Аймақтар • 22 Желтоқсан, 2020

Елордада алғашқы геологиялық музей ашылды

590 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында алғашқы геологиялық музейдің ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев пен қала әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

Елордада алғашқы геологиялық музей ашылды

Музей ел халқына, туристерге, шетелдік қонақтарға Қазақстанның жер асты байлығын таныстырып, ағарту жұмысын жүргізу мақсатында ашылған. Бұдан бөлек, оқушылар мен студенттер музейден өздерінің зерттеу жұмыстарына қажетті материалдар ала алады.

Мағзұм Мырзағалиевтің сөзінше, музейді геолог мамандығын насихаттау үшін оқыту-ағарту орталығы ретінде одан әрі дамыту қажет.

«Өздеріңізге белгілі, геология саласында инженер кадрлардың тапшылығы бар. Осыған байланысты музей базасында Жер туралы Ғылыми орталық ашу керек. Онда сала үшін кадрлық резерв дайындалып, жас геологтарға, салалық ЖОО-лардың студенттеріне, жас мамандарға кәсіби орта қалыптасады. Сонымен бірге оқушылардың назарын геоэкология мен жер қойнауы проблемаларына аударуға болады», - деп атап өтті министр.

Сонымен қатар министр музей тек геологиялық ұйымдар арасында маңызды орын алып қана қоймай, қаланың «визиттік картасына» айналатынына сенім білдірді.

«Музейде геология саласының мәселелері қамтитын тақырыптық экскурсиялар да өткізіп тұру керек»,- деп айтты министр.

Ашылу салтанатында музей жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген геологы Олжабай Исмаилов мұнда Қазақстаннан бөлек, Еуропа, Африка, Оңтүстік Америка, Австралия мемлекеттерінен жиналған экспонаттар бар екенін атап өтті.

«Коллекциялық үлгілердің біразын геолог-әріптестеріміз қайтарымсыз бізге берді. Музей қоры ұдайы жаңарып, жаңа дүниелер түсіп тұрады. Соңғы жылдары коллекцияның тек ғылыми емес, эстетикалық құндылығына да назар аударылуда», - деп атап өтті ол.

Қазіргі уақытта музейде минералогиялық және палеонтогиялық коллекция, 19-20-ғасырлардағы геологиялық әдебиет басылымдары, бұрын қолданылған геологиялық құралдар, заманауи фаунистикалық қалдықтар орналасқан. Экпозияцияда кристалдардың, құнды минералдардың, палеонтологиялық қалдықтардың кристалл үлгілері бар. Мысалы, саф алтын, күміс, темір, жұбаржат, эвдиалит, аметист, изумруд, топаз, танзанит, чароит, нефелин, минералданған ағаш және тағы басқаларын ерекше атап өтуге болады. Музейдегі жалпы экспонаттар саны – 750 дананы құрайды.