1 наурыздан бастап Нұр-Сұлтанда коронавирусқа қарсы екпені мұғалімдер, балабақша тәрбиешілері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері алады.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл топқа 15 мыңнан астам адам кіреді. Осы санаттағы адамдарды вакциналау үшін Нұр-Сұлтанда 36 алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында екпе егу бөлмелері ұйымдастырылды. Сондай-ақ екпе салдыртуға ведомствоаралық ұйымдар да қатысады.
«Мұғалімдер мен тәрбиешілерге вакциналау АМСК ұйымдарына білім беру ұйымы бекітілген жері бойынша жасалады. Вакцина алатындардың тізімдері жасалды, тиісті емханаларға жіберілді», деп атап өтеді басқармадан.
Айта кетейік, 1 ақпаннан бастап Нұр-Сұлтанда барлығы 2 126 адам коронавирусқа қарсы екпе алды. Өткен демалыс күндері басқарманың қоймаларына 7 мыңнан астам вакцинаның жаңа дозасы түсті.