Америка Құрама Штаттарында болған Ядролық қауіпсіздік мәселесіне арналған жаһандық саммит әлемдегі қауіпсіздік пен тыныштықты сақтау ісіне арналған соңғы уақыттағы дүниежүзілік маңызы ең зор оқиға болды. Оған әлемдегі 47 мемлекеттің лидерлері, БҰҰ, МАГАТЭ және т.б. әлемдік беделді ұйымдардың басшылары қатысты. Бұл Барак Обаманың АҚШ президентінің орынтағына келгеннен бері атқарған аса ірі әлемдік істерінің бірі десек, қателеспейміз.
Қазір барлық дүниежүзілік жоғары деңгейдегі сарапшылар мен мамандардың, халықаралық журналистердің аузында осы оқиға жүр. Бәрі де оның маңыздылығына бірауыздан үлкен баға беруде. Осы саммитке Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақырту алғанының өзі үлкен мәртебе болса, АҚШ Президентінің оған үлкен құрмет көрсетіп, келген мәртебелі меймандар арасынан бірінші болып кездесуін, оның үстіне жұмысының тығыздығына қарамай, ұзақ уақыт сөйлесуін біздің Президентіміздің ядролық қарудан бас тарту арқылы әлемде таралмауына қосқан үлесіне берілген үлкен баға деп білу керек.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун өзінің Қазақстанға сапары кезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау ісіне, оның әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқандығына үлкен баға берумен қатар, “Сіз басқалардан да осыны талап етуге құқылысыз”, деген еді. Бас хатшының осы сөзін АҚШ әкімшілігі де қолдайтындығы Барак Обаманың барлық ықылас-пейілінен көрініп тұрды.
Соғыс қарулары оларды шығаратын және сататын елдер үшін ғана тиімді болып келеді. Өйткені, олар қару сату арқылы өздеріне үлкен көлемде табыс түсіреді. Адамзатты қырып-жоюдың ең жетілдірілген қазіргі қаруы ядролық қарулар екені белгілі. Бастарынан соғыс қаупінің стереотипі арылмаған көптеген елдің басшылары сондай қаруға қол жеткізуге тырысады. Ең үлкен қауіп те осы болып отыр. Оның үстіне ядролық қаруды шығаруға қажетті материалдардың террорлық ұйымдардың қолына түсіп кету қаупі де зор. Әлемдік қоғамдастық алдында жауапкершілік тартпайтын олар өздерінің болмашы амбициясын қанағаттандыру үшін барлық амалдарға баруы мүмкін. Ал қазіргі жетілген технологиялардың арқасында ядролық қарудың қарапайым үлгілерін шығару қиын емес.
Міне, Барак Обаманың әлемдік саммит өткізіп, осы мәселелердің алдын алу қажеттігін көтергені осы себептерден туындаған еді.
Алдын ала айта кетейік, саммит үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Соның ішінде АҚШ пен Ресей арасында 34 мың тонна қару-жарақ плутонийін 2018 жылға дейін жою жөніндегі келісімге қол қойылды. Сонымен бірге, Ресейдің Железногорск қаласында осындай плутоний шығаратын реактор жойылатын болды. Бұл – маңызы өте зор келісім. Украина президенті Виктор Янукович 2012 жылға дейін өздеріндегі жоғары байытылған ураннан бас тартып, зерттеу орталықтарын тек аз байытылған уранға бағыттайтыны туралы мәлімдеме жасады. Ресей басшылығы біз АҚШ-пен қарым-қатынасымыздың атмосферасын жақсы жаққа өзгертуге қол жеткіздік, дегенді айтты.
Сөйтіп, бұл саммит қайтсе де жетілдірілген қаруға қол жеткізуге тырысу керек деген саналарға сіңіп қалған стереотипті жоюға қол жеткізді. АҚШ-та бұған дейін БҰҰ құрылғанда ғана осыншалықты ауқымды саммит ұйымдастырылған еді, енді 60 жылдан кейін сол оқиға қайталанып отыр. Алдыңғының мақсаты – әлемдік қоғамдастықты орталықтандырылған жауапкершілікке бұру болса, енді кешегі саммит сол қоғамдастықтың қауіпсіздігін сақтау мәселесіне арналды. Осының алдында ғана АҚШ пен Ресей Федерациясының стратегиялық шабуылдау қаруларын шектеу жөніндегі келісімге қол қойғанын (ол мамыр айында ратификацияланбақшы) ескере келгенде де бұл саммиттің маңызы арта түседі. Ауқымды басқосуды жабардағы сөзінде Барак Обама: “Біз үлкен жетістікке қарай адымдадық”, деді. Бұл сөздің жаны бар. Сонымен бірге, ол ядролық текетірес бәсеңсігенмен, ядролық шабуыл қаупі артып отырғанын атап көрсетті.
