Оның түрлі себебі бар. Біріншіден, Олжас – талғамы биік өнер ортасында жарқ етіп көзге ерте түскен, дәстүр мен жаңашылдық тайталасы қыз-қыз қайнап жататын Мәскеудің өзінде жаңа көзқарасты кәсіби түрде орнықтыруға күш салып жүрген, есімімен ел санаса бастаған жас драматург. Екіншіден, әр жазғаны дүмпу туғызып, Ресей әдебиеті мен драматургиясын «дүрілдетіп» жүрген «бүлікшіл» автор – қазақ баласы. Ең бастысы, оның туындысы туған жер топырағында алғаш рет таныстырылып отыр.
Жастар арасындағы желік сезімді, тұрақсыздықты, қызғанышты, жалпы, бүгінгі күннің сипатын беруге тырысқан пьеса жазылуымен де, қойылуымен де өзіне дейінгі спектакльдерді қайталамайтынын алғашқы минуттарда-ақ аңғартты. Сахнада сұрқай өмірдің көрінісіндей бір тегіс сұр киім киген жас әртістер сөзден гөрі өз әлемінің үнсіздігіне бағынған. Күңгірт түс және көңілсіз өмір. Пластика және диалог. Үйреншікті композиция, фабула, оқиға өрістеуі, құнарлы тіл дегеннің бірі жоқ, мейлінше минимализмді үлгі тұтқан сахна мағынасыздыққа толып кеткендей, көрерменнің өзі жанұшырып бір сәуле іздей бастағанын сезеді. Сол сәуле шындық болып әр тұстан бір жылт етіп көрінген сайын демін ішіне тарта түседі. Сірә, «Екеумізді» қойған Неміс театрының бас режиссері Наталья Дубстің мақсаты сол – көрерменнің ойы мен сезімін тығырыққа дейін апарып тірегісі келген болса керек, сахнадағы әртістерге күрделі трюктер жасатып, драматизмді қоюландыра түседі. Спектакль аяқталған соң бас «басқа жаққа» қарап қалғандай, санадағы стеоротип соққы алғандай, не болғанын ұғынуға дәрменсіз күй кеше тұрып, соны пішіндегі «нью» жанр ұсыну арқылы Әуезов театры өз сахнасына ғана емес, жалпы ұлттық театр әлеміне батыл өзгеріс жасауға ниетті екенін аңғартты. Алыс Еуропа елдеріндегі театрлардың бірі сахналап жатса, тап осы еркіндік жарасып тұрар ма еді, ал қараңғы жерде, қалың орындықты қаптата тізіп тастап, арасында «оқиға өрбітіп» жатқан кейіпкерлердің өмірде қалай қарадүрсін, қарапайым сөйлесе, дәл сондай үлгідегі үзік-үзік диалогтарын «көргені классика» қазақ көрермені қалай қабылдайды? Бірақ «қабылдамайды» деп жаңалық атаулының кеудесінен итеріп, қарсыласа беретін болса, деңгейдің өсуін, сахна реформасын қазақ көрермені әлі қанша жыл күтуі мүмкін? «Көрерменнің талғамы төмен, деңгейі өспейді» деген кінәнің тағылғанына қай заман, алғашқы қарлығашындай болып жеткен «Екеуміз» талғам тәрбиелеуге түрткі бола ала ма?
Амангелді МҰҚАН,
өнертану кандидаты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр өнері бөлімінің меңгерушісі:
– 2009 жылы «Премьера.txt» драматургиялық жүлдесінің Лонг-лист тізіміне еніп, «Еркін тақырыпқа жазылған пьеса» номинациясының жеңімпазы атанған бұл туынды – Олжас Жанайдаровты драматург ретінде орыс тілді қалың көпшілікке танытқан алғашқы туындыларының бірі. Алғаш жазылып, жүлде алған туындылардың сахнаға жолы болмай шаң басқан қалпы сөреде жатып қалатыны қаншама. Автордың мойындауынша, ұмытылып бара жатқан алғашқы драмалық төл туындысының қазақ көрерменіне жол тартуы жағымды жаңалық болған. Автор пьесада қоғамдық ортада, бүгінгі адамдар арасында жиі кездесетін қарапайым жандардың өзін және өзгелерді танып-білуі, жаныңа жақын адамдармен шұрқыраса түсінісуі мен көрместей болып ажырасуға бастайтын жолды, бірі екіншісін сүйе тұрып бақытты болуға ұмтылған әрекеттерінің жартасқа соғылуы секілді жастар арасындағы түсініспестіктің тамырын көрерменнің алдына тартады. Бірін-бірі түсіне алмай, өз сезімдеріне иелік етуге ұмтылғандардың махаббат үшін күресі немесе алғашқы сезім басылып, прозаға айналған кездегі сүйіктісінің махаббатты, ішкі үйлесімділікті түсіну жолдары сөз болады. Әркім өз жолын таңдауға еркі бар және бұл пьеса кейіпкерлерінің бірі құлай сүйіп, қанша жалбарынып «қоштасқым келмейді...» дегенімен, екінші тарап өздері қалаған «дұрыс» жолды таңдаудағы еркін және таңдауын көрсетеді.
Спектакльді театрдың үлкен сахнасына қойған Алматыдағы неміс театрының бас режиссері Наталья Дубс пьеса мәтінін өзінше оқып, спектакль жасауда өзіндік көзқараспен келген. Оның режиссерлік қолтаңбасы батыстық заманауи театр эстетикасымен суарылып, неміс режиссерлік мектебінің ізін байқауға болады.
Қойылымға театрдың жас буын актерлер құрамы тартылған. Барлық кейіпкерлер мен оқиға өтетін орны шартты түрде алынған. Режиссер спектакль кілтін табуда пластикалық шешімге баса мән бергендіктен, актерлердің сахналық әрекетіндегі музыкалық немесе құрғақ есеппен жасалатын ырғақты қимыл, ансамбльдік біркелкі іс-қимылдармен көрінеді. Әрбір қыз кейіпкерлерді екі актрисадан, жігіт кейіпкерлерді үш актер орындайды. Катяның рөлін – Ажарлым Бақытжанова мен Мадина Келгенбай, Азаматтың рөлінде – Қуаныш Бейсеғалиев, Әділет Базарбай және Нұрғиса Қуанышбайұлы, Лена – Әсел Сайлауова мен Захира Рақымжан, Саша – Ғалымбек Оспанов, Азат Тұрарбеков, Ришат Жұрынбай. Пьесаның өзге кейіпкерлері: Іскер еркек, блондинка, қайыршы бала, даяшылар, жас қыздар, кафеге келушілер мүлдем қысқарып, негізгі қыз бен жігіт бейнесінің жиынтық келбетін жасайды. Олардың аты да шартты түрде, сен, мен, ол, олар болып арамызда жүргендер. Сахнадан солардың өмірі көрсетіліп, көрермен залындағы соларға қарата ойдың екінші ұшын тастайды. Кім не түйді? Қандай сұрақ туындады? Қандай жауап алды? Мұның бәрі көрерменге қойылатын сұрақтар.
Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
театр сыншысы:
– Кеңес өкіметі тұсында театрға идеология құралы ретінде қарайтын. Ал нарықтық экономика, нарықтық қарым-қатынас театр тек идеология құралы ғана емес, сонымен қатар өндіріс екенін көрсетіп отыр. Әлемдік театрлық үдерісте орын алған осы үрдістен қазақ өнер ұжымдары шет қалған жоқ. Театр заман талабымен бірге аяқ алып жүруі тиіс. Сондықтан М.Әуезов атындағы ұлттық драма театры ұсынған «Екеуміз» қойылымы әлемдік сахна өнері тенденцияларына жауап берген туынды. Өнердегі постмодернистік құбылыстар театрларда осы тақылеттес қойылымдардан анық байқалып отыр. Театрлық дискурс көрерменді философиялық терең ойлардың тұңғиығына батырмай-ақ, жастардың бүгінгі тыныс-тіршілігін шынайылықпен жеткізеді. Қазіргі театр бейвербалды әрекеттер (дене тілі), хореографиялық би элементтерін кеңінен пайдалану арқылы оқиғаның мәнін ашуға бағытталған ғой. Соны режиссер Н.Дубс пен қатысушы актерлер мықтап ұққан. Жас драматург Олжас Жанайдаровтың «Кафедегі екеу» пьесасын негізге ала отырып, олар өзіндік ізденісі арқылы сол драманың бір интерпретациясын ғана жасап отыр. Енді спектакльде жастар тақырыбын көтеру арқылы оларды толғандырып жүрген отбасы, махаббат, перзент сүю мәселелерін бірінші планға шығарған. Спектакльдың идеясы – қазіргі отбасылық құндылықтардың құлдырап, адамдардың бір-бірін түсінуі, ұғынуы ұшығып кеткенін көрсету деп таныдық. Өмірді әлеуметтік желідегі қысқа хабар сынды қабылдайтын жастардың өзіндік «мені» жоғалып, рухани құндылықтардың өлшемі өзгергенін театр тілінде жеткізуді көздеген. Шын мәнінде, бұл мәселе күллі әлемді толғандырып отырғаны рас. Сондықтан режиссер мен шығармашылық топ осы мақсаттың үдесінен шыққан деп сеніммен айтамыз. Спектакльден әр көрермен өзіне керегін алып шыққаны сөзсіз.
АЛМАТЫ