Германияның биліктегі Христиан-демократиялық одағы жұма-сенбі күндері жиын өткізіп, жаңа жетекшіні таңдады. Виртуалды жиын нәтижесі бойынша, партия жетекшілігіне Армин Лашет сайланды. Ендігі кезекте халықты Солтүстік Рейн-Вестфалия федералды жерінің премьер-министрі, 59 жастағы саясаткердің канцлер лауазымына келер-келмесі алаңдатады.
Лашеттің кандидатурасына жиынға қатысқан 991 саясаткердің 521-і қолдап дауыс берді.
Партия басшылығына үміткерлер қатарында Фридрих Мерц те болды. Ол 466 дауыс жинады. Үшінші үміткер Норберт Реттген екінші кезеңге өте алмады.
Бұл таңдаудың тартысты болғаны сөзсіз. Өйткені Ангела Меркель кезекті сайлаудан кейін үкімет басшылығын да босататынын хабарлаған-ды. Кезекті сайлау деп отырғаны 2021 жылдың 26 қыркүйегіне жоспарланған парламент сайлауы еді.
Партия басшылығына тағайындалған Лашет құттықтау сөзінде Христиан-демократиялық одағы мен олардың әріптесі Христиан-әлеуметтік одағының бірлігі нығая түсіп, серіктестігін алға жетелеу жолында қызмет ететінін хабарлады. «Алдағы сайлауда канцлер дәл осы одақтан таңдалуы үшін көп еңбек ету қажет. Мен екі одақ жұмысы мен бірлігінің ілгерілеуі үшін жұмыс істеймін», деді партияның жаңа басшысы.
Германия саясаткерлері Лашеттің Меркель саясатын одан әрі жалғастырады деген пікірін айтады. Өйткені ол да Меркель сияқты тың әрі мұқият адам.
2018 жылы да сайлауға кандидатурасын ұсынып, жеңіліс тапқан Мерц биыл тағы бағын сынады. Екінші айналымға өткенімен Лашеттен аз дауыс жинап, партия басшылығынан құр қалды.
Неміс саясаткерлері, әлеуметтанушылар мен басылымдары бірнеше айдан бері партияға жаңа әрі жас басшы керек екенін айтып келген-ді. Олар Маркус Зедердің бұл лауазымға таптырмас адам екенін алға тартты. Олардың ойынша, бавариялық Христиан-әлеуметтік одағының көшбасшысы коронавируспен күрес кезінде қажырлы еңбек етіп, пандемия уақытында халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына көп еңбек сіңірген. Осылайша, ол Германиядағы танымал саясаткерлердің біріне айналды.
Осы орайда Германиядағы Infratest орталығы халық арасында сауалдама жүргізіп, келешек канцлер туралы болжам жасады. Сауалдамаға қатысқандардың 55 пайызы Зедерді құп көрсе, 35 пайызы Мерцті, 34 пайызы Реттгенді таңдаған. Ал партияның жаңа басшысы Лашетке небәрі 27 пайыз адам сенім артқан.
Негізі Зедердің жеңіске жетуі әбден мүмкін таңдаған. Өйткені осы тартысқа түскен саясаткерлердің барлығы ол туралы жақсы пікірде. Дегенмен канцлер Ангела Меркельдің бұл мәселедегі ойы әзірге белгісіз.
Партия басшысы Армин Лашет те Зедердің кандидатурасына қатысты ойланып көру керек екенін айтты. Ал Зедердің өзі бұл сұраққа нақты жауап бермей, қазірде ол үшін бавариялық үкіметтің жұмысы бірінші орында екенін мәлімдеді.
Нақты шешім айтуға әлі ерте. Өйткені жоғарыда жазғанымыздай, ХДО қыркүйекке жоспарланған сайлауда да осы орнын сақтап қалуы керек. Дегенмен сауалдама нәтижесіне қарасақ, халықтың партияға көзқарасы оң секілді.
Биылғы жиын пандемияға орай ерекше өтті. Партия басшысын сайлау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы айналымда партия мүшелері әріптестеріне компьютерден онлайн режімде дауыс берсе, екінші кезеңде пошта арқылы дауыс жиналды. Бұл күмән тудырмас үшін таңдалған тәсіл болатын. Саясаткерлер жиын үрдісіне еш талас тудырған жоқ.