15 Желтоқсан, 2013

Есте қалар елеулі күндер

931 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Иә, өмір сабағында есте қалар жайттар аз емес. Жаныңа ерекше әсер еткен өмірдің кейбір сындарлы сәттерін мәңгілік ұмыта алмайтының рас. Мұның бәрі Қазақ еліне Алланың берген баға жетпес сыйы –Тәуелсіздігіміздің тартқан тартулары деп білемін.

Иә, өмір сабағында есте қалар жайттар аз емес. Жаныңа ерекше әсер еткен өмірдің кейбір сындарлы сәттерін мәңгілік ұмыта алмайтының рас. Мұның бәрі Қазақ еліне Алланың берген баға жетпес сыйы –Тәуелсіздігіміздің тартқан тартулары деп білемін.

Франкфурттегі кездесу

1996 жылдың қазаны. Белгілі қайраткер Қаратай Тұрысов бастаған бір топ қазақстандық бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаттары арнайы сапармен Англияға бардық. Ол жақтағы халық қалаулыларымен, заң жұмыстарымен таныстық. Қайтатын мезгіл де жетті. Лондоннан Германияға, яғни, Франкфуртке жеттік, енді осы жерден Алматыға ұшпақпыз.

Әуежайға келіп, құжаттарымызды тіркетіп, заттарымызды тексерттік. Барлығымыздың елге апара жатқан сәлем-сауқатымыз да жоқ емес. Сөйтсек, Лондоннан сатып алған заттарымызды елге алып кетуге рұқсат бере­­тін қағазды алмаған екенбіз. Оны кім білген? Әуежайдың кедендік қызметі бар­лығын тәркілеп алды. Толықтау келген неміс кеденшісінің беті қалың, түрі мұз. Ешқай­сымыз да неміс тілін білмейміз. Көңіл-күйіміз түсіп кетсе де, енді ештеңе жасауға болмайтынын мойынсұнып ұшаққа отыратын сәтті күтіп, жайғасып жатырмыз.

Сол сәтте досым әрі жерлесім Ерғали Бөлегенов (бүгінде Қазақстанның Беларусь мемлекетіндегі Төтенше және өкілетті елшісі) бірден:

– Мен ана немісті танимын, – деп айтып қалғаны.

– Танығаны несі, Ерғали, біз Шымкентте емес, Германияда жүрміз ғой? – деп мен күлдім.

Біраз уақыттан кейін жан-жағыма қарасам, Ерғали жоқ. Жүгіре басып артынан барсам, ол әлгі неміс тұрған жаққа бара жатыр екен.

– Қайда барасың? Қайтесің сол немісті? Бәрібір ештеңе істей алмаймыз енді... – деп Ерғалиға енді жете бергенім сол еді, ол:

– Е-е, мен сені танимын ғой! – деді дауысы шығып.

Күтпеген жерден:

– Қайдан? – деген дауысқа екеуміз жалт қарадық. Сұрақ қойып тұрған әлгі еңгезердей, депутаттардың заттарын алып қойған кеденші, түрі мұз неміс екен. Қатты таңғалғаным соншалық:

– Сен қайдан білесің қазақ тілін? – деп сұрадым.

– Мен Қазақстанда тұрғанмын, екі жыл бұрын көшіп келдім, – демесі бар ма әлгі немістің. Екеуміз де:

– Қазақстанның қай жерінде тұрдың? – деп тәптіштеп сұрап жатырмыз.

Сөйтсек, ол қазақтың қалың ортасы – Жетісайда өскен, шынымен біздің Шымкент жақтың немісі екен. Кейін Германияға анасымен көшіп келіпті. Орыс, қазақ тілдерін білгеннен кейін ТМД елдерінің ұшақтары ұшатын жағына қызметке қойылыпты. Осында жұмыс істейтініне бір жылдай болған екен.

– Бауырым, қазақтың мына сөзін білесің бе? «Өзің су ішкен құдығыңа түкірме» деген.

Мен қатты айтуыма тура келді.

