Рухани іс-шараның тізгінін Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі ұстады. Ғұмыры ғибратқа толы абыз ақын жинақтарының салмағын, жақұт жазбаларының тереңдігін, мазмұндылығын маздата айшықтаған мәжілістің модераторы ғұламаның асыл қасиетіне тоқталып отырды.
Әлқисса сөздің басы Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаевқа берілді.
«Түркі өркениетінің өркендеуіне ерекше үлес қосқан Әлішер Науаи бабамыздың еңбегін қалай дәріптесек те жарасады. Сіздер үшін Абай – руханияттың биік шыңы болса, біз үшін Әлішер Науаи бабамыз – кемеңгерліктің кеніші. Бүгінгі осындай игі іске мұрындық болған Халықаралық Түркі академиясына алғысымды айтамын. Кемеңгер Әлішер Науаи есімі, оның шығармалары қазақ халқы арасына да кең тарағандығы көпке аян. Қазақ поэзиясының шұғылалы шыңы, данышпан ақын Абай Құнанбайұлы кесел мен кесапаттың аражігін жырмен ажыратып, жіктеп беріп, елдің ертеңіне алаңдап өтсе, Науаидің інжу-маржандарынан ізгіліктің самалы еседі. Сондықтан бір атаның егіз баласындай қос ғұламаның шығармашылығын насихаттап, ұрпақ санасына сіңіруіміз қажет», деді С.Ниязходжаев.
Естеріңізде болса, былтыр академияның жетекшілік етуімен Әлішер Науаидың «Хамсасы» қазақ тіліне, ұлы Абайдың шығармалары өзбек тіліне аударылып, жарық көрді. Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Өзбекстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрайымы Танзила Норбаева қатысқан жиында «Хамсаның» тұсаукесері жасалған болатын.
Шара барысында «Төгілді жыр тасқыны тартып арна, мұхиттай түркі сөзі таусылар ма» деп ұлы Әлішер Науаи бабамыз жырлағандай жауһар қазына «Ескендір қорғаны», «Ләйлі Мәжін» қос дастанын қазақ тілінде сөйлеткен, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Нұр-Сұлтандағы С.Сейфуллин музейінің директоры, көрнекті ақын Несіпбек Айтұлы ағынан жарыла сөйледі.
«Науаи өзбектің ғана ақыны емес. Ол – барша адамзатқа ортақ тұлға. Ақынның ой-толғамдары мен өсиеті барша түркі жұртына арналған десек те, артық бола қоймас. Оның болашақ ұрпаққа қалдырып кеткен өлшеусіз мұрасы әлі де зерттеуді қажет етеді. Кезінде айтулы ақын Қалижан Бекхожин бабамыздың біраз еңбегін қазақша сөйлеткен еді. Бүгін сол дәстүрдің ізгі жолы жалғасуда. Алла ғұмыр берсе, Науаидің даңқты туындыларын ана тілімізде айшықтап, қазақ жастарының рухани игілігіне ұсынамын», деді Н.Айтұлы.
Онлайн әрі офлайн режімде өткен жиында Парламенті Мәжілісінің депутаты Фахриддин Каратаев, Әлішер Науаи атындағы Ташкент өзбек тілі және әдебиеті университетінің ректоры, профессор, филология ғылымдарының докторы Шухрат Сирожиддинов, Мичиган университеті жанындағы Еуропа, Ресей және Еуразиялық зерттеулер орталығы директорының орынбасары, профессор Тимур Қожаоғлу, Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын, жазушы, қоғам қайраткері Мұхаммед Әли, Еуразия Жазушылар Одағының төрағасы Якуп Омероглу, Баку Ұлттық университеті әдебиет кафедрасының меңгерушісі, профессор Рамиз Аскер, Қырғызстандағы Жалал-Абад мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Ибраим Абдувалиев, Ыстанбұл мәдениет университетінің профессоры Вахит Түрк және түркі елдерінің белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері тілек білдіріп, баба мирасы хақында терең әңгіме өрбітті.
Айта кетейік, академия ғұлама бабамыз Әлішер Науаидің 580 жылдығына орай алдағы уақытта бірнеше шара өткізуді жоспарлап отыр. Атап айтсақ, Әлішер Науаи атындағы Ташкент өзбек тілі және әдебиеті университетімен бірлесіп, ұлы ақынға арналған халықаралық конференция өткізбек. Сондай-ақ кемеңгер ойшылды зерттеуге, тәржімалауға, насихаттауға жан-жақты қолдау көрсетеді. «Ортақ Түркі әдебиеті» оқулығында Әлішер Науаи өмірі мен шығармашылығына көлемді орын берілді. Ең кереметі Әлішер Науаидің тіл, тарих, өнер туралы бағалы зерттеулері қазақ тіліне аударылатын болады.
Жиын соңында Шығыс жұлдызының рухына арналған бейнеролик көрсетіліп, қатысушылар естелік суретке түсіп, тарқасты.