Қоғам • 13 Ақпан, 2021

Көлік жүргізушілері бүгіннен бастап жеке куәлікпен жүре алады

359 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін, 13 ақпанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді, деп хабарлайды Egemen.kz

Көлік жүргізушілері бүгіннен бастап жеке куәлікпен жүре алады

Автоәуесқойларға өздерімен бірге жүргізуші мен көлік құралын тіркеу куәліктерін алып жүрмеуге болады. Осы құжаттардың жоқтығы үшін азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Жүргізушілер өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасын алып жүруі тиіс.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев атап өткендей, жүргізушілердің өзімен бірге бұл құжаттарды алып жүру және жүргізуші құжаттарын көрсету міндетін алып тастау – бұл заманауи технологиялық «сервистік» полицияны дамытуға бағытталған тағы бір қадам.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері автомобильдің тиесілігін ақпараттық жүйелер арқылы тексереді. Қызметтік планшеттерде «әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі» бағдарламасы орнатылған, онда жүргізуші мен автокөлік туралы барлық деректер: автокөлік құралы кімге тиесілі екені, қандай құқық бұзушылықтар тіркелгені, техникалық байқаудан өткен-өтпегені және сақтандыру полисі ресімделгені туралы деректер болады. Бүгінде патрульдік полицияның саптық бөлімшелерінде осындай 8 649 планшет бар.

Жеке басты куәландыратын құжаттарға Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, жеке куәлік, азаматтығы жоқ адамның куәлігі жатады. Студенттік билет, қызметтік куәлік бұл тізімге кірмейді.

Бұдан басқа, қабылданған түзетулердің шетелдік нөмірлері бар автомашиналарға, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерлерде жүргізу құқығына куәлік алған жүргізушілерге қатысы жоқ. Олар жүргізу кезінде жүргізуші куәлігін және көлік құралын тіркеу куәлігін көрсетуге міндетті.

ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев: «Мемлекет көлікті басқаруды айтарлықтай жеңілдетті, бірақ жүргізушілер жол қозғалысының басқа қатысушыларының қауіпсіздігі үшін өз жауапкершілігін есте сақтағаны абзал», деп атап өтті.