20 Сәуір, 2010

БӨКЕЙ ОРДАСЫ СТАЛИНГРАД МАЙДАНЫНЫҢ ТЫЛЫ БОЛҒАН

1384 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Миллиондаған адамның өмірін қиып, миллиондаған жанның жанына жара салған соғыстың 65 жылдығы біздің Отанымызда да кең көлемде аталып өтуде. Отан үшін отқа түскендердің рухы әспеттеліп, күн санап қатары азайып бара жатқан майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіліп жатыр. Қазақ топырағына да бомба түскен. Ойылған жердің жарасы әлі сол қалпы жатыр. Ол –тарихи өңір Бөкей ордасы. Біз бұл туралы бұрын да жазғанбыз. Енді соны жеңіс қарсаңында қолға түскен жаңа деректермен қайта жаңғартуды жөн көріп отырмыз. Бұған жол ашып, соғыс зардабын, ел-жер тарихын тереңдеп білуге ерекше септігін тигізген Бөкей ордасы ауданының әкімі, ұлт, ел мен жер тарихын зерделеп жүрген Рахман Қарин еді. Біз осыдан 70 жылға таяу уақыт бұрынғы тағдырлы оқиғаларды Рахман Оразұлын қатыстыра отырып, оқырманға жеткізуді жөн деп таптық. От құшағына оранған Орда – ерлік пен елдіктің үлгісі 1941 жылдың аяғында неміс фашис­терінің Мәскеу түбінде талқандалғанын, оны қорғауға Қазақ елінде жасақталған №100-ші диви­зия­ның қатысқанын, сол шайқаста жерлестеріміз: ге­нерал Панфилов пен Бауыржан Мо­мыш­ұлы­ның асқан ерліктің үлгісін көрсеткенін та­рихтан жақсы білеміз. Кеңес әскерлері Мә­с­кеу түбінде ой­сырата соққы берген соң, бас­қыншылардың рухы күрт төмендеп кетті. Басы тасқа қатты тигеннің оңалуы қиын  ғой. Олар қайтсек есе қайтарамыз деп жанталасты. Енді елдің басқа бір аумағына соққы беру үшін кең кө­лемде соғыс шабуылына әзірленді. Сонда ол­ардың таңдауы Сталинград қаласына түс­кен. 1942 жылдың жаз айларында фе­льд­мар­шал Паулюс басқарған немістің №6 далалық армия топтары және оның тылындағы генерал Манштейннің танк әскері Сталинград ба­ғытына шо­ғыр­­лан­ды­рылып, шабуыл жасауға да­йын­далды. Сөйтіп, қатерлі қауіп Еділ өзенінің бойына төнді. Жоғарғы Бас қолбасшы Ста­лин­градты жаудан қорғау және не­міс әскерін тағы да талқандау үшін 3 бірдей майданда қарсы шығуды көздеді. Соның бірі Ста­линград майданы 1942 жылдың 12 шілдесінде құрылды. Осы­лайша тарихта теңдесі жоқ 200 отты күндер мен түндерге со­зылған Сталинград шайқасы басталды. Деректерге көз жіберсек, Ста­лин­град шайқасына 2 миллионнан астам адам, 26 мың зеңбірек пен ми­номет, 2 мыңнан артық танк және соншалықты ұшақ қатысқан. Мұндай шайқасты адамзат бұрын-соңды естіп-көрмеген болатын. Сталинград шайқасы зор майдан ғана болып қойған жоқ, ол дү­ние­жүзілік соғыстың барысына тү­бе­гей­лі өзгеріс жасаған тарихи оқиға да болды. Осы шайқастың же­ңіс­пен аяқталуына КСРО ха­лық­тар­ымен бірге Қазақ елі еңбекшілері де зор үлес қосты. Ордалықтар да ерекше көзге түсіп, Сталинград қаласын қорғауға мыңдаған ұлдарын аттандырды. Бір мысал келтірер болсақ, 1942 жылдың 18 маусымында Батыс Қазақстан облысында дайындықтан өткен 26 225 жауынгер Сталинград май­данына жіберілген. – Біздің облысымыз сол кездегі Сталин­град облысымен 300 шақырымға жуық шекара арқылы шектесетін, – дейді аудан әкімі Рах­ман Оразұлы әңгімеге араласып. – Жау­дың Еділ өзеніне шығуына байланысты облыстың аудан­дары Сталинград майда­нын­ың тылына ай­налды. Ол Орда, Жәнібек, Казталов, Фур­манов аудандары болатын. Ал Жәнібек, Сай­қын, Шонай темір жол стан­са­лары Ста­лин­град майданының қа­рамағына енген. 