Мұқағали Зейнолла екеуі сырт киімдерін шешіп, кіреберістегі киімілгішке іліп жатыр екен. Қызулау көрінді.
– Жеңеше, сәлеметсіз бе? – деп, жымиып қана, сыпайы амандасты Зейнолла. Қысылып тұрған жайы бар.
– Саламат па, қайным, кел, төрлет, – деді Лашын, ықыласын білдіріп.
– Лыкен, сен бүгін қандай күн екенін білесің бе? – деп сұрады Мұқағали, Зейнолланың иығына қолын салып тұрып.
– Бүгін бейсенбі, 10 ақпан, кеше, сәрсенбінің сәтті күні, сенің туған күнің болатын, – деді Лашын, күле сөйлеп.
– Жоқ, қымбаттым, сен білмейсің. Кеше менің туған күнім болса, бүгін мына ініңнің туған күні. Бұл інің осыдан 34 жыл бұрын Гурьев облысының Теңіз ауданында дүниеге шыр етіп келген екен. Біз соны тойлап келеміз...
– Ә, солай ма?.. Туған күнің құтты болсын, Зейнолла!..
Лашын Зейнолланың қолын қысты да, бастырмалата жөнелді: «Интернациональныйда көрші боп тұрғанда араласып тұрушы едік. Келін қалай, аман ба? Бала бар ма? – деп сұрап, оның жауабын күтпестен, Мұқағалиға иегін қақты. – Мұқаш, қонағыңды төр бөлмеге апарсаңшы, мен ас қамдай берейін...»
Сырттағы аяздан кейін бе, үйдің іші ыстық көрінді. Мұқағали Зейнолланы төр бөлмеге кіргізіп жатып: «Зейін бауырым, сен екеуміз бір күнде тудық десек болады. Демек, түйдей құрдаспыз. Кел, дамбалдан басқаны сыпырып тастап, ойхой, шіркін, Шалкөде жайлауының шалғынында шалқайып отырғандай жайбарақат отырайық бір!» – деді, шалқи сөйлеп. Сөйтті де, өзі бастап шешініп, киімдерін бір бұрышқа атып ұрды. Төрге шығып, малдас құрып отырды да, насыбай атты. Зейнолла көйлегін ғана шешіп, мәйкішең оның қасына жайғасты.
– Мұқа, сенің денең массажға сұранып тұр екен, массаж жасап берейін бе? – деп сұрады Зейнолла Мұқағалидың жонына зер салып.
– Бәтшағар, ондай да өнерің бар ма еді? – Мұқағали оған сынай қарады.
– Өй, Мұқа, мен біраздан бері оған да машықтанып алғам, – Зейнолла сендіре сөйледі. – Массаждың пайдасы көп қой. Құрысқан-бырысқан жерлерді жазып, жиналған майды үзіп тұрған абзал...
– Ә, дабай онда, жасап бер, қарап отырғанша. Ет піскенше қайда әлі?..
– Ет піскенше ме? Е, олай болса, Мұқа, әкел қолды, соған дейін уқалаймын, тек соған шыдап бақ. Келістік пе?
– Е, шыдамайтындай несі бар, қызталақ?!.
Зейнолла кірісіп кетті. Алдымен Мұқағалидың бойын үйретіп, еті қызғанша жәйімен сипалай бастады.
– Мұқа, осы бар ғой, жұрт екеумізді момын көреді, ә? Үндемесең, басыңа да шығып алады, тәйірі!.. Анабір жолы редакциядағы тышқанның айғырындай болған даукес ақынмен сенің өлеңдеріңе байланысты сөзге келіп қалдым. Мені поэзиядан түк хабары жоқтай көреді, соған жыным келгені. Тіпті қоймағасын, ашуға басып, Махамбеттің мақамына салдым.
Бас сүйегіңді саудыратып,
Каска етсем деп едім,
Бет теріңді сыпырып ап,
Маска етсем деп едім.
Кеңірдегіңді суырып ап,
Шләнгі етсем деп едім,
Құлағыңды жұлып ап,
Ләңгі етсем деп едім!
– деп, төгіп салып едім, ашулы адам емес, айбарлы арыстан көргендей көзі бақырайып, жым болды...
