонна «қара алтын» экспорттап, өсім шынайы жағдайда 7,6 пайызды құраған. Қазақстан мұнайын тұтынғандар қатарында – ТМД елдері (439,4 мың тонна) де бар. Әсіресе, Өзбекстанның үлесі басым. Негізгі импорттаушылар – Италия, Нидерланды және Үндістан. Аталған елдерге жалпы құны 18,6 млрд долларды құрайтын 54,6 млн тонна мұнай жөнелтілген.
Бүгінде Энергетика министрлігі Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесе отырып шикі мұнай мен газ конденсатын есепке алатын ақпараттық жүйе құрмақшы. Биыл бұл қанатқақты режімде іске қосылған. Мәліметтер ақпараттық жүйеге мұнай-газ саласы субъектілері орнатқан коммерциялық есепке алу құралдары мен бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы келіп түспек. Бұл өз кезегінде мұнай-газ нарығында IT-компаниялардың өздерінің ақпараттық жүйесін енгізуіне мүмкіндік береді.
2021 жылы мұнай өндірісі қайтадан артуы мүмкін. Телеграмдағы Tengenomica каналының жазуынша, ОПЕК+ елдері келер жылдың басынан бастап өндірісті арттыруға келіскен. Мүше елдер 1 қаңтардан бастап өндірісті тәулігіне 0,5 млн баррелге арттырмақ. Нәтижесінде, өндірісті қысқарту көлемі тәулігіне 7,2 млн баррелге дейін төмендеуі мүмкін. Осы арқылы Brent маркалы мұнай бағасының да құны көтеріле бастайды. 2021 жылдан бастап Қазақстан үшін міндет тәулігіне 1,417 млн баррель болмақ.
«Бұл теңгенің долларға шаққандағы құнының да нығая түсуіне жол ашады» деп жазады Tengenomica.
ОПЕК+ мүшелері нарықтағы жағдайды қайта бағалау мақсатында жыл сайын отырыс өткізуді жоспарлап отыр екен.
Сарапшылардың болжамынша, келер жыл мұнай үшін қолайсыз болуы да ықтимал. АҚШ президенті болып Джо Байденнің сайлануы осы ойға жетелейді.
«Біріншіден, АҚШ-тың болашақ президенті – «жасыл» экономика жақтаушысы. Ол қалдықтарды азайтып, дәстүрлі энергетика үлесін азайтуды қолдайды. Екіншіден, Байденнің келуімен Иранмен диалог қайта басталады. Егер тараптар келіссе, онда Ираннан санкциялар алынып тасталады. Тиісінше, орта мерзімді перспективада нарыққа тәулігіне 2 млн баррель келіп түседі. Бірақ мұның бәрі бір күнде бола салмайды. Жылдарға созылатын келіссөз процесі жүреді» дейді экономист Арман Байғанов. Экономистің айтуынша, 2021 жылы мұнай бағасы барреліне 40-55 доллар аралығында өзгеріп тұрады.
«Жасыл» экономика, балама энергия көздері дегеніңіз біздің елде әлі дамудың даңғыл жолына түсіп кете алмай жүр. Сондықтан «мұнайға бай елміз» деп алақан ысқылай тұру керек болып тұр әлі де. «Қара алтын» құны артқан сайын соңғы жылдары әбден еңсесі түсіп, шаруасы қожырап кеткен ұлттық валютаның да бетіне қан жүгіреді. Бюджетке табыс түседі. Халықтың қазіргіден ахуалы тәуірленеді.
АЛМАТЫ