ҮСТІМІЗДЕГІ ЖЫЛДЫҢ БІРІНШІ ТОҚСАНЫН ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫ 6,5 ПАЙЫЗ ӨСУМЕН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
Газетімізде бұдан бұрын хабарлағанымыздай, еліміздің экономикасы үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанының қорытындысында тамаша көрсеткіштерге қол жеткізді. Мұның өзі экономикамыздың дағдарысты кезеңнен сәтті шығып келе жатқандығын ғана көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар соңғы уақыттары жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жаңаша даму арнасына келіп түскендігін байқатқандай. Қалай алып қарағанда да экономикалық дамудың ендігі беталысында нәтижелердің жаңа бір көкжиегі көзге ұрып, көріне бастағандай.
Енді нақты көрсеткіштерге келейік.
Бірінші тоқсан қорытындысында ішкі жалпы өнімнің өсімі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 6,5 пайызды құрады. Соның ішінде өнеркәсіптің өсім деңгейі 11,5 пайыз, ауыл шаруашылығының өсім деңгейі 2,4 пайыз, сауданың өсім деңгейі 11,5 пайыз, көлік саласының өсім деңгейі 5,2 пайыз, байланыс саласының өсім деңгейі 4,5 пайыз болды. Шынында да ауыз толтырып айтарлықтай тамаша көрсеткіштер емес пе.
Отандық сарапшылардың бағалауы бойынша әлемде дағдарысты шақ әлі толық аяқталып болмағанымен Қазақстан экономикасының осылайша өсудің серпінді деңгейін байқатуы оның жедел түрде қалпына келіп отырғандығын танытады. Мұның тікелей белгілері – негізгі локомотиві бірінші тоқсанда 18,7 пайыз даму көрсеткішіне қол жеткізген өңдеу өнеркәсібі болып табылатын жалпы өнеркәсіптік саланың өсімінен, ал жанама белгілері – рыноктық жанданудың ішкі мүмкіндіктерін ашып көрсетіп, тұтыну деңгейінің артуынан анық білінетін сауда, көлік және байланыс салаларының өсімінен байқалып отыр.
Сонымен қатар еліміз Ресей және Беларусь елдерімен Кеден одағына бірігіп жатқан тұста экономиканың осылайша қарқын алуы Қазақстанның аталған мәселе жөніндегі алған бағытының дұрыс екендігін де тағы бір дәлелдеп берді.
Белгіленген шаралар мен атқарылған істердің барлығы Елбасының сара саясатының жемісі деп айқын айта аламыз. Бұл сонымен қатар Елбасының дағдарысты сәттерде берген тапсырмаларын дереу басшылыққа алып, жедел жүзеге асыра алған Кәрім Мәсімов Үкіметінің жемісті қызметін де көрсетеді.
Қазақстан экономикасының әлем бойынша алғанда ауытқымалы болады деп болжамдалған 2010 жыл басталысымен осындай жақсы нәтиже көрсетуі несімен құнды? Осы мәселе туралы бір ауыз сөз қозғай кетейік.
Жуықта Мәскеу қаласында дағдарысты кезеңдегі әлем экономикасының бағыт-бағдарлары мен тынысына кәсіпқой түрде зерттеулер жүргізумен танымалдыққа ие болған Дағдарыстан кейінгі әлем институтының кезекті баяндамасы әзір болып, осы мәселеге байланысты арнайы өткізілген дөңгелек үстелде оның қорытындылары жарияланғаны белгілі. 130 беттен тұратын бұл баяндама әлемнің 53 елінен 247 сарапшының қатысуымен әзірленген. Онда сарапшыларға экономиканың қазіргі жағдайы, дағдарыстан шығу сценарийлері, болашақ беталысы, алдынан кездесуі мүмкін жаңа қатерлер туралы және басқа да сұрақтар қойылған. Сарапшылар осы сұрақтардың барлығына нақты жауап беріп, соларға қатысты өздерінің көзқарастары мен пікірлерін, ұсыныстарын білдірген.
Осы бойынша әңгіме қозғайтын болсақ, сауалнамаға қатысқан сарапшылардың 60 пайызға жуығы әлемдік қаржы дағдарысы әлі аяқталып болған жоқ деп есептейді. Мұнан басқа 37 пайызы дағдарысқа қатысты әлде де болса белгілі бір қорытынды түюге асықпау қажеттігін айтады.
“Дағдарыс әлі аяқталған жоқ, – дейді Канаданың тәуелсіз бизнес-кеңесшісі Саймон Чарльз Перси Германт. – Дағдарыс алғаш белгі берген 5 жыл уақыттан бергі жауапсыздығымыз бен әрекетсіздігіміздің орнын толтыру үшін мемлекеттер басшылары мен үкіметтеріне әлі де алты ай бойы жанталасып жұмыс істеу керек”.
“Дағдарыстың негізгі толқындары әлі алдымызда тұр, – деп ескертеді Өзбекстаннан Еуропалық бизнес ассоциациясының қаржыгері Аделия Атабаева. – Бұл дағдарысты әдетте жерді баяу дірілдетіп басталатын, қуатты толқындары соңында тұратын ауыр жер сілкінісімен салыстыруға болады. Демек, біздің қазіргі бастан кешіп жатқанымыз дағдарыстың бастама белгілері ғана. Ал ауыр зілзала әлі алдымызда тұр”.
Сарапшылардың 85 пайызға жуығы әлемдік экономикадағы дағдарыстың жаңа толқындары таяудағы он жылдың ішінде болып өтетіндігін айтады. Олардың пайымдауынша, қазіргі дағдарыс толқындары экономиканың басты дертін ғана ашып берді. Оның қаржы саласында тұрғандығын көрсетті. Ал ендігі кезекте оның негізгі салдарлары геосаяси саладан көрініс бере бастайды. Енді дамыған, дамушы және шикізаттық экономикалар арасындағы айырмашылық барған сайын ашыла түседі.
Сонымен қатар сарапшылардың болжамы бойынша бұл дағдарыстан ұтатындар да ұтылатындар да болады. Негізгі ұтылатындар даму жағынан артта қалған елдер мен шикізаттық мемлекеттер. Өйткені оларда мемлекеттік басқару саласы сапасыз, бизнестің дамуы тұрақсыз. Сонымен қатар оған халық санының азаюы да әсер етеді.
Соның ішінде көптеген сарапшылар ендігі кезекте әлемдік экономикада жаңа көшбасшылар мен қарқынды дамушы елдердің көп өтпей-ақ қара көрсететіндігін айтады. Көптеген сарапшылар осы топқа Қазақстанды да қосып отыр. Сарапшылар пікірінен қорытынды шығарған баяндаманың өзінде бұл жайында былай делінген: “Қазақстанда елді үдемелі индустрияландыру үдерісі дағдарысты шақтың өзінде-ақ басталып кетті. Соның нәтижесінде Қазақстан экономикасы 2009 жылдың қорытындысы бойынша 1,1 пайызға өссе, өнеркәсіптің өсімі 1,7 пайызды құрады. Бұл 2009 жылдың қорытындысындағы тек ТМД елдеріндегі ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлем бойынша алғанда саусақпен санарлықтай өте сирек жетістіктердің бірі. Салыстыру үшін келтірсек, Ресей ішкі жалпы өнімі аталған жылы 6-8 пайызға төмендесе, Украинанікі 14-15 пайызға құлдырады”.
Сонымен қатар Дағдарыстан кейінгі әлем институтының осы жаңа баяндамасында Ресейдің ТМД аясында әлде де болса көшбасшылық рөлді сақтап келе жатқандығы, бірақ мұндағы экономикалық жаңарулар үдерісі тым ұзаққа созылатын болса, онда бұл рөл Қазақстанға көшетіндігі айтылады. Қазақстанда дағдарыс пен күрес шараларының сәтті жүргізілуі тек ТМД-ға ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемге үлгі болғандығы баяндалады. Осыған орай сарапшылардың бір қатары Ресейге қазақстандық тәжірибені жедел қабылдап, қолдану қажеттігін ескерткен екен.
Мәскеуде өткен дөңгелек үстелге қатысқан сарапшылардың арасынан осы баяндаманы әзірлеуге белсене қатысушы Ресейдің Дағдарыстан кейінгі даму институтының директоры Екатерина Шипованың пікірін келтірейік. Ол былай деген еді: “Дағдарысты шақтың өзінде-ақ Қазақстанның мұндай жоғарғы нәтижеге жетуінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, мемлекеттің экономикаға ішкі жалпы өнім деңгейімен алғанда үлкен көмек көрсетуі. Екіншіден, дағдарыспен күрес шараларының жедел жүзеге асырылуы: Қазақстан дағдарыспен күрес шараларына бөлінген мемлекет көмегінің нақты секторға жедел жетуіне өте үлкен көңіл бөлді. Үшіншіден, бизнеске жақсы көмек көрсетілді. Тікелей қаржы көмегін айтпағанның өзінде шикізат секторына түсетін ауырпалықты жеңілдетуге бағытталған жаңа Салық кодексі енгізілді. Сонымен қатар елдің әлеуметтік саласына жасалынған қолдау да өте сәтті болып шықты. Мәселен Қазақстан үлескерлердің мәселесін шешу проблемасын мемлекет қолға алған бірден-бір ел болып табылады. Осының өзі құрметтеуге тұрарлық жағдай. Әйтпегенде үлескерлер осы үлкен ауыртпалықпен күресте жеке қалған болар еді”. Ал Ресейдің “Бизнес солидарность” үкіметтік емес ұйымының директоры Виталий Седневтің айтуынша, Қазақстандағы рецессиялық кезең бар болғаны төрт-ақ айға созылған. “Себебі, – дейді ол, – Қазақстанның 2007-2009 жылдардағы дағдарыспен күрес саясаты барынша сәтті болып шықты. Біздің зерттеулеріміздің қорытындысы бойынша дағдарыспен күрес шаралары жөнінде Қазақстан оны сәтті жүзеге асырған алғашқы 10 мемлекеттің ішіне кірді. Тіпті ол бұл жөнінен Жапонияны да артқа қалдырып отыр”.
HSBC банкі басқармасының төрағасы Саймен Мюнтер Қазақстанның қабылдаған дағдарыспен күрес шаралары экономиканың көптеген салаларына жағымды ықпал еткендігін айтса, Ресейдің “Экономикалық талдаулар институты” қорының президенті Андрей Илларионов Қазақстанның дағдарыстан бірінші болып шыққан ел екендігін және дағдарысты сәттің өзінде өндіріс көлемін өсіре алғандығын атап көрсеткен.
Жалпы сарапшылардың Қазақстан жайындағы осындай пікірлерін бұдан әрі де көптеп келтіре беруге болады.
Неліктен Қазақстанның дағдарыспен күрес шаралары соншама сәтті болып отыр? Жалпы Қазақстан экономикасының тәуелсіздікке ие болған алғашқы жылдардағы ауыртпалықтан бергі қарқынды дамуының сыры неде? Біздің еліміз көп ұлтты болып саналса да, халқымыздың татулығына да көптеген елдер назар аудара бастағандығы байқалады. Бұл мәселенің өзін қалай түсіндіруге болар еді? Міне, осы сұрақтардың барлығына да автор ретінде біздің өзіміздің де ой-толғаныстарымыз бен жеке жауабымыз бар.
Еліміздің бас басылымы “Егемен Қазақстан” газетінің журналисі ретінде көптеген шетелдерде іссапарларда болғанымызда бір байқағанымыз, Батыстың көптеген елдерінде мемлекет басқару моделі бұрыннан қалыптасқан. Оның заң шеңберінде ғана жүзеге асырылатындығы байқалады. Былайша айтқанда, елдердің президенттері мен премьер-министрлері осы қызметтерге келеді де, кетеді. Сондықтан экономиканы, әлеуметтік саланы жақсартуда тың ізденістер жасап, көп бас ауыртып жатпайтындай. Ол елдерде кәсіпкерлік әбден дамып жетілген. Сондықтан көбінесе соған ғана сенім артып, негізінен конституциялық қағидаттарды сақтап отырсақ болды деп есептейтіндей.
Ал бізде бәрі де жаңадан басталып келе жатыр. Ел тарихында бірінші рет президент сайладық. Ол сайлау біз үшін өте сәтті болды. Бағымызға орай Нұрсұлтан Назарбаев секілді қарапайым халық ортасынан шығып, сан ұлттың өкілдерімен біте қайнасып өскен, білімі мен білігі мол кемел тұлғаны таңдай алдық. Екіншіден, ұзақ жылдарғы жоспарлы экономикадан кейін тұңғыш рет нарықтық экономиканы құрдық. Тәуелсіз ел ретінде көптеген елдермен тікелей қарым-қатынасқа жаңадан түсіп, айналамыздан, әлем халықтарынан көп зерттеп, көп үйрену үстіндеміз. Міне, сондықтан да біздің тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев арада сан ғасырлар өткеннен кейін барып өз тәуелсіздігіне ие болған халқының алдында барлық жауапкершілікті мойнына ала отырып, қызмет етуде. Елді ел ету, ата-бабамыздан қалған сайын даламызды жерұйық жер ету қамына барынша күш-жігерімен кірісіп отыр. Уақытпен санаспай қызмет етіп, ұрпаққа гүлденген жер мен бақытты да берекелі дамыған елді қалдыру – Елбасының алдына қойған ұлы мақсаты. Осы жағдай Елбасымыздың өзіне де қосымша қуат беретіндей. Қажымайды, талмайды, шаршамайды. Уақытпен санаспай жұмыс істейді. Өзгелерден де осыны талап етеді.