Мұқағали етбетінен жатқан күйі, бүкіл денесімен селкілдей күлді. «Әй, қатырыпсың, қызталақ!..» – деді, даусы құмығып шығып.
Әлгінде ішкен сыраның буынан ба, екпінді қимылдан ба, Зейнолланың арқасы жіпси бастады. Мәйкісін де шешуге тура келді.
– Е-е, Мұқа, сен біле бермейсің ғой, мен сені ылғи да қорғап жүремін. Өтіп кеткен дүние, ендігі жасыратын не бар, тағы бір оқиғаны айтайын. Бұрнағы жылдары «Қазақ әдебиетінде» сенің бір топ өлеңің жарияланып еді ғой. Соның ішінде «Дәриға-ай! Жұртым маған бір ат берсе» деп басталатын өлеңің жоғарыдағы басшыларға ұнамай қалып, аяғы дау-дамайға айналғанын өзің білесің. Олар сенің «ат» дегеніңді «тақ» деп түсініп, қарадай шошынып, шоршып түскен еді. Содан өз көлеңкесінен өздері қорқатын олар сенің сыртыңнан қуған-сүргін ұйымдастырмақ болды.
Бір күні одақ басшысы шақырып алды.
– Мына өлеңді оқыдың ба? – деді, алдында жатқан газетті нұсқап.
– Оқыдым, – дедім жайбарақат, не айтқысы келетінін бірден ұқсам да.
– Қалай екен? – деп сұрап қояды ол да, мені сынағандай.
– Жақсы өлең, – дедім, міз бақпай.
– І-і, – деді ол, ыңыранып. – Сен де Мақатаевтың ауылынан боп шықтың ба? Ондайыңды қой, сен бала! Басбұзарға ерем деп омақаса құлауың оп-оңай. Одан да өлеңді қайта-қайта оқып, жақсылап ойланып кел. Біз оны бюроға саламыз...
Сын секциясында менен басқа да адамдар бар ғой. Бірақ жас қой деп, момын деп, мені әдейі таңдап отырғандарын көрмейсің бе? Оның үстіне, кандидаттығымды қорғағалы жүрген едім.
Бастық мен үшін ауыр тапсырма берді. Не істеуім керек? Досымды сатуға арым жібермейді. Ақыры, күрес жолына түсіп, сені қалай да қорғап қалуға бекіндім. Түні бойы ойлап, бюро талқылауына түсетін пікірімді негіздедім. «Аталмыш өлеңдегі «ат» ұғымы «ақындық пырақ» ұғымын білдіреді» дегенді дәлелдеуім керек, қайтсе де...
Бюроға Жұбан мен Қабдыкәрім қатысты. Мінезі ауыр Жұбан үндемей отырды. Ақкөңіл Қабдыкәрім Әди жағында, болса да. Ал айтысайық. Әрине, басшыларға керегі басқа ой – сенің өлеңіңді өлтіре сынап, іске алғысыз ету.
Әдекең тықсырып бара жатқан соң турасына көштім. «Әдеке, бұл өлең – ақынның жан айқайы. Ақынды жазғыру – адалдықты жазғыру», – деп едім, партизандығынан гөрі жазушылығы бел алып кетті ме, Әдекең кәдімгідей басылып қалды. Әбжыланның сумаңдаған басын қайтарғандай боп, «үһ» деп, іштей қуанып тұрғанымда, Қабдыкәрім шықты бір бүйірден. Оған да басу айттым. «Қабеке, – дедім, – Мұқағали өзіңіздің замандасыңыз емес пе? Замандастардың бірін-бірі жыққаны – заманды жыққаны. Сынамақ бар да, мінемек бар. Сынау қиын, мінеу оңай ғой қашанда». Обалы не керек, ол да басын шұлғып, үндемей отырып қалды. Сонымен, бюро бітті. «Жарайды, әзірге боссыңдар» деген Әдекеңнің жоғарыға не деп рапорт бергенін бір құдайым біледі...
Мұқағалиға массаж ауырлау тисе де, Зейнолланың сөзін бөлмей, шыдап жата берген. Әңгіменің арасында оны қоштағандай боп: «Е-е... ы-ы... і-і...» – деп, дауыс шығарып қояды. Зейнолла сөзін аяқтағанда: «Әй, өлтірдің-ау, қызталақ!» – деді еріксіз...
