23 Сәуір, 2010

БАНК ҚУАТТЫ БОЛСА ЭКОНОМИКА ДА ТҰРАҚТЫ

536 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАНКТЕРДІҢ СЫРТҚЫ БОРЫШТАРЫ 11 МИЛЛИАРД ДОЛЛАРҒА АЗАЙДЫ 2008 жылдың күзінде орын алған әлемдік дағдарыстың “екінші толқыны” салдарынан әлемдік қаржы рыноктарын­дағы жағдайдың шиеленісуі қазақстан­дық банктердің сыртқы рыноктардағы өтімділігінің толықтай “жабылуына” әкеліп соқтырды.  Ахуалдың осылайша қалыптасуына 2007 жылы АҚШ-тың ипотекалық несиелеу саласында туын­даған дағдарыс себепкер болды. Әлемдік дағдарыс алдымен “алғашқы толқында” әлемдік қаржы рыноктарын “қысылыс­қа” түсуге душар етті, ал ол өз кезегінде банк­тердің сыртқы ресурстарға қолже­тімділігін шектеп, одан кейінгі толқында әлемнің барлық елдері экономикасының нақты секторын шарпыды. Сөйтіп 2008 жыл мен 2009 жылдың қаңтар айы бойына банктердің дағдарыстан шеккен шығындары ұлғайған үстіне ұлғая берді. Мұндай зобалаңнан мызғымастай сана­лып келген әрі капиталды швейцарлық басқару дәстүрлерімен аттары шыққан немістің Дойче банк, UBS, Ұлыбрита­нияның Барклайс Банк, АҚШ-тың Голдман Сакс сияқты қаржы институт-тары да сырт қала алған жоқ. Шетелдік банктердің банкротқа  ұшырауы шындыққа айналып қана қоймай, сонымен бірге, тіпті, дағдылы көріністей де бола бастады. Капиталдың әлемдік рыноктардағы өтімділігінің дағдарысқа ұрынуы нәтижесінде Қазақстанның банк жүйесі де күйзелісті кезеңді бастан кешті. Сырттан заем алу қазақстандық банктер үшін қымбатқа түсіп, енді біреулер үшін мүлде мүмкін болмай қалды. Іс жүзінде дағдарысқа дейін отандық банктер өздерінің несиетөлемдік қабілеттерін негізінен сыртқы займдар арқылы қам­тамасыз етіп келген болатын.  Мәселен, 2007 жылдың бірінші жартыжыл­дығының қорытындысы бойынша қазақстандық банктердің сыртқы заемдар нәтижесінде пайда болған сыртқы борыштарының жиынтық сомасы 40,7 миллиард долларды құрады. Осылайша, аса өткір қаржы дағдарысы аясында жекелеген екінші деңгейлі банктерде өтімділік проблема-сының туындауына байланысты Қазақстанның банк жүйесі үшін тұрақсыздық қатері бас көтерді. Міне, дәл осындай қысылтаяң шақта Мемлекет басшысы көрегендік танытты. Сөйтіп, Елбасының тапсырмасымен 2008 жылдың 24 қазанында Үкімет экономика­ның нақты секторын несиелеуде елеулі рөл ойнайтын елдің жүйе құраушы банктеріне оларды  қосымша капиталдандыру жөнінде ұсыныс түсірді. Бұл шара ұлттық банк жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге тиіс болатын. Көп ұзамай “Самұ­рық-Қазына” қорына “БТА банк”, “Каз­коммерцбанк”, “Халық банкі” және “Альянс банк” тәрізді төрт ірі жүйе құ­раушы банктерді қосымша қаржыландыру жұмыстарын бастау жөнінде тапсырма берілді. Сөз орайында “БТА банк” және “Альянс банк” акционерлік қоғамдарына қатысты ахуалдың неғұрлым күрделірек болғанын да айта кету қажет. Сондықтан жағдайды ескере отырып Үкімет аталған банктерді мемлекет бақылауына алу және менеджментті ауыстыру жөнінде шешім қабылдады. Ең басты мақсат ірі жүйе құраушы БТА мен Альянс банктердің банкротқа ұшырауына жол бермеу, ұлттық банк жүйесінің тұрақты қызмет істеуін қамтамасыз ету, экономиканың нақты секторын несиелеуді жалғастыру еді. Ол дегеніміз  