1942 жылы Орал-Урбах-Красный Кут-Сайқын-Верхний- Басқұншақ-Паромная темір жол стан­салары арқылы жүк тасылған. Соғыс өр­тінің аудан аумағына жақындауына бай­ла­нысты, Мемлекеттік қорғаныс комитетінің бұйрығына сәйкес 1942 жылдың тамыз айы­нан бастап, Орда ауданы Ста­линград май­да­нының қа­ра­мағына ен­гізіліп, аудан “Соғыс жағда­йында” деп жарияланған. Оның барлық ша­руашылығы мен тұрмыс тіршілігі майд­а­н­ның қажетіне бейімделген. Облыстық партия кон­ферен­циясында партия комитетінің бірін­ші хат­шы­сы А.Василевский естелігінде былай деп көр­сетіпті: “Орал қаласы, Жәнібек, Каз­та­лов, Орда, Фурманов аудандары Сталинград май­­да­нының ең таяу аумағына кіріп отыр. Сон­­дықтан партия, кеңес ұйымдарынан өте қыр­ағылықта болу талап етіледі. Майдан мен тыл мәселелерін тығыз байланыстырып шешу қажет”. Облыстық, аудандық партия активтерінің жиналыстары үрей туғызушылықты болдыр­мау­дың, тәртіпті нығайтудың, майданға кө­мек­ті күшейтудің және өзі тұрған қала, село мен ауылды қорғауға дайындықты арт­тырудың ең маңызды шаралары белгіленген. Жер-жер­де ерікті батальондар ұйым­дастырылып, жал­пы тәртіппен барлық кәсіп­орындардың, тұр­ғындардың тыныштығын сақ­тау жөнінде тұ­рақ­­ты кезекшілік таға­йын­далып, әкімшілік қор­­ғаныс қимылдарын реттеуді ұйым­дас­тыр­ған. Ордада қыздарды медбике жұмысына да­й­ындайтын курстар ашылған. Кенттер мен ауыл­дарда жау авиа­ция­сының шабуылынан сақтану шаралары жан-жақты қарастырыл­ыпты. Біздің журналистік ізденістеріміздің нәтижесінде қолымызға түскен мұрағаттағы мына бір құжаттарға көз жүгіртейік: “Бұйрық Орда поселкелік гарнизоны бойынша: 1. Майдан командованиесінің бұйрығы бойынша осы күннен бастап Орда поселкесі гарнизонының бастығы міндетін атқаруға кірістім. 2. Орда поселкесінің әскери коменданты етіп капитан Е.В.Жуков жолдасты тағайындаймын. 3. Мемлекеттің барлық жергілікті орган­да­ры, қоғамдық ұйымдар мен мекемелер қол­да бар күш пен құрал-жабдықтың бәрін қор­ғаныс мүддесіне пайдалану үшін га­рни­зонның әскери командованиесіне көмек­тесуге және қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауға міндетті. 4. Поселкедегі қозғалыс тәртібін 24.00 сағатқа дейін (жергілікті уақыт) орнатамын, одан кейін арнайы рұқсаты жоқ адамдар тоқтатылып, комендантқа жолданады. Сағат 4.00-ден бастап қозғалысқа рұқсат етемін. 