Парламент • 21 Желтоқсан, 2020

Нұрлан Нығматулин қарағандылық педагогтермен және дәрігерлермен кездесті

218 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұрлан Нығматулин Nur Otan партиясының сайлауалды үгіт науқаны аясында Қарағанды облысындағы медицина және білім беру салаларының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz

Нұрлан Нығматулин қарағандылық педагогтермен және дәрігерлермен кездесті

Облыстық кардиохирургия орталығында, сондай-ақ Қарағанды қаласының №103 мектеп-лицейіндегі кездесулерде партияның сайлауалды бағдарламасының әлеуметтік бағыттарына баса назар аударылды.

Нұрлан Нығматулин атап өткендей, Елбасы, Партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған және бүгінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев одан әрі жалғастырып келе жатқан әлеуметтік жаңғырту аясында Nur Otan партиясы қазақстандықтардың сапалы білім мен медициналық қызметтер алуы үшін мүмкіндіктер жасауды басты міндеттердің бірі деп санайды.

Барлық заманауи талаптарға облыстық кардиохирургиялық орталық жауап береді. Оның операциялық-реанимациялық блогы инновациялық құралдармен, онда қызмет ететін мамандардың барлығы жоғары білікті, бұл жерде жүрекке күрделі операциялар жасалады.

Осындай жаңа медициналық орталықтар әр өңірде болуы үшін партия аудандық ауруханаларды қажетті медициналық жабдықтармен жабдықтау, санитарлық-эпидемиялық қызметті күшейту, зертханаларды жаңарту бойынша шаралар қабылдайды.

Білім беруді дамыту үшін Nur Otan 800 жаңа мектеп салу есебінен сапасыз оқулықтар, апатты және үш ауысымды мектептер проблемаларын шешуге, барлық ауыл мектептерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуды қамтамасыз етуге ниетті. Нұрлан Нығматулин 2024 жылға қарай педагогтердің жалақысы 2 есеге, ал дәрігерлердің жалақысын 2023 жылға қарай 2,5 есе артатынын айтты.

Мұғалімдердің айтуынша, «Педагог мәртебесі туралы» заңның ұстаздар үшін маңызы өте зор, аталған заң олардың құқықтарын реттеп, білім беру сапасына, мұғалімнің мәртебесін күшейтуге ықпал етеді.

– Nur Otan партиясының сайлау бағдарламасы, ол – нақты жоспары бар және тиісті қаржымен қамтамасыз етілген бағдарлама. Соның ішінде баспана, өндірісті дамыту, әлеуметтік сала, шағын, орта бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөлінді. Бұл әрбір қазақстандық үшін өте маңызды мәселе. Осы сұрақтар туралы бүгін кеншілермен, дәрігерлермен және мұғалімдермен кездесуде ашық әңгіме болды. «Nur Otan» партиясының сайлау бағдарламасының дәл осы бағыттарына Қарағанды облысының тұрғындары қолдау көрсетті, – деді Нұрлан Нығматулин.