Хоккей • 12 Ақпан, 2021

Балтық жағалауында бағымыз жана ма?

174 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

­Өткен аптаның соңында Халықаралық хоккей федерациясы (IIHF) ағымдағы жылдың 21 мамыры мен 6 маусымы аралығында Латвияның астанасы – Ригада өтетін әлем чемпионатының кестесін жариялады. Соған сәйкес Қазақстан құрамасы өзінің тұсаукесер кездесуін 22 мамырда айдын иелерімен өткізеді. Келесі күні Финляндиямен күш сынасады. Ал одан кейінгі күндері мынадай командалармен шеберлік байқасады: 25 мамыр – АҚШ, 26 мамыр – Германия, 28 мамыр – Канада, 29 мамыр – Италия және 31 мамыр Норвегия.

Балтық жағалауында бағымыз жана ма?

В тобындағы кездесулердің бар­лы­ғы да «Арена Ригада» өтеді. Бұл кешен­нің іргетасы 2004 жылдың 17 маусы­мында қаланып, 2006 жылдың ақпа­нында пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстары мен жабдықтауға кеткен қаражат сомасы – 20 миллион лат. 10 300 көрерменге есептелген спорттық нысанның жалпы көлемі 22 568 шаршы метрді құрайды. Әр жылдары «Арена Ри­гада» көптеген халықаралық спорттық жа­рыс­, түрлі шоу мен әлемге әйгілі эстра­да жұлдыздарының қатысуымен кере­мет концерттер өткен. Ал А тобын­дағы бәсекелерді Олимпиадалық орта­лық қабылдайды. Бұл кездесулерде Ресей, Швеция, Чехия, Швейцария, Сло­вакия, Дания, Ұлыбритания және Бела­русь құрамалары қүш сынасады.

Спорт тарихының сарғайған беттерін парақтасақ, шайбалы хоккейден әлем чемпионаты тұңғыш рет 1920 жылы өткенін аңғарамыз. Бастапқы кездері Канада құрамасының қарқыны тым күшті болды. 1920-1953 жылдар аралығында айтулы жарыстың жалауы 20 мәрте желбіресе, соның 15-інде Үйеңкі жапырақтар елінің өрендерді қарсылас шақ келтірмеді. Сондай-ақ Чехословакия екі рет және АҚШ пен Ұлыбритания бір реттен бас жүлдені олжалады. Одан кейін КСРО хоккейшілері керемет қарқын алды. 1954 жылы Стокгольмде өткен әлемдік додаға тұңғыш рет қатысып отырғанына қарамастан Аркадий Чернышев пен Владимир Егеров баптаған команда барлық қарсыласын бет қаратпай ұтып, чемпиондық тұғырға көтерілді. Тіптен, мақтаулы канадалықтардың өздері Кеңес Одағының өкілдеріне жарытып қарсылық көрсете алған жоқ. Бұл кездесу 7:2 есебімен аяқталды. Содан кейінгі кездері Канада бастаған кейбір командалар ара-тұра алтын тұғырға көтерілгенімен, бас жүлдені көбіне-көп КСРО құрамасы олжалағанын жанкүйерлер жақсы біледі. Тоқсаныншы жылдардың басында тоз-тозы шыққан қызылдар империясы тарих сахнасынан кетті. Сол кезге дейін олар 22 мәрте чемпиондық атақты иеленді. Ал канадалықтар болса, 19 мәрте топ жарды.

Кейіннен Канаданың хоккейшілері қарқынын қайта күшейтті. Бір ғасыр уақыт аралығында Үйеңкі жапырақтар елінің ойыншылары 26 рет әлем чемпионы атанса, Чехия (Чехословакияны қоса алғанда) 12 және Швеция 11 мәрте теңдессіз деп танылды. КСРО-ның мұрагері саналатын Ресей 5 рет топ жарды. Сонымен қатар Финляндия – 3, АҚШ – 2, Ұлыбритания мен Словакия 1 реттен жеңімпаз атанды. Әлемдік додада барлығы 11 мемлекеттің өкілдеріне ғана жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырған екен. Жоғарыда аталған командалардан бөлек, Швейцария 3 күміс пен 8 қоланы еншілесе, Германия (ГФР-ды қоса алғанда) 2 күміс пен 2 қоланы қоржынға салды. Ал Аустрия құрамасы екі рет үшінші орынды иемденді.

Соңғы бас жарыстың нәтижесін тіл­ге тиек етсек, 2015 және 2016 жылдары Ка­на­даның мысы басым болды. Чехияда өткен әлем чемпионатының финалында олар Ресейді ұтса, Ресейде ұйымдастырылған додада Финляндиядан басым түсті. 2017 және 2018 жылдары Швеция құра­масы ешкімге дес бермеді. Алғашқы жа­рыс­тың финалында канадалықтарды қапы қалдырған Скандинавия түбегінің түлектері екіншісінің шешуші тұсында швейцариялықтарды шаң қаптырды. 2019 жылғы чемпионаттың жалауы Слова­кияның Братислава мен Кошице қала­ларында желбіреді. Бұл жолы Фин­лян­дияның мерейі үстем болды. Суоми елінің сайыпқырандары финалда Канаданы 3:1 есебімен жеңді. Қола медаль үшін тартыс Ресей мен Чехия арасында өтті. Бұл бәсекенің тағдыры буллит соғу барысында анықталып, орыстардың асығы алшысынан түсті. Есеп – 3:2.

Қазақстан құрамасы жайында айтар болсақ, Қазақстанның ұлттық құ­ра­масы әлем чемпионатында сегіз мәрте бақ сынады. Жасыратыны жоқ, сол жа­рыс­тарда біздің жігіттер көңіл көнші­тер­лік нәтижеге қол жеткізе алмады. Ең үз­дік нәтижеміз – 12-орын. 2005 жылы Аустрияның Вена мен Инсбурк қалалар­ында өткен байрақты бәсекеде D тобында өнер көрсеткен жерлестеріміз тұсаукесер кездесуде Германияны (2:1) ұтқанымен, Швейцария (1:2) мен Чехияға (0:1) есе жіберді. Екінші кезеңдегі бәсекелердің барлығында жеңілістің кермек дәмін татты. Тарқатып айтсақ, Беларусьтен 0:2, Ресейден 1:3 және Словакиядан 1:3 есебімен ұтылдық. Осылайша, Словения, Дания, Германия және Аустриядан озып, 12-сатыға табан тіредік. Ал өзге жарыстардағы көрсеткіштеріміз мынадай: 1998 жыл – 15-орын, 2004 жыл – 13-орын, 2006 жыл – 15-орын, 2010 жыл – 16-орын, 2012 жыл – 15-орын, 2014 жыл – 16-орын және 2016 жыл – 16-орын. Қысқасы, Қазақстан құрамасы жоғары дивизионда тұрақтай алмай келеді.

2019 жылы Нұр-Сұлтанда ұйым­дас­ты­рылған додада бірінші орынды ие­леніп, мықтылармен күш сынасу құ­қы­ғына ие болдық. Енді Балтық жағалау­ын­да жалауы желбірейтін жарыс­та жер­лес­теріміз бұрынғы көр­сет­кішін жақсартады деп үміттенеміз.