– Иә, аға, кешіріңіз...

Бағанағы немістің мұзы еріген. Жылы жымиысы қосылып, екі беті қызара түсті.Басын төмен қаратып: «Аға, кешіріңізші», – дей береді.

Жаңағы неміс отандасымды қолтықтап алып, Қаратай ағам мен бір топ әріптестерім отырған жерге алып келдім. Қашанда жайдары тіл қататын Қаратай ағам:

– Әкім, мынауың кім? – деді.

– Қаратай аға! Сіздерге мына жігіт бір ауыз сөз айтамын дейді, – дедім.

– Не айтпақшы екен?

Сонда кеденші жігіт:

– Ағалар, кешіріңіздерші! Бір қателік кетті. Мен қазақ халқының нанын жеп өскен азаматпын. Заттарыңыздың бәрін қайта­рып беремін, – деді. Таза қазақ тілінде. Депутат­тардың барлығы аң-таң, туған-туысқа деген базарлықтарын алып мәз-мейрам болып қалды.

Өмірдің өзі қызық. Қалай дегенімізбен, «тау мен тау емес, адам мен адам кездеседі» ғой. Қазақ елінен көрген жақсылығын осылай өтеген, жат елде кездесіп, жан жылуын ұсынған неміс азаматының бейнесі есімде сақталып қалыпты. Қайран, қазақтың дарқан даласы талайларға құшағыңды ашып, көзден аққан талай жастың жұбатушысы болдың емес пе? Сенің киең мен қадір-қасиетің қаншама ұлттың өкілдерінің жүректерін шабыттандырып, оның бақытқа бастаушысы болды емес пе!

Сонау Германияда да неміс кеденшісінің өзін қазақша сөйлеткен де, халқымның алдында басын идірген де, елімді шүбәсіз сүйдірген де сенің шексіз махаббатыңның арқасы, қазағым!

«Қай жобаны таңдаймыз?»

1997 жылы 14 мамыр сындарлы сәт еді. Сынға түсу қашанда оңай емесі анық. 4 ай бойғы талқылаудан кейін Мәжілісте мен ұсынған «Халықтың көші-қоны туралы» және Үкімет ұсынған «Көші-қон туралы» заң жобалары қатар қаралды. Өйткені, екеуінің біреуі ғана таңдалмақ. Қайсысы елімізге керек? 20 министр қол қойған Үкімет жобасы ма? Әлде ауылдан шыққан Әкім Ысқақ жобасы ма? Кімді де болса толғандырған осы сұрақ. Депутаттар қай заң жобасын қолдаса, сол жоба өтпек. Таңдалған жобамен Парламент әрі қарай жұмысын жалғастырмақ. Бірақ Үкімет жобасында шикіліктер көп. Онда негізінен отандастар жағдайы қарастырылған. Бұған Қазақстанда туған өзге ұлттың өкілдерінің бәрі жатады. Сондай-ақ Отанға оралушы жергілікті ұлт өкілдері мен босқындар мәртебесін біріктіріп жіберген. Егер бұл заң жобасы қабылдана қалса, Қазақ елі босқындар еліне айналмақ. Бәрінен де сорақысы – елімізден көшіп кетушілер ғана республикалық бюджеттен қаржыландырылмақ. Ал бізге көшіп келетіндерді жергілікті жерге сілтей салған.Сонда Қазақстанға көшіп келетіндер кімдер? Көшіп кететіндер кімдер? Бұл көзі қарақты жандарға түсінікті. Жаның ауыра ма, жоқ па? Қаның қайнай ма, қайнамай ма? Міне, осыдан соң ғана амалсыз балама жоба ұсынғанмын.

Алғашқы сөз кезегі әдеттегідей Үкімет атынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Н.Коржоваға берілді. Ол белгілі, жұртқа жақсы таныс ресми тілде сөйледі. Біздің заң жобамызды «өздерінше атаған баламасымақ» деп кекетіп те өтті.Үкіметтік жобада барлық ұлттың жағдайы қарастырылғанын тілге тиек етті. Осынау сөздерді естігенде, шыдамсызданып отырдым.

Сөз кезегі маған тигенде асыққаным соншалық, баяндамамды ұмытып, құстай ұшып, мінберге қалай жеткенімді білмедім. Өмірдің өткелінде тарыдай шашылып кеткен қандас бауырларымыздың жүрек шырылы мен жан дауысы жаныма маза бермей, сергелдең күйде жүрген кезім еді. Асыл арманды арқалап, елге жете алмай жүрген қандастарымның ақ пейілінің көмегі болар, «ұлтшылсың» дегенге жеткен ханымның іс-әрекеті де намысымды қамшылады. Бабалар аманаты – қазағымның жоғын жоқтап, қарапайым әрі киелі тілін қорғау да парызым еді. «Е, Алла, бір өзің қолдай гөр», деп іштей өзімді қайрай түстім. Ешқандай қағазға қарамай, тоқтамай сөйледім. Сөйлеп жатқан шерменде болып қатқан жүрегім еді... Мен үшін шеттегі қандастарым өз туған жерінен алшақтап, бөгде елде жүрсе де, бүкіл қазақтың қазақи болмысы мен ана тілін бабалар аманатындай қорғап, ана әлдиіндей баға жетпес байлыққа балаған асыл жандар. Өзге халықтың әнұранын тыңдап өссе де, ұрпағына ұлт тәлімін сіңірген бауырларымыз олар. Желмен тербелген шөбінің сылдырынан қобыздың үнін ұлт сағынышындай ұғынған аяулы алтын ағайындарым ғой, менің!

 Түйінді сөзімде:

 Ар жетім болар егер де,

 Арыңды біреу лайласа.

 Бақ жетім болар егер де,

 Бағыңды біреу байласа...

 Сөз жетім болар егер де,

 Сөзіңе ешкім нанбаса,

 Көз жетім болар егер де,

 Көз қырын ешкім салмаса.

 Сыр жетім болар егер де,

 Сырласар досың болмаса.

 Қыр жетім болар егер де,

 Қырларға гүлдер толмаса.

 Көл жетім болар егер де,

 Аққу-қаздар қонбаса,

 Адам жетім болар егер де,

 Өз Отаны болмаса,

 Қазақ жетім болар егер де,

 Өз перзенттері болмаса,.. – дедім.

Бір қарасам... залдағы депутаттардың бәрі көздеріне жас алуда. Сөйтсем, өзімнің көзімнен жас парлап тұр екен! Қызу талқылау басталды. Ана тілімде сөйлесем де әріптестеріме жүрек сөзімді жеткізе біліппін. Дауыс беру нәтижесінде... маған үш-ақ дауыс қарсы беріліп, өзгелері қолдады.

Мәжіліс Төрағасы Марат Оспанов: «Бұл күн – тарихи оқиға, бұдан былай бұл заң Әкім Ысқақтың заңы деп аталады», – деп бағалап, сонау төрдегі орнынан түсіп келіп, артта отырған менің қолымды алып, бүкіл депутаттардың көзінше ақ тілегін жеткізді.

Түсіне білген жанға мұның өзі үлкен жеңіс еді! Мұны  бабалар рухының қолдауы деп білдім.

«Күте тұрыңыз...»

Тұңғыш қазақ тіліндегі «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның қабылданған кезі. 1998 жылы Американың Қазақстандағы елшісі Элизабет Джонс демократияға үлес қосқан депутат ретінде мені Америка Құрама Штаттарына шақырды. Ондағы мақсат сол алып елдің заңдарымен танысу, ондағы асырап алған балалардың тағдырына көңіл бөлу еді.

Сонымен, шағын қазақстандық делегация­ның жетекшісі болып жолға шықтым (Топ құрамында Білім министрлігінің жауапты қызметкері Шолпан Сайпена, «Жұма-пят­ница» газетінің бас редакторы Светлана Синицкая бар). Вашингтон, Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Детройт, Неаполис сияқты бірнеше қаланы араладық.

Бес-алты штатта кездесулерімнің бәрінде тек өз ана тілімде сөйледім. Ол егемендігіне енді ғана қол жеткізген жаңа Қазақстанның мем­лекеттік тілін ұғынсын, менің ана тіліме құрметпен қарасын деген ізгі ниет еді. Мен қазақ тілінде сөйлеймін. Шолпан оны орыс тіліне аударады. Ал америкалық тілмаш оны ағылшын тіліне аударады. Және керісінше, америкалықтар сөзін аудармашы орыс тіліне, оны Шолпан апайымыз қазақша тәржімалап жүрді.

Лос-Анджелестегі мына оқиға естен шықпайды. Кезекті басқосудың соңында біздің құрметімізге бір беделді компанияның президенті (аты-жөнін ұмыттым, әйел кісі) дастарқан жайды. Кенет әңгіме үстінде:

– Ысқақ мырза, сіз ағылшын тілін білесіз бе? – деп сұрады.

 Сол сәтте еш кідірместен:

– Ал сіз қазақ тілін білесіз бе? – деп қарсы сұрақты қойып қалдым. Өйткені, әркімге өз тілі қымбат емес пе?! Әлгі кісі сасқалақтай бас­тады. Ойланыңқырап біраз отырды. Мұндай сұрақты күтпегені рас еді. Мен де ішімнен ыңғайсызданып тұрмын. «Ағылшын тілі мен қазақ тілін тең қойғаным қалай болды?». Алпауыт елдің жаңадан егемендігін алған жас мемлекеттің тіліне де құрметпен қарасын деген ой мазалап, мені жеңіп кеткен кезі еді.

Артынша америкалық ханым:

– Қазақ тілінде тек бір ауыз сөз білемін, – деп орнынан асықпай тұрды.

Мына сөзді естіген соң мендегі мазасыздық тіпті күшейді.«Қазір әлгі кісі қазақ тілі деп Азияның бір тілін қойып қала ма екен» деген күдігім де бар.

– Қазақ тілінде тек бір ауыз сөз білемін, – деп қайталады ол. Демін ішке тартты да: «Күте тұрыңыз...», «Күте тұрыңыз...», – деп айна-қатесіз таза қазақ тілінде айтты. Содан алдындағы су толы стақанды ұстап:

– Қазақ халқы үшін көтеремін, – деді.

Менің жан дүниеме бір жақсылық нұр сепкендей қуанышқа кенелдім. Сол сәт үнсіз қалғым келмей орнымнан атып тұрдым:

– Мен де ағылшынша бір-ақ ауыз сөз білемін. «Сэнкь ю». Мен де америкалықтар үшін көтеремін, – дедім.

 Рюмкамды сол кісімен соғыстырдым.

Сонау мұхиттың арғы жағындағы қалада үлкен беделді компанияның басшысының таза қазақ тіліндегі бір ауыз сөзі мені қанат­тандырды, шын мәнінде сүйсіндірді. Көкейімде кептеліп қалған сұрақтарға мүмкіндік бердім.

– Бұрын Қазақстанда болып па едіңіз?

– Жоқ!

– Қазақстанда таныстарыңыз бар ма?

– Жоқ!

– Онда бұл сөзді қалай үйрендіңіз?

– Иә, Қазақстанда болып көрмеппін, бірде сырттай білетін Алматы деген қалаларыңызға жұмыс бабымен телефон соғуыма тура келді. Тұтқаның ар жағынан автоматты түрде қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде «күте тұрыңыз» деген сөзді естідім. Тез арада әлгі сөзді бір керегі болар деп блокнотыма жазып алдым. Содан есімде сақтап, бір керегіме жаратамын деген ойда жүрдім. Міне, сол сөзді сіздің алдыңызда бірінші рет жеткізіп отырмын, – деді ол.

Бір-бірімізге деген ыстық ықылас пен жылы жүздесу нұр сыйлап, дастарқан үстінде ұзақ әңгімелестік. Мұхиттың ар жағындағы бөтен елде өмір сүріп, Қазақстан жеріне бір рет болсын аяқ баспаған өзге ұлт өкілінің ана тілімде айтқан бір ауыз сөзі жанымды тебірентіп, жүрегіме жылу ұялатты. Елге, туған жерге деген шалқар сағынышымды еселеді. Бәлкім, ана тілдің, кіндігім байланған қасиетті жердің өзіне жіпсіз байлаған құдіреті осы болар, бәлкім!

Қазақы Настя

Армысың қазағымның бағына біткен, Баянтауым менің!

...Баянауыл атауы жөнінде ел ішінде тараған аңыздар көп. Қазақтың маңдайына біткен ғұлама ғалымы Шоқан Уәлихановтың зерттеуіне сүйенсек, моңғол тілінен аударғанда «Баян» – молшылық, «Ола» – тау деген мағына білдіреді екен. Яғни, бұл ырыс пен бақ дарыған берекелі мекен, молшылық тауы дегенді аңғартса керек.

Тау баласын тау шыңдайды ғой. Көркіне көз тоймас осынау киелі жердің тағы бір ерекшелігі – қаймағы бұзылмаған қазақилығы дер едім.

Баян жеріне барған сапарымда сол кездегі аудан әкімі, қағылез жан Қорабай Шәкіровке соққаным бар. Қабылдау бөлмесінің есігін ашып кіре бере, бұрышта отырған өзі сары, көзі көк хатшы қызға үйреншікті әдетпен:

– Здравствуйте! – деп сәлем бердім.

Орнынан күлімсірей көтерілген қыпша бел, сүйкімді қыз:

– Сәлеметсіз бе, аға? – деп сызыла үн қатты.

Сол сәт осы бір жауап маған әлемдегі ең әдемі сөздей әсер қалдырды. Себебі, аудан әкімінің кіреберісінен қарсы алған қазақи жылылық жан дүниемді шуаққа бөледі. Сонда мен кеңес дәуірінен бері көп өңірлерде қалыптасып қалған ресми орысшаның бұл елде дәурен құрып тұрмағанына көзімді анық жеткіздім.

Қазақи әдептілік, қарапайымдылық өн бойы­нан ескен қыздың аты Настя екен.

– Аға, қазір жиналыс болып жатыр, бес-он минөтте бітеді, шай іше отырыңыз, – деді ол тағы да. 

– Рахмет, айналайын! Қазақ тілін қалай үйрендің? – деп сұрадым.

– Аға! Қазақ елінде өмір сүріп, қазақша білмегеніміз ұят емес пе?! Шынымды айтсам, менің жаным қазақ болып кеткен, – деп жауап қайтарды хатшы қыз.

Мінезі де жайдары, ашық. Жауабы да жарасымды. Іңкәр көңілмен ізет білдірген арудың жүзінен ертедегі асыл аналарымыздың бейнесі елес бергендей болды. Күлімсіреген көк көздерінен қазақи тәрбиенің тағылымы мен тәлімі ұшқын атып тұрды.

Бұл жайт баяғы Мәшһүр Жүсіптің баласы жоқ орыс досына ішірткі беріп, перзентті болған оқиғасын еске түсірді. Бірнеше жылдан кейін сағым далада қой жайып жүрген өзі сары, көзі көк баладан:

– Кімнің баласысың? – дегенде:

– Мәшһүр Жүсіптің баласымын! – деп жауап қатады.

– Оның мұндай баласы жоқ еді ғой?

– Ол кісінің Құдайдан сұрап алған перзенттерінің бірімін! – деп түрі өзге жанның таза қазақша сайрай жөнелгені ойға оралады.

Айтқандай-ақ, қазақтың тілін, дәстүрін меңгерген сол Настямыз кейіннен қазақ жігітіне тұрмысқа шығыпты.

Осыдан кейін бұл сайын даланы қалай киелі демессің?! Міне, Баянауылдың өнегелі қасиеті.

Әкім ЫСҚАҚ,

бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.