20 Сәуір, 2010

АПТА АЙШЫҚТАРЫ

610 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ТАПСЫРМАҒА СӘЙКЕС КАДРЛЫҚ АЛМАСУЛАР Өмір ЕСҚАЛИ. Елбасы Н.Назарбаевтың жоғары лауазым иелерін орталық органдарға және өңірлерге ауыстыру туралы тапсырмасына сәйкес Қызылжар өңірінде бірқатар кадрлық өзгерістер болды. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жанболат Смайыловтың Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары болып тағайындалуына орай оның орнын облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Самат Ескендіров басты. М. Жұмабаев ауданының әкімі Айдарбек Сапаров облыс әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары болып бекітілді. Есіл ауданының әкімі Владимир Бубенко ақын атындағы ауданға жетекшілік ететін болды. Премьер-Министр Кеңсесінде ұйымдастыру жұмысы және аумақ­тық даму бөлімінің бас инспекторы болған Асқар Бег­манов Есіл ауданына әкім болып жіберілді. Солтүстік Қазақстан облысы. “АРДАГЕР” ҮГІТ ПОЙЫЗЫ ­ЖОЛ ҮСТІНДЕ Айқын НЕСІПБАЙ. Өндірісті өңірде бұл күнде Жеңістің 65 жылдығына арналған шара­лар көп. Соның бірі “Ардагер” облыстық акциясы бастау алды. Қараған­дыдағы “Мәңгілік алау” ескерткіші алдына жиналған соғыс ардагерлері, әскери бөлім жауынгерлері, Талғат Бигелдинов атындағы республи­калық әскери мектеп оқушылары, жұртшылық өкілдері қалалар мен аудандарды аралауға шыққан “Ардагер” үгіт пойызына сәт сапар тіледі. Құрамына тарихшы ғалымдар, әдебиет пен өнер қайраткерлері қам­тылған керуен аймақ бойынша жол үстінде екі ай болады. Тұр­ғындармен кездесулерде ел өміріндегі елеулі оқиғалар туралы әңгімелер өткізіліп, концерттер қойы­лады. ҚАРАҒАНДЫ. ЕУРОПАЛЫҚ БАНК КӨМЕККЕ КЕЛДІ Жоламан БОШАЛАҚ. Экономикасы өрлеу үстіндегі Маңғыстау өңірінде тағы бір жоба жүзеге асатын болды. Инвестицияны тарта білу белгісі ретінде бұл жол­ғы жоба Ақтауды сумен қамтамасыз ету және су жүйелерін жетіл­діруге арналды. Яғни, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен Еуропа Қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы директоры Майкл Вайнстин әкімдік пен аталмыш банк арасындағы келісім-шартқа қол қойды. Мұндай жеңілдетілген займ түрінде қаржылай көмек көрсету және техникалық жәрдемдесу грантын беру жөніндегі бірлескен мұндай шара Қазақстан бойынша бұл саладағы бірінші жоба делінуде. Сондай-ақ осы жолы қалалық аталмыш кәсіпорын мен банк директорлары да несиелік келісім-шартқа отырды. Ақтау қаласының әкімі Сәлімгерей Бекбергеновтің айтуынша, екі жылда жүзеге асатын жобаның нәтижесінде қала тұрғындары мен меймандары сапалы да таза суды пайдалануға мүмкіндік алмақшы. Маңғыстау облысы. СӘТБАЕВ ОҚУЛАРЫ – ЖАС ҒАЛЫМДАР ОРТАСЫ Фарида БЫҚАЙ. Өткен аптада облыс үшін жақсы жаңалық – ғұлама ғалымға ескерткіш орнатылса, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің студенттері Қаныш ағаларын еске түсіруге арналған жыл сайынғы дәстүрлі ғылыми оқуларына жиналды. Сәтбаев оқулары осымен