Менің ойымша, қазіргі Қазақстан феномендігінің бір сыры осында. Қазақстанда мемлекет басқарудың ізденгіш те тиімді моделінің жедел қалыптасып келе жатқандығының да бір сыры осында. Дағдарысты кезеңнің өзінде-ақ одан кейінгі дамуы мәселесіне мән беріліп, уақыттан ұта қимылдауға ерекше ден қойылып, үдемелі индустрияландыру бағдарламасының қолға алынуының да мәнісі осында. Бірінші тоқсан қорытындысы бізге ең алдымен осыны дәлелдеп берді. Ол алдағы уақытта болатын секірісті сәттерді қамтамасыз ету үшін Азиялық тау барысының бұла күшін бойына жинап, қазіргі күні қатты ширығу үстінде екендігін, бұлқынысты сәттерді бастан кешіріп отырғандығын көрсетті.
Мемлекеттің белгілі бір кезең ішінде жүзеге асырып үлгерген осы шараларының нәтижесінде еліміздің әлеуметтік саласы дағдарыстық кезеңнен соншама бір зардап көрмей шықты деп айта аламыз. Жұмыссыздық белең алған жоқ. Бұған Үкіметтің аса ірі кәсіпорындармен жұмыстан қысқартпау жөнінде арнайы меморандум жасасуы, еліміздің ішінде “Жол картасы” бағдарламасының жедел әзірленіп, іске қосылуы үлкен әсер етті. Егер 2010 жылдың басында елдегі жұмыссыз халықтың саны 554,5 мың адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі 6,6 пайыз болса, алдын ала мәліметтер бойынша, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында елдегі жұмыссыздар саны 526,2 мың адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі 6,2 пайыз болды. 2010 жылдың бірінші тоқсанында 2009 жылмен салыстырғанда жұмыс істейтін адамдардың саны 8 млн. адамды құрап, 197,8 адамға өсті.
Жыл басынан бері халықты еңбекпен қамтудың аймақтық бағдарламаларына сәйкес 17,1 мың жұмыссыз қайта даярлану мамандықтарын алуға жіберілсе, 30,1 мың адам қоғамдық жұмыстарға бағытталды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 11,9 адам орналастырылды. 10,1 қыз бен жігіт жастар практикасынан өтті. 2010 жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша республикамызда 41 мың жұмыс орны құрылды. Мұның 16,2 мыңы ауылды жерлерде құрылды.
Міне, осы жағдайдың бәрі осы аптада өткен Үкімет отырысында 2010 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысын қараған тұста сөз болған еді. Онда негізгі баяндаманы жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова өнеркәсіп өндірісінің өсуі республиканың барлық облыстарында байқалғандығын атап көрсетті. Мұның өзі еліміздің өңірлік бағдарламалар бойынша дұрыс жұмыс істеп келе жатқандығын да байқататын болса керек.
Премьер-Министрдің орынбасары Индустрия және технологиялар министрі Әсет Исекешевтің айтуы бойынша жуықта ғана Президенттің Жарлығымен бекітілген 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы экономикалық дамудың жаңа тынысын ашуға тиіс. Үстіміздегі жылдың өзінде осы бойынша 144 индустриялық нысанның жұмысы аяқталады. Осыған 713,6 млрд. теңге бағытталып отыр. Осының негізінде жаңадан 20 мың жұмыс орны ашылмақ.
Осы индустриялық нысандардың 72-сі бірінші жартыжылдықта аяқталуы тиіс. Бұл жөніндегі жұмыстар Павлодар, Маңғыстау, Ақмола облыстарында жоғары деңгейде жүргізілуде.
Ал үстіміздегі жылдың екінші жартысында тағы да 72 жоба жүзеге асады. Осы жобаларға бөлінген 440 млрд. теңгенің қазірдің өзінде 263 млрд. теңгесі немесе 60 пайызы игерілген. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы жағынан қазіргі күні Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары алда келеді. Мәселен, Қарағанды облысында қазірдің өзінде жобалардың әзірлігі 84,3 пайызды құрап отыр.
Сонымен қатар қазірдің өзінде жүзеге асқан жобалар да бар. Олардың қатарында Оңтүстік Қазақстан облысындағы керамогранит шығаратын зауытты, мақтаның сорттық тұқымдық материалдарын шығаратын зауытты, Қызылорда облысындағы қиыршық тас шығаратын зауытты айтуға болады. Ал осы сәуір айының ішінде Ақтөбе облысындағы құс фабрикасын қайта жаңғырту жобасы, Маңғыстау облысындағы шағын кемелер жөндейтін зауыт құрылысы аяқталмақ. Кезегін күткен жобалардың тізімін, міне, осылайша жалғастыра беруге болады.
Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев отырыс барысында жасаған баяндамасында осы салада бірінші тоқсанда 143,5 млрд. теңгенің өнімдері өндірілгендігін айтты. Бұл өткен жылдың осы мерзіміндегіден 2,4 пайызға артық.
Қазіргі күні еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде көктемгі егіс жұмыстары қызу жүргізілуде. Алдын- ала мәліметтер бойынша биылғы жылы жалпы республика бойынша 22,1 млн. гектар жерге егін салынбақ. Бұл 2009 жылғы деңгейден 0,7 млн. гектарға артық.
2010 жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша республикадағы мал басы барлық түлік түрлері бойынша өсе түскен. Мәселен, мүйізді ірі қара саны 1,7 пайызға, қой мен ешкі саны 3,2 пайызға, жылқы саны 4,5 пайызға, шошқа 0,4 пайызға, түйе саны 4,1 пайызға, ал құс саны 11,4 пайызға өскен. Бірінші тоқсанда ауыл шаруашылығындағы өңдеу саласында өнім шығару 11 пайызға артқан.
Қазіргі күні еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы серпінді жобалар жөнінде “ҚазАгро” холдингі бойынша көптеген жұмыстар жүзеге асырылуда. Отырыста бұл жайында аталған холдингтің басшысы Асылжан Мамытбеков баяндап өтті. Оның айтуынша 57 млрд. теңгенің 55 жобасы қаржыландыру үстінде. Осы жобалардың 15-і бірінші жартыжылдықта іске қосылып, пайдалануға берілмек.
“Самұрық-Қазына” қорының басшысы Қайрат Келімбетов осы қор бойынша жалпы құны 20 млрд. долларды құрайтын 40 ірі жобаның іске асырылатындығын айтты. Мұның 19-ы еліміздің индустрияландыру картасына енгізілген аса ірі жобалар болып табылады. Олардың жалпы құны 14,6 млрд. долларды құрайды.
Қор шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында бірінші тоқсанда 18 млрд. теңгенің қаржысын екінші деңгейдегі банктерге орналастырып отыр. Міне, осы бағдарламаның шеңберінде ғана 21 мыңға жуық жұмыс орнын құруға қолдау көрсетілетін болады.
Үстіміздегі жылы қор құрамындағы 12 ірі компания бірінші тоқсанды 822 млрд. теңгенің кірісімен аяқтады. Бұл жоспардағыдан 7 пайызға артық. Соның ішінде “Самұрық-Энерго” компаниясындағы электр қуатын өндіру көрсеткіші 10 пайызға арта түскендігін айтуға болады.
Сонымен үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанын экономикамыздың көптеген салалары мен ірі құрылымдары табыспен аяқтап отыр. Бірінші тоқсандағы Қазақстан экономикасының табыстары ТМД бойынша алғандағы, тіпті әлемдік экономикадағы үздік жетістіктердің бірі ретінде бағалануда. Бұған осы мақалада келтіріліп отырған халықаралық сарапшылар бағасы мен Дағдарыстан кейінгі әлем институтының қорытындылары да жақсы дәлел бола алады.
Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов осы жағдайларды атап көрсете келе осының барлығы Елбасының сара саясатының жемісі екендігін атап көрсетті. Ендігі кезекте осы қарқыннан жаңылмай алға баса беру қажеттігін айтты.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.