Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс, деген. Бүгінде сол Жеңісті жақындату үшін толарсақтан қан кешкен ардагерлердің ерлігін ұлықтау, есімін құрметтеу, ұрпаққа үлгі ету мәселесі шешімін тапқан. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында майданға қатысқан көзі тірі ардагерлерге және тыл еңбеккерлеріне қамқорлық көрсету жайы жан-жақты атап көрсетілгені де осы игілікті істің жалғасы деуге болады.
Қазақстандықтардың соғысқа қосқан үлесі айрықша екені де анық. Сол сұрапыл жылдары ел экономикасы әскери салаға ауыстырылса, қарапайым халық эвакуацияланған көп адамға пана болды. Ерлік пен өрлікті бойына дарытқан ұлдарымыз бен қыздарымыз қанды шайқастарда ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, омырауларын орден, медальдарға толтырды. Аласапыран кезде кейбір майдангерлердің марапаттары өздеріне жетпей қалған кездері де кездесті. Алматы қаласындағы Ресей ғылым және мәдениет орталығының басшысы, Қазақстандағы Ресей консулдығының бас консулы Ильдус Тарханов Жетісу жерінде болып, Ұлы Отан соғысының тарихына шолу жасап, Қазақ елінің өлшеусіз үлесі жайлы әңгімеледі.
Жиында Ұлы Отан соғысының ардагері Жұлын Кәрібаевтың ұлына әкесінің көзі тірісінде берілмей қалған Ұлы Отан соғысының І дәрежелі орденін тапсырып, №240 атқыштар дивизиясындағы эфрейтор, БТР нысанашысы болғандағы ерлігі жайлы баяндады. Ардагердің наградасы отбасына мәңгі естелік ретінде берілді. Осылайша марапат майдангердің отбасына оралды. Мұрағатта зерттеу жұмыстары жалғасып, иесін таппаған марапаттар әлі де бар екені даусыз, деген бас консул Жеңістің 65 жылдығына арналған медальдарды Ресей азаматтары қатарындағы 12 соғыс ардагері мен жауынгер-интернационалистерге тапсырды.
“Жерлестердің даңқын мақтан етеміз” акциясына ұласқан жиында облыстық славян жастары қозғалысының өкілдері жас ұрпақ тәрбиесіне белсене қатысып, өнегелі өмір жолдарымен ықпал еткен ардагерлерге сыйлық табыс етті.
Ардагерлер “Достық үйінің” алдындағы “Даңқ аллеясына” қайың көшеттерін отырғызды.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.