5. Орда поселкесінің мекемелері, өнеркәсіп орындары, барлық тұрғындары қараңғылық түскеннен кейін жарық болмауын қамтамасыз етулері тиіс. Орда поселкесінің гарнизон бастығы полковник Мидия”. “24 қыркүйек, 1942 жыл. Орда посел­кесі. Орда аудандық атқару комитетіне. Майдан қолбасшысының бұйрығы бойынша Орда поселкесінде Мемлекеттік әуе флоты Киев ерекше авиатобының бас отряды орналасуда. Аталған бөлімше жа­уын­герлерінің орналасуына көмек­те­суі­ңізді сұраймын. Авиатоп командирі подпол­ковник Чанкотадзе. Топтың военкомы батальон комиссары Горбань”. Осы мақаланы жазуға ұй­ытқ­ы болған Рахман Қарин бұл де­рек­терді төмендегіше жалғас­тыр­ды. – Неміс әскерлері Ста­лин­град май­да­нының орталықпен, жал­пы елмен бай­ланысын үзу үшін осы кезге дейін қа­ты­насты қамтамасыз етіп тұрған жалғыз жолды – Астрахань-Урбах те­мір жолын және оның бо­йын­дағы стансаларды істен шығару мақсатында дамылсыз өрше­лене бом­балапты. 1942 жылғы қазан айының 25-інен бастап, КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің шешімі бойынша біздің аудан­ның жерлері кеңес елінің әуе қорғанысы пункт­те­рінің қа­та­рына қосылған ғой. Сталинград шайқасы ке­зінде Қа­зақстанның Жәнібек, Сай­қын, Шо­ңай сияқ­ты темір жол стансалары Сталинград май­данының соғыс қи­мылына тікелей қа­тысты. 1942 жылдың бірінші жартысында-ақ бұл жолдарға Сталинград үшін барлық қажетті жүкті тасу салмағы түскен екен. Жау авиа­ция­сының жиі-жиі шабуылы темір жол учас­ке­ле­ріне көптеген қиындықтар келтірген. Әсі­ресе, Урбах-Астрахань темір жол бағыт­ын­дағы, Ста­линградқа жақын жерлердегі жағдай ауыр болған. Қыркүйектің 22-інен 23-іне қа­раған түнде Сайқын және Шоңай стан­са­ларын жау ұшақтары бомбалаған. Жаудың төрт бомбалаушы ұшағы Сайқын стансасына ша­буыл жасап, Орда аудандық әскери ко­мис­са­риатының әскерге шақырылған солдаттар эшелонына пулеметтен оқ жаудырыпты. Сол секілді Украинаның Днепропетровск қа­­ла­сын­да тұрған №196 Гатчинск атқыштар диви­зия­сының жаралы жауынгерлері мінген эше­лон­ды неміс ұшақтары Сайқын станс­а­сына кіре берісте бомбалап, вагондардың тас-талқанын шығарған. Сол жолы көптеген жауынгер қаза тауып, бірқатары ауыр жараланған. Осы қанды оқиға қасіреті туралы 1985 жылы дивизия командирі генерал Василий Иванов Орда ауданының басшыларына хат жазып, онда қаза тапқандарды темір жолға таяу маңға, жергілікті тұрғындардың кү­шімен жерленгендігін айтып, олардың мүр­десін қайта жерлеуді және ескерткіш қоюды сұраған екен. Содан 43 жыл бұрын жауынгерлер жерленген орынды іздестіру жұмыстары басталды. Олардың мәйітін табу оңай болған жоқ. Тек Сайқын селосының тұрғыны, сол кездегі жан түршігерлік оқиғаға куә болған зейнеткер По­ляк­ованың көмегімен қабір табылды. Аудан­дық партия, кеңес органдары сол жылы қаза тап­қандардың мүрделерін Сайқынның оңтүстік жағына қайта арулап қойды. Олардың рухына арнап ескерткіш орнатылды. Иә, Шоңай стансасына 30-дан астам бом­ба тасталды. 1942 жылдың 6 қазаны күні таңертеңмен 10 дұшпан ұшағы Сайқын стан­са­сына тағы да шүйлікті. Бұл жолы жаудың бом­басы Сталинград қаласынан көшіріліп әкелінген жұмысшылар отбасына түсіпті. Бом­бадан темір жол да бүлініпті. Ол тез арада қалпына келтіріліп, пойыздардың қозғалысы қамтамасыз етілген, – дейді әкім. 1942 жылдың қазан-қараша айларында Жәнібек, Сайқын, Шоңай стансаларына 11 рет жеке-жеке, 22 рет топ-тобымен немістің 138 ұшағы 538 бомба тастаған. Төтенше жағ­дайлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның жасаған актісі бойынша неміс авиация­сының шабуылынан екі ауданның шеккен шығыны 7 161 693 сомды құраған. Ордадан 4613 адам майданға аттанып, оның 3028 оралмай қалған – Жеңістің 65 жылдығы аталып өтіп жатқанда ауданымыздан майданға қанша адам аттанды, олардың қаншасы мерт болды, қаншасы аман оралды деген сұрақ қойсаңыз мен төмендегіше жауап берген болар едім, – деп Рахман Оразұлы әңгіме желісін сабақтады. – Орда ауданынан Орда әскери комис­са­риаты арқылы ұрыс майдандарына 4613 адам аттанса, олардың ішінен майданнан оралмағандары – 3028 адам, ұрыс даласында қаза болғандары – 1408 адам, хабар-ошарсыз кеткендері – 1410 адам, жарақаттан қайтыс болғандары – 206 адам, ал тұтқында көз жұмғаны – 4 адам. 1945 жылдың 24 нау­ры­зында жерлесіміз Темір Масинге Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. 1947 жылы Батыс Қазақстанда қуаңшылық болды. Шілденің ыстық күндерінің бі­рінде шабын­дықта ала­пат өрт шығады. Тайпақ ау­дан­дық партия ком­и­тетінің хат­шысы болып жүрген ке­зінде батыр тілсіз жау­мен арпа­лы­сады. Ол өрт ішінде қалған екі әйелді құт­қарамын деп қатты кү­йік алып, кейін сол жа­рақатынан қайтыс бо­лады. Батырлықтың, ба­тылдықтың, елді сүюдің, адам­ды қадірлеудің, қам­қор болудың, керек болса басты бәйгеге тігу­дің үлгісі осындай-ақ болар. Қазақтың, қазақтың ғана емес-ау, бүкіл Шы­ғыстың жарық жұл­дыз­дары Әлия мен Мәншүк десек, Мәншүк те Ор­даның аруы. Ұлы Отан соғысы бас­талған кезде Мәншүк Мә­метова өз еркімен Қы­зыл әскер қатарына алынып, майдан шебінде таң­даулы пулеметші бол­ғаны тарихтан мәлім. Ержүрек қыз орыстың ежелгі қаласы Невель үшін болған шайқаста өшпес ерлік үлгісін көр­сетіп, көз жұмды. Осы ерлігі үшін 21 жасар Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Ба­тыры атағы берілді. Ба­тыр қыздың туған же­рінде оған ескерткіш ор­на­тылды. Қазір орда­лықтар Мәншүгімен мақтанады. Тағы бір батырымыз – Ахмедияр Хұсайынов. Ол неміс-фашистермен шай­қаста табандылығы, әрі батылдығымен көзге түсіп, майданда ерлік ісімен танылады. Сол ерлік бағаланып, 1943 жылы 1 қарашада қат­ар­дағы жауынгер Ах­мед­ияр Хұсайыновқа Кеңес Одағының Ба­ты­ры атағы берілді. Соғыстан кейін Ахме­дияр ағамыз Қа­зақ­тың Абай атын­дағы пе­да­гогикалық инсти­ту­тын бі­тіріп, бүкіл өмірін ұс­­таздық қызметке арнады. Нарын құмынан қырандай түлеп ұшқан Хиуаз Доспанова Кеңес Ода­ғының Ба­ты­ры ата­ғын ала ал­маса, Тәуелсіз Ота­ны­ның Халық Қа­һар­маны болды. Не­міс­тер “Жез­тыр­нақ­тар” (“Ночные ведьмы”) деп атап кеткен ұшқыш-қыз­дар қатарында жүріп, жау бекіністеріне талай ойран салды. Хиуаз жау шебіне 300-ден астам түнгі әскери жорыққа шыққан екен. Жеңістен соң Отанына оралып, респуб­ли­калық дең­гейде қызмет атқарды. Тәу етер тәуел­сіздікті көріп, омырауына “Ал­тын Жұл­дыз” тақты. Батыр қызға осы атақ лайық дегенді ал­ғаш “Егемен Қа­зақ­стан” газеті, осы жол­дар­дың авторы көтер­генін айта кетсек артықтық етпес. Ұлы Отан соғысы майданындағыдай ерлік еңбек елде де жал­ғас­қанын мына деректер растайды. Аудан бо­йынша 24 адам Социа­лис­тік Еңбек Ері атануы осы сөзімізге дәлел болса керек. Өткен 2009 жылы аудан орталығы Сайқында соғысқа қатысқандарға орна­тыл­ған “Қару аманаты” атты ескерткіш жаңар­тылды. 