елдің экономикалық мүдделерін, экономикалық қауіпсіздік пен Қазақстан азаматтарының ақшалай салымдарының қауіпсіздігін  қамтамасыз ету болып табылатын. Бұл шаралар ел экономикасының  қаржылық  “қан айналымын” толықтай қамтамасыз етті. Сонымен бірге аталған банктердің эконо­миканың нақты секторын несиелеуге бағытталған ел ішіндегі және шетелдердегі инфрақұрылымдары сақталып қалды. Ел экономикасын несиелеудегі БТА банк үлесінің дәл сол сәтте 26 пайыздан астам, ал “Альянс банк” үлесінің 8 пайыздан астам көрсеткішті құрағанын ескерсек, екі банк те отандық қаржы жүйесінде елеулі орындар алатын еді. Мемлекеттің  жоғарыда  аталған  екі банктің құрамына енуі кем дегенде екі бірдей экономикалық нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік туғызды. Елдің банк жүйесі “тромбылар” мен  “масыл банктерден” арылды, халық болса өз салымдары  үшін алаңдамайтын болды. Меншік иелерінің ауысуы алыпсатарлық операцияларға емес, өздерінің банктік бизнесін дамытуға бағдар ұстанған неғұрлым кәсіби басқару командасының келуіне жағдай жасады. Осы қадам арқылы Үкімет халықтың аталмыш банктердегі ақшалай салымдарын қамтамасыз етіп,  мемлекет олардың сақталуын өз кепілдігіне алды. Бүгінде қолға алынған шаралардың нақты нәтижелерін “қолмен ұстап” көруге де мүмкіндік туып отыр. Үстіміздегі жылдың 20 сәуірі күні өткен Үкімет отырысында “Самұрық-Қазына” қорының басқарма төрағасы Қ.Келімбетов БТА банктің сыртқы кредиторларымен банктің міндеттемелері және оны қайта құрылымдауға қатысты барлық мәселелер бойынша принципті келісімдерге қол жеткізілгендігін мәлімдеді. Осылайша, банктің сыртқы  борышы  11,5  миллиард  доллардан  4,4  миллиард  долларға дейін төмендетілді. Сонымен бірге БТА банктің өз міндеттемелері бойынша сыртқы кредиторлармен келісімге қол жеткізген үшінші ірі банк екенін де атап өту керек.  Осыған дейін дәл осы тұрғыда жүргізілген жұмыстардың арқасында “Альянс банктің” сыртқы борышы 4,5 миллиард доллардан 1,16 миллиард долларға  дейін,  ал “ Темірбанктің”  борышы  770  миллион  доллардан 61 миллион дол­ларға дейін  қысқартылған болатын. Осылайша, табысты жүргізілген келіс­сөздердің  арқасында қазақстандық банк секторының жалпы сыртқы борыш­тарының көлемі 11 миллиард долларға төмендеді. Қазақстанның банк саласында қол жеткізген жетістіктері халықаралық сарапшылар тарапынан да лайықты бағалануда. Мәселен, Moody's халық­аралық рейтинг агенттігі Қазақ­станның егемен рейтингін “терістен” “тұрақтыға” жоғарылатты. Іскерлік белсенділіктің құлдырауы күткендегіден гөрі аздау болды, сондықтан несиелік көрсеткіштер елде орын алған банк дағдарысынан салыстырмалы түрде алғанда ешқандай зиянсыз шығады,  деп  атап  көрсетті  жоғарыда аталған халықаралық рейтинг агенттігінің Қазақстан бойынша жетекші сарапшысы Анинда Митра. Оның айтуынша, Қазақстан Үкіметі өзінің несие­төлемдік қабілетін қорғай отырып, дағдарыстың ең ауырын бастан өткерді, бірақ банк жүйесін несиелік қайта құрылымдауға баруға міндеттей оты­рып... дағдарысқа қарсы белсенді бағ­дарламамен қоса қаржылық консер­ва­тизмді де сақтап қалды. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.