Міне, осындай әлемдік маңызы аса зор саммитте біздің Президентіміз ең алдыңғы қатарда, ең басты орында тұрғанын дүние жүзі көрді. Барлық әлемдік сарапшылар мен саясаткер мамандар Президент Н.Назарбаевтың осы саладағы еңбегі әлемдік ауқымда бағаланғанына, оны АҚШ әкімшілігі мойындағанына көз жеткізді. Барлық президенттердің тұратын, жүретін орны, барлық кездесулері хаттамада маңыздылығына қарай бөлінеді. Суретке түскенде де сол қағидат басшылыққа алынады. Ядролық қару-жарағы мол, қуатты әлемдік державалар емес, саммитте соны жоюға, таратпауға сіңірген еңбегіне қарай, яғни бейбітшіліксүйгіш әрекеттеріне байланысты құрмет көрсетіледі. Біздің Президент, жоғарыда айтқанымыздай, аса құрметті орында тұрды. Барак Обама біздің Президентпен бірінші болып кездесті және онымен кездесуге бір сағатқа жуық уақытын бөлді. Осының бәрі Қазақстанның, Елбасының беделін әлемдік қоғамдастық алдында көтеріп тастағанын айта кетуге тиіспіз.
Әлемдік маңызы бар үлкен шараның шеңберінде АҚШ Президентінің Қазақстан Президентімен Бірлескен мәлімдеме жасауы да қазақстандық дипломатияның үлкен табысы. Мұндайды жасау үшін алдымен ұзақ уақыт үлкен сараптамалар жүргізіледі. Соның нәтижесінде екені анық, Бірлескен мәлімдемеде: “АҚШ Үкіметі Президент Н.Назарбаевтың елді басқаруын, сондай-ақ Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау ісіне қосқан үлесін жоғары бағалайды”, деп жазылған. Бұл біздің жоғарыдағы пікірімізді растай түседі.
Сонымен бірге, АҚШ тарабы біздің Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру шараларына қосып жатқан үлесімізді, соның ішінде 50 млн. доллар қаражат бөліп, 1 мыңға жуық ауған студентін оқыту міндеттерін мойнымызға алғанымызға ризашылығын білдірді. Инвестиция және сауда мәселесі бойынша айтқанда, мәлімдемеде АҚШ-тың Қазақстанның көп салалы экономикасының өркендеуіне қолдау көрсете беретіндігі нақтыланды. Сонымен бірге, АҚШ Қазақстанның БСҰ-ға енуін аяқтауына қолдау білдіретіндігі атап көрсетілді. Мәлімдемеде тараптар ядролық энергетика мен баламалы энергия көздерін дамыту саласындағы ынтымақтастықты нығайту ниеті бар екендіктерін де білдірді. Сондай-ақ, ғылыми-техникалық ынтымақтастықтарды дамыту туралы келісімдерге қол қойылуын қанағатпен атап өтті. Ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ірі жобалардың іске асуына да қолдау білдірілді.
Демократия мәселелері туралы айтқанда АҚШ Қазақстанның БАҚ-тарды либерализациялау және саяси жүйені демократияландыру, соның ішінде құқықтық реформа жүргізу жөніндегі күш-жігеріне қолдау көрсетуге әзірлігін білдірді. Әлеуметтік жүйелер арасындағы байланыстар да назардан тыс қалған жоқ, екі жақ ҮЕҰ, діни бірлестіктер мен білім беру мекемелері сияқты азаматтық қоғамдар институттары арасындағы байланыстарды нығайтудың маңыздылығына мән берді.
Президент Б.Обама Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету барысындағы бастамаларын оң бағалады. Ең бастысы – ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы идеяны қолдап, оның негізгі күн тәртібін әзірлеуде ынтымақтастық жасауға уағдаласты.
Президент Н.Назарбаевтың ядролық қаруды тартпау тұрғысындағы нақты қадамына және осы істі одан әрі жалғастыру барысындағы бастамаларына АҚШ әкімшілігі ғана емес, осы елдегі беделді үкіметтік емес ұйымдар да жоғары баға берді. “Шығыс-Батыс” институты бекіткен Бейбітшілік және превентивтік дипломатия сыйлығының табыс етілуі – соның көрінісі.
Қорыта айтқанда, Қазақстан өзіндегі ядролық арсеналынан бас тарту арқылы әлемдік қоғамдастыққа бейбітшілік сүйгіш қалпын танытты және оны әлемге мойындата білді. Ал одан кейінгі бейбіт бастамалары мен әркеттері арқылы да осы бағыттағы нық ұстанымын айғақтады. Осының арқасында бізге деген сенім ұлғайып, әлемде оң көзқарас қалыптасты.
Марат БӘШІМОВ,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқы жөніндегі комиссияның сарапшысы, Еуропалық құқық институтының директоры, заң ғылымдарының докторы.