Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Ranking.kz мәліметінше, бірінші тоқсанда шағын қаржы ұйымдарындағы несие көлемі 316,1 млрд теңгені құраған. Былтырғымен салыстырғанда 35,6 пайызға көп. Ал Қазақстандағы IDF Eurasia операциялық директоры Далида Давлятшина «пандемия кезінде қазақстандықтар несиені аз алды, алайда займдардың орташа чегі 2019 жылмен салыстырғанда 50 пайызға көбейді» деген дерек келтіреді.
Ұлттық банк дерегінше, қазақстандықтардың банкке қарызы – 14,3 трлн теңге. Таза тұтынушылық несие 4,2 трлн, ипотекалық несие 2,1 трлн теңгеге дейін өскен. Жалпы, 16 жыл ішінде елімізде 55,6 млн несие келісімшарты жасалған. Дәл қазір Қазақстандағы 10 млн-ға жуық экономикалық белсенді халықтың 8 млн-ға таяуы банк алдында берешек. Мұндай деректерді Бірінші кредиттік бюро жария етті. Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің айтуынша, карантин әсерінен NPL деңгейі де артқан.
– Жыл басында карантин банктерге қиын тиюі мүмкін деген болжам жасаған едім. Алайда жыл ортасында пікірімнің қиыс болғанын аңғардым. Мемлекеттің әлеуметтік төлемдері де банктер арқылы жүзеге асты, сондай-ақ карточка және онлайн төлемдер көбейді. Мұның бәрі банктер үшін ыңғайлы болды. Елімізде ТОП-10 қатарынан орын алатын – Халық, Сбербанк, Форте, Каспий, АТФ, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Центр Кредит, Жусан, Еуразиялық және Сити банктердің табысы 167 млрд теңгеге жеткен. Мәселенің екінші қыры – NPL, яғни, төленбей тұрып қалған несие көлемі де біраз. Ондай несиелер 149 млрд теңгеге дейін өсіп кеткен, – деді қаржыгер.
Соңғы уақытта елімізде несиелік амнистия жайлы ұсыныстар көбейді. Қаржы сарапшылары дәл қазір мемлекет несиені кешіре алмайды дейді. Оған бірнеше себеп бар.
– Банктерде де әкімшілік, шаруашылық шығындар бар. Олар да қызметкерге жалақы төлейді. Басқа да факторлар көп. Үш ай несиені кейінге шегергеннің өзінде біраз банк зардап шекті. Ал бүкіл берешекті кешіру мүмкін емес. Бұлай істеу банктерді «қылғындырып» тастағанымен тең, – деді экономист Ержан Әбіш.
GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры Мақсат Халық мемлекет осы қарызды жауып беретін болса, онда халықтың алдындағы басқа әлеуметтік міндеттемелері, денсаулық, білім саласының шығындары екінші деңгейге түсіп қалады, сондықтан мұның мүмкін емес екенін жеткізді. Бұл орайда «Ryskulov analitics» орталығының директоры Жасұлан Күшебаев елімізде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдануы керек деп санайды.
– Несиені кешіргеннен гөрі, банкроттық жариялау тиімді сияқты. Сонда мемлекет несиені амнистиялаудан құтылады, ал жеке тұлғалар өзін банкротпын деп жариялап, банк алдындағы берешегін төлемеу құқығын алады. Әрине, мұның да теріс жақтары бар. Өйткені өзіңізді банкрот деп жариялаған соң ешқашан несие ала алмайсыз. Кейінгі өміріңізге де елеулі әсер етеді. Сондықтан бұл қадамға кез келген адам бара бермейді. Тек қатты қиналған тұлғалар ғана тәуекел етуі мүмкін. Меніңше елдегі шиеленіскен әлеуметтік ахуалды осы заң арқылы ғана шешуге болады, – дейді сарапшы.
Жақында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесінің екінші деңгейлі банктерді жеке табыс салығынан босату керек деп ұсыныс айтқаны белгілі. Алайда мемлекет онсыз да қаржы ұйымдарын аз жарылқап отырған жоқ. Сондықтан сарапшылар мұндай ұсыныспен келіспейді. Ж.Күшебаев карантин кезінде банктер шығынға батқан жоқ деп есептейді.
– Локдауннан банк индустриясы аса көп зардап шекпеді. Бір ай бұрын шыққан есепте еліміздегі барлық банктің жиынтық активтері 11,6 пайызға өскені айтылады. Демек, осындай қиын кездің өзінде банктер жақсы табыс тапты. Көп банк мобильді қосымша функцияларын дамытты, жоғары технологиялармен жұмыс істеуді үйренді. Қашықтан жұмыс істегендіктен өз өнімдерін және оған қолжетімділікті жақсарта алды, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, күз айларында азаматтардың депозиттегі қаражаттарының белсенді өсімі байқалған. Депозиттің өсімі де банк үшін қолайлы.