3 Кеңес Одағының Батыры мен Халық Қаһар­ма­нына бюст қойылды. Сөй­тіп, ескерткіштер кешені жасалды. Аудан әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңға “Тәуелсіздік монументі” салынды. Жоға­ры­да айтқан соғыс кезінде біздің жерімізде қаза тапқан № 196 Гатчинск дивизиясының жауынгерлеріне 1985 жылы орнатылған ескерткіш қайта жөндеуден өтті. Ұлы Же­ңіс­тің 65 жылдығы қарсаңында соғыс ке­зінде аудан орталығы болған, тарихи Ор­дада Отан соғысына аттанған барлық жер­лес­тер­дің есімдері жазылған “Соғысқа қа­тыс­­қан майдангерлер” деген ескерткіш ашылды. –Ардагерлеріміздің жағдайын үнемі назарда ұстап, оларға қамқорлық жасап отырамыз, – дейді әкім. – Соңғы жылдары соғыс ардагерлеріне Орал қаласынан 5 пә­тер, 1 ар­дагерге аудан орталығынан жаңа үй бе­рілді. Олардың шипажайда емделіп, дем­алулары үшін жолдамалар беріліп, сондай-ақ материалдық көмектер көрсетіліп тұрады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауы біздің аудан тұрғындарының тарапынан да зор қолдау тауыпты. Өткен жылы әлемдік дағдарысқа қарамастан, ауда­нымызда халықтың әлеуметтік жағ­да­йын жақсарту мақсатында біраз бағдарламалар жүзеге асырылды. Ауданда ұзындығы 166,8 шақырым Қайрат-Мұ­ратсай-Сайқын-Орда газ құбыры пайдалануға беріліп, жұрт­шылықтың көп жылғы тілегі орындалды. Аудан орталығы Сайқын, Мұратсай және шежірелі Орда округтері көгілдір отынмен қамтылды. “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша аудан орталығында Мұхамед-Салық Бабажанов атындағы 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сайқыннан Шоңай ауылына ұзындығы 30 шақырым жоғары кернеулі электр желісі тартылды. Мәдениет, медицина мекемелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Өткен жылы “Жол картасы” бойынша 176 млн. 703 мың теңге игеріліп, 328 адам жұмыспен қа­м­т­ылды. Үсті­міздегі жылы да “Жол карт­асы” бағ­дар­ламасы бойынша 21 млн. 21 мың теңге қаралып, 195 адам жұмысқа тартылуда. “Таза су” бағдарламасына сәйкес биыл ұзындығы 53 шақырымдық Ақмектеп-Са­рал­жын су құбырын салу жұмысы бас­тал­мақ. Аудан орталығында асфальт жасау зауыты пайдалануға бе­рілді. Сайқын тұрғындарының үйлеріне су тарту жоспарланып отыр. Сол секілді үс­ті­міздегі жылы ұзындығы 34 шақырым бо­ла­тын Бисен ауылына газ құбыры тартылатын болады. Әкім мұнымен қатар, білім беру, меди­ци­на, мәдениет салалары бойынша атқ­а­рыл­ған жұмыстардан да мәліметтер берді. Ал­дағы жылдарда шешімін күтіп тұрған мәселелер де баршылық екен. Атап айт­қанда, жауын-шашынның аз түсуіне бай­ланысты суы кеуіп кетіп, сортаңға айналып бара жатқан 5-6 көлге су жіберу, аудан ор­талығында 280 орындық балабақша салу, т.б Соғыс өртіне шалынып, сұм соғыстың зардабын көзбен көрген қасиетті мекен – Бөкей ордасының жұрты осындай қилы кезеңдерді бастан өткеріп, бүгінгі күнге жетіп отыр. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы.