Спорт • 27 Қаңтар, 2021

«Даңқың қайда төске өрлеген?..»

796 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Бәрі күні кешегідей көз алдымызда. Ауыр атлетикадан Қазақстанның ұлттық құрама командасы қандай жарысқа қатысса да, әркез алдыңғы лектен көрінді. Отандық зілтеміршілер Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарынан бастап, өзге де байрақты бәсекелерде түрлі-түсті жүлделерді «күреп» алып, командалық есепте үнемі үздік үштіктің қатарында жүрді. Жеңістен соң жеңіс! Рекордтан кейін рекорд! Дәл сол кездері күллі әлем жанкүйерлері бізге қызыға да, қызғана қарайтын. Қазір соның барлығы келмеске кеткендей...

«Даңқың қайда төске өрлеген?..»

Қазақстан ауыр атлетикасында бұрындары да жеңіспен өрілген жақсы дәстүрдің болғанын ешкім жоққа шығармайды. Кеңес Одағы тұсында Юрий Зайцев, Виктор Мазин, Анатолий Храпатый Олимпиада чемпионы атанса, Степан Ульянов, Владимир Дрекселер, Василий Мажейков, Сергей Копытов, Евгений Сыпко және тағы басқа саңлақтар көптеген дүбірлі додаларда дараланды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1996 жылы Атлантада алауы тұтанған Олимпия ойындарында Храпатый күміс медальді мойнына ілді. Атбасардың алыбы шау тартып қалған тұста жеңіспен өрілген дәстүр үзілгендей болды. Олай деуге негіз, 1997-2003 жылдар аралығында жерлестерміз өздері қатысқан жарыстардың барлығынан құр қол қайтып жүрді. Атап айтсақ, Сидней Олимпиадасы (2000 жыл) мен Чианг-Май (1997 жыл), Лахти (1998 жыл), Пирей (1999 жыл), Анталия (2001), Варшава (2002 жыл) және Ванкуверде (2003 жыл) ұйымдастырылған әлем чемпионаттарында біздің зіл­те­міршілерге бірде-бір жүлде бұйырмады.

Ұзақ жылдар бойы респуб­ликалық ауыр атлетика федерациясын басқарған Қайрат Тұр­лыханов сол бір құлдырау кезеңін былай деп еске алған еді: – Даңқты Храпатыйдың дәуірі өткеннен кейін өз отандас­тарымыздың арасынан біразға дейін әлемдік деңгейдегі жарыстарда олжа салуға жарайтын жастар шықпады. 2000 жы­лы Сидней Олимпиадасынан Қазақстан ауыр атлеттерінің қор­жыны бос қайтты. Бұл жағдай сол кездегі Туризм және спорт агент­тігінің төрағасы Дәулет Тұр­лыхановты қатты мазалады. Ол Юрий Зайцевтан бастау алатын, араға жылдар салып Виктор Мазин мен Анатолий Храпатый жалғастырған жеңісті дәстүрдің күрт үзілгеніне күйінді. Бір күні Дәулет Болатұлы осы сала тіз­гінін ұстау жайында маған ұсы­ныс жасады. Алғашында біраз кібіртіктегенім рас. Өйткені бұл мен үшін таңсық өнер. Бірақ бауырым қиылып сұрағаннан кейін сөзін жерге тастай алмадым. Сөй­тіп 2001 жылы федерация бас­шылығына келдім. Келген бетте іске бел шеше кірістім. Әр облыстағы жағдайға қанықтым. Бап­керлер мен спортшылардың мұң-мұқ­тажын тыңдадым. Осы­лайша, ауыр ат­ле­тиканың ой­дағыдай дамуына ке­дергі кел­тіріп отырған көптеген проб­лема­ның барын аңғардым. Көбісі қара­жат мәселесіне келіп тіреледі. Соны оңды шешуге тырыстым. Алайда «іс бірден өрге домалады» деп айта алмаймын. Ең бір қиын шақтарды еске алсам, 2003 жылы Канаданың Ванкувер қаласында өткен әлем чемпионаты ойға ора­­лады. Аталмыш жарысқа Қа­зақ­станнан 15 атлет барып, бар­­лығы ойсырай ұтылды. Жүл­делі орын былай тұрсын, сол жолы сарапқа салынған Афины Олимпиадасының бірде-бір жолдама­сына иелік ете алмадық. Мұхиттың арғы жағына барып тұрып, Қазақстанның көк бай­рағын желбірете алмаға­нымызға күйіндім. Келген бетте барлық мәселені ой елегінен өткізіп, ақыл таразысына салдық. Әр өңір мамандарының басын қосып, оларға ортақ мақсатқа жету үшін бірлесіп әрекет ету қажеттігін әрқайсысына тәпіштеп тұрып түсіндірдім.

1

Иә, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бірлесіп істе­ген жұмыс өз жемісін берді. Қысқа ғана мерзім ара­лығында Қазақстан ауыр атлетикасы аяғынан тік әрі нық тұрды. 2004 жылы Афины Олимпиадасында Сергей Филимонов күміс медаль­ді мойнына ілді. Ол тек түр­кия­лық Танер Сағырдан ғана қа­лып қойды. Сол кездері Туризм және спорт агенттігінің төрағасы Дәулет Тұрлыхановқа Сағырдың жеке жаттықтырушысы Энвер Түркілериді Қазақстанға шақыр­ту жайында ой келді. Кезінде Болгария мен Түркия ауыр атлетикасын өрге сүйреп, бір шо­ғыр жұл­дызды үлкен аренаға шығарған даңқты бапкер біраз ойлана-толғана келе өз келісімін берді.

Энвер Түркілеридің келуімен отандық зілтеміршілеріміз бұ­рын-соңды болмаған толағай та­бысқа қол жеткізе бастады. 2005 және 2006 жылдардағы әлем чемпионаттарында Илья Ильин бас жүлдені олжалады. Сыр бойы сайыпқыранының арқасында командалық есепте Қазақстан үздік бестіктің қа­та­­рынан көрінді. 2008 жылы Бей­жің Олимпиадасында Ильин ал­тын алса, Анна Важенина мен Ирина Некрасова күміспен күп­­телді. Мария Грабовецкая қолаға қол созды. Кейіннен 75 кило салмақта топ жарған спорт­­шының допинг қолданғаны анық­­талып, Важе­нинаның күмісі ал­тынға айналды. Жалпы есепте Қазақстан үшінші тұғырға жай­ғасты.

2009 жылы Кояндағы әлем чем­пио­натында Зүлфия Чин­шанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова және Вла­димир Седов қарсылас шақ келтір­месе, Владимир Кузнецов үшінші орынды еншіледі. Бейресми командалық сайыста Қазақстан екінші орынды олжалады. 2010 жылы Анталияда Манеза мен Подобедова алтыннан алқа та­ғынды. 2011 жылы Па­рижде Чиншанло мен Ильин топ жарса, Манеза мен Подобедова екінші сатыға табан тіреді. Түркия мен Франциядағы жарыста Қазақ елі құрамасы үздік үштікті қо­рытындылады.

2012 жылы Лондон Олим­пиада­сы­ның алауы тұтанды. Ғаламдық додада Қазақстан құ­ра­масы айды аспанға шыға­рып, Тұманды Альбион елінде әнұра­нымызды төрт мәрте шыр­­қат­ты. Чиншанло, Манеза, Подобедова және Ильин алдары­на жан салмаса, Анна Нұрмұ­хамбетова қола медальді кеуде­сінде жарқыратты. Алыстағы ағыл­шындар елінде төрт бірдей өреніміз жеңіс тұғырының ең биік сатысына бірінен кейін бірі көтеріліп жатқан кезде қуан­баған жанкүйер жоқ-ау, сірә! Баршамыздың абыройымыз артып, рухымыз асқақтады! Ал ең бастысы, командалық есепте екінші сатыға тұрақ­тадық. Алдымызда – тек Қытай.

1

2013 жылы Вроцлавтағы дүние­жүзілік додада Алмас Өте­шов күміс, Владимир Седов қола медальді иемденді. 2014 жылы Алматыдағы Балуан Шо­лақ атындағы спорт сарайында жалауы желбіреген жарыс­та жерлестеріміз жасындай жар­қырады. Зүлфия Чиншанло, Илья Ильин және Жасұлан Қыдырбаев теңдессіз деп танылса, Жазира Жап­парқұл мен Владимир Седов күміс, ал Кирилл Павлов қоланы қоржынға салды. Қазақстан құра­масы жалпы есепте тағы да екінші орынды иеленді.

Сөз орайы келгенде, 2001-2014 жылдар аралығында респуб­ликалық ауыр атлетика федера­циясының тізгінін Қайрат Тұр­лыхановтың ұстағанын айта кеткен абзал. Айтулы азамат бас­шылық жаса­ған кезде Қазақ­стан құрамасы әлемдегі ең үздік командалар санатына еркін енді. Дүбірлі додаларда үнемі үздік үштік­тің қатарынан көрініп жүр­ді. Сол уақыт аралығында отан­дастарымыз Олим­пия ойын­дарында 6 алтын, 2 күміс және 2 қоланы олжаласа, әлем чемпио­натта­рында 13 алтын, 5 күміс және 3 қоланы иеленді. Оның сыртында Азия ойын­дары мен чемпионаты және тағы басқа ха­­лықаралық додалар бар. Соның бар­лы­ғынан қоржын толып қай­татын. Міне, осы кезеңді «Қазақ­стан ауыр атлети­ка­сының алтын дәуірі» деп атауға толық негіз бар.

Толағайларымыздың дәуірі жүріп тұрған кезде Қайрат Тұр­лы­хановтың: «Соңғы жыл­дары біз әлемдік және құрлық­тық деңгейдегі додаларда тек Қытай құрамасынан қалып келеміз. Өз­гелері артымыздан сы­ға­­лап қалды. Расында да, бү­гінгі таңда төрткүл дүние­де қазақ­­­стандық зілтеміршілермен те­ңесе алатын командалар санаулы. Осы деңгейге жету үшін отандастарымызға көп еңбек­тенуге, ізденуге тура келді. Бір ғана мысал. Қытайдың 1,5 миллиард­тан аса тұрғыны бар. Қолда бар мәліметтерге сенсек, Қытай елінде 18 миллион адам тұрақты түрде ауыр атлетикамен айналысады. Ал біздің халықтың саны 18 миллион шамасында. Соған қарамастан Қазақстан қытайларға әжептәуір қарсы­лық көрсетуде. Бұл – өте керемет көр­сеткіш! Бұрындары біз осындай ғала­мат нәтижеге қол жеткізген емес едік. Тек соңғы төрт-бес жыл аралы­ғында ғана сілкініс бай­қалды. Дәп қазір мүйіз­дері қа­рағайдай мемлекеттердің өзде­рі Қазақстанның ауыр атлеттерінен қаймы­ғады», деп тебірене сөйлегені есімізде.

2015 жылы да жерлесте­рі­міздің жеңіс жолы жалғасты. Хьюстондағы әлем чемпионатында Нижат Рагимов пен Александр Зайчиков топ жарса, Жазира Жаппарқұл – күміс, Светлана Подобедова қола медальді ен­шіледі. Міне, содан кейін Қазақ­станның ауыр атлеттерінің басына қара бұлт үйірілді. Қыр-соңымыздан қалмаған WADA (Допингке қарсы кү­рес агенттігі) әуелі жастар буыны өкіл­­­деріне килікті. Көп ұзамай атақты спорт­­шыларымызға тіс батыра бас­тады. Олардың барлығына «рұқсат етіл­ме­ген дәрі-дәрмек пай­даланды» деген айып тағыл­ды. Нәтижесінде, Илья Ильин, Зүл­фия Чиншанло, Майя Мане­за, Свет­лана Подобедова, Ирина Некрасова және Мария Грабо­вец­кая Бейжің мен Лон­дон Олим­пиадаларында олжалаған жүлделерінен айрылды. Әлем чемпионаттарында толық медальдар жиынтығына иелік еткен Владимир Седовтың қоржыны әп-сәтте босады. Тіптен ол құр­лықтық додаларда жеңіп алған жүлделерінен қағылды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, дәп қазір Седовтың Қазақстан чемпионы дегеннен басқа еш атағы жоқ.

2016 жылы Рио Олимпиа­дасында атой салады деп үміт­тенген Алмас Өтешов пен Жас­ұлан Қыдырбаевқа да құзырлы органдар қатаң үкім шығарды. Екеуі де 2015 жылы Хьюстонда жеңіп алған жүлделерінен айырылды. Ол кезде Өтешов – күміс, ал Қыдырбаев қола медальді еншілеген еді. Күллі қазақ жан­күйері қос қандасымыздың Олим­пия ойындарының жеңіс тұғырында марқайып тұрған сәтін көруді армандады. Егер тарихқа жүгінсек, соған дейін Алаштың бірде-бір азаматының төртжылдықтың басты додасында қанжығасы майланған жоқ еді. Сол көшті Алмас пен Жасұлан бастайды деп үміттендік. Бірақ оларға ондай бақыт бұйырмады. Екеуінің де бағын байлаған WADА. Айтулы зілтеміршілер түрлі мерзімге үлкен спорттан шет­тетілгеннен кейін үлкен спорт­тан қол үзуді жөн көрді.