– Наурыз, сәуір айларында едәуір төмендегенімен, одан кейінгі айларда тұтынушылық несие қайтадан қатты өсті. Демек, банктердің жағдайы жаман емес. Осындай жағдайда банктерді жеке табыс салығынан босату мемлекет үшін рационалды шешім емес. Онсыз да ақша жеткізе алмай отырған мемлекет мұндай қадамға барса тіпті қатаң бюджет тапшылығына ұшырайды, – деді Ж.Күшебаев.
Бір апта бұрын Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев қыркүйектің соңында депозит қаражатының 21,4 трлн теңгеге дейін көбейгенін айтты.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының зерттеуінше, халық табысының азаюы және экономикалық қиын жағдайға байланысты банктер қарыз алушыларға қойылатын талаптарды күшейткен. Соның нәтижесінде I тоқсанға қарағанда II тоқсанда берілген несие көлемі 8,8 пайызға төмендеді.
«Экономикалық ахуалдың нашарлауы банк секторына қысым жасайды. Бұл ең алдымен қарыз алушылардың несие тәуекелінің жоғарылауынан көрінеді. Кейбір қарыз алушылардың қаржылық жағдайының нашарлауына байланысты бұрын берілген несиелердің қайтарылмау қаупі артып келеді. Бұл несиелік ұйымдардың жұмысына кері әсер етеді. Атап айтқанда, банктердің активтері мен пайдасының сапасына әсер етеді. Нәтижесінде, наурыз айынан шілде айына дейін банк жүйесіндегі жұмыс істемейтін несиелердің жалпы деңгейі 8,4 пайыздан 9,0 пайызға дейін (133 млрд теңгеге) өсті, ал таза пайда екінші тоқсанда екі есеге азайды (124,8 млрд теңге). Бірінші тоқсанда таза пайда 248,7 млрд теңге болды» делінген қауымдастық хабарламасында.
Сондай-ақ биыл мемлекет шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдау мақсатында миллиардтаған қаражат бөлді. Тиісінше, қаржы екінші деңгейлі банктер арқылы таратылады. Бұл да банктердің жауапкершілігі мен кәсібилігін анықтайтын сынақ іспетті. Тіпті осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Соңғы үш жылда экономиканы несиелендіру өсімі байқала қойған жоқ. Банктер ыңғайлы және тиімді шарттар ұсыну арқылы әр клиент үшін белсенді күрес жүргізіп жатқан жоқ. Дәл қазір бизнеске қаржылық ресурс өте қажет және ол қаражатты жылдам алуы тиіс», деп сынға алған еді.
Сарапшылардың айтуынша, кәсіпкерлер банктен жеке тұлға ретінде несие алғанды қолай көреді. Себебі заңды тұлға ретінде несие алу үшін ұзын-сонар құжат жинауға тура келеді. Бірінші кредиттік бюро мәліметінше, 76 мың жеке кәсіпкер 2,5-2,9 млн теңге көлемінде тұтынушылық несие алған. Қаржыгер Ж.Күшебаев банктер шағын және орта бизнеске кепілсіз несие беруді қолға алуы керек екенін жеткізді.
– Әйтпесе, банктердің 1 368 ШОБ субъектісін 450,9 млрд теңгеге қаржыландыруы салыстырмалы түрде өте аз. ШОБ – экономиканың басты қозғаушы күші. Сондықтан оған мейлінше көп ақша беру, қолдау, қиындықтан сытылып шығудың басты амалы іспетті. Өйткені тауарларға деген сұраныс туындайды, адамдар жұмыспен қамтылады, мұның бәрі экономикаға қан жүгіртеді. Елдегі экономикалық белсенді халықтың 40 пайызы сол салада жұмыс істейтін болғандықтан ШОБ-тың тұралап қалуы елге өте ауыр тиеді. Тұтынушылық несие өте тез беріледі. Ал компания несие алғысы келсе көп құжат жинап, бірнеше кезеңнен өтуі керек. Қаншама уақытты алады. Бұл банкке де, бизнесменге де тиімсіз. Осы орайда банктер ШОБ-ты несиелендіру талаптарын жеңілдетуі керек, – деді Ж.Күшебаев.
Жыл аяқталуға тақау. Түсінгеніміздей, биыл банктер үшін соншалықты соққы болған жоқ. Соққыны алған сол баяғы халық. Аз жалақы, арзан еңбек, аяусыз қоғам... Ақыры барып табан тірейтін мекен – банктің табалдырығы. Халық банкке арқа сүйейді. Банк ше?..
АЛМАТЫ