- Карантин кезінде дүкенге келушілер саны бірден қысқарды. Сонымен қатар интернет дүкенімізден сауда жасаушылар да азайды. Сондықтан бизнесімізді сатып, Ресейге көшуге тура келді, дейді жеке кәсіпкер Елена Ермакова.
Қазіргі таңда Ресейдің Нижегородск облысына қарасты ауылға көшкен Елена Ермакова Инстаграмм желісіндегі парақшасында блогер ретінде Қазақстандағы бизнестен кейінгі өмірі жайында жаңалықтарымен тұрақты бөлісіп отырады.
Иә, бұл тек бір ғана мысал. Ал пандемия созылған сайын қиындыққа ұшырап, тығырыққа тіреліп жатқандар да артып келеді. Мұның себебі неде? Мемлекеттік қолдау жеткіліксіз бе, әлде кәсіпорындардың әлеуеті әлсіз бе? Осы мәселелер бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің өңірдегі жағдайына талдау жүргізіп көрсек.
Шағын және орта кәсіпкерлік кез келген мемлекет экономикасының негізі ретінде халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп, көптеген отбасының әлеуметтік тұрмысын жақсартуға ықпал етеді.
Елдегі төтенше жағдайдан көп зардап шеккен қызметтер секторында такси, жүк тасымалының шектелуі кесірінен көлік қызметі, базарлардың, ірі сауда орталықтарының жабылуы салдарынан сауда секторы, әкімшілік қызметтерді көрсету және т.б. салалық кәсіпкерліктің саны бірден қысқарды.
Ал Азия даму банкі сарапшыларының зерттеу көрсеткіштері бойынша Қостанай облысында шағын және кәсіпкерліктің негізгі бөлігі (28.3%) саудамен айналысады екен. Одан кейін құрылыс (9.1%), білім беру (8.8%), мемлекеттік басқару (7.2%), ауыл шаруашылығы (7%) және т.б. Қостанай облысы бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің салалық құрылымы төмендегі кестеде берілген.
Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы қосылған құн үлесі де төмендеген. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика жөніндегі комитетінің деректері бойынша 2020 жылдың І жартысында Қостанай облысының жалпы өңірлік өнімі 971,7 млрд теңгені құрап, республиканың жалпы ішкі өніміне 3,4% салым жасады. Осы кезең ішінде облыс республикада 26,5% көрсеткішпен 3-орында тұр (соның ішінде шағын кәсіпорындар – 19,1%, орта кәсіпорындар – 7,4%). 2019 жылмен салыстырғанда (2019 – 28,4%) аталған көрсеткіштің 1,9 пайыздық тармаққа төмендеу үрдісі байқалған.
Елімізде карантинге байланысты уақытша жұмыстары тоқтап қалған кәсіпорын, ұйым жұмысшыларына, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған ата-аналарға ақшалай да, азық-түлікпен де жан-жақты көмек көрсетілуде. Шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау ретінде олардың несиелерін төлеу кейінге шегеріліп, тиімді несие беру үшін мемлекеттен арнайы қаржы бөлінді.
ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында «Төтенше жағдай (Covid-19) кезеңінде салық төлеушілерге қолдау шаралары» нақты көрсетілген. Мәселен, қызмет түрлерінің тізбесі бойынша қызметін жүзеге асыратын микро, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілеріне келесідей жеңілдіктер айқындалған:
2020 жылғы 1 сәуірден бастап 1 қазанға дейінгі кезеңде басталатын төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығының, жеке практикамен айналысатын тұлға дербес төлейтін жеке табыс салығының, дара кәсіпкердің өзі үшін төлейтіндерін қоспағанда, әлеуметтік салықтың, міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының, әлеуметтік аударымдардың, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар мен аударымдардың мөлшерлемелеріне «0» коэффициенті белгіленді (ҚР Үкіметінің 20.04.2020 жылғы №224 қаулысы).
Ал А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің доценті, экономист Андрей Коваль шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлерді салықтан мүлдем босату қажет екендігін айтады. Кәсіпкерлердің басым көпшілігі несие алғандар. Сондықтан елдегі жағдай дұрысталғанша несие проценттерін алып тастап, қарыздарын төлеуді уақытша тоқтатуды ұсынады. Сонымен қатар шағын және орта бизнес те қарап отырмауы тиіс. Олар кәсібін қазіргі жағдайға бейімдеуі керек деген кеңес береді.
Сындарлы сәтте мемлекетпен қатар еліміздегі ірі компаниялар да көпшілікке қол ұшын созып, көмек көрсетіп келеді.
Мәселен, Eurasian Resources Group коронавирус инфекциясына қарсы күрес аясында республикалық «Біз біргеміз» қорына алғашқылардың бірі болып $10 млн бөлсе, Елордадағы алдын алу шараларына қосымша 100 млн теңге бағыттаған.
Пандемияға қарамастан, Еуразиялық Топ құрамындағы барлық кәсіпорындар қалыпты тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Өндіріс жоспарлары тиянақты орындалуда.
Сонымен қатар ERG өз қызметкерлерін барынша қолдау мақсатында қалыптасқан дәстүр бойынша желтоқсан айында 13-ші айлық берумен шектелмей, барлық өндірістік кәсіпорын қызметкерлеріне пандемия тұсындағы ерекше күрделі жағдайлардағы еселі еңбегі үшін арнайы ынталандыру ретінде қосымша ақы төлейді. Компания бұл мақсатқа қосымша 6 миллиард теңгеден астам қаражат бағыттауды жоспарлап отыр.
Коронавирус пандемиясы Қазақстан үшін ғана емес, күллі әлем үшін үлкен сынақ болып отыр. Сондықтан мемлекет те, әлеуеті бар ірі компаниялар да халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, денсаулығын қорғау жұмыстарына ерекше көңіл бөлуі керек. Пандемия кезінде ақсап қалған бизнесті тік тұрғызып, алға жетелеу үшін бірігуіміз қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бірігіп әрекет жасау арқылы ғана қандай да болмасын қиындықты жеңіп шығуға болады.
Амангелді Шурентаев,
Қостанай