1

Жоғарыда айтылған жайсыз жағ­дайлар Қазақстан құрама­сын қатты әлсіретті. 2016 жылы Рио-де-Жанейроға барамыз деп жұлқынып тұрған зілтемір­шілеріміз төртжылдықтың басты додасынан шет қалып, олардың орнын өзге өрендер басты. Десек те мықты бапкерлік мектептің қалыптасуы және дарынды жас­тардың көптігі өз жемісін берді. Бразилияда жерлестеріміз өз жан­күйерлерін жерге қаратқан жоқ. Олимпия ойындарында отандастарымыз 1 алтын, 1 күміс және 4 қола медальді олжалады. Атап айтсақ, Нижат Рагимов – бірінші, Жазира Жаппарқұл – екінші, Карина Горичева, Фархат Харки, Денис Уланов және Александр Зайчиков үшінші сатыларға табан тіреді.

1

Әрине, бұл өте жақсы көр­сеткіш. Бірақ әлі де арқаны кең­ге салуға болмайды. Құрығы ұзын WADA Қазақстанға қайта қырғидай тиюді көздеп отыр. Олай деуге негіз, күні кеше ғана олар Нижат Рагимовқа «допингке қарсы күрес ере­желерін бұзды» деген айып тағып, оны жа­рыстардан уақытша шеттетті. Енді тергеу мен тексеру жұмыстары басталады. Егер күдік расталса, Рагимов біраз жүл­десінен айырылады. Ал одан кейін Жаппарқұл мен Горичеваға, Харки мен Улановқа немесе Зайчиковке кезектің кел­месіне кім кепіл? Ертеңгі күні WADA «олар да допинг қол­данды» деп жер-жаһанға жар салса, еш таңданбаймыз. Оған көзіміз әлдеқашан жеткен.

Қазіргі кезде ауыр атлеттері­міздің жағдайы мәз емес. Жасы­ратыны жоқ, көрсеткішіміз жыл­дан-жылға нашарлап келеді. Мәселен, соңғы екі әлем чемпионатында бар-жоғы үш жүлдеге ғана қолымыз жетті. Атап айтсақ, 2018 жылы Ашхабадта Арли Чонтей мен Надежда Лихачева және 2019 жылы Паттайяда Игорь Сон жүлдегерлер қатарына қосылды. Бар табысымыз осымен ғана шектеледі. Ал бұрын қандай едік?!

1

Биыл Токиода алауы тұтана­тын Олимпия ойындарына Қазақ­станнан екі спортшы ғана қатыса алады. Допинг дауына байланысты біздің елге осындай шектеу қойылып отыр. Олардың жүлде алуы я алмауы неғайбыл. Өйт­кені қазіргі кезде команда қатты әлсі­реген. Сақа спортшылар бірінен кейін бірі қудалануда. Жастардың әлі қанаттары қатая қойған жоқ. Әрине, осындай мораль­дық және психологиялық тұрғы­дан өте қиын жағдайға тап болып отыр­ған зілтеміршілерден дәп қазір оңды нәтиже күту қисынсыз. Бұл жағ­дай спорт тізгінін ұстап отырған аза­маттарға ой салуға тиіс. Ең бірінші кезекте команда арасындағы ішкі ахуал­ды дұрыстау қажет. Екіншіден, ХОК, WADA, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы секілді белді ұйымдармен қарым-қатынасты дипломатиялық тұр­ғыдан ретке келтіру керек. Тек сонда ғана талай күрделі мәселе өз шешімін тауып, іс оңға басады. Ал егер дәл осылай жалғаса беретін болса, онда кезінде даңқы төске өрлеген Қазақстан ауыр атлетикасы құрдымға кететіні даусыз. Ал біз қазақстандық зілте­міршілердің дүниежүзілік додаларда еліміздің Әнұранын шырқатып, көк Туын көкте желбіреткенін қалаймыз.

Соңғы жаңалықтар