* * *
Ас үстінде Зейнолла сөзін жалғады.
– Мұқа, сол оқиғаның немен тынғанын өзің де білесің. Нығмет пен Жұмабай орындарын босатты. Нығмет оқытушылыққа ауысты, Жұмабай баспаға кетті. Жұмекеңе обал болды, тіпті. Қара өгіз секілді ауыртпалықтың бәрін қыңқ демей көтеріп жүре береді байғұс...
– Иә, өзі көп сөзге жоқ, сондай биязы кісі, – деп қоштады Мұқағали. –Кісіге жақсылық істесе, соны ешкімге білдірмейтін. Менің бір білерім – марқұм Төлеген сонау Сарыағаштан Алматыға көшіп келгенде, алғашқыда осы Жұмабайдың үйін паналаған...
– Жеңешем де біле отырсын, сөз жазушы, драматург Жұмабай Тәшенов туралы, – деп қосып қойды Зейнолла. – Әмина Өмiрзақова ойнаған «Ана туралы аңыз» фильмінің сценарийін жазған осы Жұмабай ағамыз болатын. Сацкий деген қосалқы авторы – орта жолдан қосылған біреу. Айтайын дегенім, осы аты аңызға айналған фильм 1965 жылы Лениндiк сыйлыққа ұсынылып еді ғой. Бірақ арызқойлардың кесірінен өтпей қалды. Келесі жылы Мемлекеттік сыйлыққа Әмина апамыз ілікті де, Жұмекең сыйлықтан қағылды. Біреулер оны тізімнен сызып тастапты. Бұл оған ауыр соққы болып тиді. Инфаркт алып, алты ай бойы емделді...
– Қазақтың күндестігі қалмайды осы, – деді Лашын, өктем үнмен. – Біреу көзге түссе болды, соның жолына кедергі қойып, аяқтан шалып бағады. Бұның барып тұрған қиянат екені, жалғыз дарын емес, оның отбасы да запа шегетіні ойларына келмейді.
– Өнердегі күндестік, бақталастық тек қазақтың ғана қанына біткен қасиет емес қой, бүткіл адамзат баласы осы ауруға шалдыққан, – деді Мұқағали ойлы түрде. – Моцартқа у беріп өлтіргенде, Сальеридің ішін көреалмаушылықтың, қызғаныштың қызыл иті тырналаған жоқ па?..
– Мұқа, менің ойымша, бұл жерде тым тереңге барып, дарындар мен данышпандар туралы сөз қозғау қажет емес, – деп күлді Зейнолла. – Кәдімгі қазақтың «байдың асын байғұс қызғаныпты» деңгейіндегі әңгіме ғой. «Сыйлықты мен емес, бөтен біреу алатын болды» деген іштарлықтан туындайтын қасірет бұл. Мемлекет сыйлық тағайындарда өнердегі дені сау бәсекелестікті ынталандырғысы келеді. Ал, ол, керісінше, адамдар арасындағы бақталастықты, күндестікті тудырып отыр. Керек пе осы?..
Лашын келіспеген сыңай танытты:
– Сонда не, өнер адамдары өз еңбегінің жемісін көрмеуі керек пе? Олардың бала-шағасын кім асырайды екен?..
Зейнолла екі қолын жайып:
– Жеңеше, қаламақы жүйесінен ешкім бас тартып отырған жоқ қой, – деп ақтала сөйледі. – Мен әншейін мемлекет сыйлығы туралы өз ойымды ғана білдіріп отырмын...
– Әй, Лашын-ай, жоқ жерден адамды састырасың!.. Сорпаңнан құйып бер одан да, – деп күлді Мұқағали. – Зейнолланың ойы дұрыс. Шынтуайтына келгенде, өнер адамы сыйлыққа бола емес, халық үшін қызмет етуі тиіс. Хас өнер дүниеге солай келеді...
Зейнолла кетерінде Мұқағалиға қарап, қулана жымиды. «Мұқа, массаж жасап беріп тұрайын. Денедегі мына майларды кетіру керек», – деп, ақырын ғана бүйірінен түрткен болды. Ол жорта ыршып түсті. «Өй, қой, қызталақ! Массажды жеңешеңнің өзі-ақ жасап береді», – деп, қызарақтай күліп, ат-тонын ала қашты.
