Пікір • 20 Желтоқсан, 2020

Өзгерістер кезеңі

297 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік күні қар­саңында өткен Мемлекеттік на­градалар тапсыру рәсімінде елі­міздің кешегісі мен бүгінін, кемел келешегін ой сүзгісінен өткізіп, орамды ойын ортаға салды. Қазақ­станның бағындырған биігі мен жет­кен жетістігін бағамдап, алдағы жылдары атқарылатын ауқымды жұмыстарды айқындап берді.

Өзгерістер кезеңі

Тәуелсіздік – ел биіктігінің бей­несі, алыптығымыздың айнасы, татулығы-мыздың тірегі. Ел Пре­зиденті атап өткендей, «Бұл – ұлттың рухын көтеретін, ұрпақтың мерейін өсіретін мәртебелі мейрам». Әр жылы біз ең басты ұлттық мерекемізді атап өте отырып, осы бір киелі құндылығымыздың тәуелсіз мемлекет ретінде өркендеудегі орны мен рөліне көз жеткізе түсеміз.

1991 жылы 16 желтоқсанда Пар­ламент «Қазақстан Республи­касының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдады. Бұл Заң еліміздің еге­­мендігі мен тұтастығын әрі әлемнің саяси картасындағы орнын мәңгілікке бекітті. Егемен еліміздің бұл Заңы ата-бабамыздың тәуелсіз мемлекет құру туралы арманының жүзеге асуының көрінісі болып табылады. Осылайша, егемендігімізді жариялағаннан кейін ғана біз дербес саясатымызды жүргізуге мүмкіндік алдық. Тарихымызды түгендеп, тіліміз бен дінімізді қайта оралттық,

29 жыл тарих көзімен қарағанда шамалы ғана мерзім. Алайда, осы кезеңде Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде тарихи шешімдер қабылданып, егемен елдің іргетасы бекіді, ауқымды реформалар жүргізілді. Мемлекеттік шекарамыз бекемделіп, әлем елдерімен сенімді достық және ынтымақтастық қарым-қатынас орнатылды. Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды, «Болашақ» бағдарламасы арқылы жастар әлемнің үздік оқу орындарында білім алуда.

Тарихи тұрғыдан аз уақыт ішінде Қазақстан дамыған нарықтық экономикасы, орнықты саяси жүйесі бар осы заманғы мемлекет ретінде қалыптасты. Бейбітшілік сүйгіш ел ретінде ядролық сынақтар полигонын жапқан Қазақстан бүгінде ядролық қауіпсіздік рейтингінде ең қауіпсіз елдердің қатарына кіреді.

Тәуелсіз елдің өкілетті және заң шығарушы органы ретінде қос палаталы Парламенттің құрылуы – мемлекеттің жаңа даму сатысына көтерілгендігінің айқын бір көрсеткіші. Бүгінгі күні Қазақстан Парламенті мемлекетіміздің дамуына аса қажетті, уақытпен үндес әрі экономикалық дамуды ілгерілете түсетін сапалы заңдарды қабылдап келеді.

Тәуелсіздіктің алғашқы күн­де­рінен бастап еліміздің саяса­ты ұзақ мерзімге негізделді, қазақ­стандықтардың әл-ауқаты, өмірдің жоғары сапасына жүйелі де мақсатты ұмтылысы оның басты ұстанымдары ретінде айқын­далып, сабақтастық тауып келеді. Қазіргі Қазақстан өзінің тарихи жерінде жаңа үлгідегі қазақ мемлекеттілігін жаңғыртып, əлемде толыққанды мемлекет ретінде өмір сүруге қажетті барлық құрылымдар мен мүмкіндіктерге ие болды. Осы әлеуе­тімізді тиімді пайдаланып, бәсе­кеге қабілетті ел атану үшін бүкіл қоғам болып біліктілігімізді, күш-жігерімізді ор­тақ мақсатқа жұмылдыруымыз қажет.

Тәуелсіздіктің әр жылы тарихта өз ерекшеліктерімен қалады. Биыл Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы, Конституциямыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы сияқты айтулы даталар атап өтілді. Келер жыл – Тәуелсіздігімізге 30 жыл толатын мерекелік жыл.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтой жылында саяси және экономикалық реформалар одан әрі жалғасатынын айта келіп, цифр­ландыру, адам құқықтарын қорғау, денсаулық сақтау және білім беруді дамыту, экологияны қорғау аясында ауқымды істер жүзеге асатынын атап өткен болатын. «Бүкіл халқымыз заман ағымына ілесе білуге тиіс. Өзгерістерге бейімделе алатын жұрт қана уақыт тынысын дөп басады. Біз білімді əрі білікті, ұқыпты жəне жауапты, іскер де еңбекқор жұрт болуымыз қажет», деді Президент.

Бұл айтулы белеске жаңа жетістік­термен қадам басып, тәуелсіз еліміздің дамып, өркендеуіне  барынша атсалысып, ел рухын асқақтата береміз деп сене­мін.

 

Дүйсенғазы МУСИН,

Парламент Сенатының депутаты