“Көктемнің әр күні жылға азық” дейді халық даналығы. Осы қисынға салсақ, қазір диқандар мен шаруалардың мың сан жұмыстан етектеріне сүрініп жүрген уақыттары.
Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев облысқа арнайы жұмыс сапарымен келді. Негізгі мақсат – көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысу, күрмеулі мәселелердің түйінін шешу.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов Үкімет отырысында қойнау, қонышы құт оңтүстік мемлекетімізді жеміс, көкөніс өнімдерімен толық қамтамасыз ете алады дегенді айтқан. Оған жеткізетін жолдардың бірі – жылыжайлар.
Министр Сарыағаш ауданы Қапланбек ауылдық округіндегі “Жабай Ата” шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Өзінің атақты шарап өнімдерімен халықаралық бәйгелерді алып жүрген кешегі “Қапланбек” шарап зауытының орнында отырған ауыл Кеңес өкіметі тұсында да алды Мәскеуден тартып, Одақты гүл мен көкөніс, жеміспен тойындырып тастайтын берекелі жер еді. “Жабай ата” шаруа қожалығының басшысы Ергеш Төребеков күнге, еңбекке піскен диқан. Он екі гектар жерінің төрт гектарына жылыжай салып, оның екі гектарын тамшылатып суаруға көшірген. Әр гектар жерге жылыжай салу үшін он бес миллион теңге кететіндігін есептегенде, бұл алып жылыжайға ғана диқаның төрт жүз мың долларлық табысы жұмсалған. Сарыағаштың шілдесі табаға салып қуыратын күнінің астында жүріп бейнет жасаған Ергеш сатып ал да қайта саттың адамы емес. Нағыз диқан. Бауырлары бар, бәрінің жерден алған несібесі, сан жылға сүмектеп аққан маңдай терінің өтеуі.
Жылыжай тамшылатып суару жүйесіне көшірілген, мазутпен жылытылады. Оңтүстікте күн жылы делінгенімен, кемінде 3-3,5 ай от жағылады. Төрт гектар жылыжайға күніне 3-4 тонна мазут жұмсалады. Ал, бір тонна мазуттың бағасы – 24 мың теңге. Алып жылыжайларды көрген жұрт мұндай шығындарды біле бермейді, диқан табысқа белшесінен батып қалардай көріп сұқтанады. Мемлекет тарапынан субсидия болмаса қиналып қалатындығын аңғармайды.
Елімізде алдыңғы жылы 90 гектар жылыжай болған екен. Былтыр 134 гектарға жетіпті. Биылғыны есепке алсаң 165 гектардың төбесі көрініп тұр. Жылыжайлардың қай облыстың есебінен көбейіп жатқанын іштеріңіз сезіп тұрған шығар. Тамшылатып суару әдісіне көшкен шаруашылықтар өткен жылдары 14 мың гектар болса, соның 10 мыңы оңтүстік диқандарына тиесілі. Биыл республика бойынша 3,5 мың гектар жерді тамшылатып суару жоспарланса, соның 2 мың гектары оңтүстіктің үлесі.
Мемлекетке қажетті ерте пісетін жеміс, көкөніс өнімдерін өсірумен шаруа бітпейді. Тасымалдайтын логистикалық орталық, сақтайтын қоймалар қажет. Бұл шаруалар оңтайлы шешіліп жатыр. Оңтүстікке қажет 70 мың тонна сақтау қоймаларын жақын жылдарда толық іске қосамыз деген облыс басшысы диқандарға жақсы жаңалықтарды айтты. Тамшылатып суару ленталарын үш жылда бір рет жаңартып тұру қажет. Түркістандағы жылыжай қондырғыларын шығаратын сервистік орталық ескі лентаны қабылдап, жаңасын 20 пайызға арзандатылған бағамен береді. Оңтүстік елімізді ерте пісетін көкөніспен толық қамтамасыз етуге қауқарлы. Осыны ойға түйген министр диқандардың жанынан көңілі тоғайып шықты.
Диқандардың бір уайымы – ағын су. Ағыл-тегіл көкөніс өсірумен атағы шыққан Алпамыс батыр ауылы біраз жылдардан бері судан тарығып, атыздар кеуіп қалған еді. Өзбекстан мен Қазақстанға ортақ Зах каналынан алынған су он төрт шақырымдай қашықтықта өзбек кышлақтарын басып өтеді. Дүниеге келгенінен бастап кетпенге жармасатын ала топылы ағайын есігінің алдынан нөпір су ағып жатқаннан кейін шыдай алмайды, кетпенмен қиялай шауып, алқабына бұрып алады.
Каналдың суына телміріп қарап отырған қазақ диқандары бар екенін есіне алмайды. Ала шаңы бетіне шыққан атыздарына қарай алмаған диқандар кетпенді қойып, қаламға жармасқан.
Арызды Елбасыға дейін жазды. Қабыл болды тілектері. Каналдың Өзбекстанға кірер жерінен құбыр салып, ағын сусыз отырған үш ауылға су жеткізілді. Осылайша, 1 мың гектар кенезесі кепкен жер су алды. Диқандардың қуанышында шек жоқ.
Кеңес өкіметі кезінде Қазақстанда 2,4 млн. гектарға жуық суармалы жер болған. Мемлекеттің көкөніске, жеміс-жидекке, мал шаруашылығына деген сұранысын 35 пайызға дейін қанағаттандырып тұрған жүйе қирағаннан кейін оның үлесі 1,3 млн. гектарға дейін азайған. Қазір ауыл шаруашылығына деген саясат жақсыға қарай өзгерді. Осы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл саясат екі күрмеулі мәселені шешеді. Бірі – әлеуметтік, екіншісі – азық-түлік қауіпсіздігін нығайту. Ауыспалы егіс жүйесі сақталмаса жер азады, құзданады. Соры бетіне шығады. Мұндай қауіп үш жүз мыңға жуық адам жайлайтын Мақтаарал ауданында бар. Диқан ауыспалы егісті сақтамаймын демейді, демалдыратындай басы артық жері жоқ. Азия даму банкі арқылы тік дренаждар қойылған мыңдаған гектар алқаптар үмітті ақтамады, несие шаруалардың мойнында тұр.
Ауыл шаруашылығын несиелендіретін “ҚазАгро” АҚ қаржы қайтарымы үшін орнына кепіл сұрайды. Ауылда олардың көңілін қанағаттандыратын дүние жоқ. Осы міндетті облыс әкімдігі тарапынан құрылған “Максимум” РИТЦ мойнына алатын болды. Екі жақты келісім бойынша “ҚазАгро” көктемгі және күзгі жиын-терімге қажетті 5 млрд. теңгені “Максимумға” аударады. Сегіз айғы жылдық пайызы – 2,6.
Бизнесмендерге салсаңыз, бұл су тегін ақша. Таңымен редакция қосынына телефон шалынды. Оңтүстік диқандары. Ауыл шаруашылығындағы түбегейлі өзгерістер үшін, мемлекеттік зор қолдау көрсеткені үшін Елбасыға “Егемен Қазақстан” газеті арқылы алғыстарын жеткізуді сұрайды.
Диқан қуанса – мемлекеттің қарны тоқ, көйлегі көк...
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.