Лашын Зейноллаға түйіншек ұстатып еді, ол «түу, жеңеше, оны қайтем?» деп азарда-безер болды. «Қайным-ау, «қуыс үйден құр шықпа» деген. Қолымды кері итерме, жаман ырым», – дегенде барып, әрең алды.
* * *
Мұқағали түн ортасынан ауғанда жазу үстеліне отырып, Зейнолланың айтқан әңгімесін ой елегінен өткізді.
«Зейін бауырымның Нығмет пен Жұмабайдың қызметтен қуылуын тек менің өлеңіммен байланыстыруы дұрыс па? Меніңше, бұл мәселеге тереңірек зер сала қарау керек сияқты...
Өз долбарымша, оларды кетіру бұрыннан ойластырылған әрекет болса керек. Басшылар газет саясатын «теріс» жүргізіп отырған редакторды орнынан алудың жолын іздеп отырғанда, «сыныққа сылтау» табыла кеткен...
«Идеологиялық майдан» дейміз ғой. Біздегі майданның түрі осы. Әлдекімдердің бақай есебі болудан аспайды...
Әдебиетімізді арамшөптерден тазартатын күн туар ма екен?! Қайдам?! Осы күнгі әдебиет – нағыз таланттардың әдебиеті емес, пысықтардың, жерлестер мен достардың, жағымпаздар мен қорқақтардың шатпағы...
Мен кейде дүмбілездердің әдебиетке қандай жолмен келгенін, кімнің бақшасында өскенін, кімнің қанаты астында қатайғанын, оның қамқоры кім екені, бүкіл кезген жолын зерттегім келеді. Бірақ оған уақытым жоқ...»
Күнделігін қолына алып, соңғы жазбаларына үңілді. Бір жерінде Ромен Ролланның сөзін келтіріпті: «Нападая на продажных французов, я защищаю Францию». Кейіпкері Жан-Кристофтың аузына салған сөз ғой.
«Сатқын француздар... Ал біздің «идеологиялық майданда» кімнің сатқын екенін итім біліп пе? Беттеріне данышпандардың маскасын киіп алған «өңшең қиқым». Түсінуден қалдық, түге... «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім. Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма», – дейді Абай. Бірақ Абекең оқымаған надандардың арасында ғұмыр кешті ғой. Біз болсақ, оқыған надандардың заманында өмір сүрудеміз. Осы оқыған надандарың оқымаған надандардан қауіптірек. Өйткені бұларың көрсоқыр, көркөкірек болса да, қулығына құрық бойламайтын қу, айлакер. Бұлар өз мүддесін бәрінен жоғары қойып, қара басының қамы үшін бәрін де сатып жіберуге даяр...»
Мұқағали жазу үстелінің үстіндегі Абайдың мүсініне қарады.
«Кеше туған күніме әйелім мен балаларым тарту етті. Жақсылықтың нышаны болғай. 41-ге келдім. Публицист, философ Абайдың жасына. Жаратқан ием маған Жамбылдың жасын емес, Абайдың жасын берсе де, жетер. Оған дейін халқыма барымды беріп үлгеруім керек...»
Асығу керек,
Асығу керек,
Асығу керек, асығу!
Алдыңда – биік асуың.
Асығу керек,
жылдамдығындай сәуленің,
Артыңа тастап
найзағайлардың жасынын!
Асығу керек,
Тындыру керек барлығын.
Ешкімнің күтпей жарлығын!
Апармай кешке, асығу керек,
асығу,
Түстегі ісіңнің қалдығын!
...Қайран күндерім,
Асықпай қамсыз өткердім.
ақымақтығымды,
Апыр-ау, немен шектермін?!
Қолымнан келсе,
Қыста егін салуға әзірмін,
Келуін күтпей көктемнің.
Қолымнан келсе,
Уақыт деген өлшемді,
Жоқ қылып мүлде көрсем бір.
Қолымнан келсе,
Ойымның жылдамдығындай,
Жарықтың дағы тездігін
тежеп,
Жеңсем бір.
Асығу керек,
Асығу керек, қалайда!
Уақыт саған қарай ма?!
Асығу керек,
Асығып жеткен арманның
Әппақ сәулесі,
Түссін де тұрсын самайға...
* * *
Мұқағали кабинетті іштен кілттеп алып, жазуға кіріскен еді, біреу телефон соқты. Даусынан Шәмші екенін таныды.
– Бәтшағар, қайда жүрсің, көрінбей кеттің ғой? – деп қарқылдай күлді.
– Мұқаш, мен мына Зейнолла екеуің сияқты алтын торда қамалған қыран құс емес, еркіндікте сайрап жүрген сандуғашпын ғой, – деп әзілдеді ол. – Зейнолла бауырымды жаңа қызметімен құттықтауға арнайы келген едім. Зейноллаға жолығып, жаурап жүрген жанымды жылытып алып, кетіп бара жатырмын...
– Өй, сөз-ақ болсын, Шәке! Еркіндікте сайрап жүрген сандуғаш болсаң, жаның неге жаурайды, қызталақ?!
– Заманның қысы күшті боп тұр ғой, Мұқа. Телефонмен айтатын әңгіме емес, бір кездескенде, ағытылармын. Өзіңе телефонмен болса да, бір сәлем беріп қояйын деп едім, амандығымды білдіріп. Қалай өздерің амансыңдар ма? Лашынға сәлем айтып, балалардың бетінен сүйіп қой. Айтқандай, Жұмекен Мәскеуден хабарласып, бәріңе дұғай-дұғай сәлемін жеткізуімді өтінген. Бәрі дұрыс, оқуы орынша екен...
– Рахмет, Шәке, саламатта болсын Жұмкең. Өзің жүрген жеріңде дүйім жұртқа менен де сәлем жеткізгейсің...
– Жұмекеннің маған айтқан әзілі: «Ішкеннің бәрі Шәмші емес, Шәмшінің бәрі әнші емес». Мұқа, құй сен, құй сенбе, енді мен «таздан тарақ, Шәмшіден арақ қалған заман» деген тәмсілді айтқызуды аңсап жүрмін...
– Қызталақ, атамыздан қалған ас дейсің бе, арақ ішуді қойғың келсе, бір күні қоярсың. Сол немеңді сиреттім мен де...
Шәмшімен тілдескеннен кейін шабыты келді ме, алаңсыз жазуға кірісті. Әлдекімдердің есікті қағып, тұтқасын жұлып алардай жұлқылап кеткеніне де назар аударған жоқ. Ымырт жабылып, бөлме ішін қараңғы басқанын аңғарғанда барып, басын көтерді...
Түн ортасында жазу үстеліне отырып, күнделігін қолына алды.
«Ақпанның 5-інен 15-іне дейінгі 10 күнде 27 өлең... Міне, бүгін 29-ы, ақпан айы да аяқталды. Есептеп қарасам, бар-жоғы 60 өлең шығарыппын. Бұл ай жақсы болды мен үшін. Баяндамаға кіріссем бе екен, өлеңді қоя тұрып. Әлде жиынды сәуірге созуға әрекет жасасам ба?..
Байқа! Жалған айтпа! Есіңде болсын, ақылгөйсіме! Есте ұста: сен ешкім емессің! Сен – ақынсың. Абстракцияның анасы – образ. Поэзияға керегі образ ба, ой ма? Ой! Образ – ойдың тұрлаусыз мүшесі. Өлеңнің де...
Биыл – кібісе жылы. Марқұм апам «кібісе жыл кіді мінез көрсетеді» дегенді айтып отырушы еді. Жақсылық болғай!..»
Әлдеқалай ойына «Қайғы бар қайтқан құстың қанатында...» деген жыр жолы келді. «Кейін бір пайдаланармын» деп, күнделігіне түртіп қойды...
* * *
Мұқағали Зейнолланы алыстан-ақ байқады. Ол да бұны бақылап тұрса керек, қарсы жүрді. Мұқағали оған жақындай бере, құшағын жайды: «Зейін бауырым, ара-тұра телефонмен сөйлескеніміз болмаса, көріспегелі біраз болды, ә, бәтшағар?..» Амандық-саулық сұрасқаннан кейін Зейнолла: «Мұқа, парктің ішіне кірмей-ақ, ешкімнің көзіне түспей, өзен жағалап, жоғары өрлей жүрейік», – деді.
«Пәлі, көктем де келіп жетіпті-ау», – деді Мұқағали, жан-жаққа көз тастап. «Иә, жер көгеріп, теректер тегіс жапырақ жайып үлгеріпті», – деп, Зейнолла да айналаға таңдана қарады. Шамалы жүргеннен кейін: «Мұқа, «Алмас қылыш» туралы рецензиямды оқыған шығарсың?» – деп сұрады.
– Оқыдым, әрине. Өзім де сол туралы ақылдасқың келетінін сезіп келе жатырмын...
– Олай болса, бұлталақтамай, турасын айтайын. Түсінер бір адам болса, Мұқаң болар деп, соның жай-жапсарын өзіңе айтайын деп едім. Ақталу емес, ақтарылу. Біреулердің аузынан өсек естігенше, өз аузымнан шындықты естісін дегенім. Ең алдымен, бұл мақаланың ешкімнің тапсырысы емес екенін бірден айта кетейін. Екіншіден, Есенберлинді бір тұқыртып, одан әлдеқалай өш алу да ойымда болған жоқ. Ондай күпіршілікке бармайтынымды білесің ғой. О баста сырттай солай көрінуі де мүмкін екенін ойладым. Өйткені қисыны соған келіп тұрғандай. «Одақтағы сын секциясынан кетірген соң бұл ешкімнің тісі батпайтын азулы басылымға барып ап, істеп жүрген иттігі» деп ойлайтындар табылады. Ойлау аз, ертеңгүні өсекті өршітіп, талайымыздың арамызға өрт қояды әлі. «Тапсырыс берушілерді» іздейді, тіпті, қара да тұр. Бір ұшын саған да жалғап қоюы мүмкін. Бәрі мүмкін, Мұқа...
– Мен оған таңғалмаймын, бауырым. Бәле іздейтіндер, жала жабатындар көбейді ғой. Саусағыңды шошайтып көрсетсең болды, бәлесін жапсыра салады, қызталақ!..
– Ілекеңнің «Қаһар» романын дұрыс қабылдадық, рас. Оның да бір қайнауы ішінде кеткен. Өйткені, асығыс жазылған дүние еді. Ал асығыс тірлік орға жығады. Жалпы, жазушының идеясы дұрыс. Бірақ идея үшін көркем шындықты құрбан етуге бола ма? Байқап отырсақ, бұл нашар үрдіске айналып барады екен. Әдебиетте тарихи шындықтан көркем шындық биіктеу тұруы тиіс. Менің айтпағым осы. Менікі мінеу емес, сынау. Бізге жалаң ақылгөйсімей, ет-жүрегі елжірей, жаны ашып, анық та нақты сөйлейтін сын ауадай қажет. Әдебиетіміздің жетекші бір ұйымдастырушы, демеуші күші, ұйытқысы бола аларлық сын керек. Нақты бір туындыларды әділ бағалап, әдебиет бағытын, беталысын дұрыс пайымдай білу үшін керек. Сын дегенде талдау, екшеу, негіздеу тереңдігі жағынан келмей, тек сынау тұрғысында жадағай түйсінетін ұғымның шеңберінде қалуға тағы болмайды...
– Зейнол, мен сені бір кісідей түсінемін. Өз басымнан дәл осыны өткеріп жүрген жоқпын ба? Осыдан бір апта бұрын мен Одақта поэзия жөнінде баяндама жасадым. Соның арты үлкен дауға айналып барады, қызталақ!..
– Иә, Мұқа, біздің әдеби ортада сыншының басшылыққа алған ұстанымдары, өлшемдері ескеріле бермейді. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Алайда мұны аяқтан шалу, көреалмаушылық, қызғаныш, қиянат ретінде пайымдайтындар көп. Ал шынайы сыншылдық, білімдарлық, тереңдік тұрпатында бағалайтындар аз...
Осы кезде тура төбе тұстан тырналардың даусы естілді. Екеуі көкке көз салды.
– Біздің жаққа ұшып барады... Нарынқолды айтам, – деді Мұқағали.
– «Тыру-тыру» еткені қиялды тербейді, ә? – деп тамсанды Зейнолла.
– Ақ тырналар аспанға сына қағып... – деп бастаған Мұқағали үнсіз қалды.
Зейнолла көкке көз тіккен ақынның жүзіне бір қырынан қарап еді, ол әлдебір қиял жетегінде тұрғандай көрінді...
Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