Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер халық денсаулығын қорғау мәселелерінің шешілуінде принципті тұрғыда жаңа көзқарастарды талап етуде. Мұның негізгі тармақтарының бірі санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығымызды қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастарды реттеу үрдісінен көрініс береді. Біз, осы орайда, Ақмола облысы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры, медицина ғылымдарының докторы Қасымжан ТАШМЕТОВТІ әңгімеге тартқан едік.
– Елбасымыздың биылғы Жолдауында: “Елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың біліміне, әлеуметтік және дене болмысы, көңіл күйлеріне байланысты”, деген қысқа да нұсқа сөздер бар. Бұл кең мағынадағы тазалықты меңзейді. Әңгімені осыдан өрбітсек деп едім.
– Иә, тіршіліктің тұтқасы – тазалық. Бұған кәсіби тұрғыдан қарасақ, біздің қызметімізге жүктелер мәселелер ұшан-теңіз. “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Кодекстің қабылдануы нақты талаптар қойып отыр. Оның ішінде қауіпсіз тіршілік ету ортасын қамтамасыз етуге қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар, санитарлық-гигиеналық мониторинг, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық нормативтерді тұрақтандыру аса маңызды шаруа саналады.
– Қасымжан Қалижанұлы, облыстың санитарлық- эпидемиологиялық ахуалы жайлы айтпас бұрын кадрлар қарымы, жасалып жатқан басқа да қамқорлықтар туралы біліп алғанымыз дұрыс сияқты.
– Мемсанэпидқадағалу департаменті мен оның қалалар мен аудандардағы құрылымдық бөлімшелері және арнайы сараптама орталығы, оның өңірдегі 19 филиалы қызметіміздің діңгегі саналады. Саламызда 445 маман болса, оның 149-ы жоғары, 296-сы орта буынды медицина қызметкерлері. Осының тең жартысының біліктілік санаты бар. Бірақ, дәрігер кадрларының жетіспеушілігін бастан кешірудеміз. Қазірдің өзінде 30 жоғары білімді маманның орны бос тұр. Биылғы жылдың наурызында Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің “Бос орын жәрмеңкесіне” қатыстық. Осының нәтижесінде болашақ 38 дәрігердің жетеуі біздің облысымызға келіп, жұмыс істеуге ниет білдірді. Оларға тиісті қамқорлық жасалатын болады.
Биыл тұрғындардың санитарлық қорғалуын қамтамасыз етуге 2 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Аудандық құрылымдардың зертханаларына 28 жаңа жабдық орнатылып, инженерлік желілерге қосылды. Бұл типтік номенклатура көлемін біршама кеңейтуге, анықталатын көрсеткіштер санын ұлғайтуға, зерттеу сапасын арттыруға, талдау жасау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты есебінен үш жылжымалы флюроқондырғы сатып алынды.
– Енді жоғарыдағы сауалымызға көшсек.
– Облыстағы ахуал бірқалыпты деуге болады. Мақсатты жұмыстарымыз 14 нозология бойынша жұқпалы аурудың деңгейін төмендетуге және тұрақтандыруға жағдай туғызды. Облысымызда туляремияға қатысты қолайсыз табиғат аймақтарында орналасқан 52 елді мекен және түйнеме бойынша қолайсыз 221 аймақ қатаң бақылауға алынуы нәтижесінде карантиндік жұқпалардың өршуіне жол берілмеді.
Туберкулезге қарсы шараларды жүзеге асыруға 2008 жылы 775,1 мың теңге, 2009 жылы 1086,0 мың теңге жұмсалса, қаржының көлемі биыл 1124,1 мың теңгеге көбейтілді. Тұрмыстық жағдайы нашар науқастар емделуі кезеңіндегі қосымша тамақтануы үшін бөлінген ақша қаражаты 9 миллион теңгеден 11393,5 мың теңгеге, олардың жүріп-тұруына арналған төлемдер 816,7 мың теңгеден 1,5 миллион теңгеге дейін ұлғайды.
Қайтарым да баршылық. Сырқаттар саны былтыр 2008 жылмен салыстырғанда 8,5 пайызға, он төрт жастағы балалар арасында 19,4 пайызға азайды. Соған қарамастан, туберкулез кеселі өңірімізде республикалық деңгейден жоғары болып отырғаны алаңдатады. Осыған байланысты нақты міндеттер қойылып, қолайсыз ортаның төлқұжаты дайындалды. Яғни, тұрғындардың барлығын арнайы тексерістен өткізу, егу кестелері жасалды. Мектепке дейінгі балалар мекемелеріндегі 32 санаториялық топты тәуліктік жұмыс тәртібіне көшіру мәселесі қарастырылуда.
– Облыста халық денсаулығына әсер ететін факторлар бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– Фактор да көп, жұмыс та көп. Мен толғандырып отырған мәселелерге ғана тоқталайын. Облыста су жүйесіне қосылмаған мектептер бар, олардың басым бөлігінде дәретханалар, су себезгілері орнатылмаған. Целиноград ауданындағы 44 мектептің 18-інде, Астрахан ауданындағы – 4, Қорғалжын ауданындағы – 2 мектепте ғана ыстық тамақ ұйымдастырылған. Оның үстіне, мектептердің 72 пайызында медпункттің жұмыс істеуі уақыт талабын көтермейді.
Жалпы халық саны 15 мыңға жуықтайтын 33 елді мекен ауыз суды тасып ішеді. Бұл бағыттағы іс биыл жандана түспек. Қолданылып жатқан шаралардың нәтижесінде жыл аяғына дейін 63 елді мекеннің ауыз сумен қамтамасыз етілуі жақсаратын болады.
Облыстық департамент тарапынан жыл ішінде 11828 нысан тексеріліп, бірқатар санитарлық заңнама бұзушылық көріністері анықталды. Осыған байланысты 25,9 миллион теңге айыппұл салынып, 43 нысанның жұмысы тоқтатылса, 549 қызметкер жұмысынан шеттетілді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы.