Аймақтар • 28 Қаңтар, 2021

Ақтаудың ажарына көлеңке түсірген ескі үйлерді неге жаңғыртпаймыз?

289 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қайта құрылымдау, жаңғырту немесе күрделі жөндеу – кез келген үйде болатын табиғи құбылыс. КСРО кезінде жаңа құрылысқа бөлінетін қаражаттың жартысына тең қомақты сома осы мақсатқа бөлінетін. Қош, ол заман келмеске кетті, бірақ мәселе қалды.

Ақтаудың ажарына көлеңке түсірген ескі үйлерді неге жаңғыртпаймыз?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бұдан жарты ғасыр бұрын са­лын­ған үйлер түгіл соңғы 10 жылда бюджет пен кәсіпкер есебінен салынған үйлердің де сыртқы бе­ті­не жаңғырту жұмыстары керек. Сол итарқа қылып жабындалған үйлерді көргенде «қай ғасырдың қай қаласында жүрміз» деген ой келеді.

Ақтау – жас қала. Солай бола тұра, шағын аудандардағы үйлердің жасы орта жастан асып барады.

Соңғы жылдары Ақтаудың 3-ша­ғын ауда­нын­дағы екі қабатты 8-16 пә­терлі ағаш шиті үйлердің көбі қи­ра­тылып, орнына бес қабатты үйлер бой көтерді. Бұл жұмысты бастаған «Құрылыс Строй Сервис» ЖШС директоры Сергей Бурацкий деген азамат еді. Ол тозығы жеткен үйлерді (астындағы жерлерін сатып алып) бұзып тастап, орнына жаңа жобамен үй салып, ескі үй тұрғындарын жаңа пәтермен қамтамасыз етті. Кейбір тұрғындар тарапынан түсі­ніс­пеушілік пен сенімсіздік те болып, БАҚ өкілдері қатысқан талай айқай да болды. Айта кету керек, Сергей Владимирович сөзінде тұ­рып, барлық мәселе у-шусыз бітіп еді. Басы артық пәтерлерді сату ар­­қылы шығынын жауып, пай­да­сын да көрді. Бұл үдеріс 2007 жылы басталған болатын. Бү­гінде осы шағын аудан­ның өңі кіріп қал­ды. Шешімі оңай­лық­пен табыла бермей­тін ескі үйді бұзып, қайта салу жұмыс­та­рымен айна­лыс­қан бұл азамат­тан басқа «мен құры­лыс­шымын» деген басқа жанды біл­ме­дім.

Ал енді бес қабатты құрас­тыр­ма­лы (панельді) үйлердің мәселесіне келейік. Бұл үйлер пайдалану мер­зі­мінде айтарлықтай тозды, күр­делі жөндеу қажеттілігі туындады. Осы орайда «не үшін күш пен қаражатты шығындауымыз ке­рек» деген заңды сұрақ тууы мүм­кін. Одан да бұл үйлерді тып-ти­пыл етіп қиратып... Әрине, қирату – салу емес. Студент кезімізде ААСИ архитектура факультетінің доценті, архитектура кандидаты В.Л.Крав­чен­коның кезекті бір дәрісінде «қа­зір­гі бес қабатты құрастырмалы «хрущевка» үйлерді бұзу оңай шаруа емес, бұзудың құны күрделі жөндеуге кететін шығыннан сәл-пәл арзан болуы мүмкін» деп айтқаны құлақта қалыпты. Алайда бес қа­бат­ты құрастырмалы үйлерді сылап-сипап жөндей салу көрегендік болмас-ты. Бұл үйлерде тек қана фи­зикалық емес, моральдық та тозу бар. Қазіргі таңда, қарасаң көз тартарлық, кірсең іші ыңғайлы тұрғын үйлер салынуда. Сондықтан тығырықтан шығудың жолы бес қабатты құрастырмалы үй­лерді жөндеген кезде тек қана «емдеу» емес, оны жаңғырту, қайта құ­­рылымдау және сәулеттік келбетін жақ­­сарту болуы керек.

1986 жылы бес қабатты құрас­тыр­малы «хрущевка» үйлерді жаңғырту, қайта құрылымдау және сәулеттік келбетін жақсарту үшін жаңа тың ұсыныстарды анықтау мақсатында Бүкілодақтық ашық конкурс жарияланды. Осы конкурсқа сол кез­дегі Одақтың түкпір-түкпіріндегі көптеген маманның, жүзден астам авторлық ұжымның көңілі ауып, өз жобаларын ұсынды. Сол конкурсқа түскен көптеген жобаның ішінен 9 жоба ғана сыйақымен марапатталған екен. Соның ішінен үздік деп та­нылған 3 жобаны ақпарат пен ойлану үшін атап өтейін. Бірінші орын алған украиналық сәулетшілер тобы бес қабатты құрамалы үйді, он қабатқа дейін көтеруді ұсынды. Бұрынғы үй қосымша салмаққа төтеуі мүмкін еместіктен, бүкіл үйдің биіктігі бойынша арнаулы тіреулер қарастырған. Жоғарғы қабаттағы пәтерлердің жобасы сол кездегі норматив бойынша кеңейтіліп жасалған, лифті қарастырылған. Екінші орын ал­ған жобаның авторлық тобы бес қабатты құрамалы үйді сон­ша­лықты құрылымдық өзгеріс енгізбей-ақ бөлмелердің ауданын және сәулеттілігін жақсартуға ты­рысқан. Үйдің алдыңғы және артқы қасбетіне қосымша тіреу – қада (эркерлер) орнату арқылы ас үйдің ауданын өсірген және сыртқы келбетін едәуір жақсартқан. Үйдің үстіндегі теп-тегіс шатыры құламалы шатырға (скатная крыша) ауыстырылған. Шатыр астында пайда болған қуыс кеңістікте өз баспалдағы бар мансарды жасалып, соңғы 5-қабаттағы тұрғындарға қосымша бөлме ретінде ұсынуды жөн көрген. Үшінші орын алған жоба тек қана Мәскеудің орталық көшелері бойындағы бес қабатты құрамалы «хрущевка» үйлерін жаң­ғыртуды ғана қарастырған. Ав­торлар ескі үйдің ішкі жобасын жақсартумен қатар сыртқы келбетке де мән беріпті. Бұл үйлердің сыртына жапсырма арқылы лоджиялар қарастырған. Ұзын көп кіре берісті үйдің орта тұсына алтыншы қабатты қосып сыртқы келбетке айтарлықтай өзгеріс енгізген.

Бұлар жақсы болса да келмеске кеткен жобалар, тіпті КСРО да жоқ. Бірақ проблема әлі өзекті.

Қазіргі таңда құрылыс салудың түрлі реттері бар, құрылыс технологиясында өзгерістер мен жетіс­тік­тер баршылық. Бұған дәлел ре­тінде ел астанасын алуға болады. Бұрынғы Целиноград қаласы орталық көшелеріндегі ескі сүреңсіз үйлердің қазіргі сыртқы келбеті едәуір өзгерді, ішкі жағын айта алмаймын. Бұл көп қабатты үйлер мәселесі тек Ақтау үшін емес, жалпы облыстың көп қабатты үйлері бар елді мекендері үшін де негізгі проблема. Сонау Ақжігіттен бас­тап Бейнеу, Төлеп, Өтес, Боздақ, Шетпе, Құрық, Жетібай, Жаңаөзен мен мына тұрған Маңғыстау мекен­деріндегі кезінде КСРО жол қа­тынас­тары министрлігі салған екі қа­батты үй­лер­ді көрсеңіздер... Әсіресе темір жол вокзалы маңы өте көріксіз. Бір кезде көп адамның ар­маны болған сол үйлер бүгінде тозығы жетіп, әрең тұрған үйлерге айналды. Су, жылу, кәріз тораптары әлдеқашан істен шыққан. Аудан орталықтары мен темір жол бойындағы тораптық станса басындағы вокзал маңын қанша жер­ден түрлі-түсті жылтырақ шамдар іліп жарқыратқанмен де бірінші келген жолаушының көзіне қиюы кеткен ескі-құсқы үйлер тү­се­ді.

Әке-шешем 1970-1971 жылдары ұжымдық шаруашылықты кеңестік шаруашылық қылып қайта құрған кезде Маңғыстау ауданындағы Ақ­­шы­мыраудан Сай-Өтес стансасына жұмыс іздеп қоныс аударды. Марқұм әке-шешем станса басында теміржолшы болып жұмысқа орналасып, көп балалы отбасы ретінде №6 үйдің екінші кіреберісінен 3 бөлмелі пәтер иеленді. Айналасы ағаш шарбақпен қоршалған, іші қарағаш, жиде мен акация, әртүрлі бұрын көрмеген гүлдер болатын. Тұрғындары кезекпен суаратын, себебі әр үйде «домком» деген әле­мет басшы бар: сол кісінің бақы­лауын­да болды. Мен сол кезде қозы-лақ баққан 10 жастағы ойын баласы едім. Ата-бабамыз «Елу жылда – ел жаңа» деп айтып кеткен. Ал бүгінде Сай-Өтеске барып қаусап тұрған екі қабатты үйлерді көргенде көңілім құлазиды.

Бұл мәселелерді қалай реттеуге болады деген ойды сәулетші ретінде қозғап отырмын. Кезінде 20 жылға жуық мемлекеттік қызметте болып, облыстың барлық елді мекендерін дамытудың басты құжаты – бас жо­­спарын жасақтаумен айналыс­тым. Облыстың қала, аудан бас­шыларының, сондай-ақ жеке кә­сіпкер – құрылысшылардың, сонымен қатар ірі өнеркәсіп иелерінің беті осы мәселеге бұрылғанын қа­лай­мын. Шет елдік келіп жөндеп бермейтіні анық. Жөндемек түгіл, Ақтауда экоқалашық құрылысын салады деген ағылшын ба, неміс пе, бір инвестор келетін болды деген­ге үш жыл болды, әлі «келе жа­тыр»... Қол қойылған «меморандум» деген бір жапырақ қағазға сенім аз болып шықты. «Келісімшарт» мін­дет­ті түр­де орындалады, орындалмаса сот­қа жүгінуге болады екен, ал «ме­мо­­­ран­дум» – тек емеурін, яғни ниет, іске аспай жатса, ешкім сұра­май­ды.

Қаражат жағын қарастырған жөн, ұмытпасам, бюджет туралы заңда «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» деген бап бар болатын. Тіпті болмай бара жатса, жобаны қолдаушы іздеу керек. Ең болмаса бірлі жарымын жасап елге көрсетіп, қолдан жөндеу де, жаң­ғырту да, құрылымдау да келе­ті­нін дәлелдеу керек.

Жас сәулетшілер, құрылысшы ин­женерлер, құрылысшы кәсіп­кер­­лер қайда? Облыстық сәулет-құ­рылыс бақылау және құрылыс басқармасы мен тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық мамандары қайда, тек айлығын алып «гүл бол­маса күл болсын» деп отыр ма? Неге қала, аудан әкімдері мен сала басшылары өз мекендеріндегі ескі көп қабатты үйлерді қайта құры­лым­дап, жөндеудің ең үздік жобасына конкурс жарияламасқа? Не­ліктен «Өңірлерді дамыту» мен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылықты жаңғырту» сияқты бағдар­ла­малармен ұштастыра отырып қаражат көзін табуға ұмтылмасқа?

 

Найзабек ЖАЙЛАУ,

Қазақстанның Құрметті сәулетшісі

 

АҚТАУ