Қоғам • 20 Қаңтар, 2021

Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған алматылық 4 жылға сотталды

292 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласында астыртын ойынхана қызметін ұйымдастырушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz Қаржы мониторингі комитетінің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне сілтеме жасап.

Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған алматылық 4 жылға сотталды

Тергеу барысында Алматы қаласының тұрғыны заңсыз ойын бизнесін ашып, оның қызметін ұйымдастыру арқылы 31,1 млн теңге көлемінде заңсыз табыс тапқандығы дәлелденді.

ҚР «Ойын бизнесі туралы» заңының 6-бабы 2-бөлігіне сәйкес, Қазақстан территориясында электронды және интернет ойынхана қызметіне рұқсат етілмейді. Алайда алматылық азамат 4 ойын терминалын және 52 компьютерлік техниканы орнату арқылы, құмар ойындарын, яғни электронды ойынхана қызметін ұйымдастырып келген-ді.

Сот үкімімен ойынхананы ұйымдастырушы Қылмыстық кодекстің 307-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.