20 Сәуір, 2010

САНИТАРЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ — ҚУАТТЫ БУЫН

669 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Еліміздегі әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық өзгерістер халық ден­сау­лы­ғын қорғау мәселелерінің шеші­луін­де принципті тұрғыда жаңа көз­қарастарды талап ету­де. Мұ­ның негізгі тармақтары­ның бірі санитарлық-эпиде­мио­логиялық саламаттылығымызды қамтамасыз ететін қоғамдық қа­ты­настарды рет­теу үрдісінен кө­рі­ніс береді. Біз, осы орайда, Ақмола облысы бой­ынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиология­лық қадағалау департаментінің директоры, медицина ғылымдарының докторы Қасымжан ТАШМЕТОВТІ әңгімеге тартқан едік. – Елбасымыздың биылғы Жолдауында: “Елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың та­быс­тылығы, ең алдымен, қазақ­стан­дықтардың біліміне, әлеу­мет­тік және дене болмысы, көңіл күйлеріне байланысты”, деген қыс­қа да нұсқа сөздер бар. Бұл кең мағынадағы тазалықты мең­зейді. Әңгімені осыдан өрбітсек деп едім. – Иә, тіршіліктің тұтқасы – тазалық. Бұған кәсіби тұрғыдан қарасақ, біздің қызметімізге жүктелер мәселелер ұшан-теңіз. “Халық денсаулығы және ден­сау­лық сақтау жүйесі туралы” Ко­декстің қабылдануы нақты талаптар қойып отыр. Оның ішін­де қауіпсіз тіршілік ету ор­тасын қамтамасыз етуге қойы­латын санитарлық-эпидемиоло­гия­лық талаптар, санитарлық-ги­гиеналық мониторинг, мемлекет­тік санитарлық-эпидемиоло­гия­лық нормативтерді тұрақтандыру аса маңызды шаруа саналады. – Қасымжан Қалижанұлы, облыстың санитарлық- эпидемио­ло­гиялық ахуалы жайлы айтпас бұрын кадрлар қарымы, жасалып жатқан басқа да қамқорлықтар туралы біліп алғанымыз дұрыс сияқты. – Мемсанэпидқадағалу де­пар­таменті мен оның қалалар мен аудандардағы құрылымдық бөлімшелері және арнайы сарап­тама орталығы, оның өңірдегі 19 филиалы қызметіміздің діңгегі саналады. Саламызда 445 маман болса, оның 149-ы жоғары, 296-сы орта буынды медицина қыз­мет­керлері. Осының тең жар­ты­сының біліктілік санаты бар. Бір­ақ, дәрігер кадрларының жетіс­пеушілігін бастан кешірудеміз. Қазірдің өзінде 30 жоғары білімді маманның орны бос тұр. Биылғы жылдың наурызында Қарағанды мемлекеттік медицина универ­си­тетінің “Бос орын жәрмеңке­сі­не” қатыстық. Осының нәтиже­сінде болашақ 38 дәрігердің же­теуі біз­дің облысымызға келіп, жұмыс істеуге ниет білдірді. Олар­ға тиіс­ті қамқорлық жаса­латын болады. Биыл тұрғындардың са­ни­тарлық қорғалуын қамтамасыз етуге 2 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Аудандық құрылымдардың зертханаларына 28 жаңа жабдық орнатылып, инженерлік желілерге қосылды. Бұл типтік номенклатура көлемін біршама кеңейтуге, анықталатын көрсеткіштер санын ұлғайтуға, зерттеу сапасын арттыруға, тал­дау жасау уақытын қысқартуға мүм­кіндік береді. Сондай-ақ жер­гілікті бюджет қаражаты есе­бінен үш жылжымалы флюро­қон­дырғы сатып алынды. – Енді жоғарыдағы сауалы­мыз­ға көшсек. – Облыстағы ахуал бірқа­лып­ты деуге болады. Мақсатты жұмыстарымыз 14 нозология бой­ынша жұқпалы аурудың дең­гейін төмендетуге және тұрақ­тан­дыруға жағдай туғызды. Облы­сы­мызда туляремияға қатысты қо­лайсыз табиғат аймақтарында орналасқан 52 елді мекен және түйнеме бойынша қолайсыз 221 аймақ қатаң бақылауға алынуы нәтижесінде карантиндік жұқпа­лардың өршуіне жол берілмеді. Туберкулезге қарсы шара­лар­ды жүзеге асыруға 2008 жылы 775,1 мың теңге, 2009 жылы 1086,0 мың теңге жұмсалса, қар­жы­ның көлемі биыл 1124,1 мың теңгеге көбейтілді. Тұрмыстық жағдайы нашар науқастар ем­делуі кезеңіндегі қосымша та­мақ­тануы үшін бөлінген ақша қаражаты 9 миллион теңгеден 11393,5 мың теңгеге, олардың жү­ріп-тұруына арналған төлем­дер 816,7 мың теңгеден 1,5 мил­лион теңгеге дейін ұлғайды. Қайтарым да баршылық. Сыр­қаттар саны былтыр 2008 жыл­мен салыстырғанда 8,5 пайызға, он төрт жастағы бала­лар арасында 19,4 пайызға азай­ды. Соған қарамастан, тубер­ку­лез кеселі өңірімізде респуб­ли­калық деңгейден жоғары болып отырғаны алаңдатады.  Осыған байланысты нақты міндеттер қой­ылып, қолайсыз ортаның төл­құжаты дайындалды. Яғни, тұрғындардың барлығын арнайы тексерістен өткізу, егу кестелері жасалды. Мектепке дейінгі бала­лар мекемелеріндегі 32 сана­то­риялық топты тәуліктік жұмыс тәр­тібіне көшіру мәселесі қарас­тырылуда. – Облыста халық денсаулы­ғы­на әсер ететін факторлар бой­ын­ша қандай жұмыстар атқа­рылуда? – Фактор да көп, жұмыс та көп. Мен толғандырып отырған мәселелерге ғана тоқталайын. Облыста су жүйесіне қосылмаған мектептер бар, олардың басым бөлігінде дәретханалар, су се­без­гілері орнатылмаған. Целиноград ауданындағы 44 мектептің 18-інде, Астрахан ауданындағы – 4, Қорғалжын ауданындағы – 2 мек­тепте ғана ыстық тамақ ұй­ым­дастырылған. Оның үстіне, мек­тептердің 72 пайызында медпункттің жұмыс істеуі уақыт талабын көтермейді. Жалпы халық саны 15 мыңға жуықтайтын 33 елді мекен ауыз суды тасып ішеді. Бұл бағыттағы іс биыл жандана түспек. Қол­да­ны­лып жатқан шаралардың нә­тижесінде жыл аяғына дейін 63 елді мекеннің ауыз сумен қам­та­масыз етілуі жақсаратын болады. Облыстық департамент тара­пынан жыл ішінде 11828 нысан тексеріліп, бірқатар санитарлық заңнама бұзушылық көріністері анықталды. Осыған байланысты 25,9 миллион теңге айыппұл са­лынып, 43 нысанның жұмысы тоқтатылса, 549 қызметкер жұ­мы­сынан шеттетілді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.