оныншы рет өтіп отыр. Ғалымның туған күні –12 сәуірге орай ұйымдастырылатын бұл ғылыми-тәжірибелік конференцияға Ресей, Беларусь, Польша, Украина жоғары оқу орындарының студенттері және жергілікті жердегі мектеп оқушылары жазған 200-ге жуық ғылыми жұмыс келіп түсіпті. Бұл – өзге елдер студенттері де Сәтбаевтың ғы­лы­­ми жаңалықтарына қызығушылық танытып, ары қарай дамытуға ұмтылып отыр деген сөз. Осы шара барысында бірнеше ғылыми жазба марапатқа ұсынылды. ПАВЛОДАР. ФУТБОЛ МЕКТЕБІНІҢ МАҚСАТЫ АЙҚЫН Бақберген АМАЛБЕК. Көкшетауда “Оқжетпес” футбол клубының негізінде жаңа балалар-жасөспірімдер мектебі ашылды. Облыс әкімі Сергей Дьяченко салтанатқа жиналғандарды қызу құттықтады. Облыс әкімінің қаулысымен мектеп қарауына бұрынғы “Футбол-хоккей” клубының ғимараты, “Жастар” стадионы берілді. Қазіргі таңда 160 бала (оның ішінде қыздар командасы да бар) 12 жаттықтырушыдан тәлім алуда. Оларға барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Мектептің негізгі мақсаты – бұқаралық спорт түрін жандандырып, “Оқжетпес” футбол клубын талантты жастармен толықтыру. Ақмола облысы. АҚЫННЫҢ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КОНЦЕРТІ Оңдасын ЕЛУБАЙ. Белгілі ақын, Жастар сыйлығының лауреаты, Мәдениет қайраткері Абаш Кәкенов жақында өзінің бір топ өнерпаз достарымен Өскеменде “Қысылғанда қол ұшын бер, ағайын!” атты қайырымдылық концертін ұйымдастырды. Кешті облыстық филармонияның директоры, күміс көмей әнші Кенжеғали Мыржықбай ашып, осындай қиын кезеңде апат аймағындағы ағайындармен бірге екенін, филармония ұжымының бір күндік табыстарын арнайы есеп-шотқа аударғанын хабарлап, жиналғандарды осы акцияға қызу қатысуға шақырды. Алтайдың белгілі әнші, термешілері екі сағат бойы жиналғандарды ән-күймен сусындатты. Бүгінде Абаш бастаған әншілер су басқан аймақтарда тегін концерт беруде. ӨСКЕМЕН. ДІМКӘС БАЛАЛАРҒА ДЕМЕУ БОЛҒАН АКЦИЯ Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе қаласындағы №5 “Жұлдыз” шипажай-балабақшасында туберкулезге қарсы емделіп жатқан балалар үшін “Бөбек” республикалық қорының қайырымдылық акциясы өткізілді. Мұнда осы аурумен ауыратын, осы сырқаттың белгілері бар балаларға Алматы қаласынан 547 келі бал жеткізіліп, қайырымдылық көмек көрсетілді. Араның балы – таптырмас дәрумен. Ол иммунитетті көтереді, туберкулезге қарсы емдік қасиеті жоғары тағам болып табылады. Облыстық балалар құқықтарын қорғау департаменті араның балын “Шағала” шипажайына, №5 “Жұлдыз” шипажай-балабақшасына, Қурайлы мектеп-интернатына, аудандарда орналасқан шипажайларға бөлді. Акция барысында барлығы 949 балаға көмек көрсетілді. “Бөбек” республикалық қорының президенті Сара Назарбаеваның арқасында өткен жеті жылда облысқа 2516 келі бал жеткізіліп, ауру бүлдіршіндердің ас мәзіріне енгізіліпті. Акция барысында ата-аналар, ұстаздар, емделіп жатқан балалар осындай қайырымдылығы үшін Сара Алпысқызына ыстық ықыластарын білдірді. Ақтөбе облысы.